Ақмоладан шыққан Алаш қайраткерлері

Бөлісу

31.03.2026 150

Бүгін біз жаңа мыңжылдыққа аттап отырмыз, бірақ біздің бүгінгіміз бен болашақтың түп-тамырлары өткен ХХ ғасыр еншісінде қалап отыр. Кеңес дәуіріндегі ел тарихы оның ақтандақ беттері бүгінгі халықтың ой елегінен өткізілуде. Алаш тарихына Тәуелсіздік жылдары   батыл да бастамашыл білік пен парасат, білім мен жауапкершілікпен қараған ұрпақтың тарихы ретінде қарастыру бастау алды. Нақтырақ айтсақ, Алашорда үкіметінің және Алаш автономиясының құрылуы ол ХХ ғасырдағы қазақтың саяси тарихындағы ерекше құбылыс болатын. 


Алаш қозғалысы қазақ мекен қылған жерлердің барлық  түкпірін, барша әлеуметтік орталарды қамтыды деген тұжырым жасауға болады. Алаш саяси қозғалысы тіпті бауырлас қырғыз және қарақалпақ халықтарының саяси оянуына зор әсері болған шын мәніндегі бүкілхалықтық қозғалыс болатын. Сол себепті де оны ұлтымыздың сан ғасырлық тарихындағы ең ірі, ең пәрменді ұлт-азаттық қозғалыс деп толық сеніммен айта аламыз. Қозғалыстың өзіне дейінгі ұлт-азаттық күрестерден түбірлі айырмашылықтарының бірі – қоғамның алдыңғы қатарлы оқыған санаткер азаматтар дайындаған қозғалыс болуында. Яғни, XX ғасырдың басында ұлт тағдыры үшін интеллектуалды топтың тарих сахнасына шығуы, оның бір жағынан, отаршылдық саясатқа қарсы күресуі, екінші жағынан, қазақ қоғамын жаңартуға бел шеше кірісуі – ұлттың есейгенін, өзінің құқығы мен теңдігі үшін зор мақсат қоя алатынын және оны шешуге әлеуеті жететінін толық аңғартты. Себебі, Алаш қозғалысы қашанда қазақпен бірге өмір сүретін ұлттық намыс пен рухтың тарих сабағы іспетті.

Қазақтың ұлттық тұтастық, ұлттық мемлекеттік идеясы болған Алаш қозғалысының, саяси теңдік пен рухани кемелділік жолында өлшеусіз қызмет атқарған Алаш-Орда үкіметінің тарихи тағылымы мемлекетшілдік санамызды еселей түсері сөзсіз. Отандық тарихнамада Алаш қозғалысы тарихы әртүрлі аспектіде қарастырылып келеді. Соның ішінде алаш қозғалысын регионалдық аспектіде қарастыру алаш қозғалысы тарихындағы жаңа есімдерді жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Ақмолалық Алаш қайраткерлерінің еңбегі бірлі–жарым ғана зерттелді десек болады, оның ішінде профессор Қ. Абуевтің Науан Хазіретке арналған көлемді еңбегін, әркезде республикалық деңгейде жарық көрген Шәймерден Қосшығұлов, Айдархан Тұрлыбаев, Мәмбетәлі Сердалин, Сұлтан-Газы Уәлиханов туралы жекелеген мақалаларын атауға болады.1917  жылы 5-13 желтоқсан аралығында  Орынбор қаласында өткен екінші жалпы қазақ съезі Алаш автономиясы аталатын мемлекеттік құрылым үшін күресетіндігін мәлімдеп үкіметін сайлады [1,228]. Осы съездің дайындық жұмысына ақмолалық алаш қайраткерлер белсене қатынасты. АлашОрда үкіметінің төрағалығына үміткер үшеудің біреуі юстиция генералы шеніндегі заңгер Айдархан Тұрлыбаев болғанын атйсақ та жеткілікті.

Тарих саханасында Алаш Орда – Халық кеңесі –үкіметін алып келген жалпы ұлттық қозғалыстың басында ұлт зиялылары тұрды. XX ғасырдың өн бойында Ақмола қаласында Алаш қайраткерлері талай өткелектерді бастан кешірді. Қазак елінің және отаршыл метрополияның коғамдық-саяси жағдайы алаштың Есіл өзені бойына салынған бұл шаһарын айналып өтпеді.

