Қоғамдық ғылымдар институттары: құрылуы және қызметі
09.01.2019 2744
1975 жылдың 1 мамырында институтта 125 қызметкер, олардың ішінде Қазақ ССР Ғылым академиясының 3 академигі, 2 корреспондент мүшесі, 11 ғылым докторы, 34 ғылым кандидаты жұмыс істеген

ХХ ғасырдың 40 жылдары  қазақ жерінде Қазақ ССР Ғылым академиясының құрылуы республикамыздың ғылыми тұрғыда дәлелді шешімдерін тұжырымдауға, ел экономикасының, ғылымы мен мәдениетінің өркендеуіне үлкен мүмкіндіктер ашты. Академияның басты міндеті  жаратылыстану және қоғамдық ғылымдар саласындағы теориялық қолданыс табатын зерттеулердің дамуына және өндіруші күштер мен халық мәдениетінің көркейуі мен ғылым жетістіктерінің жоспарлы пайдаланылуын жан-жақты ұйымдастыру. Бұл міндеттерді орындау үшін Қазақ ССР ҒА ғылыми зерттеу институттарын ғылымның негізгі проблемаларын шешуге жұмылдырды.

Алғаш Қазақ ССР ҒА ашылған кезінде төрт ғылыми-зерттеу бөлімдері жұмыс істеді. Олар: минералдық ресурстар бөлімі, физика-математикалық, биология және медицина ғылымдары, қоғамдық ғылымдар бөлімдері еді. Аталмыш, бөлімдердің құрамында ғылыми зерттеу институттары мен секторлар болды [1, 64-п].

Гуманитарлық ғылымдардың дамуы 1933 жылы Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылғаннан бастау алады. Оның директоры ф.ғ.д.,профессор,  С.Аманжолов болды. Кейіннен бұл институт құрамындағы секторларымен бірге 1936 жылы ССРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының құрамына кірген болатын. 1945 жылы тіл және әдебиет, тарих және археология, этнография институттары болып құрыла бастады. 1946 жылы құрылған Қазақ ССР Ғылым академиясының құрамына осы институттар кіріп, қоғамдық ғылымдар бөлімін құрады. 1946 жылдың соңында қоғамдық ғылымдар бөлімінде 116 қызметкер, соның ішінде 10 доктор және 27 ғылым кандидаттары қызмет атқарды. Қазақ ССР Ғылым академиясының құрылтайшылар қатарында академиктер: М.О. Әуезов, А.К. Жұбанов, С.К. Кеңесбаев, Н.Т. Сауранбаев, С.В. Юшков; корреспондент-мүшелер Х.Д. Жұмалиев және Ә.Х. Марғұлан болды. Қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик хатшылары болып Н.Т. Сауранбаев, С.Н.Покровский, С.М. Сильченко, С.К. Кеңесбаев, З.А. Ахметов, Ж.М. Абдильдин, Р. Б. Сулейменов және тағы басқалары сайланды [2,156].

Қ.И.Сәтбаев Қазақ ССР ҒА ғалымдарымен бірге. Бірінші қатар: Н.Т. Сауранбаев, Ш.Ч. Шоқин, Г.А.Тихов, А.Б. Бектұров, К.И. Сәтбаев. Екінші қатар: У.У. Успанов, И.Г. Галузо, Е.Б. Бейсенбаев, А.Е. Ергалиев

1961 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты негізінде Тіл білімі институты құрылған болатын. Институттың негізгі қызметінің бағыттары: грамматикалық жүйе, қазақ тілінің фонетикалық жүйесі, қазақ тілінің қалыптасу тарихы, халық ауыз әдебиетінің тарихы, сөйлеу мәдениеті, көркем әдеби тілдің қалыптасу және оның  тілі мен стилі және тағы басқалары.

