Құдайберген деген ер өткен

Бөлісу

10.03.2026 1505

Бұрынғы Темір уезіне қарасты айтулы өзендер Жем мен Темірдің бойын, одан әрі кәрі Мұғалжар тауларының маңын ертеден қазақ жұрты мекен еткен. Тарихтың сан қилы кезеңінде ел үшін еңіреп туған ерлер мен аузы дуалы билер, талайға арқа сүйеу болған мыңды айдаған байлар өткен қасиетті топырақ. Сол топырақтың соңғы жүз жылдағы көргенін бүгінде ауызша деректер мен архив құжаттарына сүйеніп қана сөйлетуге қауқарымыз жетіп отыр. Өйткені кеңестік биліктің орнауымен қитұрқы әрекеттер орын алып, жер-жерде үкімет жауларымен күрес басталып, талайлар басымен қайғы болды. 1917 жылғы революцияға дейін қамшы ұстап, талай топта билік айтып, бір рулы елге ие болғандарды ауыздықтап, жалған айыптар жауып, елден аластатуға күш салды. Сондай іргелі әулетке айналып, тамыры тереңге кеткен Құдайберген әулеті де бұл науқанның құрығынан құтылмады. 


Бүгінгі жер бөлінісі бойынша Мұғалжар ауданы Шеңгелши ауылында атақты Құдайбергеннің «Көк үйі» әлі күнге сақталған (1-сурет). Бұл «Көк үй» елдің есінде жағымды пікірлермен ғана есте қалып отыр. Өйткені ауылдың тұрғындарымен қоса, даладан келген жетім-жесір де пана тауып, Құдайбергеннің нұсқауымен малға дейін тегін алған. Одан бөлек елді жайлаған аштық жылдарының өзінде (бұл – 1921-1922 жж.) Жем мен Темірдің бойындағы ашыққан халыққа мал үлестіргені ел аузында әлі күнге жыр болып айтылады. Құдайбергеннің бауырына басқан 1916 жылғы немересі Нығмет өз естелігінде шешелерінің көп болғанын, қайсысының үйіне барсаң да еркелетіп, ішкені алдында, ішпегені артында, бұлаң өскенін келтіреді. Сонымен қатар әр күні жаңа көйлек киіп, көнесін ауылдағы кедей балаларға үлестіріп шешелеріне «жыртып алдым» деп жаңа көйлек сұрап киетінін тағы қосып қояды. Бұл немересінің атасынан көрген ісі екендігі айтпаса да түсінікті. Кейін Құдайбергенді бай ретінде кәмпескелеп, Саратов облысы Сызрань қаласына жер аударғанда немересі Нығмет те бірге кеткен. Өйткені тағы да сол Нығмет атасымен бірге бүгінгі Алға арқылы (ол кезде қазіргідей қала емес – Р.Ж.) өткендігі есте қалғанын баяндайды. Тиісінше архив деректеріне сәйкес Құдайберген Кеңес үкіметіне қарсы әрекеттері үшін Темір уезіндегі бай әрі Алаш тобының жетекшісі ретінде өзгелермен бірге, 1927 жылдың наурыз айында ОГПУ алқасының кезектен тыс жиналысының қаулысымен үш жыл мерзімге Қазақстаннан тыс жерге жер аударылған.

