Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Антикеңестік шаруалар көтерілісі – шетел дереккөздерінен

13231
Кеңестік биліктің ұжымдастыру саясаты (1928-1932) қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығын күйзелту арқылы елдің бірлігі мен тұтастығына нұқсан келтірді.

Қазақ демографы Мақаш Тәтімовтің мәліметтерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшыраған».

Қазақ тарихындағы «Ұлы жұт» (ағылш. «Great Famine») 1920-30 жж. күшейіп, оның жалыны Ұлы Даланы түгел шарпыды. Осы жылдардағы ашаршылықтың экономикалық және демографиялық зардаптары өте зор болғаны соншалық, оның іздері бүгінге дейін жойылған жоқ. Тарихшы-демографтардың пікірінше, бізге бастапқы қазақ санының деңгейіне жету үшін бірнеше ұрпақтардың дүниеге келуін күтуге тура келеді.

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері  Ораз Исаев пен Тұрар Рысқұловтың 1932 жылғы (тамыз, қыркүйек) И.В. Сталинге жазған хаттарында және танымал қазақ зиялылары Ғабит Мүсірепов, Мансұр  Ғатаулин, Емберген Алтынбеков, Мұташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышевтің Ф.И. Голощекинге жазған 1932 жылғы (шілде) «Бесеудің хатында» қазақ даласындағы ашаршылықтың салдарынан бой көтерген халық наразылықтары Алтайдан Маңғыстауға дейінгі аралықты қамтығаны баршаңызға аян. Шаруа мен жұмысшының берік одағына негізделген Кеңестер билігіне қарсы көтерілістердің Қазақстандағы негізгі ошақтары Созақ, Ырғыз, Қарақұм, Қарақалпақ, Адай,Абыралы, Шыңғыстау, Батпаққара, Балқаш, Жетісу, Сарқанд, Қордай асуы болған еді.

Кеңестік биліктің ұжымдастыру саясаты (1928-1932) қазақтың дәстүрлі мал шаруашылығын күйзелту арқылы елдің бірлігі мен тұтастығына нұқсан келтірді. Еркінен тыс ата-қонысын тастауға мәжбүр болған қазақтардың көпшілігі көздеген жеріне жете алмай, жолда қырылып жатты. Оның үстіне «жығылған үстіне жұдырық» дегендей, ел ішінде індеттің таралуы қосылды.   

Тәуелсіздік жылдары жарияланған материалдар бойынша 1920-1930-жылдарында қазақтар4  - 4,5 млн. адамынан айырылған. 1921-1922 жылдары - 1 млн. 700 мың адам (ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы Мұхтар Әуезовтің мәліметі), 1932-1933-жылдары 2 млн. 300 мыңға жуық адам құрбан болған. Ал, кейінгі деректерде  «1920 жылдардағы «Ұлы ашаршылықтан» өлгендердің саны 2,3 млн. адамға жеткені» мәлім. Қалай десек те, большевиктер миллиондаған адамдарды «мәңгілік мекеніне» ерте қондырды.

Кеңес Одағындағы күштеп ұжымдастыру науқаны Қазақ шаңырағын шайқалтты, Қазақ Орталық Атқару Комитеті мен Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарды тәркiлеу туралы», 1928 жылғы 13 қыркүйектегi «Аса iрi және жартылай феодал байларды тәркiлеу және жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшiн қылмыстық жауаптылық туралы», 1930 жылғы 19 ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистiк жолмен қайта құруды нығайту жөнiндегi және кулактар мен байларға қарсы күрес жөнiндегi шаралар туралы» қаулыларына сәйкес жаппай тәркілеуге шаруалармен қатар, ауқатты қазақ байлары, билер мен хандардың ұрпақтары ілікті. Олардың ішінде шамасы келгендер шекаралас елдер арқылы шетелге асты. Соның жарқыны бірі көрінісі Гувер мұрағатынан (АҚШ) алынған «Осман батыр көтерілісі» атауымен жазылған беймәлім автордың беймәлім кейіпкері туралы құжат.

