ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ыбырайтанушы, профессор Серікбай Оспанұлымен «Сарқылмас кеудем менің ойдың кені» атты шығармашылық кездесу өтті.
Кездесу барысында ғалымның «Ыбырай жолы», «Ахметтану», «Ақынның жаны», «Мейірім бастауы – бесік жыры», сондай-ақ «Серікбай: лебіз, ілтипат» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.
Серікбай Оспанұлы қазақ жұртшылығына ақын әрі ғалым ретінде белгілі. Оның «Жер жүрегі», «Жарқын жастық», «Қайнарбұлақ», «Қоңыраугүл», «Алтын арқау» атты көптеген жыр жинақтары және «Шилі өзен», «Сағындым Алматымды», «Айлы түнде» атты әндері ел есінде.
Аталған іс-шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов,ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбек, филология ғылымдарының докторы, академик Дихан Қамзабекұлы, жазушы Қайсар Әлім қатысты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов ғалымның ғылыми мұрасы жайлы кең ғылыми тұрғыдан талдау жасай отырып, ғалым еңбегін айшықтай түсті.
«Жиырма бес жыл бойы зерттеп, оқып, кейін толықтырып жазылған бұл еңбек назардан тыс қалып қойған кейбір мәселелерді соңғы үш жылда қайта қарап, толықтырды. Зерттеу барысында Ыбырай Алтынсарин туралы тың деректер анықталды. Мәселен, оның Ресей империясы кезеңінде статский советник дәрежесіне дейін көтерілгені белгілі болды. Бұл – сол замандағы қазақ қоғамы үшін өте жоғары мәртебе еді. 1880 жылдар шамасында қазақ даласында мұндай деңгейге жеткен тұлғалар некен-саяқ болатын. Ыбырайды қолдап, оның ағартушылық қызметіне жол ашқан тұлғалардың бірі – дала (сахара) министрлігімен байланысты қайраткерлер болған. Сонымен қатар, Ыбырай мұрасын кейінгі буынға жеткізуде Ахмет Байтұрсынұлы сияқты зиялылардың да рөлі зор болды. Олар Ыбырай еңбектерін жалғастырып, халыққа кеңінен танытты. Ыбырайдан кейінгі тұлғалардың ішінде Қажы азаматтарды да атап өтуге болады. Біз олардың еңбектерімен таныспыз, белгілі бір деңгейде зерттеу жұмыстарында да қарастырдық. Ал «Мейірімнің бастауы – бесік жыры» атты еңбегінде бесік жырының тарихи-мәдени мәні кеңінен сөз болады. Бұл кітапта бесік жырының тамыры тереңде, тіпті бес мың жылдық тарихы бар екені айтылады. Қазақ бесік жырларының мәтіндері көне дәуірлерден бастап жинақталып, бүгінгі күнге дейін жеткен. Бұл бағытта Серікбай сынды ғалымдардың еңбегі ерекше. Ол кісі этнограф, тарихшы, мәдениеттанушы ретінде бесіктің тарихын жан-жақты зерттеген. Зерттеулер барысында Бурабай өңірінен көне, әшекейлі бесіктердің табылғаны айтылады. Бұл қазақтың бесік мәдениетінің өте ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Кейбір деректерде сол кезеңдердегі құндылықтардың көп бөлігі кейін түрлі себептермен сыртқа әкетілгені, сақталмай қалғаны да сөз болады. Бұл – ұлттық мұраның жоғалуына әкелген өкінішті жағдайлардың бірі. Ғалымдардың пайымдауынша, көне дәуірлерде-ақ адамзаттың дүниетанымында ғарыш, жеті қабат көк, жеті қабат жер туралы түсініктер болған. Бұл ұғымдар кейін Әл-Фараби еңбектерінде де көрініс тапқан. Ол әлем құрылымы туралы терең философиялық тұжырымдар жасаған. Осы тұрғыдан алғанда, «Ыбырай жолы» да, бесік жыры туралы еңбектер де қазіргі заман үшін аса маңызды. Өйткені бүгінгі қоғамда рухани құндылықтарды жаңғырту, ұлттық тәрбиені күшейту – басты міндеттердің бірі. Жалпы, бұл еңбектердің барлығы – халықтың қазынасы. Олар ұлттық руханиятымызды байытатын, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін құнды дүниелер. Сіздің де еңбектеріңіз – осы қазынаның бір бөлігі. Сіз этнограф, ақын, зерттеуші ретінде ұлттық мұраны насихаттауға үлкен үлес қосып келесіз. Сондықтан да мұндай рухани, ғылыми еңбектер әрдайым жоғары бағаланып, өз жалғасын таба беруі тиіс», - деді.