Құдайберген Дүйсенбіұлы жергілікті Назар руының Сауғабай аталығынан тарайды. Уақытында ел басқарған айтулы азамат 1868-1932 жж. өмір сүрген. Ұрпақтарының айтуынша, Құдайберген ұзын бойлы, сары кісі болыпты. Әкесі Дүйсенбі және атасы Аман да осы өңірге белгілі адамдар болған. Өйткені әкесі сол маңда бай ретінде танылып, өзінен туған Құдайберген мен Мұңайтпас та өз заманында аталарының ісін одан әрі жалғай білді. 1930 жылы жазылған Мұңайтпас Дүйсенбіұлының жеке іс - қағазында жасы 42-де, қазақша-орысша сауатты, ірі байдың ұрпағы, Темір ауданы №41 ауылдың тұрғыны ретінде көрсетілген. Мұңайтпастың иелігінде 2 киіз үй, 1 зімләнке, 1 соқа, 1 пәуеске бар. 1920-1921 жж. рулық топтың жетекшісі ретінде көзге түскен. Әкесі Аманұлы Дүйсенбі – ірі байдың тұқымы, 3-4 жыл халық судьясы болып жұмыс жасаған. Дүйсенбінің екінші әйелінен туған Мұңайтпас та 3-4 батырақ ұстап, үнемі ағасы Құдайбергеннің жанында болып, 1911-1914 жж. орынбасары ретінде жұмыстар атқарды. 1919-1920 жж. Ембі-Темір болысында басқарушы болыс болған. Кейін дауыс беру құқығынан айырылып, өзінің шаруашылығын екіге бөлді. Өйткені екі әйелін жеке-жеке шаруашылық ретінде қоныстандырғаны белгілі болып отыр. Кейін үкімет тарапынан біреуіне жеке салық салынған. Сонымен қатар №45 ауылдағы байлар Әлібек, Бәтен, Шекен Қитамановтар, №44 ауылда Мұқаш, Батыр, Қабат, Дошан Сүлейменовтер, №45 ауылда Сейтахметов Сыдық, Мақатов Құлахмет, №28 ауылда Жұмықов Елубай, Асанов Әбдікәрім (прокурордың хатшысы), №42 ауылда Белгөреков Ахмет, №42 ауылда Қарынбаев Иманғазы, Байқат, Қазиқан Омаровтар, №41 ауылда Ерғалимен байланыста болды деп айып тағылған. Кеңес үкіметінің колхоздарға біріктіру, астық дайындау, тұқым себу секілді жұмыстарына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Кеңес үкіметі астық дайындатып, ақша жинап, қолда барды алған соң қашады. Ал байларды кәмпескелеген соң үкіметке ешқандай кіріс кірмейтін болады деп үгіттеді деп айыптайды.

1-сурет. Құдайбергеннен қалған «Көк үй» 

Мұңайтпастан – Әлібек, Хамит, Құдайбергеннен – Жантөре, Хантөре, Бақытжан туған. Үлкен баласы Жантөре атасы Аманның атына жазылып, архив деректерінде Аманов Жантөре есімімен кездеседі. Екінші баласы Хантөре қуғын-сүргін құрбаны ретінде ұрпақсыз өтіп, Бақытжан – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Бұл кісі өмірін ұстаздық салаға арнап, отбасын құрмаған. 1913 жылы дүниеге келген Бақытжан қуғын-сүргін жылдары бұл шаңырақтағы бас көтерер еркек ретінде қалған отбасы мүшелеріне қамқорлық етті. Інісі Нығметтің қаладағы оқуына әкеден қалған алтын тиындарды жапырып, бешпеттің ішкі жағына тіге отырып, жол-пұлын беріп отырған. Кейін соғыстан оралған соң 1949 жылдан бастап Төле би ауданы Леңгір қаласында мұғалім, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, 1969-1974 жж. Қызыл әскер мектебінің директоры болып қызмет жасады. Сол жерде жүріп екі қабатты мектеп ғимаратының салынуына үлкен үлес қосқан. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері ретінде өзінің тұрған жерінде ескерткіш тақта орнатылған. (2-сурет. Бақытжан Құдайбергенұлына қойылған тақта) Ғұмыры өскен ордасынан жырақта өткен Бақытжан 1983 жылы дүниеден өтіп, сүйегі Леңгірге қойылды. 

