Жанат Әскербекқызының «Көк түріктер әуені» поэтикасындағы түркілік тарихи жадтың реконструкциясы

Бөлісу

07.04.2026 318

Түркі өркениетінің мәдени өзегін сөз өнерінің синкретті табиғаты қалыптастырған. Көне түркі бітіктас жырларындағы Тәңірлік сенім, ерлік, елдік ұғымдары кейінгі дәуірлер поэзиясының рухани діңгегіне айналды. Бұл мәдени жад бүгінгі қазақ әдебиетінде де жаңа мағынада жаңғырып отыр. 


Ежелгі түркі мәтіндерінде бейнеленген рухани жүйенің тарих, жад, миф және поэтиканың біртұтас өрімі ретінде әрекет ететіні белгілі. Ежелгі түркі бітіктас жырларындағы  Тәңірлік дүниетанымның кейінгі әдеби дәстүрге өзек болған қуатты рухани формула екені мәлім. Зерттеулерде [2] Күлтегін, Тоныкөк және Білге қаған жазбаларының мазмұнында мемлекеттілік, ерлік, аруақ және ел бірлігі идеялары оларды туындатқан дәуірдің тарихи‑философиялық айнасы ретінде қарастырылған [3, 53 б.].

Осындай поэтика Жанат Әскербекқызының «Көк түріктер әуені» жинағында заманауи лирикалық сана деңгейінде қайта жаңғырады. Ақынның өлеңіндегі:

«Тарих қашалған көктастардың түркі тіліндегі күбірін бүгінгі күнге жеткізген Дәуір желі бір қалыпты екпінмен Ғұмыр ағашын тербетеді» [1, 3 б.], -деп, өз шығармашылығының рухани бағдарын белгілейді. Мұнда көктас, дәуір желі, ғұмыр ағашы – мифтік кеңістіктің тұрақты белгілері. Бұл бейнелер көне түркі дәуіріне тән өмір шеңбері (бәйтерек) туралы түсінікті жаңғыртады [5, 28 б.]. 

Түркілік тарихи санада ер‑ыдық, ел, төр, көк ұғымдары да рухтың өзегін белгілейді. «Көк түріктер әуеніндегі» өлеңдер жинағындағы «Білге қағанның бақылдасуы» бөлімінде:

«Қағанат құрам, 

Байтақ жұртымды намыс барға 

Аманат қылам…» [1, 4 б.], -деп баяндаған қаһармандық үн ұлттық өзіндік болмыстың жойылмас рухын бейнелейді. Ақын Білге қағанның ел тағдырына жауапкершілік рухын бүгінгі сана деңгейіне көтереді. 

VIII ғасырдағы Орхон мәтіндері мен Әскербекқызы поэзиясының арасындағы үндестік ең алдымен мифопоэтикалық тәсілде көрінеді. Тоныкөк тұлғасын жырлай отырып, ақын даналық пен борыш идеясын қайта тірілтеді:

«Күндіз отырмадым, түн ұйықтамадым,

Халқымның бақыты үшін, қағанымның тағдыры үшін...» [1, 11 б.],- деген поэтикалық құрылым Жанат Әскербекқызының «Көк түріктер әуені» көркем жүйесі түркі өркениетінің руникалық мәтіндеріне, әсіресе Тоныкөк ескерткішіндегі формулалық-синтаксистік модельдерге негізделген интертекстуалдық реминисценция ретінде қызмет атқарады. Бұл үзіндіде архаикалық түркі жазба дәстүріне тән параллель құрылымдар мен ритмикалық қайталау сақтала отырып, қазіргі поэтикалық дискурс аясында семантикалық кеңеюге ұшыраған. Нәтижесінде тарихи мәтіннің формасы ғана емес, оның аксиологиялық өзегі, яғни жауапкершілік пен елдік миссия идеясы көркем қайта жаңғырады. Мұнда жеке субъектінің әрекеті ұлт тағдырымен тұтастықта қарастырылып, тарихи сана этикалық императив деңгейіне көтеріледі.

