Ұлы дала туралы жазған еуропалық зерттеушілердің еңбектеріне үңілсеңіз, бір қызық заңдылық көзге түседі. Олар қазақты алдымен оның өрнегі арқылы таныған. Потанин киіз үй ішіндегі әрбір бұйымның, тіпті ағаш пен киіздің өзі өрнексіз қалмайтынын таңданыспен жазса, Мейендорф қазақ атауының өзінде еркіндік пен жауынгерлік рух жатқанын аңғарған. Ал Радлов болса, Алтайдан Оралға дейін созылған ұлан-ғайыр кеңістікте өзін «қазақ» деп атайтын біртұтас халықтың өмір сүретінін айтып, сол халықтың тілі мен болмысы сияқты өрнегі де ортақ жүйеге бағынатынын байқаған. Осы байламдардың бәрі қазақтың ою-өрнегі жай әшекей емес, ол тұтас өркениеттің көркем коды екенін көрсетсе керек.
Ою-өрнек ұғымының өзіне тоқталсақ, ол «ою» мен «өрнек» сөздерінің біріккен атауы. Ою – заттың бетіне түсірілген нақыш, ал өрнек – сол нақыштың көркем жүйесі, бейнелі пішіні. Халық тілінде бұл екеуі көбіне мағыналас қолданылғанымен, олардың айырмасы да бар: ою – әрекет пен тәсілге жақын болса, өрнек – нәтижесі мен көркемдік сипатын білдіреді. Бірақ екеуі біріккенде, қазақ дүниетанымының ең күрделі әрі ең нәзік тілін құрайды.
Қазақ тұрмысында ою-өрнек тек көз қуантатын әшекей қызметін атқармайды. Ол – тұрмыстың барлық саласына сіңген, көпқабатты мәні бар құбылыс. Киіз үйдің жабдықтары, ер-тұрман, киім-кешек, зергерлік бұйымдар – бәрі өрнек арқылы көркемделеді. Сәулет өнерінде де солай: мазар, кесене, құлпытас – барлығы да өрнекпен сөйлейді. Бірақ ең маңыздысы – ою-өрнек адамның ойын, көңіл күйін, тіпті хабарын жеткізетін құралға айналған. Ұзатылған қыздың жасауындағы өрнек арқылы ата-анасына сәлем жолдауы, жігіттің білезік өрнегіне қарап қыздың жағдайын аңғаруы – бұл жай ғана әдемілік емес, бұл – кодталған тіл.
Ою-өрнек арқылы халықтың дүниетанымы да көрініс табады. Су, тау, от, аспан секілді табиғат ұғымдары геометриялық немесе космогониялық өрнектер арқылы бейнеленеді. Зооморфтық өрнектерде жануарлар дүниесі, көгеріс өрнектерде өсімдік әлемі көрініс береді. Мұның бәрі табиғатпен етене өмір сүрген көшпелі қоғамның философиялық ойлау жүйесін танытады.
Сонымен қатар өрнек – сенім мен ырымның да тасымалдаушысы. Тұмар, найзекі тәрізді өрнектер тіл-көзден сақтайды деп есептелген. Қошқармүйіз, ботагөз, жетігүл секілді өрнектер киелі ұғымдармен байланыстырылған. Әрбір өрнектің артында белгілі бір мағына, белгілі бір ниет жатыр. Сол себепті қазақ оюы ешқашан кездейсоқ салынбайды.
Ою-өрнектің мазмұны тек символдық деңгейде ғана емес, шаруашылық пен тұрмысқа да қатысты. Мәселен, түйетабан, аттабан, текемүйіз сияқты өрнектер мал шаруашылығымен байланысты болса, бидайық, арпабас – егіншілікпен сабақтас. Ал бұхар теру, кежім теру сияқты атаулар сауда-саттық пен мәдени байланыстардың ізін көрсетеді. Демек, өрнек – халықтың экономикалық, әлеуметтік тарихының да айнасы.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, ою-өрнек бірнеше қырынан қарастырылады. Оның семантикалық қабаты – символика мен мағына; түстік жүйесі – бояудың эмоциялық және идеялық әсері; композициялық құрылымы – өрнектің орналасу тәртібі мен ырғақ заңдылығы; технологиялық жағы – оны жасау тәсілдері. Киіз басуда оюды ойыстыру, сыру, бастыру қолданылса, кілем тоқуда теру, шалу, тегістеу әдістері пайдаланылады. Ал зергерлік пен ағаш өңдеуде бедерлеу, оймыштау, сүйектеу секілді тәсілдер қалыптасқан.
Ою-өрнектерді жіктеу мәселесінде де түрлі ғылыми мектептер бар. Әлкей Марғұлан оларды космогониялық, зооморфтық, өсімдік және геометриялық деп төрт топқа бөлсе, Өзбекәлі Жәнібеков өз жіктемесін ұсынған. Басқа зерттеушілер атауына, мағынасына, орналасу орнына қарай саралайды. Бірақ бәрінің тоғысатын жері – өрнектің түп-тамыры табиғат пен тіршілікке барып тірелетіні.
Қазақ оюының ішінде ең кең таралғаны – мүйіз тектес өрнектер. Қошқармүйізден бастап қырықмүйізге дейінгі сан алуан нұсқалар ғасырлар бойы қалыптасқан. Бұл өрнек тек мал шаруашылығының белгісі емес, ол – молшылықтың, берекенің, өмірдің жалғастығының нышаны. Оның кең таралуы да көшпелі өмір салтымен тікелей байланысты.
Ою-өрнек атауларының өзі де қызық жүйеге құрылған. Кейбірі нақты затқа ұқсастығына қарай аталады: құсқанат, жұлдыз, кереге. Ал кейбір атаулар тәсілге, орналасуына немесе ру-тайпа таңбасына байланысты қалыптасқан. Мысалы, шет ою, орта ою, алақан ою дегендер бұйым бетінде орналасу орнына қатысты айтылады. Ал тарақ, жебе, қос әліп сияқты өрнектер ру таңбаларымен сабақтас.
Өрнектің композициясы да қатаң заңдылыққа бағынады. Бұйым беті орта, бас, шет бөліктерге бөлініп, әрқайсысына сәйкес өрнек салынады. Орта ою – негізгі композициялық өзек болса, шет ою – жиек қызметін атқарады. Ал олардың арасындағы байланыс «желi» арқылы жүзеге асады. Осы желі арқылы ырғақ пайда болады. Ырғақ – оюдың жаны. Ол болмаса, өрнек тірі болмайды.
Сол себепті ою-өрнек – жай сәндік элемент емес. Ол – жүйе. Ол – тіл. Ол – халықтың өзін-өзі тану тәсілі. Потанин байқағандай, қазақ үшін өрнек – тұрмыстың бөлінбес бөлігі. Радлов көрсеткендей, ол – тұтас халықты біріктіретін ортақ мәдени код. Ал Мейендорф аңғарғандай, оның түбінде еркіндік пен рух жатыр.
Бүгінгі күні ою-өрнек тек дәстүрдің белгісі ретінде ғана емес, заманауи дизайнда да жаңа тыныс алып отыр. Бірақ оның шынайы мәнін түсіну үшін оны тек көзбен емес, санамен оқу қажет. Өйткені әрбір өрнек – өткеннің ізі, бүгіннің бейнесі және болашаққа жолданған үн.
Пайдаланған әдебиеттер:
Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі, энциклопедия 4-том – Алматы. 2017.
Этнографический атлас казахского орнамента, Ералы Оспанұлы. – Шымкент. 2021.