Белорусьті азат еткендер
10.05.2017 2306
Көптеген жауынгерлердің тағдыры қасіретті еді, өйткені оларға дәл осы жерде алғашқы ұрысын бастау маңдайларына жазылған болатын, олардың көпшілігіне алыстағы Белорусь жерінің топырағы бұйырды

Қызыл әскер Белоруссияны «Багратион» операциясы барысында азат етті. Неміс қоршауын майданның 6 учаскесінде бұзып өту, әскерлердің Витебск, Бобруйск топтарын жою және рет-ретімен немістердің Оршанск және Могилев топтарын талқандау көзделді.  

Батыс шекараны күзеткен шекарашылар арасында Қазақстаннан шыққандар да аз болған жоқ. Олардың көпшілігі соғыстың осы алғашқы үрейлі күндерінде көрсеткен ерліктерімен, батылдықтарымен көзге түсті.

Өкінішке қарай, бізге осы батырлардың кейбірінің ғана аттары жетті. Соғыстың басында шекара заставаларында жауынгерлердің ерлігін сипаттап жазатын әскери тілшілер болған жоқ, ал бұл алғашқы шайқасқа қатысқандардың арасында тірі қалғандары некен-саяқ. Сол себепті ССРО-ның Белоруссиядағы шекарасын қорғаған Қазақстан тумаларының жауынгерлік даңқы туралы қысқаша және оның өзінде толық емес мәліметтермен әңгімелеуге тура келеді.

Сол батырлардың бірі, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы – Владимир Федорович Курбатов. Соғыстың алдында ол Августовский шекара отрядында, пулеметші лауазымында қызмет атқарып жүрген болатын. В. Курбатов қызмет етіп жүрген шекара заставасының учаскесіндегі мемлекеттік шекараны жау кесіп өткен кезде, жеке құрам қарулануға көтеріліп, ержүрек пулеметші қорғаныс шебінің оң жақ қапталындағы позицияға орналасады. Біртіндеп застава аумағына ойысқан қиян-кескі ұрыс барысында В. Курбатов жараланады, ал есін жиған кезде, жау тылында қалғанын түсінеді. Бақытына орай, шекарашы жалғыз емес екен. Жаралы үш жолдасы – Борис Матвеев, Виктор Тихонов пен Михаил Погоняев оны қолдан жасалған зембілге жатқызып, өздерінікілерге қарай өтуге тырысады. Ұзаққа созылған қалжыраудан соң, төртеуі алдымен қоршаудағылардың тобына қосылады, кейін Брянск ормандарында әрекет еткен 1-ші Клетнян партизандық бригадасы құрамына кіреді. Курбатов бұл кезде денсаулығын қалпына келтіріп алған болатын және 1942 жылдың қарашасында жараланғанға дейін партизандардың ұрыстық операцияларына белсенді қатысып жүрді.

Екі аяғынан айырылған ол 1943 жылы желтоқсанда үйіне оралады, көрсеткен жауынгерлік еңбегі үшін Қызыл Ту және Отан соғысы ордендерімен, сонымен қатар бірнеше медальдармен марапатталады. Еліне оралған қайсар жауынгер, комбайншы болып, қажырлы еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болады. 

Тағы бір шекарашы, Батыс Қазақстан облысы Талов ет кеңшарынан шекара әскерлеріне шақыртылған, Шепетов шекара отрядының делбешісі Иван Илларионович Мергалевтің де тағдыры оңай емес. Соғыстың бірінші күндері жау тылында қалған ол неміс әскері басып алған Слонимді айналып өтіп өзінікілерге шығуға тырысады.  Жолда кездейсоқ кездесіп қалған советтік мотоциклист Мергалевқа және оған қосылған Қызыл әскердің жаралы жауынгерлеріне, осы бағытта жаудың барлаушы отряды келе жатқанын жеткізеді.

Өздігінен алғанда делбеші лауазымы ұрыстық іс-қимылдарға тікелей араласуды талап етпейді, бірақ бұл жағдайда таңдау жоқ еді. Жаралыларды арбаға отырғызып, батыл шекарашы оларды шегініп бара жатқан бөлімнің соңынан жібереді де, қол пулеметімен, трехлинейкамен (үш сызықты мылтық) және бірнеше грнатамен қаруланған ол жауды бөгеуге сұранады. Ұзамай Мергалевке көмекке алты қызыл әскер келеді, оларды жаралы жауынгерлер қуып жеткен бөлімнің командирі жіберген болатын, бірақ кеш еді. Көпірдің жанында, делбеші позиция ұстап тұрған жерде, неміс сарбаздарының 11 мәйіті мен тас-талқаны шыққан пулемет жатты, оның қасында ағасының мекенжайын көрсетіп  батыр қысқаша хатын қалдырыпты. Мергалевтың ерлігі ұмытылған жоқ. Ештеңеге қарамастан ол тірі қалды, одан аса отырып, майдан шебінен өтіп, Қызыл Әскердің бөлімдеріне қосыла алды. Соғысты И.И. Мергалев 65-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында жалғастырды, оны лейтенант шенінде екі Қызыл Жұлдыз орденімен және бірнеше медальдармен аяқтады.