Тіл білімі институты, негізінен қазақ, ұйғыр және тағы басқа ұлт тілдерінің теориялық және практикалық мәселелерін зерттейтін ғылыми мекеме болып табылады. Қазақ тілі мен әдебиет дамуындағы алғашқы адымдар қазақтың аса көрнекті тұлғалары Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов еңбектерінен бастау алады. Сонымен қатар А. Байтұрсынов, Х.К. Жұбанов, Н.Т. Сауранбаевтың қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына қосқан үлестерін айта кетпеу мүмкін емес.

Сондай-ақ, институттың ғалымдарының тілдің әр түрлі мәселелеріне арнаған монографиялары, осы ұжымның жазған жинақтары әр жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы жанындағы «Ғылым» баспасынан шығып тұрды. Құрылғаннан бастап оншақты жылдың ішінде «Қазіргі қазақ тілі» (1954), «Қазіргі қазақ тілі» (1952), «Қазақстан топонимикасы» (1959), «Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігі» (1959, 1961), «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер» (1965),  «Современный уйгурский язык» екі томда (1963, 1966 жылдар), «Қазақ тілінің қысқа этимологиялық сөздігі» (1966), «Орфографиялық сөздік» (1960, 1973), «Абай тілінің сөздігі» (1968) деген ірі-ірі еңбектері жарық көрген. [2, 168]

1974-1986 жылдар аралығында институтта Ғылым академиясының корреспондент мүшесі А.И. Искакованың басшылығымен 10 томдық түсіндірмелі сөздік дайындалды. Бұл сөздік қазақ  тілінің лексика-фразеологиялық тіл байлығын бейнелейтін еңбек болып табылады. Бұл сөздікті жасауға қатысқан ғалымдар: А.И. Искакова, А. Болғанбаев, Т. Жанұзақов, А. Иманбаев, Б.Қ. Қалиев, З. Машабаевалар 1988 жылы Қазақ ССР-нің ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Сонымен қатар А.Т. Қайдаровқа, Г.С. Садуақасовқа,  Т.Д. Жанұзақовқа Қазақ ССР Ғылым академиясының Шоқан Уалиханов атындағы жүлдесі берілген болатын [2, 169].

1975 жылдың көрсеткішінде институтта Қазақ ССР ҒА-ның 1 академигі, Қазақ ССР ҒА-ның 5 корреспондент мүшесі, 14 филология ғылымдарының  докторы, 48 ғылым кандидаты жұмыс істеген [3, 92].

1990 жылы бұл институтқа қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынов есімі берілді.  90-шы жылдары институтта 70 ғылыми қызметкер, оның ішінде екі академик, 4 корреспондент-мүшесі, 23 доктор және 14 ғылым кандидаттары қызмет атқарды. Институт ғалымдарының еңбегінің нәтижесі ретінде көптеп жазылған ғылыми еңбектерді айтуға болады. 1985 пен 1991 жылдар аралығында 114 ғылыми еңбек, олардың ішіндегі ең маңызды және қызықтысы «Қазақ тілінің сөздігі», «Тіл білімі бойынша зерттеулер», «ХІХ екінші жартысындағы қазақ әдебиеті», «ХVIII-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», «Структура односложных корней и основ в казахском языке», «Казахскяий литературный язык», «Система словообразования современнего казахского языка» сынды еңбектер жарыққа шықты. Бұл институттың ғалымдарының алдында көптеген шешілмеген өзекті мәселелер тұр. Осы мәселелерді шешу арқылы, қазақ тіл білімінің дамуын жаңа сатыға көтерді [4, 181-182].

