Біз мұны мақтанышпен айта аламыз!

Бөлісу

03.04.2026 202

ҚР Жазушылар Одағының ағзасы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын, зерделі ғалым, есімі елге мәлім ыбырайтанушы, ахметтанушы Серікбай Оспанұлы түрлі тақырыпта һәм сан түрлі салада қалам тербеп, ғылыми зерттеулер жүргізіп, тарихи-танымдық, монографиялық еңбектер жазып келеді.


( «Әлем – әуен, домбыра – рух» кітабы жайынан)

Әсіресе, соңғы жылдары адам жаны мен өмірдің мәніне, этнография, мәдениеттану салаларына қатысты жазған мақалалары кітап болып басылып шықты. Сондай ілкімді ізденіс пен қажырлы еңбектің нәтижесінде көпшілік қауым назарына ұсынған туындысының бірі – «Әлем – әуен, домбыра – рух» кітабы. Ағаштан түйін түйген шебердің қолынан қанша домбыра шыққанын тап басып айта алмасақ та, ұлттық аспап хақында жазған алғашқы көлемді еңбегі – осы.

Қалың қауым Серікбай Оспанұлын адуынды ақын, ынталы ыбырайтанушы, асыл мінезді ахметтанушы, әйгілі «Сағындым Алматымды» әнінің авторы ғана емес, домбыра, бесік жасайтын қолөнер шебері ретінде де таниды. Шебердің өзі қазақ халқының ұлттық мұраларын кәсіп көзі деп санамайды. Оған әлі сиясы кеппеген «Ғұмырнама» өлеңі дәлел. Сексеннің сеңгіріне көтерілген сері:

«Тағдырмен тартысып ер жеттім,
Сексендемін.
Ақысын жемеппін
Еш пенденің.
Бесігін тербеттім
Жырыммен бөбектің.
Талай сәбиді
Бесігім тербетті!
Қуанышым жүрді
Күллі аралап жер-көкті.
Домбырамның үні
Рух беріп ділге,
Тірек болып тілге,
Айналса көңіл – Күнге,
Ең керегім ғой!
Тілемей одан артық,
«Мен іздеген бақыт
Сол!» – дер едім ғой!», – деп бекерден бекер жырламаған. 

Осы өлең арқылы ғұмырымен біте-қайнасып кеткен домбыра туралы кітап жазуы да бекер емес екенін ұғынғандай боламыз. Өйткені, домбыра – жанының үні, көңілінің күні. Сол себепті де кітаптың әлқиссасын:

«Айналдың сынарыма, 
Айналдың шырағыма.
Сен ғана көмектесер
Тағдырдың сынағында,
Домбыра!

Сарғайып сағынғанда
Сыйлайсың сабыр жанға.
Өзіңсің кеңейтетін
Дүние тарылғанда
Домбыра!

Елітер ерке түнде
Өзің сыр шертетін де.
Өзіңсің арашалап,
Мұңымды серпетін де,
Домбыра!», – деп бастайды. 

Ағаштан шыққан әуезді әуен әлемді әлдилеп тербейтінін, сол арқылы қазақ рухын жеткізетінін аңғартқысы келетіндей. Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлінің «қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзі еріксіз ойға оралады.

Екі ішекті домбыра жайынан сыр шертетін кітап үш бөлімнен тұрады. Біріншісі – күй домбыра. Домбыраның шығу тегінен бастап адамға, табиғатқа әсері, домбыра жасау ісі, домбырашылар мен күйші-композиторларға дейін қамтылған. Біздің дәуірімізге дейін 5 мың жыл бұрын пайда болған асыл мұраны қазақтың жеті кереметінің біріне жатқызып, аспап хақында ой толғаған ғалымдардың еңбектеріне шолу жасайды. Түркі халықтарына ортақ мұра болса да, әр халықтың өзіне тән ерекшеліктеріне дейін тоқталып, сал-серілер мен күйшілердің, ақын-жазушылардың домбыраларына дейін (Махамбеттің, Құрманғазының, Ерғали Ещановтың, Біржан салдың, Абайдың, Жамбылдың, Мұхтар Әуезұлының, Жәнібек Кәрменовтің) тарқатып береді. Ахмет Байтұрсынұлының домбыра ісіне араласу тарихын зерделейді. Домбыра, күй, күйші, домбырашылар туралы өзге ұлт өкілдерінің ой-пікірлерін В.В. Виноградовтан бастап қытай тарихшысы Су Бэйхайға дейін келтіріп, домбыраны жанына серік еткендерін жеке-дара қарастырады. Сондай-ақ ғылыми зерттеулеріне ортақ, жанына жақын әдісін ұмытпай, қазақтан басқа домбыра мен домбырашылар жайында жазған зерттеу еңбектерді де назардан тыс қалдырмайды. 