Профессор Бүркітбай Ғылманұлы Аяғанның айтуынша, белгісіз автор бұрынғы офицер немесе әскери құпиялардан хабардар сауатты зерттеуші, ал Осман батыр бүркеншік есім болуы мүмкін. 1931 жылғы Қордай асуындағы көтеріліс жетекшісі мұсылман – түркі халықтарына танымал Бадри Минафарар Карим. Бұл мақала географиялық жер атауларына байланысты бірқатар кемшіліктеріне қарамастан, 1930 жылдардағы ұжымдастыру кезіндегі қазақ шаруаларының антикеңестік көтерілістер тарихынан құнды мәліметтер береді.

Гувер мұрағатының құжаттары негізінде 2005 жылы баспадан шыққан «Красные и черные (материалы Гуверского архива) кітабының авторы «Осман батыр көтерілісі» туралы орыс тілді басылымдарда бірнеше мақалалар жариялаған. Оқырман назарына осы құжаттың қазақ тіліндегі нұсқасын ұсынуды жөн көрдік.

ОСМАН БАТЫР КӨТЕРІЛІСІ

Авторы белгісіз

Чкалов қаласынан (бұрынғы Орынбор) және одан әрі қарай Ақтөбе, Арал бағытындағы оңтүстік-шығысқа қарай жүз шақырымға шексіз қазақ даласы созылып жатыр.

Бұл жерлердегі отырықшы тұрғындардың жалпы саны небәрі 5 %, оның ішінде орыстардың үлесіне 14 %,  ал отырықшы түземдіктердің бәрі - 11 %.

Жергілікті халықтың басым бөлігін 1930 жылға дейін (76 %) қазақтар құраған.

Осы мақалаға арқау болатын жер аумағы, ұланғайыр аймақтың салыстырмалы түрде Тянь-Шань жотасының солтүстік таулы бөктерімен шектелетін кішігірім облысы,  Ыстықкөлден солтүстікке қарай Тексат өзенімен, Шу өзені алқабы, Қашқар және Талас өзенінің батысына қарай негізгі үстіртті қамтиды. 

Мұнда халық саны революцияға дейінгі санақ бойынша 300 мың адам, 1930 жылға қарай шамамен 325-330 мың адамға жеткен.

Бұл жауынгер халық ұлттық санасының биіктігімен, азаттықты сүйетін және өзінің ата дәстүріне адалдығымен ерекшеленді. Қонақжайлы, үлкенге құрмет және діни ұстанымы да ерекше болды. Олар осыдан 40 – 50 жыл бұрын рулық бірлікте өмір сүрген, тек 20 – ғасыр қарсаңында ауылдарға бөлінген.

30-жылдарға дейін мұнда отырықшы қазақтар болмаған, олар тек үш ай қыста балшықтан соғылған жеркепелерде тұрақтаған.

Әрине, бұл тіршілік үшін күрестің темірдей қажеттілігі емес-тін, бірақ дәстүр бойынша: ауылдар жыл сайын бір бағытпен, ата-бабалар жолымен, солар тоқтаған құдықтар маңына  қоныстанды.  Олар құнарлы жайылымдық жерлерді аттап өтіп, құнарсыздау жерлерге тоқтап отырған. Осылайша қыс мезгілінде бұрынғы жерлеріне қайта оралу мақсаты көзделген. Бұл жерде «отырықшы» сөзі шартты түрде айтылады. Өйткені қазақтар бір жерде, екі аптадан артық тұрақтамаған. Мұндай өмір сүру салты, қалыпты жағдай үшін тұрмыстың қауымдық және шектелу сипатын білдіретін.

Қазақтардың негізгі кәсібі қой шаруашылығы болды.  Олар үшін қой тамақтанудың негізгі көзі (ет, сүт, ірімшік), киіз үйге қажетті құрал - жабдықтар, киім-кешек дайындау шикізаты, тіпті нарықтық айырбас құралы – ақшалай қаражат баламасы болды. 

