«Ұмыт болған хандар» сериясын жалғастырамыз. Қасым ханнан кейінҚазақ хандығы бес-алты хандыққа бөлініп кетті. Жәнібектің ұлдары мен туыстары жеке-жеке хандық құрып, бөлініп кетті. Бірі Жетісуда, бірі Сырдарияда, бірі орталықта отырып билік жүргізді. Есесіне бір-бірімен қырқысты. Ал бұл өз кезегінде ноғай, өзбек, моғол секілді сыртқы жауларға тиімді болды.
Бұл кезеңді сол дәуірдің тарихшысы Қадырғали Жалайыри «Толық емес хандар» дәуірі деп атады. Бір мезгілде бірнеше жерде хан атанып, толық билік құра алмаған, «қысқа», «толық емес» хандарды осылай атаған.
Қадырғали еңбектеріндегі толық емес хандар тізімін Қасым ханның ұлы Мамаш хан тұр. Одан кейін 1523-1533 жылдар аралығында билік құрған Тақыр хан аталады. Ол Қасымның немере інісі, Әдік сұлтанның ұлы.
Бауыш хан да осы тізімде.
Ахмет (Қожа Ахмет) хан - Сырдария бойын билеген, ноғайлармен соғысқан.
Тоғым хан (Жәдік сұлтанның ұлы, 1533–1537 жж.) Санташ шайқасында тоғыз ұлымен бірге ажал құшты.
Бұйдаш (Бұйлаш, Бойлаш) хан - Тақырдың інісі, Жетісу өңірін ұстаған (1533–1538 жж.).
Бауыш хан
Бауыш хан (1490-1537) - Қазақ хандығының өліара кезеңінде билік құрды. 1529 жылы ағасы Тахир хан елден қуылғаннан кейін билікке келді. Бірақ Бауыш Тахир ағасының айтқанынан шыға алмады. Тахир хан сырттай нұсқау беріп отырды.
Расында Бауыш хан шынымен де «көлеңкеде қалған» тұлғалардың бірі. Ол туралы деректер аз. Қасым ханның інісі Әдік сұлтанның ұлы. Яғни, Қасым ханның немере інісі, Тахир ханның кіші бауыры.
Билік құрған жылдары: Бауыш хан шамамен 1529-1533 жылдар аралығында билік құрды. Кейбір деректерде билігі 1537 жылға дейін созылды делінеді. Бірақ бұл да нақыт емес. Белгілісі Тахир хан елден қуылғаннан кейін таққа отырды.
Бауыш ханның кезінде қазақ хандығы өте ауыр кезеңді бастан өткеріп жатқан еді. Хандық ішінде алауыздық көбейіп, бірнеше сұлтан бір уақытта хан атанып, жүздер мен өңірлерге бөлініп кетті. Яғни Бауыштың билігі де толық орталықтандырылған «ұлы хандық» емес еді.
Бір мезгілде інілері Тоғым мен Ахмет хан атанып, параллель хандық құрған. Бұл кезеңде Жетісу өңірін Бұйдаш хан билеп тұрды.
Бұл Бауыш үшін тиімсіз еді. Осы мақсатта ол Ахматтың ұлысын талқандап, беделін түсіреді. Бауыш кейін өзін хан деп жариялаған сұлтандардың көбін тақтан құлатып, көзін жойды.
1533 жылы Бауыш өзінің биілігі әлсіреген соң, өз ұлысын екіге бөледі. Шығысында Тоғым билік құрса, батысында Бұйдаш билік құрды. Алайда кейін Бауыш өз бауыры Бұйдашпен келісе алмай, алауыздық пайда болды. Тоғымды хан деп мойындап оған қызмет етеді.
Бауыш хан Ыстықкөл маңындағы Санташ шайқасында қаза тапқан. Қазақ-қырғыз қолы бірігіп, Моголстан ханы Сұлтан Саид хан мен өзбектердің біріккен күшіне қарсы шыққан. Бұл шайқаста Бауыш хан жеңіліп, сол жерде қаза болған
Қысқасы, Бауыш хан - Қазақ хандығының ең қиын, ең бытыраңқы кезеңінде билік құрған хандардың бірі. Оның тұсында хандық әлсіреп, ішкі тартыстар мен сыртқы соғыстардан көз ашпады.