1946 жылғы 5 маусым. Қазақ КСР Ғылым академиясының бірінші сессиясы. Г.А. Тихов Қ.И. Сәтбаевты құттықтау үстінде

Сонымен қатар, Тіл және әдебиет институтынан 1961 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты өз алдына жеке ғылыми-зерттеу орталығы болып бөлініп шығады. Әдебиет және өнер институты құрылған уақытынан бастап күні бүгінге дейін еліміздегі әдебиеттану және өнертану саласындағы іргелі ғылыми-зерттеу орталығы болып табылады. Осы институттың қысқаша тарихына тоқталып өтсек,  1934 жылы ССРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының Тіл және әдебиет секторы болып жұмыс істеп келсе, 1945 жылы Тіл және әдебиет институты болды. Институттың ғылыми кадрларды дайындау мен іргелі зерттеулер жүргізуге кеңес ғалымы А.Н. Самойлович, В.М. Жирмунский, КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ломидзе, профессор З.С. Кедрина, В.М. Сидельников және тағы басқа ғалымдар өз үлестерін қосқан болатын. 1946 жылдан Қазақ ССР Ғылым академиясының құрамыңда болды. 1961 жылы 6 мамырда Әдебиет және өнер институты болып құрылды да, осы жылы маусымда Мұхтар Әуезов есімі берілді [5, 14].

Институт қабырғасында еліміздің беделді ғалымдары М.О. Әуезов, К.Д.Жұмалиев, М.С. Сильченко, Е.И. Исмаилов,  М.Габдуллин,  Н.С. Смирнова, И.Т. Дүйсенбаев, М. Базарбаев қызмет атқарып, әдебиеттану мен тіл білімі саласының дамуына орасан зор ықпалын тигізді. Кейіннен олардың қатарына М.Қаратаев,  А. Шарипов, З. Ахметов, М. Божеев, А. Дербісалин, Р. Бердибаев, Ш. Сәтбаев, С. Қасқабасов, Е. Турсынов, М. Дүйсенов, Б. Уаханов сынды ғалымдар қосылды.  Бұл ғылыми зерттеу орталығы еліміздегі әдебиет саласын зерттейтін  ірі орталық болып табылады.1940-1950 жылдары қазақ әдебиетінің өзекті проблемалары бойынша көптеген материалдар жинақталып, түбегейлі қазақ әдебиетінің мәселелеріне қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет болды. Бірақ та КП  ОК-тің 1947 жылы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және тіл институтының саяси өрескел қателіктері туралы» қаулысы қазақ халқының рухани мәдениетіне арналған барлық ғылыми-зерттеу еңбектерінің жарыққа шығуына кедергі тудырды. «Идеологияға зиян келтіретін» авторлар мен олардың шығармалары ғылыми айналымнан алынып, көптеген  жазушылар қудалауға ұшырады. Тек 1958 жылы «Қазақ советтік әдебиет тарихының очерктері» деген ұжымдық еңбек жазылып, Мәскеу қаласында орыс тілінде басылып шықты [2, 170].

1970-1990 жылдар аралығында институт қызметкерлерімен қазақ әдебиеті және өнер саласында 60-тан аса ғылыми тақырыптар зерттеліп, 10-ға жуық монография жарық көрді. Олардың ішінде «Қазақ әдебиетінің тарихы» (6 том, 3 қазақ тілінде, 3 орыс тілінде), «Қазақ театрының тарихы» екі томда, «Қазақ киносы тарихы очерктері», «Қазақ бейнелеу өнерінің тарихы», «Кеңестік Қазақстанның музыкасы»  сынды еңбектерді атап айтуға болады. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің тарихы мен өнеріне арналған еңбектер, ақын-жазушылардың шығармаларына арналған жинақтар да шықты. Оларды атап айтсақ, 80-жылдары жарық көрген «XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулардың шығармалары», «Ерте замандағы қазақ әдебиетінің тарихы», «Голоса пяти веков», «ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы», «ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті», бұл еңбектерде ұлттық әдебиетіміздің шығу тарихы, олардың типологиясы мен түркі тілді әдебиет жүйесіндегі даму ерекшеліктері баяндалады.

Қазақ ССР Ғылым академиясының 1954 жылғы құрылымы 

(ҚР БҒМ ҒК РМК «Ғылым ордасы» мұрағаты 86-фотоқор, 1-тізбек, 587-іс)

Бұл ғылыми зерттеу мекеме ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің жазықсыз ұмытылған еңбектерін қайта жандандыруға көп күш жұмсады. Осыған орай 1989 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Алихан Бөкейханов, Сұлтанмахмұт Торайайғыров, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің еңбектері жинақталып екі томда жарыққа шықты. Институт ғалымдары барлық рухани мәдениетке арналған қоғамдық іс-шараларға қатысып, репрессияға ұшыраған ақын, жазушылардың мұраларын халыққа қайта жаңғыртты.

