Жамбыл облысы Байзақ ауданының, Тегістік ауылында туған. Мектепте ұлттық қазақша күреспен айналысқан.
Семей мал шаруашылығы институтын, Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын бітірген. Қазақстан және халықаралық турнирлердің жеңімпазы. КСРО чемпионатының алтын (1975, Алматы), күміс (1974, Мәскеу, 1978 Запорожье) және қола жүлдегері (1973, Таллин). КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы (1975, Алматы). Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (1980), Әлем чемпионы (1981, Осло, Норвегия) және кубогының иегері (1982). Олимпия ойындарының жеңімпазы (1980, Мәскеу). 1974-1984 жылдары Қазақ КСР-і Мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы, 1984-1993 жылдары республикалық кәсіподақтардың Ерікті дене шынықтыру спорт одағы спорт мектебінің директоры қызметін атқарды. 1993 жылдан «Жақсылық» спорт клубының директоры. Қазіргі таңда Алматыда тұрады, жылқы өсірумен айналысады. Бапкерлері - Р.Ильматов, В.Псарев, В.Угренинов. «Құрмет белгісі» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған. Алматы қаласында жыл сайын қазақ спортының мақтанышы Жақсылық Үшкемпіров жүлдесі үшін халықаралық жастар турнирі өтіп тұрады.