Ұмыт болған хандар: Құпияға толы Бұйдаш пен құрбан болған Тоғым хан

Бөлісу

17.03.2026 174

Басы өткен санда... 

Қасым ханнан кейін Қазақ хандығы бес-алты хандыққа бөлініп кетті. Жәнібектің ұлдары мен туыстары жеке-жеке хандық құрып, бөлініп кетті. Бірі Жетісуда, бірі Сырдарияда, бірі орталықта отырып билік жүргізді. Есесіне бір-бірімен қырқысты. Ал бұл өз кезегінде  ноғай, өзбек, моғол секілді сыртқы жауларға тиімді болды.  


Бұйдаш хан

Бұйдаш хан да Қазақ хандығының ең ауыр дағдарыс кезеңіндегі билік құрған хандарының бірі ретінде айтылады. Ол - Жәнібек ханның немересі, Әдік сұлтанның ұлы, Тахир ханның інісі. Хан тағына ағасы Тахир қайтыс болған соң (1533 ж.) отырған. 

Билігі негізінен Жетісу өңіріне (кей деректе Моғолстан деп аталады) тараған, әскері 20-30 мыңдай болған делінеді. 

«Тарих-и Рашиди» бойынша Бұйдаш хан билікке келгенде қазақтардың саны азайып, кейін «қазақтар жоғалып кетті» деген сөз бар (Мұхаммед Хайдар Дулати).

Қадырғали Жалайыри бойынша - Барақ ханның ұлы Дербіс (Дервиш) сұлтанмен соғыста қаза тапқан, сол шайқаста Әдік тармағынан 24 сұлтан мерт болған.

Кей зерттеушілер (Т.И. Сұлтанов) оның өмірін 1559/1560 жылға дейін созады деп есептейді, бірақ көпшілік деректе билігі 1533–1538 жылдар аралығы деп көрсетіледі.

Ғаламтор бетін ақтарып отырып, Бұйдаш хан туралы мынадай деректер таптық. Ақпарат ВК желісіндегі ӘЛЕМ ТАРИХЫ парақшасында жарияланған.  Ол Бұйдаш хан туралы 8 дерек деп аталады. Бұл деректе де Бұйдаштың билігі 1560 жылға дейін созылды делінген. 

1. Бұйдаш хан – (кейбір деректерде Бұйлаш хан, Бойлаш хан, Бублаш хан, Бутлаш хан деп ұшырасады) Жәнібек ханның немересі, Әдік сұлтанның ұлы Тақыр ханның інісі.

2. Тақыр ханнан соң таққа 1532 жылы отырады. Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегінде Бұйдаш хан 5-6 жылдай билік құрып, 1534 жылдан кейін қайтыс болған. Ал «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», «Жылнамалар жинағы» еңбектеріндегі деректерде Бұйдаш хан 20 жылдан аса хан болған. Т.И. Сұлтанов Шығыс деректерінің мәліметтеріне сүйеніп, Бұйдаш ханды 1559 жылы қаза тапқан деп есептейді.

3. Жазба деректердегі Бұйдаш ханның қатысуымен болған оқиғаларға зер салсақ және болған оқиғалардың географиялық аумағына көңіл аударсақ, онда Бұйдаш ханның Жетісуда ғана билік еткеніне көз жеткіземіз.

4. Мұхаммед Хайдар Дулати Бұйдаш хан билікке келген кезінде 30 мыңдық адамы болды десе, келесі бір дерегінде Бұйдаш хан тұсында 20 мың қазақ қана қалды деп жазады.

5. Бұйдаш ханнын өміріндегі анықталған бір оқиғаға оның 1556 жылы Шығыс Түркістандағы моғол билеушісі Рашид ханның (1533—1560) ұлы Абд ал-Латиф сұлтанның қазақтар мен қырғыздарға жасаған жорығына тойтарыс беруі жатады.

6. Бұйдаш ханға байланысты келесі бір дерек мәліметінде оның 1559 жылы Мауреннахрға жорығы жөнінде баяндалады. Бұл жорыққа 20-дан астам қазақ сұлтандары қатынасады. Сайрам маңында шайбанилық билеушілер әскерімен болған ұрыста қазақ әскерлері шаһды дауылдың бетке қарсы соғуына байланысты жеңіліс табады. Осы ұрыста Бұйдаш хан, қаза тапты делінеді. Бұл мәліметте Қадырғали Жалайыр дерегі одан әрі былайша толықтыра түседі: «Бұйдаш хан Барақұлы Дервиш ханмен соғыста өлді. Бес ұлдың ұрпағы жиырма төрт сұлтан сонда шаһид болды».