Қозғалыс құралы ретінде түйе мен жылқы пайдаланылды, алғашқысы қосалқы азық-түлік ( сүт пен жүн) берді.

Аздаған отбасылар егіншілікпен айналысты, алайда бұл отырықшылық  емес-тін. Жергілікті халық егіншілікті ұнатпаса да, көбінесе күнкөрісі нашар, өзін-өзі асырауға мал-мүлкі жетпейтін адамдар үшін тиімді кәсіпке айналды.

Ал, мал шаруашылығы қатал қыс пен жұқпалы аурудың таралуынан зардап шекті: қазақтардың басым бөлігінде көшпелі шаруашылықты жүргізуге қажетті мал басы болды. Оның мөлшері революцияға дейінгі Ресей заңымен анықталды және 5 жаннан тұратын әрбір отбасына мал саны: 25 қой, 12 жылқы, 16 ірі қара мал және 2 түйе болып бөлінді.

Алайда, 1929 жылдан қоғамның «барлық саласына социалистік элементтердің кеңінен енгізілуі» қазақтарды айналып өтпеді. 1930 жылдан бастап халыққа қауіп төнді: ата-бабадан қалған дәстүрлі мал шаруашылығын жоғалту, көшпелі, еркін отбасылық шаруашылықтан бас тарту және колхоз өміріне кіру, оның еріксіз мәжбүрлеу тәртібіне бағыну керек болды.

Кеңестік билік қысқа мерзімде күштеу жолымен жауынгер, тәкәппар, әрі еркін халықтың дәстүрлі шаруашылығын астан –кестең етті. Бұл жерлерге орталықтан көптеген өкілдер жөнелтілді. Ұжымдастыруды іске асыру үшін «жиырма мыңдықтар» деп аталатын, яғни 25 000 кәсіпорында шоғырланған партия жұмысшылары (Мәскеу, Ленинград және басқа орталық қалалардан) жіберілді.

Бұдан басқа жергілікті кеңестік қызметкерлерден тұратын облыстық,  аудандық өкілетті бригадалар келді. Олардың міндеті малды тәркілеу мен колхоздарды ұйымдастыру арқылы қазақтардың көшпелі өмірінің экономикалық негізін күйрету болды.

Бұл міндет қандай тәсілдермен жүзеге асырылды.

1930 жылдың күзінде қыстауға жеткен көшпелі ауылдарда жаппай ұжымдастыру жүргізілді.

Бастапқыда тәжірибеге енгізілген, сөйтіп «жағымды» нәтижелер көрсеткен КСРО-ның еуропалық бөлігіндегі шаруаларға жасалған тәсіл қолданылды.

Ауылдардан өте кедей адамдар іріктелді, оларға жаңадан құрылған колхоздардан жылы орын бөлінді, ол кезде мұндай баспанаға мұқтаж адамдар әрқашан және барлық жерден табылатын. Сол жерлерде толық өкілетті бригадалар ұйымдастырылды. КСРО-ның барлық жерінде шаруашылықтың ұжымдық түрі насихатталды, жиналыстар өткізілді, алайда ешқандай нәтижесі болмады. Оның үстіне сырттан келген қызметкерлер жергілікті халыққа бөтен еді және қазақ тілін білмейтін. Осындай жағдайда салық қысымы іске қосылып, нақты тапсырмалар берілді.

Ауқатты қазақтарға алым-салық салынды, ет өндіруге қажетті мал саны өсті, кәсібінен айырылған байлар кедейге айналып шыға келді. Осылайша байлар жойылып, орташалармен айналысу қолға алынды.

Халықтың тартып алынған малдың ашық аспан астында айдалып кете баруына көнбеске амалы қалмады. Малды жеммен қоректендіру назардан тыс қалды. Бұл оңай шаруа емес-тін: мал қысы – жазы жайылымдық шөппен қоректенетін, ал жекелеген шаруашылықтарда жем-шөп қоры болмады. Оның үстіне 1930-1931 жж. қысы қатты болып, аязы 25 градусқа жетті.