ХХ ғасырдың басында қазақ халқы саяси аренаға, азаттық пен тәуелсіздіктің жолына, ағартушылыққа шақырған ірі қоғам қайраткерлерін шығарды. Солардың бірі  ұлы тұлғалар М.Дулатов пен М.Жұмабаевтың досы Ақмола өңірінің қайраткері, бүкіл ғұмыры мен қызметі ізгілікке толы – Жұмағали Тілеулин. Жұмағали Тілеулиннің қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған, аңсаған тәуелсіздік туын көтерген алаш арыстарының қатарында болуының өзін тарихи құбылыс деп бағамдаумен бірге оның ағартушылық қызметі саласындағы ұланғайыр еңбегін бүгін бағдарлап, бағалау қажет. 

Осыдан ғасырдан астам бұрын халқымыздың ерлеген әлемге танытып, ғасырлар бойы армандаған азаттығының жүзеге асуына бар жан тәнімен  қызмет қылып, елдің елдігін аспандатып , азат ел болуға барын салған зиялы қауым ұстазы, көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт жанды азаматтар Алаш мемлекетінің  негізі – Алашорданы құрған-ды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан осы жолға түскендерді «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар», - деп, болашақтан үміт үзбеуге шақырды. Ақыры оның осы көреген сөзі ұлылардың жарқын арманымен рухтанған желтоқсандағы (1986ж) жастар дүмпуінің жаңғырығындай қазақ елінің азат ел атанғанына отыз бес жылдан асып барады. Халқымыздың өкен ғасырдағы жеткен қилы тағдырында көкейіндегі ізгі арманына ту болған алаш идеиясы жайдан жай туа қойған жоқ. Ол халықтың асыл арманы болатын. Алаш – бүтін бір халықтың ақыл ойын бір арнаға қосқан жарқын ұраны. Алаш - Қазақ елінің  тәуелсіздікке бастаған батыл да бастамшыл бірлік пен парасат, білім мен тектілік бітімін жарқырата танытқан айнасы.

«Алаш» ұғымы қазақ халқының байырғы ұғымы. Көнеден келе жатқан «Алты Алаш жұрты» деген ұғым жалпы түркіліктердің басын қосар идеалдан туған ұғым. Ал «Алаш» сөзінің өзі тұтастықтың , бірліктің айбарлықтың белгісін танытады. Қазақ ішінде «алаш, алаш болып, Алаша хан болғанда», «алты сан алаш», «алаш мыңы» сықылды тұрақты тіркестер ежелден айтылады. Сондай-ақ, «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» деген нақыл ұстаным бар. Бұдан шығар қорытынды, алаш -  қазақ ұлтының өте бір аяулы сөзі. Біздің ұғымымызда «ал-дан басталатын асыл ұғымдар бар. Мысалы: Алтай, алау, алқызыл, албырт,аламан, алаң, алқап т.б сөздердің арғы түбі «алаш» сөзінің түбірі болып табылатын «ал-от» қызыл, арай дегенді білдіретін ежелгі түркі сөзі,от ұғымының баламасы, ал осы ұғымына (қуат, күш, жігер, шапшаңдық, қызбалық,қызуқандылық, тегеуірін, зор деген мағынада) барып тіркеледі. Отандық зерттеушілер ішінде Шоқан Уалихановтан бастап, Алаш ұғымын зерделегенін байқаймыз.Ол қазақ пен алаш ұғымдарын қатар қоя отырып, (« начало народа казахов или алач ...») былай деп жазады. «У киргиз разные роды имеют свою тамгу и уран. Уран и всех кргиз есть алач».  Бұдан алаштың елдік, мемлекеттік рәмізге айналған ұғым екені көрінеді. ХХ ғасыр басында Ә. Бөкейханов бастаған ұлт қайраткерлер Алаш атын парияға да, үкіметке ( ұлт кеңесі ) де бергенде осы ұстанымды  басшылыққа алғаны анық. Азаматтық тарихымыз үшін аса маңызды Алаш қозғалысы кезеңінде  Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясының темірқазығы болды. Зиялылырдың Алаш атауын таңдауы да жайдан – жай емес еді. Кереге- мемлекет құрылысы , Алаш – идеологиясы. Алаш – жаңа түрдегі елдігіміздің , байырғы айбарымыздың рәмізі. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан төңірегіне топтасқан Алаш марқасқаларының арасынан бүгінде істері де, қалдырған асыл мұралары да мәшҺұр болған  Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел мен ЖаҺанша Досмұхамедовтерді, Бақытжан Қаратаев, Мұқтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов пен Жақып Ақбаев,  Әлихан Ермеков және басқа  да жүздеген қайраткердің болуы - бұл идеяның бүкіл еркіндігінің белгісіндей еді. Осылардың қатарында Көкшелік азаматтарда көптеп саналатын.  Атап айтсақ: Алаш Орданың Көкшетау уездік комитетінің төрағасы Мұхамедсәлім Әбдірахманұлы Кәшімов (1884-1935), Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, еліміздің мұсылмандық рухының қозғаушысы Шаймерден Қосшығұлұлы (1874-1932), Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері заңгер Айдархан Тұрлыбаев (1877- 1937), Алаш қозғалысының бастауында тұрған «Бірлік» ұйымының басшысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері , қазақ елін қырғынға ұшыратқан қандықол  Голощекинмен аяусыз күрескен қаҺарман Смағұл Сәдуақасұлы (1900-1933), қоғам қайраткері Абдолла Байтасұлы (1900-1929). Алаш қозғалысының тарихи маңызын тұжырымдай келе, «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті 1991 жылғы құрылған Қазақстан республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы» деген пікірді айшықтай түсеміз [2].  Бұл ұлы тарихи оқиға жөнінде айтылған  үлкен сөз, тарихи баға.

