Ұмыт болған хандар: Хақназардың көлеңкесінде қалған Шығай хан

Бөлісу

03.04.2026 323

Шығай - қазақ хандығының 9-шы ханы. Ол шамамен 1580-1582 жылдар аралығында билік құрды.


Шығай хан  - Қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек ханның немересі. Жәнібектің кенже ұлы Жәдік сұлтанның ұлы. Анасы - Абайқан бегім.

Шығай қазақ хандары арасында билігі ұзаққа бармаған хандардың бірі. Бірақ ұрпақтары жағынан ең ықпалды тұлғалардың бірі ретінде тарихта қалды. Оның өміріне қатысты мәліметтер тарихта аз сақталған. Шығай хан қазақ хандығының сыртқы саясатындағы Хақназар хан ұстаған бағытты жалғастырды. Ол Шайбани мұрагерлерінің арасындағы қақтығыстарды қазақ мемлекетін нығайту мақсатында ұтымды пайдаланды.

Ол 1580 жылы Хақназар хан (1538–1580) қаза болғаннан кейін таққа отырды. Бұл кезде Шығай 80 жаста болғанымен, қазақ сұлтандары мен халқы арасында үлкен беделге ие еді. Кейбір зерттеушілер оны «тосыннан хан болған» деп атайды, өйткені билікке келуіне жеке беделі, ұлдарының (әсіресе Тәуекел сұлтанның) күші және Жәнібек әулетінің ең үлкені болғаны себеп болды. Іс жүзінде биліктің бір бөлігі ұлы Тәуекел сұлтанның қолында болды.

Шығай қазақ қоғамындағы ең танымал тұлғалардың бірі болды. Оның есімі ортағасырлық мұсылман авторларының деректерінде де, орыс тіліндегі ресми құжаттарда да Хақназар ханмен бірге жиі аталады.XVI ғасырдың 50-жылдары Ноғай Ордасы саяси және экономикалық дағдарыстар салдарынан екіге бөлінді. Ноғай мырзаларының бір бөлігі қазақтарға паналауға мәжбүр болды. Осы кезеңде Хақназар хан, Шығай сұлтан және басқа да сұлтандар басқарған қазақ күштері Еділ-Жайық өңіріне дейінгі жерлерді қайтару үшін күресті бастады. Дәл осы тұста Шығайдың есімі орыс деректерінде алғаш рет кездесе бастайды. 1569 жылы ноғайларға барып қайтқан орыс елшісі Семен Мальцев былай деп жазған: «...и Казатцкие орды Акназара царя и Шигая царевича и Челыма царевича, а с ними 20 царевичев, приход их был на Нагай, и был бой...» 

Шығайдың жеке өміріне қатысты мәліметтер өте аз. Ол «көзсіз батыр» ретінде халық жадында қалды, бірақ жазба деректерде негізінен саяси және әскери іс-әрекеттері ғана сақталған. Қадырғали Жалайыр оның батырлығын ерекше атап өткен.

 «Шығай ханның хикаясы әрқашан оның батырлығымен мәлім, мәшһүр болды", - дейді Жалайыр. Ал "Шараф-наме-йи шахи" еңбегінің авторы Хафиз Таныш: "... далада ержетіп, ұлы істерді жасауда небір қиындықтарды басынан өткерді, көп уақыт бойы өмірдің тәтті мен ащы дәмін татты», - деп атап өткен. 

Шығай ханның билікке келуі

Шығай хан Хақназар ханның сыртқы саясатын толықтай жалғастыра білді. Шайбани әулетінің (өзбек хандарының) ішкі қақтығысын өте ұтымды пайдалана білді. Яғни дұшпанының алауыздығын пайдаланып, Қазақ хандығының іргесін нығайтып алды.

Дегенмен кейбір зерттеушілер Шығай ханың билікке келуі күтпеген жағдай болғанын айтады. Нақты айтар болсақ, Шығайды хан көтеруге бүкіл қазақтың саяси элитасы емес, ханға жақын шағын ғана топ қатысқан. 

Әдетте бір хан қайтыс болған соң бүкіл елге хабар жіберіліп, таққа үміткерлер сұлтандармен, билермен, бектермен және батырлармен ашық та жасырын келіссөздер жүргізеді. Сонан кейін ғана хан сайлау күні белгіленеді. Бұл үдеріс біраз уақытқа созылады. Ал Шығай Хақназар хан қайтыс болғаннан кейін өте қысқа мерзім ішінде «хан» атанды. Демек, оны хан көтеруге бүкіл қазақтың саяси элитасы емес, ханға жақын шағын ғана топ қатысқан болуы мүмкін. Осының салдарынан Шығайдың ел арасындағы беделі тез құлдырай бастады. Мұны сезген Шығай хан қолдау іздеп, Абдаллах ханға арқа сүйеуге мәжбүр болған. 

Шығай Қазақ хандығын бар-жоғы екі жылдай биледі. Өмірінің соңғы күндерін жырақта өткізген. Бұл мәселе бойынша тарихшылар әртүрлі болжам айтады. 

Кейбірі Шығай хан ұлдарымен бірге Бұхараға барып, Абдаллах ханнан пана іздеген деп есептесе, енді біреулер оның қазақ жеріндегі беделінен айырылуымен түсіндіреді. 2010 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы» академиялық басылымында «Шығай ханды басқа қазақ хандары қудалаған болуы мүмкін» деген болжам да келтірілген.