Ашыққан малды айдау кезінде жаппай малдың өлім-жітімі басталды. Жүдеу халық тартып алынған малдың үкіметтік шенеуниктердің қолынан қырылғанын көріп күйзелді.

Ешбір мақсатсыз, қатыгездікпен жүзеге асырылған іс-шаралар халықтың  көз алдында жүріп жатты. Орталық биліктің мұндай әрекеті көтерілістің психологиялық алғышарттарын жасады.

Ауылдарда іштен тынған наразылық жүрді: күштеп ұжымдастыру мен малдың жаппай қырылуы туралы хабар «далалық телеграф» арқылы барлық аймақтарға, тіпті бұл жағдайға әлі жетпеген жерлерге таралды.

Көбіне өз жұмысымен жүрген салт аттылар, жүз шақырымдық ауыл арасындағы оқиғалар мен жаңалықтарды шеткергі елді-мекендерге жеткізіп отырды.

Әлі талан-таражға ұшырамаған, бірақ соған жақын ауылдардан көшкен босқындар легі Тянь-Шаньның тау бөктеріне дейін созылды. Олар Георгиевск, Отар, Ұзынағаш, Красногорск, Шамалған т.б. бағытын алды.

Бұл 1931 жылдың қысы еді. Осы маусымда қашуға қолайлы жағдайлар туды, өйткені қыстың бораны болмаса, қатты аязы болмады. Қар аралас желдің тұруы іздерін жасырып, оларды бекеттер бақылауынан құтқарды. 

Ауыл халқының тең жартысы, тіпті одан да көп бөлігі көшіп жатты. Жалпы алғанда, шамамен 75 - 80 мың қазақ ата – қонысын тастауға мәжбүр болды. Жадап-жүдеген халық отбасымен бірге азын-аулақ малын айдап, үй жабдығымен басы ауған жаққа көшті. Олар мақсатсыз белгісіз бағытта жүріп отырды. Олар, ең алдымен қырып-жою мен ашаршылықты тудырған жаңа, қауіпті тәртіптен бас сауғалады.

Бұл стихиялық қозғалыс болды, басқаша айтқанда ешкім ұйымдастырмаған және әзірге ешкім жетекшілік жасамаған қозғалыс еді. Дегенмен, босқан халықтың психологиялық жай-күйі, оларды көтеріліске шығуға әбден дайындаған еді. Оған ұйымдастыру жағы мен жетекшілері ғана жеткіліксіз болды. Бұл екеуі де кейіннен табылды.

Қордай таулы асуынан шыққан күшті, әрі жас көшпенді Осман Батыр халықтың басын біріктіріп, атты әскер ұйымдастырды. Сондай-ақ, қажетті қару-жарақтарды (винтовка, гранаттар, жапондық және ағылшындық үлгідегі пулеметтар) Қытайдан жеткізуді қамтамасыз етті.

Бұл қозғалыстың дамуына осыдан он екі жыл бұрын, Қытай шекарасына қарай жылжыған Семенов әскерінің дәл жерлер арқылы өтуі әсер етті. Сол әскердің едәуір бөлігі осы аудандарда шаруа, батырақ болып тұрақтап қалған. Олар өткенді еске түсіріп, өздеріне қысым көрсеткен кеңестік жүйеге қарсы соққы берудің оңтайлы сәтін күткен еді. Таулы аймақтар мен ауылдық жерлерде жасырынып жүрген сол әскердің қалғаны осы көтерілістің негізін жасауға қатысты.

Осман Батырдың ерекше ұйымдастырушылық таланты мен тәжірибесі өте зор болды, оның бойына бұл қасиеттер ертерек игерілді. Осман Батырдың шын есімі Бадри Минафарар Карим. Ол 1914 жылы Стамбул қаласындағы институтты бітірген және қоғамдық белсенділік танытқан. 1917 жылы Мұхтариаттың мүшесі, 1922 жылы түркі халықтарының едәуір бөлігін біріктірген ерекше мекеме - Тюркисламхукумат  (Түркі  мұсылман үкіметі – К.І) құрамына кіреді.

