Ынтымағы артқан ымырашыл ұйым
26.04.2017 5142
Осыдан 21 жыл бұрын «Шанхай бестігі» қалыптасты. Әуел баста Шанхай ынтымақтастық ұйымы шекаралық мәселелерді шешу үшін құрылды

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, (ШЫҰ) — 1996 жылы 26 сәуірде «Шанхай бестігі» деп атаумен құрылған халықаралық ұйым. Құрылтайшылар болып Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан кірген.

«Шанхай келісімі» негізінде алты ел басшыларының жыл сайынғы кездесуі Мәскеуде (1997 ж), Алматыда (1998 ж), Бішкек (1999 ж), Душанбе (2000 ж), Алматыда (2001 ж) болып өтті. Онда аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту мәселелері жан-жақты талқыланып, осының нәтижесінде Декларациялар қабылданды. 2002 жылғы маусымда Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті Санкт-Петербург қаласында болып өтті. Оның жұмысында ШЫҰ құрылымын орнықтыру іс жүзінде көрініс тапты. ШЫҰ-ның Секретариаты Пекинде, ал Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның штабпәтері Бішкекте орналасатын болды. Бұл кездесуде 3 құжатқа – ШЫҰ Хартиясына, аймақтық терроризмге қарсы құрылым жөніндегі Келісімге және ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының Декларациясына қол қойылды.

Рашид Әлимов (Тәжікстан Республикасының өкілі) 2016 жылдың қаңтарынан бастап ШЫҰ Бас хатшысы, ал Евгений Сысоев (Ресей Федерациясының өкілі) - АТҚҚ Атқарушы комитетінің директоры болып табылады.

Қазақстан – ШЫҰ форматындағы ең беделді мүше мемлекеттердің бірі. Сындарлы мүше және теңқұқылы үнқатысу жүргізу - Қазақстанның аймақтағы ұстанымын арттырып, мүше мемлекеттер арасында өзара сенім мен түсінушілікті арттыруға жәрдем көрсетуде.

Қалыптасқан тәжірибе бойынша Ұйымға төрағалық 1 жылдық кезең ішінде жүзеге асырылады - кезекті саммит аяқталғаннан кейін басталып, төрағалық етуші мемлекеттің аумағында ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының отырысын өткізумен аяқталады. 2015 жылдың шілдесінен Ұйымда Өзбекстан Республикасы төрағалық етуде, ал 2017 жылдың маусымынан бастап – Қазақстан.

Бүгінгі таңда Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы алдындағы басты міндет - аймақтағы бейбітшілік пен тұрақты дамуды сақтау. Әлемдегі қақтығыстар мен қауіп-қатерлердің шиеленіскен кезінде ұйымның рөлі арта түсері сөзсіз. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің xатшысы Владимир Жұмақанов айтты. Жуырда бас қалада Шанxай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңесі xатшыларының 12-ші кездесуі қорытындыланды.

Аталған жиын - маусымда Астанада өтетін саммит алдындағы әзірлік шарасы. Отырыста аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, ұйымға мүше мемлекеттердің өзара әріптестігі пысықталды. Жиыннан соң ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдері Астанадағы ЕХРО-2017-нің алаңындағы жұмыстармен танысты. Халықаралық көрме кезінде Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына да жеке павильон бөлінеді.

Дәулет Ізтілеу