Еңбек және Отан – екі сөз
04.05.2017 1594
1889 жылғы шілдеде Екінші Интернационалдық Париж конгресі чикаголық жұмысшылармен ынтымақтастығының белгісі ретінде 1 мамырда жұмысшылардың жыл сайынғы шеруін өткізу туралы шешім қабылдайды

1 мамыр мерекесі тарихының тамыры тереңде жатыр, ол кең географияға ие.  1886 жылғы 1 мамырда Чикагода жұмысшылардың 8 сағаттық жұмыс күнін талап еткен митингілері мен шерулері полициямен қақтығысумен аяқталады.

1889 жылғы шілдеде Екінші Интернационалдық Париж конгресі чикаголық жұмысшылармен ынтымақтастығының белгісі ретінде 1 мамырда жұмысшылардың жыл сайынғы шеруін өткізу туралы шешім қабылдайды.  1890 жылдың 1 мамырында Австро-Венгрия, Бельгия, Германия, Дания, Испания, Италия, АҚШ, Норвегия, Франция мен Швецияда алғаш рет аталып өтеді. 1918 жылдан бастап мереке ресми түрде Интернационал күні ретінде тойлана басталды.

ССРО-да 1 мамырда еңбекшілердің дәстүрлі шерулері, митингілер мен концерттер, социализм құрудағы табыстардың көрмесі өткізілетін.

Дене шынықтырушылардың жыл сайынғы шеруін өткізу 1 мамырды тойлаудың тағы да бір классикалық сипатына айналды.

Сталин дене шынықтырушылардың шеруін қабылдап тұр

«Известия» газетінің 1936 жылғы 1 мамырдағы нөмірі бізге сол заманның бай материалын қалдырды. 80 жылдық тарихи қашықтықта көптеген нәрселер біз елестеткеннен мүлдем басқаша көрінеді.

Газеттің бірінші бетінде редакция суретші А. Герасимовтың қылқаламынан шыққан «И. Сталин Бурят-Монғол автономиялық республикасының делегациясымен Мәскеуге келген алты жасар Геля Маркизовамен» атты үлкен портретті орналастырған.

Картинаның тарихы мынадай. Геляның (Энгельсина Ардановна Маркизова) әкесі Бурят-Монғол АССР Егін шаруашылығы халық комиссары Ардан Маркизов 1936 жылғы қаңтарда Мәскеуде өткен колхозшылардың жалпыодақтық слетінде Бурят-Монғол АССР делегациясы басшыларының бірі болатын. 1936 жылғы 27 қаңтарда Геля ата-анасымен бірге Кремльде өткен БКП(б) мен КСРО басшылығының кездесуінде болады.  Хаттаманы бұзып, ол Сталинге жақындап келіп, оған екі гүл шоғын ұсынып тұрып: «Мынау Сізге бурят-монғол балаларынан сәлемдеме» дейді. 

Геля Сталиннің бетінен сүйеді, бұл сәт сол жердегі көптеген фотографтармен суретке түсіріліп қалады. Энгельсина: «Сталиннің қолында тұрған кездегі бақыт сезімі есімде», – деп еске алатын. Бұл культтік картинаға айналды. Ол «Біздің бақытты балалық шағымыз үшін жолдас Сталинге рахмет!» ұранымен тек Совет Одағына ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемге таралды.

Алайда бұл оқиға Маркизовтар отбасын саяси қуғын-сүргіннен сақтап қала алмады. 1937 жылғы қарашада Бурят-Монғол АССР Егін шаруашылығы халық комиссары революцияға қарсы панмонғол ұйымына қатысты және революцияға қарсы тыңшылық-диверсиялық жұмыстар жүргізді деген айып тағылып, тұтқындалған болатын. Көп кешікпей Геляның анасы да тұтқындалып, түрмеге жабылады да, бір жылдан соң қызымен және ұлымен Қазақ ССР-нің Түркістан қаласына жер аударылады. Айдалуда болған кезінде Доминика Маркизова қалалық ауруханада балалар дәрігері болып жұмыс істейді. Көшкендеріне екі жыл өткен соң Геляның анасы түнгі кезекшіліктердің бірінде өлі күйінде табылады, сол кезде ол 32 жаста болатын; оның денесін аурухананың медбикелері кезекті аралап шығулардың бірінде тауып алады. Болжаулардың бірі бойынша Геляның анасы «жұмбақ жағдайда қаза тапқан, билік бұл қылмысты тіпті тергеген де жоқ».