1905 жылдан бастап  саяси күрес нәтижесінде жасалынған, 1917 жылы «Алаш» партиясының құрылуы арқылы нақты мемлекеттік идеяның  негізін қалаған Біртұтас алаш идеясында  әрбір алаш қайраткерлерінің демі мен аңсары бар.  Ақпан төңкерісі қазақ даласындағы ұлт-азаттық күрес бағытындағы саяси ой-сананы дүр сілкіндірді. Әр қиырда бірінен соң бірі қазақ съездері өте бастады. Бәрінің мақсаты – бұрынғы патшалық билеу жүйесі күйрегеннен кейінгі жерде қазақ халқының жағдайы қандай болмағын талқылау, бүкіл ұлттың басын қосатын ортақ бағдарлама қалыптастыру еді.

Кеңес дәуіріндегі тарихи әдебиеттерде бұл съездердің бәрі большевик саясатына қарсы, ұлтшылдар мен «халық жауларының» жиындары деп бағаланып келді. Шынында, бұл съездерде большевик, социализм... деген сөздер жоқ, тек қана ұлт бірлігі, оның амандығы мен келешегі туралы адал ниеттен шыққан пікірлер айтылды. Өзге ұлттарға, басқа мемлекеттік, саяси құрылымдарға қарсы бағытталған әңгіме болған жоқ. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін осы бір «облыстық съездер» деп аталған саяси-ұйымдастыру шараларының бағасы толық берілмей келеді. Ақиқаттан аттамай пайымдайтын болсақ, қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы саналы, саяси қадамдары, көтерілген баспалдақтары осы съездер еді. Бүгінгі ұрпақ мұны жан-жақты білуге тиіс.

1917 жылғы сәуірдің 25-нен мамырдың 7-не дейін Омбы қаласында Ақмола облыстық қазақ съезі өтті. Съезді дайындаған – белгілі  Алаш қайраткері Ережеп Итбаев бастаған ұйымдық комитет. Оған Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Омбы және Петропавл уездерінен 250 делегат қатысты. Съезд төрағалығына заңгер Айдархан Тұрлыбаев, орынбасарлары болып Ережеп Итбаев пен Міржақып Дулатұлы, хатшылығына Мұхтар Саматов, Асылбек Сейітов және Тоқбаев сайланды. Бұл съезге Мағжан Жұмабаев қатысып, ол 7-8-мамырда Мәскеудегі бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайлануына байланысты, Омбыдан жедел жүріп кетті.

