Ш. Уәлихановтың тарихи, геосаяси пайымдарына жаңаша көзқарас

Бөлісу

11.03.2026 140

Өткен 2025 жылы 190 жылдығы елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде атап өтілген Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың ғылыми-шығармашылығы оның азаматтық ой-пікірлері әр заманда зерттеушілердің назарын аударып келеді. Оның әсіресе, қазақ халқының этнографиясы мен саяси тарихына қатысты жазған еңбектері ондағы концептуалдық мәндегі ой-пікірлері бүгінгі ұлттық тарих дискурсы тұрғысынан жаңа қырыннан таныла түсуде. Бүгінгі күнге дейін Ш. Уәлиханов турасында орыс, қазақ, ағылшын тілдерінде 800 - ден астам ғылыми мақалалар мен арнайы монографиялар жарық көрсе де, ол турасында кеңестік дәуірде көркем фильмдер түсіріліп, көркем әдебиетте де оның бейнесі жасалып, белгілі бір дәрежеде былайғы халықтың санасында Шоқанның образы туралы өзіндік түсінік қалыптастырылғанымен, ол түсініктің әр заманда әрқилы болғаныдығын да байқауға болады.


Небары 29 жас жасап, ғылыми ізденістер  саласында, өзінің тұлғалық қайраткерлігімен осыншама іс тындырған, Орталық Азия мен Ресей тарихында жарқын із қалдырған тұлғаға деген қызығушылық әлі де басылмай отыр. Ресей империясы тұсында –ақ, оны дарынды ғалым, әйгілі саяхатшы ретінде замандастары, империяның жоғары билік орындарының өкілдері де танып үлгерді, әрі өз таңданыстарын жасырамады. Ол тікелей Александр II патшаның аудиенциясына ие болып,түрлі марпат пен мансап иесі дәрежесіне дейін жетті. Оның әлемдік  ориенталискаға қосқан ұланғайыр еңбектерінің ішіндегі ол  1858-1859 жж. Кашғарға барған  сапары мен одан алып қайтқан құнды деректер негізінде жазған іргелі еңбегі «Алтышаһардың немесе Қытайдың Нан-Лу  провинциясының (Кіші Бұқараның)  шығыстағы алты қаласының жайы туралы» (1858-1859 жылдар). Осы қатерлі сапардан кейін  оның есімі Ресей империясы шегінен асып, Еуропаға да мәшһүр болғаны белгілі.

Кашғар сапарынан кейінгі оқиғаларда оның жеке азаматтық ой –пікірі мен өмірлік ұстанаымдарының Орталық Азия халықтарына қатысты Ресей империясының саясатымен еш қабыспай қойғанын білеміз, оның Атбасар округіне аға сұлтандыққа сайлану әрекеті, Ресей әскерінің Қоқандқа қарсы жорығы кезіндегі генерал Черняевпен қақтығысы және наразылық акциясын ұйымдастырып, бірқатар орыс офицерлерін әскерді тастап шығуға дейін апарғанын, әрине сол кезеңдегі Ресей билігі кешіре алмады. Оның Сот реформасы туралы жазбалары да туған халқының қазіргісі мен болашағы туралы толғанысты жанашырлық ойларға толы болды: «Россия империясы құрамына еніп отырған  барлық бұратана тайпалардың ішінде халқының санының көптігінен, байлығы жөнінен біз бірінші орын аламыз. Меніңше алдағы өркендеу де бізге-қазақтардың үлесіне тиеді. Біз ұлаңғайыр территорияны алып жатырмыз, ал өзге бұратана халықорыс тұрғындарының арасында бытырай орналасқан.Біз орыс қоластында 800 мыңдай болсақ, әлі оған бағынбаған тумаларымызбен миллионнан астамбыз, ал Европа Россиясындағы барлық татарларды, оған башқұрт, ноғайларды, Бөкей Ордасындағы қазақтарды қосқанда 1 млн әзер жетеді» [1,129-130].  Осы ойлардың өзі Ш. Уәлихановтың қазақ халқының болашағына деген сенімінің, геостратегиялық ойлау дәрежесінің  қандай болғандығын көрсетіп, оның болашақта қазақ демографиялық жағынан мейлінше өсіп-өніп, өнер-білімге қол жеткізіп, тәуелсіз Ел болатынына кәміл сенгенін көрсетеді. Кеңестік кезеңде Ұлы тұлғаға арналған фильмді Мәжит Бегалиннің «Его время придёт» деп атауында, күні бүгінгі дейін әлі де толық ашылмаған астар мен сыр бар сияқты.