«Қара терімді ағызып, қызыл қанымды төгіп,

Елімнің елдігі үшін күлкі көрмедім» [1, 12 б.], -деген жолдарда түркілік батырлық дискурстың мифопоэтикалық кодтарын репрезентациялайтын мәтіндік құрылым ретінде бағаланады. «Қара» және «қызыл» түстерінің бинарлық оппозициясы түркі дүниетанымындағы космогониялық модельдермен сабақтасып, жер мен рух, тән мен құрбандық, өлім мен өмір ұғымдарының символдық бірлігін білдіреді [4, 13 б.]. Бұл поэтикалық бейнелеу жүйесі тарихи жадтағы ерлік пен құрбандық концептісін сакралды-аксиологиялық категорияға айналдырып, оны этномәдени код ретінде бекітеді.

Сондай-ақ:

«Өтүкен – тұрағымыз еді,

Азаттық – ұранымыз еді,

Көк сүңгі – қаруымыз еді,

Ерлік – шырағымыз еді…» [1, 14 б.], -деген жолдар поэтикалық мәтінде тарихи кеңістікті сакралдандыру және ұжымдық жадты ритуалдық-идеологиялық дискурсқа айналдыру қызметін атқарады. «Өтүкен» концептісі түркі этномәдени кеңістігінің сакралды орталығы (axis mundi) [5, 15 б.]  ретінде тарихи-мифологиялық жадының өзегін құрайды. Ал «азаттық» ұғымы қазіргі ұлттық сананың тарихи сабақтастығын көне түркі саяси-идеологиялық парадигмаларымен байланыстырады. Қайталанатын синтаксистік құрылымдар мен анфоралық параллелизм Көк Түрік дәуіріне тән ұрандық поэтиканы қайта жаңғыртып, оны қазіргі көркем ойлау жүйесінде тарихи реконструкция деңгейіне көтереді.

Осылайша, «Көк түріктер әуені» поэтикасында Ж. Әскербекқызы көне түркі эпикалық дәстүрінің формалық-стилистикалық модельдерін ғана емес, ең бастысы оның тарихи жады мен мәдени-идеологиялық семантикасын интертекстуалдық трансформация арқылы қайта құрады. Тоныкөк мәтінімен диалогқа түсу арқылы поэтикалық дискурс тарихи тұлғаны архетиптік сана феноменіне айналдырып, оны түркілік тарихи жадының символдық репрезентанты ретінде қайта түсіндіреді.

«Күлтегіннің қаһары» поэтикалық реконструкциясында түркілік батырлық дискурстың архетиптік қабаттары жүйелі түрде жаңғыртылады. Мәтіннің бастауында берілген 

«Он жаста, Ұмай текті шешемнің бағына, інім Күлтегін ер атанды...» [1, 9 б.], -деген жолдар сакралды туу мотивін репрезентациялап, батыр бейнесінің мифологиялық легитимациясын қалыптастырады. Мұндағы «Ұмай» концептісі түркі дүниетанымындағы ана-құдай архетипі ретінде батырдың тарихи субъектіден мифологиялық тұлғаға айналуын қамтамасыз етеді.

Осы сакралды бастау келесі жолдарда батырлық әрекет пен кеңістік динамикасы арқылы дамиды: 

«Көк сүңгіні жарақ қылдым, 

Бір жорықта боз ат міндім, 

Жауға жерді тозақ қылдым.» [1, 10 б.] 

Бұл тармақта қару мен ат бейнелері тек әскери құрал ретінде емес, түркі эпосындағы күш, қозғалыс және биліктің символдық кодтары ретінде көрінеді. Батырдың әрекеті кеңістікті трансформациялайтын мифологиялық акт деңгейіне көтеріледі, бұл өз кезегінде тарихи жадыдағы ерлік нарративін поэтикалық модельге айналдырады.

Осы динамикалық құрылым:

«Азман аққа ер салғанмын, 

Алдаспанға қол салғанмын, 

Өткел бермес өзен кешіп, 

Қалың қолға жол салғанмын» [1, 9 б.], -деген жолдарда эпикалық гипербола арқылы күшейеді. Мұнда кеңістік кедергілерін еңсеру мотиві батырдың космогониялық деңгейдегі шексіз мүмкіндігін білдіріп, тарихи тұлғаны мифтік-қаһармандық өлшемге шығарады.