1936 жылғы бірінші мамырға арналған құттықтауларда советтік жаңа өмірді құрып жатқан жұмысшыларға ерекше орын берілген. А. Стаханов өз сәлемдемесімен «Бірінші мамыр сәлемі» бағанасын ашты.

«Мен үшін еңбек және отан деген екі сөз – бір үлкен, зор сезімге бірігіп кетті, ол менің, еліміз көп көмірге ие болуы үшін еңбектің жаңа, неғұрлым өнімді тәсілін іздеуіме түрткі болды. Мен Ленин-Сталиннің коммунистік партиясы қатарына өту туралы өтініш жазған кезде де ол маған басшылық жасады, ол мені техниканы игеру, коммунизмнің бүкіл әлемдегі жеңісі үшін әрі қарай күрестерге қозғайды. Ұлы халықаралық пролетарлық мереке күні ет бауыр жақыным, сүйікті Сталинге, бақыт пен қуанышқа толы өміріміз үшін шексіз алғысымды білдіре отырып, мен өзімнің шахтерлік ыстық сәлемімді жолдаймын.

Алексей Стаханов.

«Орталық-Ирмино» шахтасы

Танымал украин әншісі, УКСР халық әртісі, Киев опера және балет театрының жетекші солисі  Михаил Иванович Доне́ц И.В. Сталинді мерекемен құттықтады. Замандастары оны «Украина Шаляпині» деп атайтын. Республиканың опера әншілерінің арасында оған алғашқы болып Украинаның халық әртісі құрметті атағы берілді.

Бірақ 1941 жылдың шілдесінде опера театрының әртісі М.И. Донец революцияға қарсы-ұлтшылдық қызметке айыпталып және тыңшылыққа күдіктеніп тұтқындалады. Танымалдығы мен атағы оны НКВД қаһарынан құтқармады... Оның өмірінің осылай қайғылы аяқталғаны өте өкінішті. Киевте оның атындағы көшеде адамдар оны жақсы сөзбен жиі естеріне алады.

Ұрандар Отан үшін елдің технологиялық революциясын аяқтауды, фабрика, зауыттарда, шахталар мен көлік саласында стаханов қозғалысын жалғастыруға шақырды. Басқа ұран жұмысшылардың кәсіби деңгейін көтеруге шақырды. Бұл ұрандардың мақсаты белгілі. Советтік өндіріс, әсіресе оның, қара металлургия, металлургиялық машина жасау және мұнай өндірісі сияқты саласы, әлемде жетекші болуы керек еді.

«Менің бақшамда алма ағашы гүл жарды, сол сияқты біздің де өміріміз гүлденуде. Мен Қаратеңіздің жанында тұрамын, бір кездері біздің жанымыздан «Суық тасқын» («Железный поток») өткен болатын. Бәрі өтті. Жарақатым жазылды (мен 1934 жылы қарашада алғаш рет шекара бұзушыны ұстаған кезде жараландым), біз жүзім, хош иісті темекі өсіреміз, торларымызбен балық аулаймыз. Біз бәріміз, колхозшы-гректер, советтік бейбіт адамдармыз. Алайда дауыл тұрып, соғыс желі көтерілсе, біздің әрқайсымыз мақтанышпен қызыл әскер боламыз. Сүйікті Сталин, Яковиди отанының шетін жақсы күзеткені үшін, партия, үкімет мені орденмен марапаттады. Бәрі үшін рахмет. Панайот Яковиди жолдас Сталинге бақыт тілейді.

Орден иегері Панайот Яковиди.