Соғыстың алғашқы сағаттарында Брест шекара отрядының әскери қызметшілері – Қазақстанның азаматтары көзге түсті. Солардың бірі – қатардағы жауынгер Амансейіт Мүсіріпов шабуыл жасалған кезде барлау мұнарасында қарауылда тұрған болатын, сол жерден жауға қарсы оқ жаудырады. Мұнараға жау снаряды келіп тигенге дейін сол жерде бөгеп тұрды. Ешқандай асыра сілтеместен, қатардағы жауынгер Мүсіріпов ерлікпен қаза тапты деп айтуға болады.

Тағы бір шекарашы, қазақстандық, политрук Вячеслав Лобановты да осындай тағдыр күтіп тұрды. Ол жаудың кезекті шабуылына тойтарыс бере отырып, соғыстың жетінші күні, күші тең емес ұрыста қаза тапты.

Брест шекара отрядында қызметін өтеп жүрген сержант Ғалиолла Әбдірахманов та өзінің ерен ерлігін соғыстың ең бірінші күні жасады.  Ол неміс парашютшылары бекініп алған, шекарашылардың қорғаныс позициялары тылындағы биіктікке, застава бастығының бұйрығы бойынша өз бөлімшесінің шабуылын бастайды. Шабуыл сәтті аяқталады, бірақ Әбдірахманов жараланып, жау тылында қалады. Біраз уақыт ол жергілікті тұрғындарда тығылып жүрсе де, басқыншылар оны ұстап алады. Әскери тұтқын тағдырына мойынсұнғысы келмеген Әбдірахманов қашпақшы болады, бірақ жау оғынан өлім құшады.

Оңтүстік және батыс аралдарды басып алған соң, фашистер қамалдың негізгі бекінісі – цитадельге Тересполь қақпалары арқылы басып кірмекші болады, бастапқыда бұл қадамда табыстары да болған еді. Алайда 333-ші атқыштар полкі бойынша кезекші Семей қаласының бұрынғы тұрғыны аға лейтенант Алексей Федорович Наганов жағдайды түзете алды. Полк мектебі курсанттарының күшімен ол қысқа найзамен тегеурінді шабуыл жасап, жауды қақпаның сыртына шегіндіріп тастайды. Осыдан соң бар болғаны екі атқыштар взводымен қақпаның қорғанысын ұйымдастырады және оны қыспаққа алған жауға бермей, ұзақ уақыт ұстап тұрады. Тек ауыр шығындар ғана қайсар командир мен оның жауынгерлерін казематты қалдырып, жертөлелерге (подвал) кетуге мәжбүр етеді. Онда А.Ф. Наганов және тірі қалған курсанттар қарсыласуды жалғастыра берді.

Брест қамалын ең алғашқы шабуылдаудан бастап, Шығыс форт ең қиян-кескі қарсыластықтың ошағына айналды, оның қорғанысын 42-ші атқыштар дивизиясының 44-ші атқыштар полкінің командирі, аты аңызға айналған  П.М. Гаврилов басқарды. Шығыс Қазақстан облысынан шақырылған қатардағы жауынгерлер М.А. Москалюк, Г.Е. Носиков, И.Е. Черемнов, алматылықтар Е.А. Качанов және С.Н. Лебедев, павлодарлық кіші лейтенант Ф.Д. Виволанец соның басшылығымен шайқасты. Осы полктің атқыштар ротасының бірін Талдықорған облысының бұрынғы колхозшысы лейтенант Қари Нұрғалиұлы Ибраев басқарды, ал Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан кіші лейтенант Н.Е. Игнатенко пулемет ротасы командирінің орынбасары болды.   Солтүстік Қазақстан облысынан шақырылған қатардағы жауынгерлер А.Е. Проценко, А.С. Стародумов және Роман Ходатенко осы дивизияның 455-ші атқыштар полкінің құрамында Брест қамалын тайсалмай қорғайды.  Қамалды қорғағандардың көпшілігі күштері тең келмейтін шайқаста қаза тапты.

Қолда бар мәліметтердің аздығына қарамастан, 1941 жылғы жазда Белоруссияны жау басқыншылығынан қорғауда қазақстандық жауынгерлердің қосқан үлесінің зор екендігі еш күмән тудырмайды. Олар мықты әрі зұлым жаумен табандылықпен және асқан батылдықпен шайқасты. 1945 жылғы Ұлы Жеңістің негізі қайғылы 1941 жылдың шайқастарында қаланған еді. Кейін Белоруссияның азаттығы үшін шайқасуға алыстағы майдандарға бару үшін, Қазақстанның ұлан-ғайыр аумағында орналасқан шақыру пункттерінен жаңадан шақырылғандар оқу отрядтарына жолданып жатты.