Келесі поэтикалық блокта:

«Көкбөрілеп» ұран тастап, 

Көкбөрідей ұлып шаптым» [1, 10 б.],  жолдары түркілік тотемдік сананың поэтикалық репрезентациясын айқындайды. «Көкбөрі» архетипі бұл контексте этникалық идентификация мен жауынгерлік рухтың сакралды символы ретінде қызмет атқарып, батыр бейнесін табиғи-мифологиялық күшпен тұтастырады [9, 36 б.].

Осы мифологиялық-жауынгерлік құрылымнан кейін мәтінде этикалық-аксиологиялық өлшем айқындалады: 

«Бек ұлдарды құл қылмадым, 

пәк қыздарды күң қылмадым, 

Бодандықты басқа тептім, 

Азаттықтың білдім мәнін.» [1, 10 б.] 

Бұл тармақтарда батыр бейнесі тек әскери жеңімпаз ретінде емес, әлеуметтік әділет пен моральдық тәртіпті сақтаушы тарихи субъект ретінде концептуалданады. Мұнда тарихи жадтың этикалық мазмұны айқын көрінеді.

Осылайша, «Күлтегіннің қаһары» мәтінінде Жанат Әскербекқызы көне түркі эпикалық дискурсын тек формалық деңгейде емес, оның мифологиялық, этикалық және тарихи-жадылық құрылымдары арқылы қайта жаңғыртады. Нәтижесінде Күлтегін бейнесі тарихи тұлға шеңберінен шығып, түркілік коллективтік сананың архетиптік моделі ретінде поэтикалық қайта құрылады. 

Жанат Әскербекқызының «Көк түріктер әуені» поэтикасында көне түркілік тарихи жады мен мифопоэтикалық сана қазіргі әдеби-эстетикалық кеңістік аясында жаңаша интерпретацияланады. Ақын поэзиясы Орхон ескерткіштеріндегі (Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған) тарихи-идеялық мазмұнды тек қайта баяндап қана қоймай, оны заманауи лирикалық ойлау жүйесінде көркем реконструкциялау деңгейіне көтереді.

Зерттеу барысында байқалғандай, мәтіндегі Тәңір, Өтүкен, Көк, Көкбөрі сияқты сакралды-мифологиялық концепттер түркілік дүниетанымның символдық өзегін құрап, тарихи сананың мәдени жадымен тұтастығын қамтамасыз етеді. Бұл концепттер поэтикалық мәтінде тек бейнелік деңгейде емес, сонымен қатар идеологиялық және аксиологиялық құрылым ретінде қызмет атқарады.

Сонымен бірге, Күлтегін мен Тоныкөк бейнелері тарихи тұлға шеңберінен шығып, түркілік коллективтік сананың архетиптік модельдеріне айналады. Бұл үдеріс тарихи деректің көркем трансформациясы арқылы жүзеге асып, поэзияда миф, тарих және жадтың біртұтас семиотикалық жүйе ретінде тоғысуына мүмкіндік береді [6, 57 б.].

Қорытындылай келе, «Көк түріктер әуені» поэтикасы түркі өркениетінің рухани-мәдени сабақтастығын сақтай отырып, тарихи жадты көркем дискурс деңгейінде қайта жаңғыртатын маңызды әдеби-мәдени феномен ретінде айқындалады.

Сәния Қуанқызы СЕРДАЛИНА

Еуразия ұлттық университеті,

аға оқытушы, философия докторы (PhD)

 

 Пайдаланылған әдебиеттер

Әскербекқызы Ж. Көк түріктер әуені: өлеңдер. – Астана: Елорда, 2002. –  88 б.Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. –  Алматы: Ғылым, 1986. –  168 б.Қоңыратбаев Ә. Көне түркі әдебиеті. – Алматы: Санат, 1991. –  256 б.Жирмунский В. М. Тюркский героический эпос. –  М.: Наука, 1962. –  460 б.Eliade M. The Myth of the Eternal Return: Cosmos and History. –  Princeton: Princeton University Press, 2005. –  195 p.Lotman Y. M. Universe of the Mind: A Semiotic Theory of Culture. –  London: I. B. Tauris, 1990. – 288 p.Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 264 б.Мағауин М. Қобыз сарыны. –  Алматы: Жазушы, 1968. –  192 б.Бердібаев Р. Эпос – ел қазынасы. – Алматы: Ғылым, 1995. –  304 б.

Бөлісу