Елде қалыптасқан осындай жағдай белсенділікке жол ашты. Құзды таулар қаруланған әскер мен олардың отбасын қорғаудың тамаша табиғи қорғаны болды, бірақ азық-түлік жеткізу қызметін атқара алмады. Сондықтан әскери жорықтың ішіп-жемін жазық жерлерде толықтырып отырды.  Көтерілісшілер шабуыл жасап, елді-мекендерді жаулап алды, олардың мал-мүліктері тоналып, жаңадан құрылған колхоз адамдары қырғынға ұшырады. Қысқа уақытта (бір айдың ішінде) ұланғайыр облыс, батыстан Шу-Іле таулары, солтүстіктен Қаратау жотасы, оңтүстіктен Іле Алатауы және шығыстан Іле өзенімен шектесетін жерлер кеңес өкіметінің бақылауынан шықты.

Осылайша, көтерілісшілер Алма - Ата (Алматы) облысының орталығына жетті. Астанаға тікелей қауіп төнді. Олар Отар, Шамалған, Ұзынағаш, Красногорск, Гиергиевск, Шу сияқты елді-мекендерді бағындырды. ОГПУ (Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма) әскерінің тірек бекеті – Отар станциясынан 4-5 шақырым қашықтықта кескілескен ұрыстар жүрді.

Ұйымдаспаған түрде бұрқ еткен көтеріліс билікті қатты састырды. Олар жарты айдан кейін, яғни 1931 жылдың сәуір айында қарсы жауап қайтарды.

Көтеріліс аудандарына ОГПУ-дың арнайы бөлімдері жіберілді. Олар Ұзынағаш, Шу, Отар станцияларының солтүстігіне, Фрунзе қаласының оңтүстігіне және Алма-Ата қаласының солтүстік-шығысына шоғырланды.

Осы кезде Алма-Ата қаласы Красноармейская көшесіндегі казармада орналасқан Қазақ ұлттық атты әскер полкі қайта жасақталды. Бұл әрекеттер Орта Азияның барлық жеріне енгізілді. Үкімет осындай әскери бөлімдерді көтерілісті басуға жіберген жағдайда, ұлттық рухы биік жауынгерлер қарудан бас тартса, яғни жағымсыз теріс әрекеттер орын алса, мұндай әскери бөлімдерді жойып жіберуді естен шығармады. 

Осыған байланысты ГПУ (Мемлекеттік Саяси Басқарма) транспорт бөліміне қарайтын және теміржолшылардан құралған тылдық қорғау қызметі жұмысшы әскеріне қосылды.

Алайда, көрсетілген барлық аудандар қаңырап қалған еді, өйткені көтерілісшілер халықтың көпшілігін таулы аймақтарға малымен бірге әкетті. Сондықтан тіршілік нышаны тек теміржол бойында байқалды. Бірақ, көтерілісшілер таулы аймақтардатұрақтануды мақсат етпеді, олар солтүстікке  қарай жылжуды көздеді.

Дегенмен, көтерілісшілердің алғашқы әрекеті қанша тырысқанмен, күрес барысында, яғни 1931 жылдың көктемінен 1932 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта мүмкін болмады, есесіне қызыл  әскерді едәуір шығынға ұшыратты.

Теміржол бойымен қақтығыс кезінде жараланған қызыл әскердің пойызы созылып жатты. Осы кезде Отар станциясында теміржолшылардан құралған әскери тұтқындар лагері пайда болды. Көтеріліс шарықтаған тұста бұл станцияға 1200 тұтқын түскен. Тұтқындар оқшауланған жабық жерде ұсталды және олармен қарым-қатынасқа қатаң тыйым салынды. Олар Алма – Ата қаласына және одан әрі солтүстікке қарай жөнелтілді.