7. Бұйдаш ханның Дервиш ханмен соғысы Сыр бойындағы қалалар мен өңірлерге иелік ету үшін болған. XV ғасырдың 70-жылдарынан бері басталған күрес 1598 жылға дейін созылады. Бұйдаш хан мен Дервиш хан арасындағы шайқас – сол күрестің бір көрінісі ғана.

8. Деректерде Бұйдаш ханның ұрпақтары жөнінде ештеңе айтылмайды. Қадырғали Жалайырда: «Әдік, сұлтанның ұрпағын бес ұл деп атайды. Бес ұлдың ұрпағы жиырма төрт сұлтан сонда шаһид болды», – деп жазады. Соған қарағанда Бұйдаш ханның ұлдары 1559 жылғы шайқаста әкесімен бірге қаза тапқан болуы мүмкін деп жорамалдайды белгілі тарихшылар.

Тоғым хан

Тоғым хан (кейде Тоқым деп те жазылады) - Қазақ хандығының ең қиын кезеңінде билік құрған сұлтандардың бірі. Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның баласы. 

Билік құрған жылдары

 Шамамен 1533-1537 жылдар аралығында билік құрды. Бұл кезде хандық толық бытыраңқы болып, бірнеше хан параллель билік еткен. Бауыш хан орталықты басқарды. Ахмет хан (батыс/Сырдария), Бұйдаш хан (Жетісу) т.б. Тоғым хан орталық және оңтүстік өңірлерді (Сығанақ, Түркістан маңы) билеген.

Шығу тегі

Жәдік сұлтан көп әйел алған. Соған сәйкес ұлдары да көп болғаны. Тоғымнан басқа Бөкей (сұлтан), Шығай (хан), Мәлік (сұлтан) секілді тарихта қалған ұлдары болды. Тоғымның өзінің тоғыз ұлы болған, оларды Тоғыз-Сары деп атайды (Қадырғали Жалайыридың жазбасында). Олардың барлығы әкесімен бірге қаза тапқаны айтылады.

Тоғым хан билікке келгенде хандық әбден әлсіреген еді. Небары бірнеше жылға созылған билігінде ноғайлармен (Шейх Мамай, Сайд Ахмед мырзалар) соғысып,  жайылым, шекара үшін жанын берді. Бұл ноғайлардың күшейіп, Бұқар (Ұбайдуллах хан), Моғолстан (Әбдірашид хан) және өзбектермен бірігіп қазаққа қарсы одақ құрған кезі еді. 1535 жылы ноғайлармен болған кезекті шайқаста Тоғым жеңіліп, шығысқа ығысқан. Бұл шайқас тарихта «Ноғай шайқасы» деген атпен қалды. 

Тоғым ханның өлімі

1537 жылғы 27 шілде, Ыстықкөл маңындағы Санташ (Сан-Таш) шайқасы болды. Қазақ-қырғыз әскері (Тоғым бастаған) өзбек-моғол біріккен күшіне қарсы тұрды. Алайда қазақтар саны аз болып, ауыр жеңіліске ұшырайды. Бұл шайқаста Тоғым хан тоғыз ұлымен бірге көз жұады. Бұлардан басқа 37 сұлтан (көбі Жәдік хан әулетінен) мерт болған. 

Бұл шайқас қазақ тарихындағы ең ауыр қырғындардың бірі болды.  Яғни Жәдік ұрпағы түгелдей қырылған. Мұхаммед Хайдар Дулати осы хабарды естіп, «жер бетінде қазақ қалмады-ау» деп күрсінген деген аңыз бар. Тоғыз сары аңызы да осыған байланысты қалған. 

Тоғым хан - жаужүрек жауынгер ретінде сипатталады. Бала кезінен ноғай, өзбек, моғолдарға қарсы күрескен. Бірақ ішкі бытыраңқылықтан хандық әлсіреп, сыртқы жаулардың бірігуіне жол беріп алды. Оның өлімінен кейін билік Бұйдаш ханға өтті. 

Қысқасы, Тоғым ханның билігі ауыр трагедиямен аяқталса да өзіне дейінгі хандарға үлкен сабақ алып келді. Яғни өз өмірін кейінгі ұрпақтың бірлігі үшін құрбан еткен тұлға деуге болады. 

Жалпы бұл дәуірді сол дәуірдің тарихшысы «Толық емес хандар» дәуірі деп атады. Бір мезгілде бірнеше жерде хан атанып, толық билік құра алмаған, «қысқа», «толық емес» хандарды осылай атаған. 

 

Бөлісу