«Қыр баласы» қоғамдық қоры бірнеше жылдан бері алаштану бағытында маңызды ғылыми еңбектер шығарып келеді. Бұл қор 2018 жылы Елдос Тоқтарбай бастаған алаштанушылардың бастамасымен құрылған және оның басты мақсаты – Алаш зиялыларының өмірі, қызметі, шығармашылығы мен жарияланбаған еңбектерін ғылыми айналымға енгізу. Қордың негізгі міндеттері – ел есінде жат қалған, сирек кездесетін немесе бұрын кітап болып басылып шықпаған Алаш қайраткерлерінің еңбектерін жинақтау, жүйелеу және қайта жариялау; сондай‑ақ архивтік материалдарды зерттеу арқылы ұлт тарихының жоғалған беттерін толықтыру. Осы бағытта қор «Алаш кітапханасы» атты арнайы серияны қолға алды. Бұл серияға Алаш дәуірінің бірталай тұлғалары туралы ғылыми жарияланбаған материалдар мен жинақтар енеді. Яғни бұрын есімі белгісіз қалған, сирек қолда сақталған деректер оқырманға ұсынылып, жеке кітап ретінде жарық көруге мүмкіндік алады.
«Алаш кітапханасы» сериясы арқылы жарық көрген еңбектер ұлттық сана мен тарихи білімді жаңғыртуға, қазақ зиялыларының мұрасын қайта тануғаүлкен үлес қосуда. Бұл серия еңбектері тек зерттеушілер мен студенттерге ғана емес, ұлт тарихына қызығатын жалпы оқырман қауымға да арналған маңызды құрал болып табылады.
«Алаш кітапханасы» сериясы аясында алаштанушы жас ғалым, әдебиетші Жауынбай Жылқыбайұлының екі бірдей кітабы жарық көрді. Жоба алаштанушы ғалым, жазушы Елдос Тоқтарбайдың жетекшілігімен жүзеге асты.Қос кітаптың бірі – қазақтың тұңғыш ветеринар дәрігері, Алаш қайраткері Ғұбайдолла Есқалиұлы Берді туралы «Тұңғыш қазақ ветеринары» атты зерттеу еңбегі болса, екіншісі – мемлекет қайраткері, ағартушы Ғабдолкәрім Тоқтабай шығармалары топтастырылған «Оқу жайынан» атты жинақ.
«Тұңғыш қазақ ветеринары» зерттеу кітабында көрнекті Алаш қайраткері, дәрігер, оқымысты Ғұбайдолла Есқалиұлы Бердінің тұлғасы, өмірі мен қызметі арқау болған. Тарихи тұлғаның ғұмырнамасы алғаш рет жүйелі түрде зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілген. Еңбектің басты ерекшелігі – деректердің архив құжаттарына негізделуі және зерттеу тілінің жеңілдігі. Автор Ғұбайдолланы қазақ даласындағы ветеринария ғылымының бастауында тұрған кәсіби маман, ағартушылық бағыттағы зиялы ретінде танытады. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Ресей империясының ғылыми орталықтарының бірі болған Қазан қаласы қазақ жастары үшін жоғары білімге апаратын маңызды мекендердің біріне айналды. Бұл бағытта Қазан ветеринариялық институтының рөлі ерекше болды. 1877-1917 жылдар аралығында аталмыш оқу орнында барлығы 23 қазақ шәкірті оқыса, оның ішінде 17-сі оқуын сәтті аяқтаған. Бұл көрсеткіш ол кезеңдегі білім алуға ұмтылған қазақ жастарының әлеуметтік және интеллектуалдық әлеуетінің көрінісі. Қазақ шәкірттерінің негізгі бөлігі Омбы гимназиясы, Троицк гимназиясы мен Орал реалдық училищесінен шыққан. Бұл оқу орындары өз кезегінде Ресей империясы аясындағы прогрессивті білім ошақтары болып саналған. Осы Қазан Ветеринарлық институтынан білім алған алғашқы қазақтардың бірі – Ғұбайдолла Есқалиұлы болған. Сонымен қатар, бұл еңбекте оның Алаш кезеңіндегі қоғамдық қызметі, ел ішіндегі рөлі мен тарихи орны нақты деректер арқылы айқындалады.