2-сурет. Леңгір қаласындағы Бақытжан Құдайбергенұлына қойылған ескерткіш тақта

Құдайбергеннің үлкені Жантөре 1890 жылы дүниеге келген. Өйткені 1928 жылы жазылған жеке іс - қағазында «жасы 38-де, руы Назар-Сауғабай-Аман бөлімі» деп берілген. Партияға мүше емес, орыс-қазақ екі класстық мектебін аяқтаған. Тұрғылықты жері – Темір уезі №4 ауыл. Шаруашылық ауылы – Аман, қыстауы – Ембі, «Батпақкөл», «Жаркөл», жайлауы – «Жайлы». Иелігінде 500 жылқы, 1178 түйе, 380 сиыр, 700 қой бар. Сонымен қатар саманнан қаланып, төбесі темір шатырмен жабылған бір үй және саманнан қаланып, жабындысы көрсетілмеген тағы екі үйге иелік еткен. Қосалқы құрылыс ретінде үш амбар, 10 сарай көрсетілген. Шаруашылығында үнемі 7 батырақ, маусымдық 5 батырақ ұстаған. Шаруашылық құралы – 1 соқа, 1 дән сепкіш, 2 тарантас, 4 кәселке (шөп шабатын), 3 жартылай жабылмалы жеңіл арба, 1 сепаратор бар. Құдайберген жер аударылған соң барлық мал-мүлік Жантөренің басқаруына өтіп, 1178 ірі қараның 316 кедейлерге уақытша пайдалануға үлестірген. Сонымен қатар қарамағындағы батырақтармен ешқандай келісімшарт жасалмай, жалақы мәселесі Жантөренің айтуымен ғана тағайындалды. Мысалы, тұрақты батырақтар жылына 50 рубль алса, маусымдық батырақтар күнделікті тамағы үшін жұмыс жасады. Жантөреге қарасты шабындықтар 200 дес. дейін жетіп, көбі кедейлерге төмен бағаға жалға берілген. Әкесі Құдайбергеннің нұсқауымен көктемде 350 ірі қара малды тізімге енгізбей тығып, кейін ол ұрлығы ашылып мемлекет кірісі ретінде тәркіленіп алынған. Бұл жерде үкімет адамдары қазақтың туыстық қатынастарын ескермей, ауылдағы Жантөренің туыстарын кедей батырақтар ретінде көрсетіп, ауылда таптық күресті ушықтыруға тырысқан. Сонымен қатар жылдар бойы еңбекпен келген мал-мүлікті әртүрлі сылтаумен тартып алып, үкімет кірісі ретінде талан-таражға салған. Оған жоғарыда келтірілген деректер Жантөрені үкімет жауы ретінде көрсетіп, қылмыскер ретінде іс қозғағаны толық дәлел бола алады. 

1928 жылы 8 қараша күні жазылған анықтамада Жантөренің қолында 704 бас ірі қара бар. Сонымен қатар 80 бас ірі қара малы мемлекеттік қарызды өтеу үшін комиссиямен сатылып, көктемде 240 бас ірі қара мал тәркіленді. Бірақ көп мал оның тарапынан сатылып үлгерген. Үкімет барлық мал-мүлікті тәркілеген соң отбасымен қосып, жер аударды. Ол туралы КСР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылғы 30 тамыздағы қаулысы  және Ақтөбе облыстық атқару комитетінің 4 қыркүйектегі №62 қаулысымен құрамында 14 адамы бар отбасын түгел Қарқаралы ауданына жер аударған. Сәйкесінше Аманов Жантөре 1928 жыл 8 қараша күні ГПУ Қарқаралы облыстық басқармасына және облыстық атқару комитетіне келуге тиіс деп бекітілді. Отбасы құрамы: 

Аты-жөні

Жасы

Жынысы

Барлығы

Ескертпе

еркек

әйел

Дүйсенбин Құдайберген

60

1

 

 

 

Құдайбергенов Жантөре

38

1

 

 

 

Аманов Хантөре

22

1

 

 

 

