Оқ өтпес, қылыш кеспес – Үкаша ата
26.09.2017 4432
Үкаша атаға қатысты тарих пен аңыздан бұрын бабамыз Мұхаммед Пайғамбардың өзіне жақын сахабаларының бірі болған

Үкаша атаның тарихтағы алатын орнынан бұрын, бұл кісінің кім екеніне тоқталып кетсек.

Үкаша ата Пайғамбарымыздың с.ғ.с. сахабаларының бірі болған. Яғни, Пайғамбарымыздың замандасы болып, оның көзі тірі кезінде бірге ислам дінін қабылдаған жандардың бірі. Пайғамбарымызбен бір жорықтан келе жатып, Үкаша ата мүбәрак қолын сүймек болып Пайғамбардың түйесіне жақындай түскенде оның қамшысы Үкаша атаның иығына тиеді, осы жерде неге бұлай болғанын ешқайсысы түсінбейді, сұрамайды да, сонымен қалады.

Уақыт өте келе, хәл үстінде жатырған Мұхаммед Пайғамбар бүкіл сахабаларын жинап, "менің кімде өтелмей қалған ақысы бар, кімге берешекпін, айтыңыздар" дейді. Содан сахабалардың бірі "Сіз менен бір дирхем алғансыз, соны қайтарсаңыз" дейді, қарыз қайтарылады. Сәлден соң Үкаша ата орнынан тұрып: "Уа, қасиетті Пайғамбар, есіңізде болса бірге жорықтан келе жатып, сіздің қамшыңыз менің иығыма тиген еді, соның ақысын алсам" деймін деп үн қатады. Қалған сахабалар Үкаша атаның жағасынан алып: "Пайғамбарымызға осындай сөз айтып, кек алатын сен кімсің, Пайғамбарға қарсы келетіндей қандай дәрежеге жеттің?" деп ортаға салады. Дау ушықпау үшін сахабалардың бірі "Пайғамбар ақысын мен қайтарамын, қанша керек, менде байлықта, дүниеде бар" дейді. Үкаша ата "маған байлық та, дүние де керек емес" дегенде, екінші сахаба тұрып: "Пайғамбарды бір дүре ұрғанша мені жүз дүре ұр, мен өтеймін орнына" дейді, Үкаша ата оған да келіспейді. Болмаған соң Пайғамбар: "Сіздер түсінбедіңіздер, ол менімен достасқысы келеді, кел қасыма" деп жанына шақырады.

Үкаша ата сол иығыма тиген қамшыны маған берсеңіз деп өтініш білдіреді, Пайғамбар қамшының алдыртады. Мен иығыма қамшы тигенде менің иығым ашық болған дейді, Пайғамбар иіліп, иығын ашқанда онда мөр болады, мөрде Алладан хақ ешкім жоқ, Пайғамбар оның елшісі деген арабша жазу тұрады. Үкаша ата мөрді сүйіп, "мені кешіріңіз, мен осыны көру үшін сізді мәжбүрлегенмін" дейді. Сол жерде екеуі де бір-бірін кешіріп, достасады. Сахабалардың басын қосқан осы жиында Пайғамбарымыз қалған сахабаларына былай айтады: "Егер кімде кім о дүниеде менің жанымда болып, көріскісі келсе, осы өмірде Үкаша сахабаның ризашылығын алсын" деп түйіндейді, сол сәттен бастап барлық сахабалар Үкаша атаны пір тұтып, дәріптейді.

Кейін Пайғамбар қайтыс болған соң сахабалар жан-жаққа тарай бастайды, Үкаша ата Орталық Азия, яғни Қазақстанды бетке алып, Қаратаудың етегіне бұлақтың маңына отбасымен жайғасады.

Үкаша ата туралы халық арасында аңыз-әфсаналарда Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың сақабасы, мұсылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Үкаша атаның тағы бір Алла берген қасиеті, шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін қасиет дарыған алып денелі батыр болған. Заманындағы дін жаулары Үкаша атаны өлтірмекке бекінеді, бірақ осал тұсын таппай дал болады. Содан жаулары ақылдаса келе кейуананы жібереді. Кейуана Үкаша атаның үйіне барып: "Менің баратын жерім жоқ, сенің үйіңде қызметші болып тұрайын" деп, аянышты кейіп танытады. Жасы келген ананың көңілін қимаған Үкаша ата рұқсат беріп үйіне қалдырады. Әлгі кемпір қызметші болып жүріп өзінің негізгі мақсатында ұмытпайды. Үкаша ата әскери қолбасшы болғаннан соң үнемі жорықта, жолда жүреді. Осы сәтті пайдаланып әлгі кемпір Үкаша атаның бәйбішесінің ниетін бұза бастайды, "қожайының неше ай болды әлі жоқ", "сыртта не істеп жүргенін кім біліпті", "не дегенмен ер адам басқа әйелі бар болуы мүмкін" деген секілді керітартпа әңгімелерді алға тартып бәйбішенің ойын бұзады.

Үкаша ата кезекті сапардан оралған соң, бәйбішесінің көңіл-күйі жоқтығын байқап, "не болды, мазасызсың ғой" дейді. Бәйбішесі де тіке басып, "менен жасырып жүрген нендей құпияңыз бар, айта жүріңіз" дейді. Үкаша ата бәйбішесін жанына шақырып, "менің сенен жасырар ешқандай құпиям жоқ, тек бір осал жерім бар, мен таң намазын оқыған кезде бүкіл буындарым босап, әлсіз күйге түсемін, менің кем тұсым осы" дейді. Осы сәтте үй сыртында әлгі кейуанада мұны ести сала, сол түні қашып, жауға оқ өтпес, қылыш кеспес батырдың құпиясын ашып береді.

Мұны білген, дін жаулары Үкашаның басын намаз оқып отырған жерінде шауып түсіреді. Бас сүйегін қорламақ болғанда, жерге түскен бас домалап кетіп екі қырдан асып барып жер астында түсіп кетеді. Орнында құдық пайда болады.

Халық арасында құдық суы жер асты арқылы Меккедегі зәм-зәм су бұлағымен байланысады деген түсінік бар. Құдықтан су біреуге шығады, біреуге шықпайды. Халық шелек салғанда су шығатын болса, ол адамның зияраты, тілегі қабыл болды деп түсінеді.

Шамшиддин Сәдуллаұлы, Үкаша ата кесенесінің шырақшысы

Үкаша атаның кесенесі Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 55 шақырым жерде, Бабайқорған ауылдық округінде, Қаратаудың етегінде орналасқан. Алғашқыда тек қабір орны ғана болған, 1989-1990 жылдары қазіргі мазарды жергілікті халық тұрғызған. Мазар 2 бөлмеден тұрады, кіреберісі кішігірім, екінші бөлмесі ұзынша келген. Ішкі жағынан ұзындығы 22,2 метр, биіктігі 4 метр, ені 4,6 метр. Жеті кішігірім ойық терезелері бар.

Үкаша ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған, оның диаметрі 4,5 метр биіктігі 3,5 метр. Ал құдықтың тереңдігі 22-25 м құрайды.