Кездесуді жүргізген Серікбай Оспанұлының төл шәкірті Данияр Ихсан « Серікбай ағай, Арқа төсіне қош келдіңіз! Былтыр ғана республика деңгейінде 80 жас мерейтойыңыз ерекше аталып өтті. Қостанай, Алматы қалаларында шығармашылық кештеріңіз өтті. Бірнеше кітабыңыз жарық көрді. Өзіңіз жайлы лебіз-ілтипат кітабы да жарық көрді. Сол мерейтойдың заңды жалғасы есебінде, бүгін шәкірттеріңіздің ұйымдастыруымен, Астана қаласы Ұлттық академиялық кітапхананың қолдауымен айырықша кездесу өткізіліп отыр. Қош келдіңіз деймін тағы да, ағай. Ұстаз, Сізді көпшілік қауым ақын ретінде жақсырақ таниды. Ақынның әрбір өлеңі – жүректің лүпілі, уақыттың үні, өмірдің шынайы бейнесі. Оның жырлары адам жанын тербеп, терең ойға жетелейді. Өйткені, ең алғаш Алматыға барған кезде, оқып жүрген шағыңызда ақын ретінде танылдыңыз. Журналист болдыңыз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары елге оралып, Қостанай қаласында екінші тынысыңыз ашылып, ұстаздық жолға бет бұрдыңыз. Публицистика, қазақ ақындарының публицистикалық еңбектеріңіз шықты. Ыбырай әлеміне дендей еніп, Ыбырай жолын жаздыңыз. Ахметтану ғылымына да ден қойып, Алаш тарихынан қаузадыңыз. Мәдениет, этнография салалары бойынша да қалам тербедіңіз. Өмірдің мәні неде деген сауалға жауап іздеп «Ақ пен қара» деп ой толғадыңыз. Яғни, ақындық шыңға шығып қана қоймай, ғылыми зерттеулерге ойыстыңыз. Ақындық пен ғалымдық қос қанатыңыз болды. Осы қос арнаны бір арнаға тоғыстырған жандар аз», - деп шәкірттік жылы лебізін білдірді.
Іс-шара барысында ғалымның өзімен аз-кем сұқбаттастық. Сұрақ қою барысында ғалым өзінің ғылыми зерттеу барысы жайлы былайша ой қорытты:
«Менің студенттік кезеңдегі шәкірттерім өздері ұйымдасып, осындай ғылыми шара өткізіп жатыр. Соның аясында менің жетпісінші жылдардан кейінгі зерттеу еңбектерім, соңғы жарық көрген кітаптарымның тұсаукесері де қатар өткізіліп отыр.
Мен негізінен адамгершілік тақырыбында жазып келемін. Жетпістен асқаннан кейін «Адамгершілік әліппесі», «Ақ пен қара» атты кітаптарымды жаздым. «Ақ пен қара» еңбегінде өмірдің мәні туралы ой қозғалады. Бұл өмірге адам болып келген соң, адам болып қала алдық па деген сауал туындайды. Өмірдің мәні – қысқаша айтқанда, жаныңды ізгілікке бөле білу. Әрбір адам жақсылық ойлап, игі іс жасауға ұмтылып, жақсы ниетпен өмір сүруі керек. Сонда ғана ғұмыры мәнді болады.
Әрине, өмірді әркім әртүрлі түсінеді: біреу тек қарын тойдыруды мақсат етсе, енді біреу басқа құндылықтарды алға қояды. Ал кешегі Ыбырай, Абай сынды ұлы тұлғалар бүкіл халықтың, тіпті адамзаттың тағдырын ойлады. Ахмет Байтұрсынұлы да ең алдымен қазақ халқының жағдайын көтеруді мақсат етті. Себебі ұлт болып қалыптаспай, өз еліңді түземей тұрып, өзге жұртқа үлгі болу немесе көмек көрсету мүмкін емес.
Дін тұрғысынан қарасақ, кезінде Имам Ғазали сияқты ұлы ғалымдар адамның бұл өмірдегі мәнді ғұмыры – өз жаныңды ғана емес, өзгенің жанын да ізгілікке бағыттай білу деп түсіндірген. Яғни адам баласы тек өзін емес, айналасын да жақсылыққа жетелеуі тиіс.
Жақында «Бесік жыры – мейірімнің бастауы» атты кітабым жарық көрді. Жалпы, бүкіл әлем халықтары баласын бесікке бөлеп, бесік жырын айтатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, әдебиетіміздің де бастауы – бесік жыры деп айтуға болады. Шетелдік ғалымдар, соның ішінде Германия, Франция зерттеушілері бесік жырын тыңдап өскен бала мен ондай тәрбиені көрмеген баланың айырмашылығын арнайы зерттеген. Нәтижесінде бесік жырын тыңдаған баланың рухани, психологиялық дамуы жоғары болатыны дәлелденген.
Шын мәнінде, мейірімнің бастауы – ана. Баласын тамақтандырып отырған анадан асқан сұлу, мейірімді жан жоқ. Ана баласына тек сүт беріп қана қоймай, өз мейірімін, жылуын да береді. Ғалымдардың айтуынша, ана сүтімен бірге берілген сол мейірім баланың бүкіл ғұмырына жететін рухани қор болады, тіпті оны түрлі аурулардан сақтайтын ерекше күшке ие.
Ал енді менің негізгі зерттеу нысаным – Ыбырай Алтынсарин. Осы тұлғаға қатысты он алты-он жеті кітап жаздым. Соңғы уақытта бұрын белгісіз болған тың деректерді де таптым. Біз Ыбырайдың ән айтқанын, домбыра тартқанын білеміз, бірақ оның ән шығарғанын көпшілік біле бермейді. Зерттеу барысында Ыбырайдың ән де жазғаны анықталды. Мәселен, оның бір әнін сол кезеңде хормен орындаған. Бұл – қазақ даласында хор мәдениеті қалыптаспаған кезең үшін өте қызықты дерек. Кейбіреулер бұл ән басқа біреуге тиесілі болуы мүмкін деп күмән келтіруі ықтимал. Алайда ол заманда бүгінгідей сөзін біреу, әнін екінші біреу жазатын дәстүр болмаған. Әннің де, сөздің де авторы көбіне бір адам болғаны белгілі» - деді.
Кеш соңында ақынның «Сағындым Алматымды» әнін кештегі барлық адам зор сағынышпен орындап, ақынға шапан жабылып, құрмет көрсетілді.