Түріктердің жібек саудасындағы күресі
24.04.2017 3553
Сауда-саттықтан хабары жоқтың қасы бола тұра, Византия, Иран секілді елдермен қалай бәсекеге түсті?

V ғасырда Еуразия төңірегінде тарих аренасына жаңа түркі тайпалары пайда болып, аз ғана уақыт ішінде алып қағанатқа айналды. Сол ғасырдың ортасына қарай Еуразияның батыс жақ шетінде Византия империясы, Сасанилік Иран секілді держава мемлекеттер құрылды.

Аталған үш держваның өзара бәсекелестігі саяси жағдайдың қиындауына дейін алып келді. Сол өзара бәсекелестік тудырған дүниенің бірі жібек саудасы, әсіресе Византияда жібектің құны өте қымбат болғаны сол ол алтынға теңгерілді. Жібек құнының қымбат бағалануының арқасында Византия императорлары Еуропадан әскер жалдады, көрші варвар, герман, славяндық тайпа басшыларын өздеріне қаратып алды. Жібек киімдерін тек қана жоғары дәрежелі аристократтар киді, сондықтанда Византияда жібек жоғары сұранысқа ие болды, дегенмен византиялықтар жеткілікті деңгейде өздері өндіре алмады.

Жібектің жасау, шығару отаны әрине ежелден Қытай екені белгілі. Өз кезегінде түріктер Солтүстік Қытай княздығын, ал 561-563 жылдары эфталиттерді (ақ ғұндар) талқандады. Осыдан келіп түріктер Ұлы жібек жолының саудасында маңызды рөл атқаратын шығыс бөлігін өздеріне қаратты, бұл жібек саудасының нағыз қазаны қайнап тұрған аймақ.

Бірақта, түріктердің сауда-саттықта тәжірибелері жоқтың қасы, олар үшін маңыздысы мал шаруашылығы, егін және аңшылық болды. Бұл тұрғыда жібек саудасында түріктерге көмекке соғдылықтар келді, олар өз білгендерін үйрете отырып жібекті өздері де сатып көлемді табысқа қол жеткізіп отырды. Соғдылықтар шығыс пен батыс арасындағы саудау-саттық транзитінде ертеден делдалдық қызметке ие. Олардың сауда керуен сарайлары Ұлы жібек жолы бойында шығысы Бұқарадан, батысы Қытайға дейін созылып жатты.

Түрік қағанатының саяси-экономикалық жағдайы ушығып тұрған шақта Іштеми қаған сауданы ілгерілету мақсатында Иран шахы Хосров Ануширванға (531-579) соғды көпесі Маниахты жіберді. Бірақ Иран жағы аталған келісімнен күдіктеніп, келіспегенімен қоймай әкелген жібек, сый-құрметтерін өртеп, екі ел арасына одан әрі ірткі салды. Екі жақта соғысқа дайындалды. Түріктер осы сәттен бастап Византия империясын өзіне одақтас ретінде тарта бастады. Миниах бастаған елшіліктер Византияға жол тартты. Ол 568 жылы Орта Азия, Каспий теңізі, Солтүстік Кавказ, Севастополис (қазіргі Сухуми) арқылы қауіпті де, ұзақ жол жүрді. Одан Қара теңіз арқылы Константинопольге жетті. Миниахтың сапары сәтті болып, өз миссиясын табысты түрде жүзеге асырды. Византия императоры түріктермен арадағы одақтастық қарым-қатынасты бекіту үшін 568 жылы Земарх қолбасшыны жіберді.

Византия тарихшысы Менандр өз жазбасында алдағы жылдары Византия мен Түрік қағанаты арасында қарым-қатынас, алыс-беріс жиіледі деп келтіреді. Бұндағы миссияның басты нәтижесі Кавказ жолдары одан әрі Византия арқылы жібекті экспорттау. Бұған дәлел Ресейдің Краснодар өңірінде Лаба өзенінің аңғарынан табылған Мощевая Балка қабірі. Табылған әртүрлі заттардың ішінде аса қызығушылық туындатқан VII- IX ғасырларға тиесілі «Қытай көпесінің кешені» (атау берген А.А. Иерусалимский) және соғды маталарынан тігілген киімдер қалдығы. Кавказдан өтетін жібек жолы саудасы көпке созылмады, бұған себеп VI ғасырдың екінші жартысында Қытай жібек өндіруде монополия болудан қала бастады. Оның үстіне түрік-византия арасындағы одақтастықта берік болмады, түріктер византиялықтардың адалдығына күмәндана бастады. 

Византия жібек саудасында өзіндік өндіру жолын 553 жылдан бастады. VI ғасырдың екінші жартысында жібек өндіру мен сату Шығыс Жерорта теңізі қалаларында өркен жая бастады. Византиялық Феофанның айтуы бойынша император Юстин (565-578 жж.) Түрік қағанатынан келген елшіге Константинопольдегі жібек құрттары орындары мен оны өндіретін шеберлерді көрсеткен. Осыған байланысты Ұлы жібек жолында жібек саудасы мен оның Қытайдан Орта Азия, Иран, Византияға импортталуы қысқарғанын аңғартады.

Яғни осы уақыттан бастап бұл мемлекеттер өздері өндіріп жібек саудасымен айналысатын дәрежеге жетті. Түріктерге бағынышты болған соғды көпестерінің жібек артқан сауда керуендері Арал теңізінен Волганың төменгі ағысы және Солтүстік Кавказ немесе Хазария (Оңтүстік-Шығыс Еуропада құрылған қуатты түрік мемлекеті) арқылы Солтүстік Қара теңіз жағалауы әрі қарай Еуропаға жол тартты. Одан әрі түріктердің Ұлы жібек жолына үстемдігі саяси процестер мен астарларға толы болды. Себебі, Орта-шығыс пен Орта Азияны арабтардың жаулап алуымен әлемнің саяси картасы өзгерді. Жаңа дәуір – араб мемлекеті мен ислам діні заманы етек жайды.

Арабтардың Орта Азияны жаулап алуы жүз жылдан аса уақытқа созылды. VII ғасырдың ортасынан VIII ғасырдың екінші жартысына дейін. Соңғы нүктені 751 жылы болған Талас өзені бойындағы Атлах шайқасы болды. Осыдан бастап Орта Азияда арабтардың әмірі жүрді. Әрине, Ұлы жібек жолының басты бағыттары Орта Азиямен байланысты болғандықтан бұдан былай сауданы жүргізу саясаты да арабтардың қолында болды.

Дәулет Ізтілеу