«Сыр – Алаштың анасы» тарихи-мәдени экспедициясы
10.07.2017 2528
Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі мен NDH порталы бірлесіп «Сыр – Алаштың анасы» тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастырды

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды басты мақсат етіп қойып отыр. Онда туған жерге және оның ұлттық құндылықтарына іңкәрлікпен назар аударып, әркімнің өз жерінің тарихы туралы білуі тиіс дегенді меңзеген.

«Туған жер» бағдарламасы қазақ тарихы шежіресінен орын алатын, талай тарихтың ізі болған жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру бастамасын да қолға алуды ұсынады. Осы мақсатта 13 маусым күні Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мекемесі мен «Қазконтент» АҚ National Digital History порталының бірлесіп ұйымдастырумен «Сыр - Алаштың анасы»  атты тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастырды.

Шараға Қызылорда облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесінің ғылыми қызметкерлері, тарихшылар, Қорқыт Ата мемориалдық кешенінің қызметкерлері және National Digital History  порталының журналисі қатысты.   

Сыр өңірі – құпиясын ішіне бүккен көне шаһарлар мен тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Осы баға жетпес қазынаны қалың көпшілікке кеңінен насихаттау, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру  біздің экспедицияның басты мақсаты.

Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі қызметкерлерінің дерегі бойынша, өңірде қазіргі таңда 532 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған. Оның 21-і республикалық, 274-і жергілікті маңызы бар болса, 237 нысан алдын-ала есепке алынған.

Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы және одан туындайтын Мәдениет және спорт министрлігінің Қағидалары шеңберінде ескерткіштерге қорғау шараларымен қатар, археологиялық зерттеу, қайта қалпына келтіру және тағы басқа кешенді жұмыстар өз кезегінде жүргізіліп келеді.

Тарихи мұраларға мән берген мамандардың айтуына қарағанда, соңғы бірнеше жылдан бері Араласар, Жетіасар, Сығанақ, Жанкент, Сауысқандық, Шірік Рабат қалашықтарына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Әлі де жүргізілу үстінде екен.  

Қызылорда шаһарынан басталған экспедиция Сыр бойындағы дала мәдениеті жауһарларына, оның ішінде Сырдария өзені бойындағы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарына қарасты тарихи ескерткіштерге экскурсиядан басталды. Сыр бойындағы құмды, шөлейтті, бойы сексеуіл, жыңғыл, шырмауықтар жайлаған дала жолдарымен жүріп, жол жүрді.

Құнанбай бата сұраған Қалжан Ахун кім болған?

Алдымен экспедиция мүшелері Сырдария ауданындағы Қалжан ахун медресе-мешітін аралап, баба рухына тағзым етті. Қалжан ахун Бөлекбайұлы  – өз заманында халқын дінге шақырған, медресе ашып, қазақтың ұл-қызын оқытуға үлес қосқан, ұлтының арын жоқтаған нағыз қайраткер азаматы. Советтік идеология мен тап өкілдерінің керітартпа кесірінен тарихи бағасын ала алмай келгенімен тәуелсіздік алған уақыттар да оның есімі Сыр тарихында жаңғыра бастады. Ғұлама дін қайраткерінің салған мешіт медресе күрделі жөндеуден өтіп, халық кәдесіне жарады.

Қалжан ахунның арғы тегі табын руынан тараған. Ақтөбе облысының Жаманқарағай деген жерінде бабалары мекендеген. Әкесі Бөлекбай жігіт кезінде Қарақалпақстандағы туыстарына келіп сол жерде үйленіп, қалып қояды. Кейін Қарақалпақстандағы қазақ жұртына басшылық жасайды. Хиуа хандығының бегі болады. Хиуа халқының Бөлекбай батырдың ел басқарудағы шеберлігі мен хан алдында аса беделді болғанының бір ғана көрінісі Қалжан ахун, діни сауатты, өз заманының көзі ашық, заңғар тұлғасы бола білген Бөлекбай атамыздың 77 жасқа келгенде көрген баласы екен. Дүние есігін ашқан сәбиге «Қалмұхаммед» деп ат қойған ата-анасы кейін оны еркелетіп «Қалжан» атап кетеді.

Сол заманның үрдісі бойынша Бөлекбай батыр Қалжанды жеті жасынан бастап медресеге беріп, сауатын аша бастаған. Қалжан ахунның шариғат қағидасы бойынша кәмелетке қараған он үш жасында әкесі Бөлекбай дүниеден өтеді. Баласының зеректігі мен алғырлығына қанық Бөлекбай батыр дүниеден өтерде артында қалғандарға Қалжанға ары қарай білімін жалғастыруға көмектесулерін өсиет еткен. Ерінің бұл өсиетін құп алған жұбайы Қалжанға жетімдік көрсетпей, оның оқуын жалғастыруға аналық бар қамқорлығын жасайды.

Қалжан ахун Бөлекбайұлының білімді, ғұлама қайраткерлігі жайында да халық арасында айтылып жүрген естеліктері де көп. Солардың бірі Абайдың әкесі Құнанбайдың бата сұраған естелігі жайында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музей қызметкері Э.Нағашыбайқызы бізге қызықты да, тағылымды деректі келтірді.