Өмірінің соңында «опалаға» түскен Шоқан ақыры көп түртпектен кейін Тезек төре ауылында мезгілсіз қазаға ұшыраған жағдайлары да бүгінгі күнге дейін безгілсіз күйінде қалып отыр. Кеңестік кезеңде Қ. Сәтпаевтың бастамасымен Ш.Уәлихановтың мұрасы Ә. Марғұланның басқа да ғалымдардың ізденістері арқасында жинақталып, баспадан шығарылып, халық арсында домократиялық-ағартушылық көзқарастағы ғалым, этнограф ,шығыстанушы ретінде дәріптелініп, оның әсересе орыс замандастарымен қарым-қатынасы мен достығы туралы көп жазылды. Кеңестік тарихнамада Ресей империясына Қазақстанның қосылуы кезінде, Ресеймен бейбіт интеграцияны қолдаған Шыңғыс, Қоңырқұлжа Құдайменді ұлы сияқты ресейшіл - ақсүйек топтың оқыған көрнекті өкілі ретінде сипатталынып келді. Орыс демократ – ағартушылардың жылы алақаны мен тәрбиесін көрген, «исключительно» ғылымға қызмет қылған  тұлға ретінде әспеттелінді.

Тәуелсіз ел атанған Қазақстанда да Ш. Уәлиханов туралы кең-көлемді зерттеулер сонымен бірге энциклопедиялық басылымдар, осы Көкшетау университетінде ұзақ жылдар қызмет жасаған, Қ.Қ. Әбуевтың [2], елімізге белгілі тарихшы, аудармашы Ә. Марғұланның шәкірті С. Өтениязовтың [3], көкшетаулық ғалым, шоқантанушы Ж.А. Ермекбаевтың көптеген мақалары мен монографиялары жарық көрді [4]. 

Ш. Уәлихановтың ХIХ ғ. қазақ тарихындағы ерекше құбылыс болғандығы дәлелденіп, оның артында қалған мұрасының ең толық нұсқалары да осы жылдары жарық көргенін айтуымыз керек. Алайда, жұртшылық әр заманда өз Шоқанын іздейді, оның шынайы образы қайсысы? Шоқан кімге қызмет етті? Оның тамаша басталған ғылымдағы, Ресейдегі мемлекеттік қызметіндегі мансап-карьерасы неге жалғаспай қалды деген сұрақтарға әлі де болса да толық жауап таппай келеді. Кейбір, ақпарат құралдарында жарияланған материалдарда Шоқан Ресей империясының барлаушысы, Ресей империясына жергілікті халықтардың мүдделерін тапсырып берген коллобарационистің өзі деген сияқты дөрекі инсинуациялық  пайымдарды да оқуға, естуге болады. Сол себепті, Қазақстан мен бүгінгі Ресей тарихындағы ортақ – тұлға Ш. Уәлихановтың шығармашылығы мен оның азаматтық тұлғасына жаңаша қараудың кезі мен мезгілі әбден жетті деп санаймыз. Тарихи тұлғаға неғұрлым объективті баға беру үшін сол тұлға өмір сүрген орта мен топырақтан әсте бөліп алып қарастыру еш мүмкін емес. 

Біріншіден, Ш. Уәлихановтың биографтары оның хан тұқымынан екендігін айтқанымен, оның тәуелсіз мінез-құлқының шығу тегіне онша назар аударылмай келді десек те болады.  Ал ол турасында Г. Потанин ол кадет корпусына келгенде ақсүйек тектен шыққан Шоқан нағыз плейбелер ортасына түсті дейді. Дәстүрлі қазақ қоғамында балалар ерте есейеді, кадет корпусына келіп түскенде Шоқан 12 жаста, оңы мен солын әбден аңғарып қалған жасөспірім. Сырымбеттегі мұсылман мектебінде Қызылжар қаласынан арнайы шақырылған татар молдасы Гудамухаммед Малкуповтан білім алады. Мұсылманша сауатты, әрі зерек жасынан ел арасындағы тарихи оқиғаларды естіп ер жеткен, өзі де Хан Ордасына келін болып түскеннен бергі тарихи оқиғаларға куә, саясатқа жүйрік әжесі Айғанымның арқасында қазақтың хандық дәуірі, Қасым мен оның ұлдарының, Кенесары қозғалысы тарихынан, қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерінен мейлінше мол хабары қалыптасқан оқушы болып келгені анық. Сырымбеттегі Айғаным қонысы мешіт-медресесі бар, қазақтың ақын-жыршылары, ресейлік саяхатшылар мен талай білімді адамдар келіп-кетіп жататын өзінше бір мәдени-рухани орталық болғанын да ескеруіміз керек. Сол кездегі хан –сұлтан тұқымындағы үзілмей келе жатқан дәстүр бойынша үй-ішілік тәрбие алып, Омбыда да ерекше жағдайда арнайы тағайындалған қызметші және атабектің қамқорлығы мен қарауында болды. Құсмұрын бекінісінен бастап орыс тілінің негізін меңгерген, орысша өте жоғары сауаты бар өз әкесі Шыңғыстың да тәрбиесінен де өткен, қорыта айтқанда – Ш. Уәлиханов Омбыдағы кадет корпусына зор дайындықпен келіп түсті. Ал небары 4 жылдан соң, 16 жасында «профессор Березинге хаты» сияқты алғашқы ғылыми еңбегінің жазылуына өз ауылы мен ортасынан алып шыққан араб-парсы тілдері бойынша алған білімі себепкер болғаны аса дәлелдеуді қажет етпейді. Ш. Уәлихановтың өз халқының сүйікті перзенті болғанын сол кездегі орыс замандастары да қазақтың белгілі адамдары (Орынбай ақын, Әлібек Зілғараұлы,Мәмбетәлі Шөбеков) да бір ауыздан мақұлдайды.  Шоқан қанша еуропаша оқып, орыс ортасын көрсе де өзінің қазақ ұлтының өкілі екендігін ешқашан естен шығармаған, барлық өмірі мен шығармашылығында өзін туған халқының өкілі екендігін көрсете білген керемет  тұлға. Ол бүкіл өмірінде орыс қызметіндегі қазақ ұлтының азаматы болып қала берді.