Институт  өзінің өмір сүру кезеңінде үлкен жетістіктерге жетіп отырды. Соның ішінде мекемедегі музыкатанушылардың зерттеулері музыкалық фольклор мен кәсіби музыкаға арналды. Институт қорында қазақ әндерінің бай мұралары сақтаулы. Олардың көбісі «Қазақтың халық әндері»,  «Қазақстың халық аспаптарының әуендері», «Казахский музыкальный фольклор» сынды жинақтарда сақтаулы. Өнертанушылардың еңбегінің жемісі  ол – Шоқан Уалиханов атындағы жүлдені иеленген «Советтік Казақстанның музыкасы» атты еңбек болып табылады. Институтта әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы, фольклор, әдебиет тарихы, абайтану, қазіргі әдебиет, театр, кино және теледидар, бейнелеу және сәулет өнері, музыка бөлімдері, қолжазба және текстология орталығы сияқты 9 бөлім жұмыс істеді. 1990 жылдары институтта 90-ға жуық ғылыми қызметкерлер жұмыс жасады. Олардың ішінде 15 доктор және 47 ғылым кандидаттары да бар [2, 174].

1941 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы кезінде тіл, әдебиет және тарих  секторының негізінде Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография ғылыми зерттеу институты құрылды.Оның бастауында Н.Т. Сауранбаев (институттың бірінші директоры), Әлкей Марғұлан, С. Аманжолов сияқты беделді ғалымдар тұрды. Қазақстанның тарих ғылымы Ұлы Отан соғысы жылдары Б.Д. Греков, А.М. Панкратова, С.В. Бахрушин, Н.М.  Дружинин,М.П. Вяткин, М.П. Ким, С.В. Юшков, А.П. Кучкин және тағы басқа ғалымдардың арқасында жаңа сатыға көтерілді. Қазақ әріптестерімен бірлесіп олар көне заманнан 1941 жылғы аралықты қамтитын Қазақстан тарихына арналған еңбек жазды. Ол еңбек «Қазақ ССР тарихы»  деген атпен 1943 жылы баспадан шықты. 1945 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының Тіл, әдебиет және тарих институты негізінде «Тарих, археология және этнография институты»  жеке өз алдына бөлініп шықты. Бұл  ғылыми мекеменің қарқынды түрде дамуы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылған кезден басталды. 1947 жылы 15-19 мамыр аралығында институттың ең бірінші сессиясы болды. Сессияда  Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі С.В. Юшков Қазақстандағы тарих ғылымының дамуы мен негізгі мәселері туралы өз баяндамасын оқыған болатын. Ол баяндама Қазақ КСР Ғылым академиясының хабаршысына жарияланды [6, 46].

1950 жылдардағы тарих ғылымының дамуына Мұхтар Әуезов, Смет Кеңесбаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтар өз үлестерін қосты.ХІХ ғасырдың атақты қазақ ағартушылары әрі ғалым Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринның мұраларын жинақтап жариялауда да институт ғалымдары көп жұмыстар атқарды. Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Әлкей Марғұланның бастамысымен құрылған бір топ тарихшылар Шоқан Уалиханов мұраларын терең зерттей бастады.  Бес жыл ішінде  бұл топ Шоқан Уалихановтың бес томдық еңбегін дайындап,  жарыққа шығарды.

Қазақ халқының шығу тарихын  зерттеуде және тарихты дәуірлеуде  археологиялық зерттеулердің маңызы зор. Археологтардың ашулары негізінде  Қазақстан жерінде адамның пайда болған уақыт шегі мыңжылдықтарға жылжып, алғашқы адамның іздері табылды. Әлкей Марғұланның жетекшілігімен өткен Орталық Қазақстандағы көп жылдық еңбек нәтижесінде қола және темір дәуіріне жататын құрал-саймандар, тұрақтар табылып, Орталық Қазақстан темірді алатын ірі аймақ деген қорытынды жасалды.

