Халық «Мырза-жан» деп атаған жоқ
13.03.2017 2729
2013-інші жылы РГАСПИ-ге (Российский Государственный архив социально-политической истории) хат жолдап, одан Мәскеуге Мирзоянның өзі және оның әмірімен жолданған «жаңа» төрт хаттың көшірмесін алдым

Ол – Л. Мирзоян! 1897-інші жылы  Таулы Карабахта, шаруаның отбасында туған. 1919-жылдан бастап партиялық жұмыста болды. 1926-1929-ыншы жылдары Әзірбайжан партия ұйымының, 1933-1938-інші жылдары Қазақстан  партия  ұйымының 1-хатшысы.

Қазақстан үшін ол кім болды?

2009-ыншы жылы «Алматыда Мирзоян көшесі бар» деп мақала жазғаннан бастап бұл сауалды зиялы қауымға, оның ішінде тарихшы ағайындарға уақ-уақ қойып жүрдім, ал тарихшылардың көбі «үндемеген үйдей пәледен құтыладыны» күрке  етті де, кейбіреуі, құдай біледі деп айтайын,  сауал иесі тұрғай өзі де ұқпайтын бірдеңе жазды. Енді біреулері «Мырза-жан!» деп мақтағанда Мирзоянның  жанын  іздей аспанға өрмелеп шығып кете жаздады. «Бұлары несі?!» деп еріксіз таңдандым. Ол таңданысыма қосарым: кейінде «Мырза-жанның» мерездігі туралы мақалаларым шыққан күндері бірнеше оқырман үйіме телефон шалып: «Осында, Алматыда, шіріген бай армян бар, солар біздің бір тарихшы ғалымды жарылқап, мәлғұн Мирзоянды  мақтаған  мақала  жаздырып  жүр, сіз соны біліп қойыңыз», – десті. Мен: – «Біліп қоюым» үшін, егер сіз нақты білсеңіз, маған шіріген байдың да, жарылқанған қазақтың да аты-жөнін, телефонын жазып жіберіңіз, сізден алдым демеймін, – дедім. Олар: «ойланайын», «көрейін» деумен тынды.

Иә, Л. Мирзоян 1933-інші жылдың ақпанында Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшылығына келді. Елді аралап, «Қужақ» – Голощекин шаңырағын шағып кеткен ауыл шаруашылығымыздың жағдайын көрді.

«Қужақтан» қалған тақырға жіберілген «Мырза-жан» ол тақырды келе сала егінге бөктірген жоқ, малға толтырған жоқ. Олай істейтін құлқы да, мүмкіндігі де болған емес. Елдің жағдайын тездетіп зерттетіп білген Кремль дереу көмектесті: аштық азабын тарта қоймаған республикалардан астық, мал жібертті. Бұл туралы құжаттар бар, бірақ олар «мырзажаншылдарға» керек емес.

Бала-шағасынан бұрын бастығының амандығын жатып-тұрып тілейтін бетсіз белсенді қазекемдер оны «Мырза-жан!» деп  үкілеген. Қазіргі ресми  есеп бойынша, бізде «халық жауы» лақабымен 110 мың  адам  қамалып, оның 25 мыңы атылып, қалғаны 10 жылға кесіліп, Сібірге айдалған. Ол – Мирзоян мен оның жемтіктестері және «мырза-жаншыл» сатқындар жасаған сұмдық емей, немене?! 

Қолына билік тигенде төңірегіне рухани құлдарды – жағымпаздарды жинап алатын «көсемдердің» бірі Мирзоян болған. Оның сұрқиялығы, екіжүзділігі жайында жинап алған ресми деректерімді бұл алғысөзімде  қайталамадым, себебі: олар осындағы мақалаларымда бар.

Мирзоян туралы жазудағы мақсатым: біріншіден, әкем Қабыштың (Қабдырахманның) өсиетін ұмытпадым. Қарапайым шаруаның баласы, өмірі ұжымшарда өткен батыл да турашыл әкем мен журналшылыққа қадам басып, мақала жаза бастаған кезде (1957-інші жылы) бір күні ауылдың тарихы туралы әңгіме бастап, «халық жауларын әшкерелеу» деген болғанын, халықтың одан көп қайғы-қасірет шеккенін айтып: «Балам, жолың болып, қалам қызметің дұрысталғанда есіңде болсын: Қазақстанды Калашөкин деген басқарып, қазақтың малын қырды, аштық жасады, одан кейін Мырзаян деген басқарып, қазақтың өзін қынадай қырды. Калашөкин туралы қатты айтылып, жазылып жатыр, ал Мырзаян туралы ештеңе айтылған жоқ, сен соның мерездігіне көз жеткізе алсаң, дәлелдеп тұрып жазуды ойла, ол Ахмет Байтұрсынов бастаған адал азаматтарымызды аттырыпты, сен, балам, соны ұмытпа!» деген еді. 