Артиллерия тілінен беймәлім көтерілісшілер, кеңестік самолеттерді жою тәсілін ойлап тапты. Отар станциясында қаза тапқан ұшқыштардың бауырластық қорымы пайда болып, көлемі ұлғайды. Ал, бейіттер қалақ зырылдауықтармен безендірілді.

Қарсыласы мықты көтерілісшілердің батырлық күресі бір жылға созылды, ал большевиктер көтерілістің таулы ошақтарын жоя алмады, бұл әрекеті сәтсіздікпен аяқталды.

Офицер Миков пен оның көмекшісі Калашников шабуыл операциясынан теміржол атқыштар күзетімен бірге қайтып келе жатқанда, қоршауға түсіп қалады. Қарқынды атыс кезінде машина моторы істен шығып, жүргізушісі жарақаттанады. Олар жараланған және  мерт болған адамдарын тастап кетуге мәжбүр болады, сөйтіп өздері станцияға зорға жетеді.

Осы аймақтың орыс тұрғындары да үрейленіп жүрді.  Бұл жағдай қазақтардың 1916 жылғы Амангелді Иманов бастаған көтерілісін еске түсіреді, онда ашынған қазақтар орыс елді-мекендерін баса-көктеп кіріп, барлық тұрғындарын қырғынға ұшыратқан еді. Қазір сол тұстағы көшпенділердің қаһары бұрынғыдан да күшейіп, қорғану әрекеті негізді сипат алды. Әскери бөлімдерге келсек, қызыл әскерлердің ішінде қазақтарға деген өшпенділік болған жоқ. Әскерилер оларға жанашырлықпен қарады, өйткені халықты көтеріліске итермелеген үкіметтің іс-шаралары, өз әкелеріне де – орыс, украин, белорусь және т.б. КСРО-ны мекендеген халықтарға  да жасалған еді.

Бұл көтеріліс туралы хабар Қазақстанның барлық аумағына кеңінен таралды, олардың қатары тауға қарай жылжыған халықпен толығып отырды, көтерілісшілер саны бастапқыдағы екі мың адамнан 10 мың адамға өсті.

Жергілікті билік өкілдері көтерілісшілерге қосылмай қалған отырықшы қазақтарға қырын қарағанмен, оларға тиіспеді, ал көтерілісшілер қару-жарақтарды өткізу және кешіріммен қарауға уәде еткен үнпарақтарды таратты.

1931 жылдың жазы өтсе де, көтеріліс толастаған жоқ: аймақтың тыныш өмірі мен ұжымдастырудың одан әрі «тереңдеуі» туралы сөздер айтылмады.

1931-1932 жж. қысында ОГПУ әскерінің саны 1931 жылы көктемдегі санмен салыстырғанда төрт есеге өсті. Бұл кезде 12 000 жауынгерге, яғни Отар - Ұзынағаш тірек бекеттеріндегі екі дивизияның санына дейін  жетті.

Бронемашиналар таулы аймақтарды жауып тастады, таулы кеңістіктің әр шақырымы қызыл әскердің қаруымен қоршалды. Көтерілісшілердің жорығы одан әрі мүмкін болмады, күрестің мәні кетті. Азық-түліксіз көтерілісшілер 9000 адаммен Кеңес Одағының шекарасын бұзып, Батыс Қытайға өтіп кетті.

Таулы аймақтарда атыстар үні өшіп қалды, «өлі тыныштық» жазықтықтағы қаңыраған ауылдарда да орнады. Бұл жердегі халықтың бір бөлігі көтерілісшілермен бірге Қытайға асты, екінші бөлігі Ферғана, Қоқан, Әндіжан, Самарқан, Бұқар және т.б. қалаларға қашты.  Бұл адамдардың бәрі  «босқындар» аталып, тобырмен қала алаңдарында қайыршылық өмір кешті. Ондаған, жүздеген адамдар аш-жалаңаштықтан көз жұмды, олардың мүрделерін жинап-жинап, ешқандай тіркеусіз алыстау жерлерге жерленді.