Тарих, археология және этнография институтының ең негізгі жеткен жетістігі  ол «Қазақ ССР тарихының» бес томдығының шығуы болып табылады. Бұл еңбек үшін Қазақ ССР-нің Мемлекеттік сыйлығын А.Н. Нүсіпбеков, К.А. Акишев, Б.Н. Абишева, Г.Ф. Дахшлейгер, Ә.Х. Марғұлан және К.Н. Нұрпейісов иеленді [2, 177].

Ғылым академиясындағы институттардың бөлімдерге бөлінуі

(ҚР БҒМ ҒК РМК «Ғылым ордасы» мұрағаты 2-қор, 1- т, 570-іс, 80-п)

Еліміздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет саласындағы  өзекті мәселелерді зерттеу өз жалғасын тапты. Г.Ф. Дахшлейгер, Ә.Х. Марғұлан, А.Н. Нүсіпбеков, Р.В. Сүлейменова, Т.Б. Балакаева және тағы басқалары Қазақ ССР Ғылым академиясының Президиумының Шоқан Уалиханов атындағы мемлекеттік сыйлығына ие болып, елеулі еңбектері бағаланды.

1975 жылдың 1 мамырында институтта 125 қызметкер, олардың ішінде Қазақ ССР Ғылым академиясының 3 академигі, 2 корреспондент мүшесі, 11 ғылым докторы, 34 ғылым кандидаты жұмыс істеген [7, 97].

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен 1991 жылы Археология институты құрылып, оған қазақ ғалымы, археолог, этнограф, тарихшы  Әлкей Марғұланның есімі берілді. Бүгінде Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты еліміздегі көптеген археологиялық қазба-жұмыстарын жүргізіп,  ескерткіштерді жүйелеу мен қорғауда, археология мен тарихи мәдениетке қатысты стратегиялық міндеттерді орындауда жетекші орын алады.

Қазақ ССР Ғылым академиясының жаңа ғылыми-зерттеу мекемелерінің ашылуы 1950 жылдан бастап көптеп етек ала бастады. Жаңа институттардың ашылып, дамып, өз тұжырымдарымен еліміздің қоғамдық өмірінде ерекше нәтижелерге ие бола білді. Десек те, республикамыздың мұндай жетістіктерімен қатар Ғылым академиясының жанындағы қоғамдық институттардың зерттеу жұмыстары сынға ұшырап, басына қара бұлт үйірілді. Соған қарамастан Қазақ ССР Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімі өз жұмысын жалғастырып, әр түрлі салада зерттеу жұмыстары жүргізіліп, көптеген тақырыптарда еңбектер жазылып, елеулі табыстарға жетті.

Ақбота ЖАҚЫПОВА, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі

Қазақстан тарихы секторының кіші ғылыми қызметкері

 

Әдебиеттер:

1. ҚР БҒМ ҒК РМК . 2-қ., 1-т., 570-іс, 64-п.

2. Национальной Академии наук Республики Казахстан50 лет. Алматы: Ғылым, 1996. – 255 с.

3. Ахмедова Н.Б., Центральная научная библиотека Академии наук  Казахстана. Наука советского Казахстана 1920-1960 гг. –А. –А., 1960, с. 89–677;

4. Академия наук Республики Казахстан.–Алма–Ата: Ғылым, 1992.–216 с.

5.  ҚР БҒМ ҒК РМК «Ғылым ордасы» мұрағаты  2–қ.,1–т., 1–іс, 14–п.

6. Академия наук Казахской ССР (Хроника событий). – Алма-Ата: Ғылым, 1990. – 231 с.

7. Академик К.И. Сатпаев и наука Казахстана. – Алматы:Ғылым, 1999. – 97-б.