«Абайдың әкесі Құнанбай Меккеге бара жатқан екінші сапарында Қалжан бабамызда бата сұрапты. Ағайын-туысқанынан қоштасып, Шыңғыстаудағы халқынан «қатем болса кешіріңдер» деп, батасын алып Меккеге келе жатқан сапарында Жібек жолының бойын жағалап Сыр еліне келгенде Құнанбайға қасындағылар «Қалжан деген өте білімді атақты жігітіміз бар. Математикадан екі кітап жазған, бойы ұзын келбетті жігіт» деп соған соғуға кеңес береді. Құнанбай Қалжан ахунға «Менің сүйегім Меккеде қалса, Пайғамбар жатқан жерде өліп кетсем де арман жоқ деген бата бер» деп сұраған. Біреуге өлім тілеу оңай ма? Бұған дейін ешбір жауаптан қысылмаған ахун бабамызға бұл тілегіне іркіліп қалыпты. Қасында тұрған туған ағасы Бозжан: – Батаны мен берейін «Ер тілегі болса қалсын, Ел тілегі болса келсін!» деп бата берген екен. Содан елдің тілегі қабыл болып, Құнанбай екінші рет қажылықтан аман-есен оралған», – дейді Эльзира Сағитжанова.  

Қалжан Ахун сағанасы. Қазіргі Сырдария ауданы Қалжан ахун ауылынан екі шақырым жерде орналасқан ХХ ғасырдың басына жататын, архитектуралық ескерткіштердің бірі. Облыс орталығы Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан. Сағананы дін ғұламасы Қалжан ахун бабамыз ХХ ғасыр басында салдырған.  

Экспедиция Сырдария ауданындағы Қалжан ахун мешіт-медресесінен шыққан соң, Қармақшы ауданындағы Марал, Қалқай ишан кесенелеріне соғып,  Қорқыт ата мемориалдық кешеніне аялдады. 

Қорқыт қобызының үні үзілген емес

Бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлы есімдердің бірі – Қорқыт абыз. Бабамыздың кіндік қаны тамған, туып-өскен жері – қазақтың Сыр елі. National Digital History порталының Қызылорда облысына жасаған тарихи-мәдени экспедициясы аясында Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне де баруды жөн көрдік.

Оқырман қызығушылығын тудырған Қорқыт кешені Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Жосалы кентінен солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жерде, Қорқыт стансасына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан.

Тарихқа сәл шегініс жасар болсақ, қазіргі Қорқыт ата мемориалдық кешені орналасқан төңіректе оғыз-қыпшақ тайпалары өмір сүрген.

Ерте заманнан Сырдария бойын жайлаған оғыз-қыпшақ ұлыстарының арасында дүниеге келіп көреген көсемі, сөз бастар шешені, ұлы күйшісі болған. Қорқыт атаның асыл мұраларының ұлағаты, даналық ғибраты бүкіл түркі тілдес халықтарына ортақ. Қорқыт бабамыздың Сыр бойында дүниеге келгендігін академик Әлкей Марғұланда өз еңбектерінде жиі айтып отырады.

«Қорқыт – тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын, болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған», – дейді Ә. Марғұлан.

Қорқыт – оғыз дәуірінің ұлы тұлғасы, жырау. Оның ерен есімі әлемге мәшһүр «Қорқыт ата кітабына» арқау болған. Кіндік қаны тамған топырақ Жанкент қаласы болса, ал тарихи мазары қазіргі Қармақшы жерінде. Қорқыттың музыкалық мұрасы мен ерен есіміне байланысты аңыздар түбі бір түркіге ортақ мұра болғанымен, көбінесе Сыр бойында, түркімен, әзірбайжан және анадолы түріктерінде сақталған.

Қорқыт Ата кешені Елбасы тапсырмасымен қайта жаңғырды

Қорқыт Ата мемориалдық кешеніне ат басын бұрған сапарымызда бізді кешеннің директоры Айдос Ниязов қарсы алып, Қорқыт ата мемориалдық кешенін толықтай өзі таныстырды. Сәулет өнерінің айрықша үлгісімен жасалған кешеннің жұмысы 1980 жылы іске асқан екен. Жобаны сол уақыттағы Қармақшы аудандық комитет хатшысы Елеу Көшербаев (қазіргі Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың әкесі) ұсынып, өзі Алматыдан сәулетші Бек Ибраевты алдырыпты.

«Қорқыт ата ескерткіші 1980 жылы салына басталды. Ол уақытта Қармақшы ауданында аудандық комитет хатшысы Елеу Көшербаев деген ағамыз болды. Сол кісі Алматыдан Бек Ибраев деген архитектурды алдырып, «Шымкент-Самара» тас жолының, «Орынбор-Ташкент» темір жолдарының бойында үлкен ескерткішті салдыруды тапсырды. Белгілі сәулетші С. Исатев темірден қырық труба орнатып, Қорқыт қобызынын үнін шығарды. Жел болған күні сол темір органдар Қорқыттың қобызының үнін шығарады», – дейді А. Ниязов.

«Шымкент-Самара» тас жолының бір жағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік жолының бойында орналасқан кешенге келетін туристердің қарасы көп екен. Тіпті кешеннен 60 шақырым жердегі Байқоңыр қаласының өзінен шетел туристері мен ғарышкерлер де жиі келіп, бас сұғып Қорқыт мұрасымен танысады екен. Қорқыт Ата мемориалдық музей кешенінде қобыздың көптеген түрлері бар. Оның біразы – Қорқыт заманынан бүгінгі дәуірге дейінгі ғасыр жәдігерлері.