Иә, қазақты  қырғынға ұшыратқан зымиян Мирзоянның қайдан келгенін, кім болғанын, не істегенін жетерліктей біле алдым да, оқырман қауымға, жұртшылыққа мүмкіндігімше анық баяндап беруге кірістім. Екіншіден, зиялы қауымның: «Мирзоян шынында кім болды? Ол туралы «Мырза-жаннан басқа тосын пікір айтыла бастады, ойланайықшы, анығын білейікші» деулеріне себепші болғым келді. Көпшіліктің қолдауынсыз қай іс өрістеген?! Бірақ, өкінішке қарай, ниетімді елеп-ескергендер болмады.

Алайда, жазғанымды оқыр көз, тыңдар құлақ, мән берер ниет жоғын көріп қаншама шаршасам да, бастаған істі жалғастырып, аяқтауым керек. 2013-інші жылы РГАСПИ-ге (Российский Государственный архив социально-политической истории) хат жолдап, одан Мәскеуге Мирзоянның өзі және  оның әмірімен жолданған «жаңа» төрт хаттың көшірмесін алдым. Ол мұрағатта СОКП Орталық комитетінің 1933-1991 жылдардағы құжаттары  сақтаулы екен, бірақ түгел емес.

«Халық жауларын әшкерелеу» науқаны Орта Азия республикалары арасында Қазақстанда шектен тыс қарқынмен жүргізіліпті, бұл соңғы жылдардағы мұрағаттық зерттеу еңбектерден мәлім. Мәселен, халқының саны бізден үш есе көп Өзбекстанда «әшкереленген  халық  жауының»    саны біздегіден он есеге жуық аз. Қалайша? Неліктен? Екі елді де Сталиннің кадрлары басқарып тұрды емес пе? Әлде Сталин өзбектердің, әлемге  әйгілі  сықақшы Эзоп айтқандай, «әлде жиені, әлде нағашысы» болды ма? Жоқ!  Өзбекстанды халықты қорғауды, сақтауды ойлаған Азамат басқарды, ал Қазақстанды  халықты   тобыр деген қаскөй басқарды, ол қаскөй – Мирзоян, оның  өзімен бірге ала келген жемтіктестері және жергілікті итаршылар.

Қазақстандықтарды қырған «Мырза-жанның» атын көшелерімізден, мектептерімізден, тағы басқалардан өшіру керектігін дәлелдеген хатым 2012-інші жылы: Алматы қаласының әкімдігіне, Парламентке, президент Н. Назарбаевқа жетті, тек жауап келмеді.

Президентке хатымды: 

«...Құрметті Нұреке, ойланыңыз. Мирзоянды  дәріптеу – өте  ұят  іс. Өзіңіз қадірлеп, Мемлекеттік сыйлық берген Қайым Мұхамедхановтың – абайтанушы, шәкәрімтанушы, мұхтартанушы ғалымның атын қоюға Алматыдан, Семейден, Астанадан көше, мектеп табылмай жатыр, ал Мирзоянға  Астанада тіпті ескерткіш орнатылмақ!  Сорақылық емес пе?!.», деп аяқтаған едім. Әлде сол айтқанымның әсері ме, 2014-інші жылдың соңында баспасөзде «Астана қаласының әкімдігі Мирзоян атындағы көшені Қаныш Сәтбаев атындағы көше деп атауға шешім шығарды» дегенді оқыдым. Ғұламалығы КСРО-ның шегінен аса шет елдерге де мәлім болған академик Қаныш Имантайұлынан бұрын зәлім Мирзоянды ескеріп, оның атын тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасындағы көшеге берген, бергізген намыссыз, рухсыз, тексіз қазақтар кімдер екен?!

Ал биылғы, 2015-інші жылғы, маусым айының 4-і күні Астанадан журналшы інім, шоқантанушы ғалым Назарбек Қанапияұлы телефон шалып: «Ғаб-аға, сүйінші! Бізде «Мирзоян көшесі» деген ат жойылды! Көшенің бас-аяғына «Қаныш Сәтбаев көшесі» деген тақтайша ілінді! «Арарат» атты ресторан бар еді, ол «Хантәңірі» деп  аталды. Бұл – Сіздің жеңісіңіз, аға, құттықтаймын!» деді, шат-шадыман болып сөйлеп. Әрине, мен  қуандым. Хатты президентке ғана емес, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мырзаға да жолдағанмын.  Мирзоянды  әшкерелеп  2009-ыншы жылы  алғаш мақала жазғаным да, сол бетімнен қайтпағаным да дұрыс болды. Иманғали інімнің мені батыл қолдағанына шүбәм жоқ, рахмет, беделі арта берсін!     