Ал «Оқу жайынан» атты жинақ – Ғабдолкәрім Тоқтабаевтың ғылыми, публицистикалық мұрасын алғаш рет жүйелеп, бір арнаға түсірген маңызды еңбек. Кітапқа оның мемлекет қайраткері, ағартушы, публицист, оқу-ағарту және жер шаруашылығының комиссары ретіндегі қызметін айқындайтын еңбектері енгізілген. Ғабдолкәрім Тоқтабаевтың өмір жолы да нақты тарихи деректер арқылы көрсетіледі. 1917 жылы Алаш қозғалысы тұсында Торғай өңіріндегі саяси құрылымдарға қатысып, Алашорданың Торғай кеңесінің мүшесі болғаны, 1924 жылы жер шаруашылығы халық комиссариатының жерге орналастыру басқармасының бастығы қызметін атқарғаны, сол жылы Торғайдағы аштықтан жұтаған елге көмек ретінде Әулиекөл маңынан «Қосағал» артелін ұйымдастырып, босқын халықтың басын біріктіруге атсалысқаны, ал 1927 жылғы 4 сәуірде ҚАКСР Ағарту халық комиссары және ҚазОАК Төралқасының мүшесі болып сайланғаны жайлы тың деректер топтастырылған
Кітаптың айрықша құндылығы – кеңестік идеологияның қысымы салдарынан ұзақ жылдар бойы есімі де, еңбектері де ғылыми айналымнан шет қалған тұлғаның мұрасы алғаш рет толық жүйеленіп, оқырманға ұсынылуында. Осы арқылы Ғабдолкәрім Тоқтабаевтың қазақ қоғамындағы орны, ағарту ісі мен мемлекеттік басқарудағы рөлі жаңаша бағаланады. Жалпы, бұл екі еңбек те ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының тағдыры мен қызметін тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді. Олар Алаш дәуірінің рухани және кәсіби элитасының қалыптасу жолын көрсетіп, ұлттық тарихтағы көмескі тұстарды толықтыруға қызмет етеді. Кітаптар Алаш мұрасын, қазақ зиялыларының қызметін зерттейтін ғалымдарға, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, сондай-ақ ұлттық тарихқа қызығатын жалпы оқырман қауымға арналған маңызды ғылыми-танымдық басылымдар болып табылады.
Аталған серия аясында ғалым, зерттеуші Ақжол Қадылбекұлының құрастыруымен Мәннан Тұрғанбайұлының«Пайғамбарлар заманы»атты еңбегі жарық көрді. Бұл еңбек діни‑тарихи және рухани‑танымдық бағытта жазылған маңызды шығарма болып табылады. Мәннан Тұрғанбайұлы – қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, ағартушы, публицист және қоғам қайраткері. Ол 1886 жылы Семей облысында дүниеге келген. Бастапқы білімін ауыл молдасынан алғаннан кейін Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқып, араб, парсы, түрік және орыс тілдерін меңгерген. Бұл білім оған қазақ қоғамында рухани‑танымдық, мәдени және ғылыми тақырыптарды терең зерттеуге мүмкіндік берді.
Мәннан Тұрғанбайұлының«Пайғамбарлар заманы» атты еңбегі діни‑тарихи және рухани‑танымдық бағытта жазылған маңызды шығарма болып табылады. Осы еңбектің құрастырылуына және жарық көруіне белсенді атсалысқан –Ақжол Қадылбекұлы зерттеуші , тарихи шығармалар мен діни‑танымдық мәтіндерді жүйелеуші, ескі жазу маманы. Бұл еңбек ислам тарихы мен пайғамбарлар дәуірін кеңірек түсіндіруге бағытталған, рухани сабақтар мен моральдық‑адамгершілік мәселелеріне арналған.
«Пайғамбарлар заманы» оқулығы мешіт-медресе бағдарламасында қолдануға мүмкіндік тауып, оқырманға ислам тарихын, пайғамбарлар кезеңінің адамзат қоғамына әсерін жеткізуге арналған маңызды құрал ретінде ұсынуға болады. М.Тұрғанбайұлы 1917 жылғы Қазақ мәжілістеріне қатысып, «Сарыарқа» және «Абай» сияқты басылымдарда публицистикалық мақалалар жариялаған. Ол ұлттық сана, білім мен әлеуметтік мәселелерге қатысты өз ойларын ашық жеткізген зиялы ретінде танылған. Кеңестік билік кезінде қысымға ұшырап, 1937 жылы қайта қамауға алынған, кейін ақталған. Оның қызметі мен шығармашылық мұрасы кейінгі зерттеулер мен тарихи еңбектерде қайта қаралып, қазақ интеллигенциясының қалыптасу дәуірінде маңызды рөл атқарған тұлға ретінде бағаланады.
Сондай-ақ, жас зерттеуші Таңнұр Жеңісқызының құрастыруымен жарық көрген Аққағаз Досжанқызының «Жүкті әйелдерге кеңес» атты еңбегі әйелдердің денсаулығы, жүктілік кезеңіндегі күтім, босану алдындағы дайындық және емшек баланы күту сияқты практикалық кеңестерді қамтиды. Аққағаз Досжанова бұл еңбек арқылы қазақ әйелдеріне медициналық және әлеуметтік бағыттағы маңызды ақпарат ұсынды. Ол қазақ тарихындағы тұңғыш әйел дәрігерлердің бірі. Ол 1893 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданында дүниеге келген. Бала кезінен білімге ынталы болып, Орынбордағы әйелдер гимназиясын тәмамдағаннан кейін Мәскеу және Томск қалаларында медициналық білім алған. Аққағаз Досжанқызы азамат соғысы мен ашаршылық жылдарында панасыз қалған балаларды күтумен айналысып, жұқпалы аурулар мен гигиена мәселелері бойынша мақалалар жазған. Оның кәсіби және қоғамдық қызметі қазіргі күнге дейін қазақ қоғамында әйелдердің ғылым мен денсаулық сақтау саласындағы үлгісі ретінде бағаланып, Ақтөбе қаласында атына көше беріліп, ескерткіш қойылған. Бұрын Аққағаз Досжанқызы жайлы еңбек жарық көрмеген-ді. Сондықтан бұл еңбек тұлғатануға қосылған өлшеусіз дүние.