Съезде соның алдында ғана өткен Орынбор және Орал қазақ съездерінің қараған мәселелері мен қабылдаған құжаттары талқыланды. Атап айтқанда: Қазақстанның барлық аймақтарында билікті қолына алатын қазақ комитеттерін құру, жалпықазақтық және жалпымұсылмандық съездер өткізу, Ресей Құрылтай жиналысына депутаттар сайлау мәселелері сөз болды. Қорытынды мәжілісте он адамнан Омбы облыстық қазақ комитеті құрылды. Оның төрағалығына Айдархан Тұрлыбаев сайланды. Осылайша, тұңғыш рет ұлан-байтақ қазақ даласының түпкір-түпкірінде халықтың мұңы мен мұқтажын қорғайтын ұлттық белгідегі мемлекеттік билік органдарынышаны бар саяси құрлымдар дүниеге келді. Бұл – 1917 жылғы сәуірдің 25 күні еді [3].

Кейін іргесін қалаған Кеңес үкіметінің астырытын әрекеті бәріне белгілі еді.  М.Дулатұлы пен М.Жұмабаевтың досы , Көкше өңірінің қайраткері, бүкіл ғұмыры мен қызметі ізгілікке толы – Жұмағали Тілеулин. Жұмағали Тілеулин ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ елінің болашағы үшін Алаштың азаттығы үшін күреске түскен. Алаш қозғалысын бүгінде ұлт азаттық қозғалыс, саяси күрестің осы заманғы европалық деңгейлі жолын салушылар деп тану, осы жолда тұңғыш рет қазақтың жаңа заман дәурінде Ұлт кеңесін құрып парламентаризм дәстүрін, демократиялық талқылау мен пікірталас, сайлау нұсқасын көрсеткен мемлекеттілік ретінде, конструктивті типтегі партия ретінде әлі де болса зерттеушілердің назарында болары сөзсіз. Бүгінгі күнде Қазақстанның Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отырған шақта Алаштың Тәуелсіздік турасындағы идеяларының қаншалықты жүзеге асқаны, қасыбірінің парқына әлі күнге дейін жете алмай жүрміз солардың бәрін бір екшеп ой елегінен өткізу, саяси – тәжірибелік мұрасын ел игілігіне айналдыру бүгінде «Алаш» феноменін зерттеушілердің парызы деп білеміз.

Зерттеуші Мәмбет Қойгелдиевтің айтқанындай, бүгінгі жұртшылық  Алаш қозғалысына қатынасқан қайраткерлердің алдыңғы шоғырын ғана біледі ал бұл қозғалыс жалпы ұлттық сипат алғандықтан оның жергілікті жердегі жүздеген қайраткерлері әлі де жұртшылыққа таныс емес деген-ді [4]. 

Жұмағали Тілеулин сондай алаш қайраткерлерінің бірі де бірегейі болып табылады. Алашорданың қайраткері Жұмағали Тілеулин туралы алғашқы  қалам тартқан зерттеушілердің қатарына жиені, ақын Бақытжан Қанапиянов, тарих ғылымдарының докторы профессор Мәмбет Қойгелді, көрнекті көсемсөзші, көкшетаулық Сарбас Ақтаев, алаштанушы, профессор Зарқын Тайшыбай , жергілікті өлкетанушы, еңбек ардагері Қайролла Мұханов  сияқты зерттеушілер өз еңбектерінде Жұмағали Тлеулинді әр қырынан көрсеткен. Ж. Тілеулиннің саналы қайраткерлік өмірінің дені Қызылжар қаласымен байланысты болды. Оның қызметі мен өміріне  қатысты деректер Солтүстік Қазақстан облысы мұрағатында сақталып келді. 2015 жылы мұрағат қызметкерлері С. Мәлікова, А, Мырзағали, Т. Долганова, К.Багунаковалар «Жұмағали Тілеулин» атты кітапты құрастырып жарыққа шығарған [5]. 