Аманов Бақыт

16

1

 

 

 

Құдайбергенов Нығмет

12

1

 

 

 

Құдайбергенова Абила

42

 

1

 

 

Құдайбергенова Ваш

58

 

1

 

 

Жантөрина Сабила

30

 

1

 

 

Жантөрина Рахима

23

 

1

 

 

Жантөрина Намал

21

 

1

 

 

Құдайбергенова Сақып

13

 

1

 

 

Жантина Үздік

2

 

1

 

 

Жантина Жаңылдық

5

 

1

 

 

Құдайбергенов Бақыткерей

2

1

 

 

 

Жантөрин Тайбағар

1

1

 

Барлығы: 15

 

Міне, толық бір әулеттің мүшелері үкімет тарапынан бар мал-мүлкінен айырылып, туған жерінен өзге облысқа күштеп көшірілген. Бұл жерден қаншасы тірі қайтқаны және ол жақтағы жағдай біз үшін белгісіз болып отыр. Сонымен қатар бұл құжатқа қарайтын болсақ, Құдайбергеннің жасы 60-та деп көрсетілген. Ал көп жерде Құдайбергенді 1865 жылы туғандығын  жазады. Егер құжатқа сүйенсек, 1928 жылы 60 жаста болса, Құдайберген 1868 жылы туған болып шығады. Сондықтан Құдайберген мен оның әулетін түгендеуде осы кестенің көмегі тиер деген ойдамыз. 

Ел аузынан жинаған деректерде Құдайберген Темірдің түрмесінде дүниеден өткен. Темір қалалық округіне қарасты Жамбыл ауылының тұрғыны Есімкулов Бақытжанның айтуынша, әкесі Ахметше революцияға дейін мешіт ұстаған. Жамбылға жақын маңда Жарқұдықта мешіт болып Ахметше сол жерде молда, емшілікпен де айналысқан. Кейін жаңа үкімет орнаған соң бұрынғы ісін тастап, үкіметке жұмысқа кірген. Айтуынша, Темірдің түрмесінде (қай жылы екені дерек берушінің есінде жоқ) Құдайберген қайтыс болғанда өз қолымен кепендеп, Темір өзенінің Жемге құяр сағасына жерлегенін айтыпты. Дегенмен ол жерді кейін су басып кеткен. Расында, Темір өзені бүгінгі Шеңгелши ауылының маңында Жемге барып құяды. Ал Шеңгелши Құдайбергеннің – атақонысы. Осы тұрғыдан алып қарағанда дерек берушінің айтқаны шындыққа жанасатын секілді. 

Дүйсенбин Құдайбергеннен тарайтын бүгінгі ұрпақтары

Бүгінде Құдайбергеннен қалған мұра – Шеңгелшидегі атақты «Көк үй» мен жан-жақта қоныстанған ұрпақтары. Көк үйді ұрпақтары қолды болмасын деп жергілікті тұрғынға сыйлап, бүгінде бір отбасына пана болып отыр. Осы жерде айта кету керек, кешегі зұлматтан тірі қалғандардың бірі Жантөренің  Жекей руынан алған әйелі 1958 жылы дүниеден қайтқан. Одан бөлек Жантөренің екі баласы Нығмет пен Тайбағардан тарайтын ұрпақтар бүгінде өсіп-өніп отыр. Біз кездескен Нығметтің ұрпақтарынан Манас, Жарас, Әліби, Жеңіс атты балалары облыс көлемінде тұрып жатыр. Кеңес үкіметі Құдайберген әулетімен қанша күрессе де, атақты әулеттің шоғын соңына дейін сөндіре алмады. Араға біраз жыл салып, бұл әулет өзінің шайқалған шаңырағын қайта тіктеп, өмір ағысына жаңа деммен аяқ басуда. 

Тарихшы-өлкетанушы, 

ЖҰБАНЫШ РАЙЫМБЕК

Бөлісу