Тарихшы Талас Омарбеков Шығай ханның Бұхараға кету себебін былай деп түсіндіреді: «Осындайда қол астындағы елді қорғай алмай, үстіне қазақ сұлтандарының сенімінен айырылған Шығай хан амалсыздан бұхаралық Абдаллахтан көмек сұрауға мәжбүр болды».

Тарихшы Қойшығара Салғараұлы Шығайдың хандық билікке келуінің үш негізгі себебін атап көрсетеді:

«Біріншісі – Шығай сұлтанның өзінің жеке басының елге сыйлылығы. Оның көзсіз батырлығы жөнінде халықтың (XIX ғасырда) әлі күнге дейін жыр қылып, тамсана айтатынын дәлел етуге болады. Екіншісі – Шығайдың ұлдарының (Тәуекел, Есім, Ондан және т.б.) хандыққа тірек, ханға демеу болғаны. Үшіншісі – Шығай Қазақ хандарының іргелі тұқымы Жәнібектің кенже ұлы Жәдіктің баласы болуы. Сондай-ақ, Абдаллахтың әкесі Ескендір таққа отырып, ал баласы оның атынан барлық істі атқарғаны сияқты, Тәуекел де өз әкесін хан етіп, өзі барлық істерге белсене қатысқан».

1582 жылы Бұхара ханы Абдолла, қазақ ханы Шығай және оның баласы Тәуекел сұлтанмен күш біріктіріп, Ташкент билеушісі Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығын ұйымдастырды. Баба сұлтан жеңіліп, Дешті-Қыпшақ даласына қашады, өзбек, қазақ әскерлері Баба сұлтанды Сарысуға, Ұлытауға дейін қуады. Шығай хан сол жорықта қайтыс болды. Түркістанға қайтып келе жатқан Баба сұлтанды Тәуекел сұлтан өлтіріп, басын Абдоллаға әкеледі. Қас жауын жойғанға риза болған Абдолла хан Тәуекелге Самарқан өлкесіндегі Африкент уәлаятын тарту етеді.

1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа оның ұлы Тәуекел (1582-1598 жж.) отырады.

Шығай ханның өлімі

Шығай хан 1582 жылы Ұлытау жорығында Күміскентте (Әли-Ата маңы) қайтыс болды делінеді. Қабірі сол жерде деп есептеледі.

Шығай хан 1582 жылғы Ұлытау жорығында көз жұмған делінеді. Бұл жорық Шығай ханның есімін тарихта қалдырған ұлы істердің бірі ретінде тарихта қалды. Әрі бұл шайқас Шығайдың биліктегі ең соңғы және ең маңызды әскери іс-әрекеті. Ол Қазақ хандығы мен Бұхара хандығының бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде өтті және Қазақ хандығының Орта Азиядағы ықпалын нығайтты. 

Хафиз Таныштың деректерінде Шығай ханның есімі соңғы рет 1582 жылы Абдаллах ханның Баба сұлтанға қарсы жасаған жорығында аталады. Тарихшылардың басым көпшілігі осы жылды Шығай ханның қайтыс болған жылы деп есептейді.

Шығай хан да өліара кезеңнің яғни атақты Хақназар ханнан кейін гі көпір іспеттес тұлға. Ол да ішкі алауыздық пен сыртқы қысым жағдайында хандықты сақтап қалды. Соған сәйкес өзінің ұлдарына жол ашып кетті.

Шығай ханның ұлдарының ішінде Тәуекел хан мен Есім хан Қазақ хандығын 40 жылдан астам уақыт биледі. Одан кейін бірнеше ғасыр бойы хандық билікте негізінен Шығай ханның ұрпақтары болды. Олардың бірқатары халық жадында мәңгі сақталды.

Шығайдың тұсында Қазақ хандығының Орта Азиядағы ықпалы уақытша күшейді, бірақ нақты жеңістер көбіне Тәуекел мен Есім хандарға тиесілі болып қалды. 

Деректерге сүйенсек, Шығай ханнан көп ұрпақ қалған. Оның бірнеше әйелі болған. Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде Шығайдың үш әйелін арнайы атап өтеді:

Біріншісі – Байым бегім. Одан: Сейдқұл сұлтан, Ондан сұлтан, Алтын ханым. 

Екіншісі – шағатайлық Яқшым бегім. Одан: Тәуекел хан, Есім хан, Сұлтан-Сабырбек ханым. 

Үшіншісі – Бұрындықтың қызы Дадим ханым. Одан: Әлі сұлтан, Сұлұм сұлтан, Ибраһим сұлтан, Шахым сұлтан.

Сонымен қатар, тарихта есімі сақталған Абылай, Күшік сынды басқа ұлдары да болған.

Материал Қадырғали Жалайырдың «Жамиғ-ат-тауарихы», Хафиз Таныштың шежірелері, қазақ тарихшылары (М.Х. Әбусеитова, Қ. Салғараұлы, Т. Сұлтанов) және (kk.wikipedia, e-history.kz, «Ақиқат» журналы)  сынды ақпарат құралдарында жарияланған деректер негізінде дайындалды. 

 

Бөлісу