Ал уақыт тұрғысынан келсек, Ш. Уәлиханов Кенесары хан қазақ мемлекетінің шаңырағын қайта құрған кезде дүниеге келген, өз туыстарының азаттық жолындағы күресі туралы ізі суи қоймаған  тарихи әңгімелерді бірінші ауыздан естіп-біліп өсті. Кейін, Черняевтың жорығы кезінде Сыздық Кенесарыұлымен бетпе-бет те кездесті. Яғни, ол қазақ ақсүйектерінің бір бөлігінің ХIХ ғ. 60-шы жж. дейін Ресей отаршылдығына қарсы күрестің авангардында жүргенін өз көзімен көрді. Ресей империясы бұл кезде яғни 1858-1864 жж. өзінің Шығыс саясатының негізін қалыптастырып жатты. Ресейдің Шығыс елдеріне бақытталған әйгілі үш миссиясы да осы кезде ұйымдастырылды. Олар: Ханыковтың Иран мен Ауғаныстаға, Игнатьевтің Бұқара мен Хиуаға және Ш. Уәлихановтың Шығыс Түркістан – Кіші Бұқараға қазіргі Батыс Қытайға  миссиясы осы елдерге қатысты Ресей империясының алдағы жүз бойына жүргізген геосаясатының негізгі контурларын анықтап берген болатын. Игнатьевтің экспедициясы туралы осы заманғы зерртеуші В.П. Дмитриев былай дейді: « XIX ғ. орта шенінде Орта Азияда Ресей және Британ империялары арасындағы бәсекелестік айтарлықтай күшейді. Бәсекелес жақтар аймақта орналасқан  бірқатар мемлекеттік құрлымдарға өз ықпалдарын ең алдымен бейбіт-дипломатиялық әдістермен нығайтуға тырысты. Қырым соғысынан кейін Ресей де Британия да ашық соғыс қыймалдарын жүргізуге құлықсыз еді. Сондықтан, жетекші рөлге дипломатия шыққан болатын. Осыған байланысты Британияның Орта Азиядағы ықпалын әлсірету мақсатында 1858 жылы Хиуа хандығы мен Бұқараға флигель-адютант, бұрынғы Ресейдің Лонданда  әскери өкілі, полковник Н.П. Игнатьевті жіберген болатын [5]. 

Осы дипломатиялық-барлау экпедициялары нәтижесінде Ресей Орталық Азиядағы өз саясатын белсенді шабуылдау сипатындағы (наступательная политика в Сред. Азии) іс-әрекетке көшкен еді. 

Ресейдің ХIХ ғ. 60 жж. Орталық Азия хандықтарына қатысты бірыңғай саясаты қалыптасып үлгермеген болатын. Орталық Азия елдерінің Ресей құрамына өту үдерісін зерттеген Н.А. Халфин: «Бізде әуелде алысты көздейтін саясат бола қойған жоқ. Күштен басқаны  ешқашан мойындамайтын , шекараларымызға үнемі шабуылдар жасайтын Хиуа мен Бұқардың базарында тұтқынға алынған жабайы көшпелілерді тәртіпке келтіру мақсатында қырға жазалаушы жасақ шығып тұрды. Біздің әскерлердің далаға жорықтары керсінше көшпелілердің өшпенділігін өршітіп отырды. Ең қолайлысы ол Сібір линиясы мен Орынбор линиясын жалғауымз керек. Ал Шу мен Сырдарья өзені бойына салынған бекіністер Хиуа , Қоқан, Бұқар билеушілерінің наразылығын тудырып отыр» дейді [6].