Елінің жоғын жоқтағандар, ақырып теңдік сұрағанда әруақытта да тарихта текті ортадан шығып, тәрбие көргендер ішінен шығып отырғаны белгілі, Жұмағали Тілеулиннің арғы аталары Ертістен қоныс аударып, Атығай арасына сіңген Айтбай батыр мен Қаздауысты Қазыбек бидің қызынан туған алты ұлдың бірінен тараған төртінші ұрпағы. Нақтылай кетсек, Орта жүз – Арғын – Басентин – Айдабол – Қанкелді – Айтбай – Құдайсүгір – Батай – Тілеулі – Жұмағали . Ерке  Есілдің оның салаларының бірі Борлық өзенін қоныс қылған басентиндердің  бұрынғы Көкшетау оязы, Айыртау болысының Жаманшұбар ауылында Тілеулі сияқты маңайына сыйлы дәулетті адамның отбасында  1890 жылы дүниеге келген. Тілеуліден Шаймерден, Есім, Мұқаш,Сәпи және Жұмағали сынды бес ұл туады. Көзі ашық көкірегі ояу Шаймерден зерек те зейінді, алғыр да ақылды інісі Жұмағалидың ауыл молдасынан алған білімінен шектеліп қалмай, одан әрі оқып, білімді де білікті азамат болуына көп күш салады. Бұған оның бала күнініен бірге өскен досы, осы өңірден шыққан оқыған дәрігер Кұсайын Темірбековтың  көп пайдасы тиеді.  Қ. Темірбеков өз заманының аса зерделі, асқан зиялыазаматы болған. XIX ғасырдың аяқ шенінде Омбы әскери – медицина учелищесіне үздік тәмамдап, әскери дәрігер атағын алып шығып, Қызылжар қаласында қызмет істеген. Елге жиі келіп талапты жастарды оқу – білімге тартқан. Жас Жұмағалидің білімге деген құштарлығын танып, оны орысша оқытып, өзі оқыған Омбы медицина училищесінет тартады. Ол кезде Көкшетау уезі Ақмола облысы құрамыны кіргені мәлім.

1913 жылы сол кездегі губерния орталығы  Омбыдағы әскери – медициналық училищесін ойдағыдай аяқтап, 1913-1917 жж. Петропавл уезінде аурухана фелдшері болып қызмет жасайды. Ұстазы Құсайынның қызы Райханға үйленеді. Райхан өз ортасына сай  білімді ақылына-көркі сай жары бола білді. Төңкерістің алдында патша үкіметі тәркілемек болған М. Дулатұлының «Оян қазақ!» кітабының мың данысын жарымен бірге сақтап қалған. Ұлт-азаттық жолындаңы күресі мен ағартушы ұстаздық қызметінде Жұмағалиды қолдап жігерлендіріп отырған. ХХ ғасырдың басында Сталин реформалаынан соң қазақ қауымы күрт оянып өздерінің дами, саяси құқықтарын табанды қорғау жолындағы күреске кірісті. 

 Жұмағали Тілеулиннің осы жолдағы күресі оның өмірбаянын зерттеушіледің пікірінше ағартушылық  қызметтен бастау алған. Ол кезде кең тараған «Айқап» Журналы мен «Қазақ» газетінде жиі мақалалар жазып, үнемі жариялынып тұрды.Ол көптеген қазақ зиялылары сияқты өзінің тырнақалды шығармасы «Жас туғандарыма» атты өлеңі Айқаптың алғашқы сандарының бірінде жарияланды. Сонда өз замандастарына енжарлықтан, бойкүйездіктен арылып қоғамның қоғамның белсенді азаматтары болуға дүйленді. 1911 жылы  Айқап журналының №8 санында «Мұқсылмандар тіршілігіне тиісті мәселелер» деген мақаласында орыс мектептері мен татар медреселерінде оқитын қазақ жастарының көбейіп келе жатқанына қуаныш білдіріп, енді оларды ана тілінде оқыту мәселесін алға тартады. «Ат үстіндегі түс», , «Мейірімді төре» жер мәселесін сөз етеді. 1914 жылғы «Айқап» журналының алғашқы санының бес мақаласы ретінде берілген «Баспасөз» атты шығармасында баспасөздің  қоғамының болашағын болжаудағы, білімділік идеяларын насихаттаудағы рөлін көрсетуге баса назар аударады.

Жұмағали Тілеулин 1914 жылдан бері түрколог В.В. Гордолевскиймен шығармашылық, достық қарым – қатынаста болып «Шығыс жинағын » шығаруға ат салысқан. Жинақ Мәскеудегі Лазаревскийдің Шығыс тілдері институтының материалдары негізінде шығыстанушы А.Н. Веселовскийдің құрметіне шығарылған оған Абай Құнанбаев пен Міржақып Дулатов  енген болатын. Сөйтіп Абай Құнанбаев пен Міржақып Дулатовтың есімдері тұңғыш рет ғылыми айналымға енді. 

Жұмағали өз жұртын озық ойлы елдер қатарынан көруді көкседі, ұлт болашағы үшін, елінің азат ертеңін ойлап, қашан да халқының қамын жеген Едігедей азаматтығы оны қазақ ұлт – азаттық қозғалысының туын көтерген «Алаш» партиясына алып келді.Кейін ол оның белсенді мүшесі болып қана қоймай, серкелерінің біріне айналды. Оның партиясының негізін қалаушы Әлихан Бөкейхан бастаған тізімде он бірінші болып тіркелу де куә болса керек. Омбыда Алаш партиясының облыстық комитеті ашылғанда оған мүше болып сайланды. Омбыда Алаш партиясының облыстық комитеті құрылып оған мүшелікке: Асылбек Сейітов, Мағжан Жұмабаев, Мұқтар Саматов, Айдархан Тұрлыбаев, Бекмұхаммет Серкебаев, Ерқосай Мұқышов, Ережеп Итбаев, Дінмухаммет Әділов, Қошмұхаммет Кемеңгеров, Мұсулманбек Сейтов, Жұмағали Тлеулин, Оспан Ахметов, Құсайын Қожамберлин, Қожахмет Какенов сияқты азаматтар сайланған.

Облыстық Алаш Орда комитеті әрбір уезге өз өкілдерін жіберіп құрылтай жиналысқа дайындық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жіберілді, олар уездік  алаш комитеттерін құрды. Алаш автономиялық үкіметінің мүшесі, Бүкілресейлік мұғалімдер кұрылтайының делегаты.Жұмағали Тлеулин партия комитеттерін құруға белсене ат салысты. Кеңестік қызыл империя билікке келісімен өздері шығарған амнистияға қарамастан Жұмағали Тлеулинді 1918 жылдың өзінде тұтқынға алды, бостандыққа шығысымен қайтадан ағартушылық – қоғамдық қызметке белсене араласып, Қызылжар педтехникумның ашылуын өз үлесін қосты. Сол жылдары Жұмағали Тлеулин Мағжан  Жұмабаев, Сейіт- Баттал Мұстафин сияқты зиялыларымен қызметтес болды. 1921 жылдың басында мемлекеттік баспаның жанынан Ахмет Байтұрсынұлы бастамасымен Республика Халық комиссариаты құрған қазақ тілінде оқулықтар шығару жөніндегі редколлегия мүшесі құрамында: Мағжан Жұмабаев, Мақаш Тұрғанбаев, Қошмұхамет Кемеңгеров, Жұмағали Тлеулин» есімдері аталады. Міржақып Дулатұлының қызы Гулнар Дулатова өз естеліктерінде үйлерінде  кезінде Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жұмағали Тлеулиннің бірге түскен фотосуреттері болғанын жазады. Мағжан ақын өзінің жан аяспас досы Жұмағалиге  арнап арнау өлеңде:

           Ардақты ер!

          Ұмытылмас  қылған ісің,

          Күні ертең айбынды алаш жинап есін,

          Көксеген көп заманнан тілегіңді 

          Жарыққа шығаруға жұмсар күшін, -деп жазған[6]. 

Петропавлавск қаласының земстволық басқармасында 1919-1921 жылдар аралығында Көкшетау уезінің денсаулық сақтау бөлімінде қызмет жасады. 1922-1927 жылдары Петропавл қаласында қазақ мектептерінде 3 жылдық  мұғалімдер дайындайтын курсты басқарды. 1924 жылы Орынбор қаласында  «Гигиена», 1926 жылы «жұқпалы аурулар» Мәскеу қаласы, 1926 жылы  Орынбор қаласында «Денсаулық» кітап – еңбектері жарық көрді. Сондай ақ басқа да көптеген мақалалары баспасөзде жарық көрді.

Ж.Тілеулин қазақстанның денсаулық сақтау ісіне зор еңбек еткен қайраткер ретінде өзін өңір тарихында қалдырды, ол 1927-1930 жж Петропавл округы, Ақмола губерниясында денсаулық сақтау бөлімінің басқарушысы қызметін атқарды. Алайда алаш қайраткерлерін кезекті жазалау басталғанда екінші мәрте 5 шілде 1930 жылы тұтқынға алынды.1918-1920 жылдары ұлтшылдық үгіт жүргізгені және шетелмен байланысты деп айыпталып, Воронеж қаласына жер аударылады. Ресейдің Орталық қара топырақты ауданында онда Белозер аудандық ауырханасында дәрігер болды. 1932 жылы амнистиядан бұрынғы Фрунзе қазіргі Бішкек қаласында ауруханада дәрігер болды. Жұмағали тұтқындалысымен туысқандары қудалана бастады. Ағасы Шаймерденнің мал–мүлкі тәркілеуге ұшырап, өзі жауапқа тартылды. Шиттей бала – шағаның ауырпалығы мойынына түскен жұбайы Райхан балаларды алып Өзбекстан астанасы Ташкентке қоныс аударды. 1935 жылы айдау мерзімі аяқталғанына қарамастан Жұмағали елге қайта алмады. Ташкенттен отбасын Бішкекке алдырды.Онда өзінің бұрынғы досы Әбікей Сәтбаевпен қайта қауышты. 1938 жылы қайтадан тұтқынға алынып ату жазасына үкім шығарылған. Тлеулиннің үш ұлы болды. Ерік еңбек армиясында қаза болған, екінші ұлы Әзиз Бішкекте құрылыс техникумын бітірген. Соғыста қаза болған, 1926 жылы туған Серік Алматыда тұрады медицина ғылымдарының докторы бас ғылыми қызметкер, ұзақ жыл Атырауда көкірек аурулары диспансерінде еңбек еткен. Ардақты алаш қайраткерінің жұбайы Райхан Құсайынқызы ұзақ жылдар жеке мұрағатын сақтап келген көрінеді. Онда алаш қайраткерлері  Міржақып Дулатұлының, Мағжан Жумабаевтың, Әбікей Сатпаевтың, Жұмағали Тлеулиннің, Сейтбаттал Мұстафиннің  өмір деректеріне байланысты құнды материалдар әлі күнге дейін қозғаусыз күйінде  жатыр десек те болады. Жазушы Ғалым Ахмедов пен Гүлнар Дулатова осы ардақты есімдерді тарихымызға қайтаруға көп күш – жігерін жұмсады. Осыдан бір ғасыр бұрын қазақ қауымының осы заманғы мемлекет құрудың, өркениетке ұмтылған жұрт болудың мүмкіндігі пайда болды. Бұл шынында да қазақ ұлтының зор рухани серпілісін туғызды. Осы бір тарихи серпіліске белсене араласқандардың ішінде Жұмағали да болды, ол қазақ ұлтының рухани – мәдени өрлеуіне бар күш - жігерін жұмсаған қайраткердің бірі болып Алаш тарихында қалды. 

Төлепбергенов Ғалымтай МӘЛІКҰЛЫ.,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы,

гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің

4 курс студенті Аяулым ӘШІРХАН

 Қолданылған әдебиеттер:

Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы.-Алматы, 1995.-228 б.Назарбаев Н. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» /2017 жыл, 12 сәуір/Әбуев Қ. Қ. Ақмола облысының тарих  және мәдениет қайраткерлері. – Көкшетау : 2018. – 336 б.Қойгелді М. Алаш идеясы // Жас алаш.-2007.-№44.- 4 б.Мәлікова С. Жұмағали Тлеулин  Петропавл: 2015. — 284 б.Жұмабаев Мағжан Шығармалары (әдеби басылым). 1-том: Өлеңдер, дастандар / Құраст. Сәндібек Жұбаниязов. – Алматы:   Жазушы, 2013 – 376 бет.

Бөлісу