Бұл дағдарыс Хақназар хан болғанша жалғасты. Ол алауыздық пен жікшілдікті жойып, хандықты қайта көтерген. Сол себепті Хақназарға дейінгі хандардың барлығы да «ұмыт болған» хандардың қатарында қалды. Себебі, бәрі жеңіс әкелген ұлы хандардың көлеңкесінде қалды.
Бірақ соған қарамастан Қазақ хандығының қиын кезеңінде ел билеген маңызды тұлға ретінде тарихта қалды.
Ахмет хан
Ахмет хан да сол Қазақ хандығындағы бытыраңқы дәуір мен өліара шақтың кезекті өкілі. Бауыш ханмен қатарлас, тіпті кейде бір мезгілде билік құрған тұлға.
Ахмет ханның шығу тегі
Ахмет хан туралы деректер де өте аз. Жәнібек ханның немересі саналады. Бірақ нақты қай ұлынан екені нақты белгісіз. Кей деректерде Жаныш сұлтанның ұлы деп те айтылады. Ол тарихта бірнеше атпен белгілі. Ахмет ханды кейде Қожа Ахмет деп атайды. Себебі, Ахмет діндар адам болған. «Тарих Қашғар» атты еңбекте Наурыз-Ахмет хан делінген. Ал, 1535 жылдың мамырында орыс патшасы Иван Васильевичке ноғай билеушісі Сейдек қазақ ханы Қожа Махмұт туралы мәлімет берген. «Жылнамалар жинағы» еңбегінде Ахмет хан деп атайды. Сол секілді Қыдырғали Жалайыри Ахмет ханды «Өзбек немесе Акмат» деп атаған. Бұлардың барлығының да бір адам екенін Қожа Махмұт Сейтекпен болған соғыста Орақ мырзаның қолынан қаза табуынан байқауға болады.
Билік құрған жылдары
Ахмет хан шамамен 1533-1535 жылдар аралығында билік құрды. Кей деректерде билігі 1537 жылға дейін созылғаны айтылады.
Сырдария бойы, батыс және орталық өңірлерді (Сығанақ, Созақ маңы) билеген. Бұл кезде хандық толық ыдырап, бірнеше хан параллель билік құрды. Басында айтып өткеніміздей, Жетісуда Бауыштың бауыры Бұйдаш хан билік құрды.
Батыста яғни Сырдария бойында Ахмет хан, Түркістан сұлтандығын Тоғым хан биледі. Олар формальды түрде Бауыш ханға бағынды. Бірақ орталық билік өте әлсіз болды.
Ахмет ханның тұсында қазақтар ноғайлармен (Ноғай Ордасымен) жиі соғысқан. Ноғайлардың шабуылын тойтаруға тырысқан. Бір жорықта (1535 жылы шамасында) ноғай билеушісі Орақ мырза (Едіге бидің ұрпағы) мен Шидақ бекке қарсы шыққан. Ұрыста Ахмет хан жеңіліп 15 сұлтанмен бірге тұтқынға түскен. Кейін тұтқыннан босап шығады.
Кезекті бір шайқаста Орақ мырзаның қолынан көз жұмады. Ахмет ханның жорықтары мен соғыстарының барлығы да Қазақ хандығының батыс шекарасын сақтау мақсатын көздеді. Себебі ноғайлар Жайыққа дейінгі жерлерді басып алуға тырысты.
Қысқасы, Ахмет хан да сол 1530 жылдардағы қиын-қыстау, бытыраңқы кезеңнің хандарының бірі. Тұлғалық деңгейге жетпесе де, Қазақ хандығының батысын барынша қорғап өтті. Шекараны сақтап, ноғайлардың шабуылын тежеуге тырысқан.