Маған сорақылықты аластауға көмектесудің орнына қарсы сөйлеп, «Мырза-жан» деп мәңкілдеген «тарихшы» қазақтардың бар екені де рас.    Олар  әу  деп сауаты  ашылған кезде хрущевтардан естігені мен оқығанынан жаңылмай, сондағы  малталарын әлі де езіп  әлек. Мейілдері.

Енді мақалаларыма жол берейін. Ескерте отырарым: бұлар бірнеше гәзетке әдейілеп жазылды, тақырып ортақ болған соң кейбір ресми дерек қайталанады, өйткені әрбір газеттің өз оқырманы бар, барлық газетті ешкім жаздырып, немесе сатып алмайды, керегін ғана таңдайды, яғни сөзім, ойым неғұрлым кең тарасын деген мақсатым болды. Дегенмен, кейбір қайталауды қысқарттым. 2016-ыншы жыл, желтоқсан.

Кремльден  тізім  келмеген

«Қызыл  қырғын» деген сөзді естігенде құлағым шыңылдап кетеді. Өзім көрмесем де, естіген, оқыған сұмдықтар санамды шабақтайды. «Түркістан» гәзетінде тәптіштеп жазылып жатқан жәйттер, мысалы, Тілеу Көлбаев мырзаның мақалалары – Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде болған қанды, қасіретті оқиғалардың қазақстандық көрінісі, бірақ оларды ертеңгі ұрпақ үшін түгелдей құнды дей алмаймын, өйткені нанымдысымен қатар нанымсызы да бар.  Әлбетте, мәселе менің бағамда емес, ел, халық өмірінің осы саласы  тарихымыздың бір тарауы болып қалуы үшін жазылуында, ал тарих – әділ пайыммен адал жазылса ғана тарих. Керісінше болған жағдайда ол тарихтың өзіне сор болып жабысатыны мәлім. Күні кеше КСРО тарихы, оның қосағындағы Қазақстан тарихы Н. Хрущев, Л. Брежнев дәуірлерінде өзгерістен өзгеріске ұшырап, «жаңартылып, толықтырылып», алдыңғы дәуірді келесісі жоққа шығарып, солардың ыңғайына қарай жазыла берді. Ол құбылыс халыққа моральдік те, материалдық та үлкен ауыртпалық болды. Мысалдың бір мысқалы: Қазақ жерінің астын үстіне шығарған «тың  және тыңайған жерді игеру» тарихымызда әуелі «№1 тыңгер Н. Хрущев» делініп дәріптелсе, ол тақтан ұшырылған соң «№1 тыңгер» деп Л. Брежневті  дәріптеген күлкілі халді бастан кештік.   

В. Лениннің өмірі қысқа болып, Ресейдің жаңа тарихы жазылғанын көріп үлгірмесе де, «халық жауы» науқанын тудырып  кетті. Оны қызбалана қостап: «Біздің партиядан басқалар түрмеде отыруы керек!» деп сөзуар Л. Троцкий жұлқынып шықты. Оны жапырыла жақтағандар жетіп артылды.

Өкінішті өрескел ахуал: «қызыл қырғынды» бастаған Троцкийді, соның «идеясын» ту етіп, украин казактарын қынадай қырған М. Тухачевскийді,  тағы басқаларды бүгінгі кейбір «тарихшылар» әулие етіп том-том кітап жазып, оның есесіне И. Сталинді күстәналап жүр.

Л. Мирзоян Қазақстанды 1933-1938 жылдары басқарды. Бүкіл ел қадірлеген Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндей ондаған зиялымыз оның билігі «салтанат құрған» сол  жылдары «халық жауы» деген жаланың құрбаны етілді.

Бұрынғы бір мақаламда Ресейдің атақты тарихшы ғалымы, саясаткер журналшысы Юрий Жуковтың «Басқа Сталин. КСРО-дағы 1933-1937 жылдарғы саяси реформалар» атты кітабы барын, онда Мирзоянның қазаққа қандай «қамқорлық» жасағаны жөнінде деректі мағлұмат келтірілгенін  айтқанмын.