Босқын халықты бұрынғы тұрғылықты жерлеріне, яғни қаңыраған ауылдарға қайтару іс-шаралары жасалу керек еді. Алайда, билік әрекетсіз қалды, оларға тек көтерілістен зардап шеккендер ретінде қарады. Оларды арнайы өкілеттілер жинап алып, эшелонмен қаңырап қалған туған жерлеріне жөнелтті.

Осылайша, бұрынғы шаруашылық иелері, қазіргі кедейленген адамдар шарасыз жағдайға түсті, ақыры колхоздарға кіруге мәжбүр болды, үкімет оларды азын-аулақ құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, астық өндіруден бес жылға дейін босатты.

Жаңадан қосылған адамдарға колхоз өмірінің қалай болғанын, Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгір ауданына қарасты Балдарбек ауылдық советінің (Майтөбе ауылы) бір колхозы мысалында айтуға болады.

Бір жыл ғана өмір сүрген артель өзін-өзі жоюға кірісті: мал-мүлік бөліске түсіп, талан-таражға салынды, ал колхозшылар отырықшыланып, жеке әрекет етуге көшті. Шын мәнісінде, отырықшылық салыстырмалы түрде еді, өйткені көп кешікпей колхозды жою әрекеттер жаппай қырғын-сүргінді (репрессия) туғызды, сөйтіп ауыл тұрғындарының жартысынан астамы өз күшімен тауға қарай көшіп кеткен. Осы кезде Ленгір ауданы НКВД  (Ішкі Істер Халық Комиссариаты) бастығының орынбасары Переусобен учаскелік милиционер және көрші ауылдық советтің төрағасы Будькомен бірге осында келеді. Олар ауылда болған жағдайды естігеннен кейін босқындардың соңына түседі. 

 Бірақ, бұл таулы аймақтағы табиғаттың өзі босқындарға көмектеседі. Таудағы сайда суы минералды қоспалардан тұратын сүт сияқты ағынды толқынмен Ақсу өзені ағады. Таудағы бірқатар арналар осы өзенге келіп құяды және үлкен үңгірлер түзілген. Көш осындай бір үңгірге тоқтайды. Мұны білген із кесушілер солай қарай ұмтылады, бірақ көшті таба алмайды: қараңғы үңгірден атылған мылтық дауыстары естіледі. Қазақтар атыспен қорғанады.

Үңгірге кіру, сонымен бірге босқындарды ұстау өте қауіпті болатын. Із кесушілер кіреберісте отырып, босқындардың үңгірден шығуын күтеді. Алайда, босқындар сыртқа бұл жерден шықпай, үңгірден шығудың басқа жолдарын пайдаланып кетеді.

Бұл айтылғандардың бәрі – салыстырмалы түрде Қазақстанның шағын облысындағы шаруалар көтерілісінің қысқаша сипаттамасы. Бұдан өзге де көтерілістер басқа жерлерде орын алған. Көрсетілген облыстан  батысқа қарай Қаратау жотасында Медер бастаған ұйымдаспаған көтеріліс болды, ереуілшілер елді – мекендердің едәуір бөлігін басып алған: Түркістан, Сарысу, Созақ және т.б.  Одан кейін Ақтөбе облысындағы Тюркельде (Түркі елі болу керек - К.І.)болған, сол кезде 1931-1932 жж. Керей (Герей) бастаған көтерілісшілер де ұжымдастыруға қарсы күресті.

Бұл көтерілістер аяусыз басып жаншылды. Бірақ қазақ халқының жауынгерлік күрес эпопеясы мұнымен бітпейді: күрес бүгінге дейін сол немесе басқа түрде жалғасып келеді. 

/ Буркитбай АЯГАН. Красные и черные (материалы Гуверского архива).  - Алматы, 2005. – 240 с. – С.82-89.

Алғы сөзін жазған және аударған т.ғ.к., доцент К.М. ІЛИЯСОВА

Мәлімет ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтынан берілді.