Ресейлік зерттеуші Р.Ю. Почекаевтың пікіріне сүйенсек, Ш. Уәлиханов  Орта Азия хандықтарының саяси-әлеуметтік, құқықтық даму жағдайларын  Ресей империясының осы халықтарға қатысты жүргізіп отырған саясатының контексінде  қарастырады.  Ол XVIII ғ. Хиуа тағына отырған қазақ хандарының қоңыраттың Инак әулиеті билікке ие болып тұрғанын келтіріп, осыдан кейінгі уақытта Хиуа хандығымен Ресейдің қарым-қатынасы шиеленісті сипат алып отырғанын көрсетеді [7, 12-16].

Ол Ресей билігіне адал қызмет ете жүріп, қазақтардың, барша түркі жұрттарының қамын ойлаған тұлға екендігі әсіресе Қашқар сапарында айқын көрінді. Ол қытай қол астындағы Шығыс Түркістандағы халықтың тұрмысын, шаруашылық жағдайын зерттей келе жергілікті халықтың қытайларды жек көретіндігін, қожалардың Қоқаннан  қытай езушілігінен құтқаруға 50 мың мұқаджирлер келеді деп үміттенетіндігін, ал бұл жағдай өз кезегінде осы өлкеге өз ықпалын орнатқысы келетін ағылшындарға пайдалы болуы мүмкін, сондықтан Ресейге  Шу өзенінің жоғары ағысындағы  қара қырғыздарға билікті нығайта түсіп, бұл елге қарақырғыздар мен қоқандықтардың ықпалын тежеу керек» деп жазады. Мұндағы қытай билігінің әлсіздігін, қытай гарнизоны әскерінің моральдық жағынан азған, жауынгерлік қабілеті нашар екендігін ерекше атап өтеді. Ресейдің Батыс Қытай өлекесіндегі Ресей саясатының басты бағыт желісін қалыптастырушы ретінде бұл өлкедегі халықтардың болашақ тағдырына Ресейдің Орталық Азия бағытындағы қозғалысының қаншалықты маңызды екендігін жақсы түсінеді. Сол себепті де Шығыс Түркістандағы түркі текті халықтардың мәдениеті мен діні түркі жұртына жат, апиын соғысынан көз ашпай дағдарып отырған еуропалық елдерден дамуы жағынан мешеу  қалған  Қытаймен емес, сол кездегі түсінікте еуропизация үдерісін бастан кешіп жатқан Ресейдің қол астындағы өз қандастары мен діндестері көпшілігі отырған жұртпен бір болғанын қалады. Оның Қашқарияға сапарының ең басты түйінді тұжырымдамасы мәдениеті, діні,  экономикалық кеңістігі бір Орта Азия елдерінің геосаяси болашағы үшін бұл елдердің Ресей империясы құрамына өткені ұтымды болады деген өз ұсыныс қорытындысын жасайды.

Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университеті 

педагогикалық институттының оқытушысы, Ғалымтай МӘЛІКҰЛЫ.,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 

4 курс студенті, Айнұр АВЕНОВА 

Қолданылған әдебиеттер:

1.Ш. Уәлиханов таңдамалы шығармалар жинағы. «Жазушы» Алма-Ата 1985. 129-130.

2.Абуев К.К. Чокан Валиханов и его современники:Монография/. Көкшетау: КГУ им.Ш. Уалиханова, 2016 г. -368 стр.

3. С. Өтениязов «Шоқан өскен орта»– Алматы : Ғылым, 1995. – 198 б.

4. Ж.А.Ермекбаев Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы.- Нұр-Сұлтан «Рухани жаңғыру» қазақстандық рухани даму институты» КЕАК баспасы,2020.-276 б.

5. Халфин Н.А. Три русские миссии. - Ташкент: Изд. САГУ, 1956. - 86 с.

6. Х.Н. Халфин Присоединение Средней Азии к России. 60-90-е годы ХІХ в Академия Наук СССР. Институт Народов Азии. — Москва: Издательство "Наука", Главная редакция восточной литературы, 1965. — 468 с.

7. Ч.Ч. Валиханов о политическом и правовом развитии Среднеазиатских ханств в первой половине. XIX века// Восточный архив № 2 (38), 2018. 12-16 стр Ш. 

 

Бөлісу