ХХ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқы үшін тарихи сын сағаты болды. Ұлттық мемлекет құру идеясы мен отарлық тәуелділіктен арылу күресі қатар жүрген бұл кезеңде ел тағдыры үшін күрескен Алаш зиялылары тек саяси аренада ғана емес, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында да аянбай еңбек етті. Солардың қатарында есімі көп жағдайда көлеңкеде қалып келе жатқан, алайда ұлт денсаулығы мен қоғамдық дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі – Асылбек Жұманұлы Сейіт.
Асылбек Сейіт – кәсіби дәрігер ретінде қалыптасып қана қоймай, өз дәуіріндегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсене араласқан қайраткер. Ол Алашорда қозғалысының белсенді мүшесі ретінде ұлттық тәуелсіздік идеясын қолдаса, бейбіт кезеңде халық денсаулығын сақтау ісін жүйелі жолға қоюға күш салды. Осы тұрғыдан келгенде, оның қызметі медицина мен ұлттық мүддені тоғыстырған ерекше құбылыс ретінде бағалануға лайық.
Ол қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт тағдыры таразыға түскен күрделі кезеңінде ел мүддесін жеке басынан жоғары қойған қайраткерлердің бірі. Ол тек дәрігер ғана емес, қоғамдық ойдың алдыңғы шебінде жүрген, Алаш идеясына адал қызмет еткен тұлға ретінде танылады. Асылбек Сейіт Том қаласындағы Том мемлекеттік университеті медицина факультетінде білім алып, кәсіби дәрігер мамандығын игеріп шығады. Ресей империясының алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірінде білім алу оның дүниетанымының кеңеюіне, қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына үлкен әсер етті. 1916 жылы елге оралған жас дәрігер халықтың әлеуметтік жағдайын, денсаулық сақтау жүйесінің әлсіздігін терең сезініп, медицина саласындағы қызметін ұлтқа қызмет етумен ұштастырады.
Бұл кезең қазақ даласы үшін тарихи бетбұрыс уақыты еді. 1917 жылғы қос революция тұсында Асылбек Сейіт ұлт зиялыларының қатарынан табылып, Алашорда үкіметінің жұмысына белсенді араласады. Ол Алаш қозғалысының жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды ірі тұлғалармен тізе қосып, ұлттық мемлекеттілік идеясының жүзеге асуына қызмет етті. Ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігінің арқасында «Алашорда» үкіметінде хатшылық қызмет атқарып, саяси-әкімшілік істердің үйлесімді жүруіне үлес қосты.
Асылбек Сейіттің рухани ортасы да аса қуатты болды. Ол қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевпен үзеңгілес дос болып, әдеби-мәдени мәселелерде пікірлес, ниеттес болған. Бұл байланыс оның тек саясаткер немесе дәрігер ғана емес, ұлттық руханиятқа да жақын тұрғанын көрсетеді.
1920-жылдардан бастап Асылбек Сейіт кеңестік жүйе жағдайында да елге қызмет етудің жолын іздеді. 1922 жылдан бастап шамамен он бес жыл бойы Семей облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқарды. Бұл қызметте ол өңірдегі медициналық инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлді. Оның бастамасымен туберкулезге қарсы күрес жүйелі жолға қойылып, «Ауыл» және «Березовка» сияқты санаторийлер ашылды. Бұл мекемелер сол кезеңдегі аса қауіпті дерттің алдын алуда маңызды рөл атқарды.
Асылбек Сейіттің тарихи рөлі оның дәрігерлік қызметімен ғана шектелмейді. Ол Қазақстанда, соның ішінде Алматы қаласында заманауи медициналық мекемелердің қалыптасуына тікелей ықпал еткен ұйымдастырушы тұлға. ХХ ғасырдың 20–30 жылдары Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесі енді ғана қалыптасып жатқан кезеңде білікті мамандардың тапшылығы, материалдық базаның әлсіздігі айқын сезілді. Осындай күрделі жағдайда Асылбек Сейіт басқарушылық қабілеті мен кәсіби біліктілігін ұштастыра отырып, медициналық инфрақұрылымды дамытуға белсене кірісті.
Сонымен қатар, Асылбек Сейіт Алматы қаласында жаңа үлгідегі емдеу мекемелерін ұйымдастыру ісіне де тікелей атсалысты. Оның басқарушылық қабілеті, іскерлігі мен жауапкершілігі нәтижесінде медициналық қызмет сапасы артып, халыққа қолжетімді бола түсті. 1937 жылдың 25 қарашасында Алматыдағы №5 емхана ашылып, көпшілік қолдауымен Асылбек Сейіт оның бас дәрігері болып тағайындалады. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады.
1937 жыл – қазақ зиялылары үшін қасіретті кезең болды. Үлкен террор жылдарында Алаш қозғалысына қатысы бар көптеген қайраткерлер «халық жауы» деген жалған айыппен қуғын-сүргінге ұшырады. Асылбек Сейіт те осы зобалаңның құрбаны болды. Емхананы небәрі бес күн ғана басқарған ол 1 желтоқсанда тұтқындалып, кейін ату жазасына кесілді.
Бұл трагедия тек бір адамның тағдыры емес, тұтас бір әулеттің қасіретіне айналды. Сейіт әулетінің өкілдері – Мұсылманбет, Мұратбек сияқты азаматтар да Алаш ісіне белсене араласқаны үшін қуғындалып, жазықсыз жазаланды. Осылайша, ұлт үшін қызмет еткен бір әулет түгелге жуық сталиндік репрессияның құрбанына айналды.
Алайда тарихтың қасіретті бұрылысы оның бұл игі бастамаларын жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Үлкен терроржылдарындағы саяси қуғын-сүргін қазақтың талай зиялысын жалмағаны белгілі. Солардың қатарында Асылбек Сейіт те болды. Өзі ашқан емхананы небәрі бірнеше күн ғана басқарған ол тұтқындалып, жазықсыз жазаға ұшырады.
Соған қарамастан, Асылбек Сейіттің Алматыдағы медициналық мекемелерді ұйымдастырудағы еңбегі қазақ денсаулық сақтау жүйесінің тарихында маңызды орын алады. Ол негізін қалаған құрылымдар кейінгі кезеңде дамып, халыққа қызмет етудің тұрақты жүйесіне айналды. Демек, Асылбек Сейітті тек дәрігер ғана емес, Қазақстандағы медициналық мекемелердің қалыптасуына жол ашқан алғашқы ұйымдастырушылардың бірі ретінде қарастыруға толық негіз бар.
Асылбек Сейіт туралы 1917 жылғы «Қазақ» газетінде берілген:
«Асылбек Сейітов – жас доктор, қыз мінезді, ақ қағаздан ақ, ұлтшыл жас. Областной қазақ комитетінде председатель орынбасары» – деген баға оның замандастары алдындағы беделі мен тұлғалық болмысын айқын көрсетеді. Мұндағы «ақ қағаздан ақ» деген тіркес оның адалдығын, тазалығын, ал «ұлтшыл жас» деген анықтама – ел мүддесіне берілгендігін аңғартады.
Қорыта айтқанда, Асылбек Сейіт – қазақ қоғамында медицина мен ұлттық саясатты ұштастыра білген сирек тұлғалардың бірі. Оның өмір жолы ұлтқа қызмет етудің, қиын кезеңде де азаматтық ұстанымнан таймаудың үлгісі. Кеңестік қуғын-сүргін оның өмірін қиса да, елге сіңірген еңбегі мен Алаш идеясына адалдығы тарихи жадтан өшпейді.