Прасковеевка селосы, Геленджик ауданы, Азов-Қаратеңіз өлкесі»

Өз қызметі үшін грек халқы не алды? Іс жүзінде әрбір екінші грек соғысқа дейін сталиндік лагерьлерден өтті, көпшілігі кері оралған жоқ. Соғыс жылдарында, Панайот Яковиди сөз бергендей, гректер қолдарына қару алып Отанын қорғады. Десе де, 1939-1949 жылдары 120 мыңға жуық грек жер аударылды. Бірінші жылдары жер аударылған орындарда аштықтан, аурудан және уайым-қайғыдан олардың 20%-ы қайтыс болды. Көптеген гректер үшін Қазақстан амалсыздан екінші отанына айналды. Олардың армандағаны бұндай өмір емес еді.

1 мамыр құттықтаулары жаңа советтік элитаның қатарын кеңейтті.  Қалалық екпінділермен, стахановшылармен («социалистік еңбек ерлері») қатар, оған колхоздардың үздік жұмысшылары – тракторшылар, терімшілер, төрағалар кірді.   

«Биыл комбайнда ағайынды үш Палагутиндер жұмыс істейміз: мен, Иван, Прокофий. Мен, менің бауырларым, басқа да комбайншы, тракторшылар мен колхозшы жолдастар, ж. Сталиннің тапсырмасын орындау үшін және алдағы 3-4 жылда жыл сайынғы нан өнімін 7-8 пұтқа дейін жеткізу және техниканы игеру үшін күресеміз.

Комбайншы-орден иегері Палагутин.

Порубежка ст., Саратов өлкесі»

1936 жылғы бірінші мамыр ұрандарындағы тап жауларын жоюға шақырулар, аз ұлттар мен әйелдердің қоғамдағы орнына қатысты пікірлермен ілесе жүрді.

 «Жолдас Сталин! Бұрын Шығыста ешкім әйелдің сөзін тыңдамаушы еді. Оған қол бермейтін. Әйелді өлген кезінде немесе шай ұсынатын адам болмаған кезде ғана байқайтын. Сен біздің жүрегімізді, біздің мұңымызды түсіндің, бізге жаңа өмір мен жаңа жарғы бердің. Оны талқылап жатқан кезде, менің қуанғаным және батылданғаным соншалық, колхозшы әйелдерге жүктілігі бойынша демалысқа қатысты толықтыру енгізуге шешім қабылдым. Сен бізді жақсы көресің және сыйлайсың. Міне, сондықтан да, біз қазір батыл әрі өжетпіз. Рахмет саған!»

Орден иегері Салия Ташланова

Ленин ауданының колхоз төрағасы, Өзбекстан

Совет халқын бірыңғай біріккен қауымдастыққа айналдыруға ұмтылуда «жұмысшы табы» және жұмысшыларға да, колхозшыларға да қатысты «барлық жұмысшылар табы» сияқты терминдерін қолдану Мәскеудің маңызды қадамы.

1936 жылғы 1 мамырда Партия «барлық кеңестік жастарды» қарсы алды. Газет беттерінің бірінде совет жастарының қуанышты мерекені сезінулері сипатталған, олардың арасында Қазақ ССР-нің өкілдері де бар.

«1936 жылдың көңілді мамыры … ол гүл тізбектерімен және плакаттардың ленталарымен безендірілген қалаларымыздың көшелерімен ән мен бимен жүріп өтті. Түрлі тілде ән шырқалды. Жастар түрлі би биледі. Бірақ еліміздің түкпір-түкпірінде бұл бақыт пен достықтың әндері, еркіндік пен қуаныштың билері болды.»

Жақын уақытта не болатындығынан бейхабар жүз мыңдаған адам 1 мамырды қуанышпен қарсы алып жатты. Келесі жылдары сталиндік режиммен қаншама тағдыр жойылып, қанша тағдыр тәлкекке түскендігін, тарихшылар әлі де есептеуге қиналады.

Басты суретте: Қазақ жастары – театр студиясының студенттері Мәскеудегі 1 мамыр шеруінде.