Екінші бөлім «Ән домбыраға» арналған. Мұнда әуеннің қоршаған ортамен үндестігі, қазақ халқының алғашқы музыкатанушылары, композиторлары туралы жазылған. Шоқан Уәлихан, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлттың ұлы тұлғаларын қазақтың алғашқы музыка сыншылары деп жоғары бағалайды. Одан бөлек Қаныш Сәтбай, Байқадам Қаралдыұлы, Әбілахат Еспаев, Александр Затаевич, Орысбай Әбділдаев, Күләнда Бөкешова, Қалибек Деріпсалдин, Бақытжан Дәуренұлы, Ғазиза Жұмекенова, т.б. жайында көп айтыла бермейтін деректер ұсынып, өмір кезеңдерінен сыр шертеді. Алаш қозғалысына белсене қатысқан Тобыл-Торғай тұлғаларын зерттеп, зерделеген ғалым ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық-саяси жағдайлардың мәнісін ашып, қуғын-сүргін қазақ қалам қайраткерлерін ғана емес, төл мұрамыздың да көзін құртқысы келгенін «Қасірет шеккен қазақ әндері» мақаласында жан-жақты қарастырады.

Соңғы бөлім – «Оркестр». Бұл бөлімге өнер, өнерпаздар туралы өлең мен мақалалар, күй аңыздар топтастырылған. Соның ішінде бөгенайы бөлегі – күй аңыздары. «Жорға аю», «Тепеңкөк», «Майдажал», «Көк серке», «Көкбалақ», «Кербалақ», «Қара жорға», «Сылаң торы», «Жетім торы», «Айдаһарды арбау», «Құдаша», «Сағыныш», «Желмая», «Аққу», «Бозайғыр», «Жамал-ай», «Қызылқан», «Серпер» сынды жиырмаға жуық күй аңызын көркем сөзбен жазып шығады. Күй аңыздары туралы жазған қысқаша анықтамасында:

«Өлшеусіз көп мұрамыз бар,
Соның бірі – күй аңыздар.
Күй аңыз – ел шежіресі,
Жүрекпен тек тыңдаңыздар.

Елдің онда шаттығы бар,
Жаяу да бар, аттылы бар.
Тұлпар, сұңқар, аққу, қаз бен
Аю да бар тәтті құмар.

Онда ел жыры, мұңы да бар,
Табиғаттың сыры да бар.
Бірі өмір жайын да айтып,
Жеткізеді бірі хабар.

Айтқанымды ел құптар бүгін,
Түсініп күйді ұққан бұрын.
Күй аңыздар береді айтып
Қай күй қалай шыққандығын», – деп бүгінгі күні көбі күйді ұқпайтынын, алайда әр күйдің шығу тарихы бар екенін жеткізеді. 

Оқушыға салмақты айтар ойы бар, қызықты жазылған күй аңыздарын жеке кітапша түрінде балалар мен жасөспірімдерге арнап шығарса да артық етпейді. Мәселен, қонжығынан көз алдында айырылып қалған аю туралы жазған «Жорға аюы» да, қойшының бәйгенің алдын бермейтін жүйрігі хақында айтқан «Тепеңкөгі» де, жетім баланың сенімді серігіне айналған торы ат жайында жырлаған «Жетім торы» аңызы да – домбыраның әуеніне бас шұлғып ғана отырған балаларға қызық болары шүбәсіз.

Қорыта келе айтарымыз, Серікбай Оспанұлының ф.ғ.к., А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры Күлзада Мешітбайқызымен бірлесе жазған бұл кітабы – ұлт руханиятына қосылған қымбат қазына, музыка мамандары мен арнайы оқу орындарының студенттеріне таптырмас олжа, өнер сүйер қауымға елеулі еңбек. 

Автор 2020 жылғы тәжтажалдың тұсында «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұқбатында: ««Бесік» туралы кітап жазған Қазақстандағы бірінші қаламгер – мен. Мұны мақтанышпен айта аламын», – деген екен. Ұлттық домбыра күні қарсаңында айтқан ойын араға уақыт салып, былайша толықтырғымыз келеді: «Серікбай Оспанұлы – қазақтың баға жетпес қос мұрасы – домбыра мен бесікті өз қолымен жасайтын, әрі әрқайсысына жекелеген тарихи-танымдық, тәжірибелік кітап жазған Қазақстандағы бірінші шебер қаламгер». 
Біз мұны мақтанышпен айта аламыз, Ұстаз!

Данияр ИХСАН,
Докторант

Бөлісу