Қазақтың малын қырып, аштыққа  ұшыратқан Голощекинді қарғадық, қаралап  жаздық, әлі де жазамыз. Ал қазақтың ондаған мың азаматын қор еткен Мирзоянды неге «Мырза-жан» дедік? Қарнымыз тоя бастап, қолымызға домбырамызды қайтадан алып, аузымызға ән оралған соң санамыз қалғып кетті ме?  Кремльге  Мирзоянның мөрімен барған  6749 «халық  жауы» Ежовтың мөрімен 7650 болып оралса да, ол тізім емес, сан ғана еді ғой? «Национал-фашистердің» тізімі өзімізде, Алматыда жасалды емес пе? Ендеше, тізімді кім, кімдер жасады? Мирзоян: Алаштың арыстарын, мәселен, өзі жақсы білген Сәкен Сейфуллинді тізімге енгізуге, азаптатуға, аттыруға шынымен мәжбүр болды ма? Кімдер мәжбүрледі екен? Қазақстан компартиясының сьезі ме? Орталық комитеттің пленумы ма?

Жалпы, меніңше, «халық жауы» науқанын жағымпаз, портфельқұмар басшысымақтар қыздырып әкетті, өзара бәсекеге айналдырды. Ол «жарыстың жеңімпазы» Мәскеу облысынан 55 мыңнан аса, ал Украинада  160 мыңнан  аса  «жау» тапқан  Н. Хрущев болыпты.  

Қазақтың аймаңдайлы азаматтарының бәрін дерлік біле тұра оларды тізімдеп қазаға ұшырату – Мирзоянның да «үлкен жарыстан» қалмауды ойлағандығы, беті жылы, кеудесі суық, тілі тәтті, діні қатты болғандығы.   Қайран  малсақ  қазекем: – Азаматымыз  қайда?!  – демеді оған.

Әкемнің ағасы Құрманбай Айтықов – сол зобалаң тұста Мирзоянның өз тізіміне ілінбесе де, әсірепысық шолақ белсенділердің тізіміне іліккендердің  бірі. Жастайғы  кәсібі  ұсталық  екен. Колхоз  құрылып, іскер  жас ретінде партия мүшелігіне қабылданып, оны-мұны қызмет атқара бастасымен өзі көріп-білген озбырлыққа қарсы күреске кіріскен. Айтысып-тартысып, жеңіліп, партиядан қуылып, ұсталық кәсібіне оралған.

Бірде, түн ортасынан ауа, көршідегі кішкене қыз бала ботадай боздаған  келіп: «Ата, ата! Біздің үйге ұры кірді!» дейді. Күйеуінен айырылғанына жарты жыл  ғана болған  жесір келіншектің қызы. Құрекең тұра жүгіріп жетіп барса, колхозға егін науқанын бақылауға ауданнан келіп жатқан өкіл жігіт пен келіншек  жұлқысып жүр екен. Құрекең жігітті бассалып, сілейтіп сабап, қуып жібереді. Содан екі күннен кейін қызылжағалы екеу келеді де: «Партияның өкілін сабадың! Халық жауысың!» деп Құрекеңді ала жөнеледі. Ұста атам содан қайтып келмеген, сүйегі Магаданда қалды. Ал бала-шағасы тоз-тоз етіп жіберілген. Жұмыстан, мектептен қуылған. Тұңғышы Ізғұтты Семей қаласын паналап, сол жақтан И. Сталинге хат жазып, майданға сұранған. «Менің кінәсіз әкемді «халық жауы» деп он жылға соттап, Сібірге айдап жіберді. Маған соғысқа баруға рұхсат беріңіз. Мұнда «халық жауының баласысың» деп әскерге алмай қойды.Мен қарапайым колхозшы әкемнің абыройын ақтау үшін соғысамын, әкемнің халық жауы болмағанын, өзімнің халық жауының баласы емес екенімді дәлелдеймін!» деп жазған хатынан кейін 1942-інші жылы майданға алынып, 1944-інші жылы шілдеде Батыс Двина өзенінен өткендегі қиянкескі ұрыста ерекше ерлік көрсеткені үшін  Совет Одағының Батыры атағы берілді, бірақ  ауыр жараланып, госпитальде екі аптадан кейін көз жұмды. 

«Халық жауы» науқанында  нендей сұмдық болмады?!.

Соңғы жылдары мұрағатжайларымызда іздеу-зерттеу жұмысымен шұғылданып жүрген жазушылар, журналшылар және тарихшылар марқұм зиялыларымыздың бірсыпырасы «халық жауын әшкерелеуде»  қысастықпен бірін бірі ұстатып жіберуге қандай «еңбек сіңіргенін» құжат бойынша анықтап, шет жағасын айтып, жазып та жүр.  Масқара!..

«Халық жауларының» тізімі бізге де Кремльден келмегені сияқты, «әшкерелегіш зиялылардың» да Кремльден тапсырма алмағандары анық. Бәрін де асқындырғандар – жер-жердегі парықсыз, шенқұмар, әсіребелсенді дүлейлер!

«Түркістан» газеті, 2010-ыншы жыл, қыркүйек

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы