Арғы тегі Кіндік Алтайда жатқан ежелгі майялардың күнтізбесі мен түрік халықтарының күн санауының арасында да нақты ұқсастықтардың бар екені осы жерден байқалады
Бүгінгі Мексика жерін біздің заманымыздың V-X ғғ. аралығында мекен еткен майялардың биік өркениеті, әсіресе, олардың математикасы мен күнтізбелер жүйесі әлемді әлі күнге дейін таңғалдырып келеді. Оларды 40 жыл бойы зерттеген көрнекті америкалық ғалым, математик, тарихшы, өнертанушы әрі суретші Хосе Аргуэльес майя ғылымы мен білімінің негізінде жазған өзінің «Майя факторы» атты құнды монографиясымен қатар басқа да елеулі ғылыми еңбектерін жариялап, ХХ ғасырдың соңына таман Уақыт Заңын ашты және оны бүкіл әлемге паш етті. Ғалымның пікірінше, майялар уақыт заңы мен оның қыр-сырын шегіне жеткізе меңгерген аса білгір халық болған. Олар оны өте шебер қолдана білудің арқасында Жердің галактикалық уақыт кеңістігіндегі орнын дәл анықтаған.
Археологтардың зерттеулері дәлелдеп отырғандай, майялар жоғарыда аталған замандарда өздері мекендеген үлкен аймақта бір-бірінен алшақ орналасқан ондаған ірі қалалар салғаны белгілі болып отыр. Олардың басты нысандарын пирамидалар жүйесі мен тасқа ойылып жазылған иероглифтерге толы стеллалар мен тастан тұрғызылған өте сәнді ғимараттар құраған. Алайда майя өркениетіне тән, бірақ бүгінгі ғалымдарға түсініксіз әрі осы уақытқа дейін нақты шешімі табылмай келе жатқан «Майялар неліктен өздері салған сәулетті қалалары мен әлі салынып бітпеген ірі құрылыстарын күрт тоқтатып, із-түзсіз кеткен?» деген жұмбақ бар. Мұның себептері мен салдарын әлем ғалымдары әлі күнге дейін іздеумен келеді.
Біздің заманымызға дейін тек үзік-үзігі ғана жеткен майялар қалыптастырған ұлы өркениет ошақтарының толығымен сақталып қалуы да мүмкін еді. Бірақ, өкінішке қарай, испандық конкистадорлар оларды қолынан келгенінше жойып баққан. Мына бір мысал – соның айқын дәлелі. 1562 жылы түн мезгілінде майялардың Мани дейтін қаласында Диего де Ланда есімді испандық епископ өз жарлығымен байырғы майялардың баға жетпес өнер туындыларын, кітаптары мен қолжазбаларын түгел жиғызып алып, түгін қалдырмай өртетіп жіберген. Бұл шектен шыққан айуандық әрекет Мысырдың Александрия қаласындағы Үлкен кітапханасына жасалған вандализммен пара-пар болатын. Өзінің жымысқы мақсатпен әдейі жасаған қылмысын бүркемелеу үшін әлгі епископ: «Біздер өте көп кітап тауып алдық, бірақ олардың ішінде соқыр сенім мен адамды еліктіріп, сайтан жолына азғыратын дүниелерден басқа ешнәрсе болмағандықтан, оларды түгелдей өртеп жібердік. Үндістер бұған қатты өкінді»,– деп жалған ақпарат таратқан.
Кейін анықталып отырғандай, конкистадорлар қанша тырысқанымен майялардың қалаларын түгелдей жойып жібере алмаған. Себебі бітік өскен тропикалық ормандар олардың кейбір өркениет ошақтарын конкистадорлардың көзінен тасалап, аман сақтап қалған. Жоғарыда суреттелген айуандықтан соң 250 жыл өткен кезде лорд Кингсборо және Джон Ллойд Стефенс секілді ұлы саяхатшылардың жазбалары жарық көре бастады.
Майя өркениетіне байланысты өз жазбаларында Джордж Стюарт мынандай өте құнды пікір келтіреді: «Еуропа орта ғасырда қара түнек замандарды басынан кешіріп жатқанда майялар адамзат өркениетінің керемет үлгісін жасап үлгеріпті».
Ғалымдарды ерекше таңдандырған ғажайып дүние майялардың астрономиялық және математикалық білімдерінің соншалықты тереңдігі болатын. Мұның бұлтартпас дәлелдері бұл халықтың өрттен аман қалған үш кітап-кодекстерінен анық байқалады. Олар бұл күнде Мадрид, Дрезден және Париж қалаларының музейлерінде сақтаулы тұрғандықтан, әлгі қалалардың атауларымен байланыстырылып, Мадрид, Дрезден және Париж кодексі болып аталып кеткен. Кітаптың алдыңғы екеуі астрономия мен болашақты болжайтын сәуегейлікке бағышталса, соңғысы салт-жораларға, майя құдайлары мен астрологияға арналған. Осы айтылғандарға сәйкес, майялардың аспан денелерін бақылайтын обсерваторияларының болғандығы да белгілі болып отыр. Мысалы, майялардың Чичен-Ице қаласында орналасқан обсерватория күмбезіндегі терезе тәріздес ойықтан майя астрономдары күн мен түннің теңелетін кезіндегі Күнді бақылай алатын болған. Майялардың астрономиялық есептері дәлдігі жағынан алдына жан салмағаны байқалады. Тіпті бүгінгі заманның ең озық астрономиялық технологиялары және ең ұшқыр телескоптарымен қаруланған астрономдар да бұл халықтың математика ғылымын соншалықты терең меңгергендеріне таңдай қағады. Мәселен, майялардың Ай мен Күн, Жер мен Шолпан немесе Үркер топ жұлдыздарының циклдарына қатысты есептерінің бүгінгі астрономдардың қол жеткізген нәтижелерінен асып түспесе, ешбір кем емес екендігі майя ғылымы мен білімінің аса жоғары деңгейде болғанын толық дәлелдейді.
Ғалымдар майялардың әр қилы мақсаттар үшін пайдаланған 17 түрлі күнтізбе жүйесі болғанын ашып отыр. Алайда солардың ішінде ең жиі қолданылатын үш әмбебап күнтізбесі ерекше назар аударады. Олардың біріншісі – қазіргі біз қолданып жүрген 365 күндік Григорий күнтізбесіне ұқсастау келетін Хааб деп аталатын азаматтық күнтізбе. Бұл күнтізбе бойынша, бір жыл әрқайсысы 20 күндік 18 айдан (18х20=360) және аты жоқ 5 күннен, яғни бас-аяғы 365 күннен тұрады. Әдетте соңғы бес күнді халық жаманшылығы мол қатерлі мезгілге жорыған. Аспандағы Күн циклымен сәйкестендіріп жасақталғандықтан бұл күнтізбе, ең әуелі, күнделікті шаруашылықты жүргізу үшін қолданылған.
Майялардың екінші күнтізбесі – Цолькин деп аталатын 260 күндік жүйе. Мұның қыр-сыры да, жұмбағы да өте мол. Біріншіден, осы күнтізбе арқылы майя абыздары діни салт-дәстүрлерді өткізетін мезгілдерді белгілеп, оларды осы күнтізбеге сәйкес атқарып отырған.
260 күндік Цолькин күнтізбесі Хааб күнтізбесінен әлдеқайда қысқа болғандығына қарамастан, мұндағы 13 ай да 20 күннен тұрады (20х13=260). Алайда бұл екі күнтізбенің бір-бірімен үндесетін тұстары да жоқ емес. Мәселен, Хааб күнтізбесінің 52 циклы (52х365) мен Цолькин күнтізбесінің 73 циклы (73х260) 18 980 күнге теңеседі. Бұл майялар жасаған Күн күнтізбесінің 52 жылдық ғасырына тең. Шындығында да майялардың бір ғасыры 52 жылмен ғана шектелген.
Үшінші күнтізбе «Ұзын есеп» деп аталатын миллиондаған жылдардың аумағын қамтитын жүйе. Бұл күнтізбе бойынша, Ұзын есеп біздің заманымыздан 3113 жыл бұрын басталып, 2012 жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтиды. Оның сөздігінде: kіn (бір күн), uіnal (20 күндік бір ай), tun (360 күндік бір жыл немесе 18 uіnal/ай), katun (20 tun/жыл), baktun (20 katun немесе 400 жыл) сияқты сан есімдердің атауларымен қатар олардан да үлкен ұғымдарды білдіретін: pіctun, calabtun, kіnchіltun және analtun сияқты терминдер де кездеседі. Мәселен, бір analtun 64 миллион жыл деген ұғымды білдіреді. Белгілі бір айтулы уақиғаның орын алған мезгілін белгілеу үшін майя күнтізбесі сан есімдердің мына реттегі бес жүйесін пайдаланған: baktun, katun, tun, uіnal, kіn. Мысалы, 9.10.19.5.11 деген майя таңбаларын былайша оқуға болады: 9 baktun (1296000 күн), 10 katun (72000 күн), 19 tun (6840 күн), 5 uіnal (100 күн), 11 kіn (11 күн). Бұлардың жалпы қосындысы 1 374 951 күнге немесе шамамен 3 764 жылға тең. Ал майялардың тастан тұрғызған бір ескерткішіндегі «Ұзын есеп» жүйесімен қашалып таңбаланған жазулар 90 миллион жыл бұрын орын алған уақиғадан хабар берсе, енді біріндегі таңбалар керісінше, 3000 жылдан кейін, яғни келешекте болатын уақиғаға жөн сілтейді.
Бұл орайда 1952 жылы ашылған Мексиканың Паленке қаласындағы «Таңбалы ғибадатхана» деп аталатын пирамиданың табанынан 30 метр төмендікте жерленген майялардың ұлы патшаларының бірі – Пакаль Вотанның 20 тонна тартатын тастан сомдалған саркофагының 8 шаршы метрлік төрт бұрышты қақпағының бетіне ойылып жазылған 13 жұмбақ таңбаларға соқпай өту мүмкін емес. Өйткені Пакаль Вотан – біздің заманымыздың 631-683 жылдары аралығында 52 жыл бойы ел басқарып, майя өркениетіне айтарлықтай үлес қосқан биік тұлға. Әсіресе пирамидалар құрылысына мән берген және күнтізбелерге қатысты жазба жүйелерін қалыптастыруды қолға алған, сонымен қатар пайғамбарлығы мен сәуегейлік қасиеті мол абыз адам болған. Пакаль Вотан халқына: «Мен ғарыштан сіздерге арналған хабар алып қайта ораламын», – деген өсиет қалдырған. Саркофагтағы таңбаларды Хосе Аргуэльес мұқият зерттей келе, олардың жазылған уақытын да, сол сияқты алып саркофагтың он екі ғасырдан соң мексикалық археолог Альберто Рус ашқан мезгіліне тікелей қатысы бар адам таңданатын жұмбақ сырлардың да бетін ашты. Мәселен, Альберто Рус Пакаль Вотанның саркофагын оның жерленген мезгілінен 1260 жыл кейін ашты (1952 – 692 = 1260). Бұл санды Хосе Аргуэльес бүгінгі адамзат қолданып жүрген жасанды уақыт жиілігінің коды – 12:60-ге сілтеме деп қабылдады. Ал аталған уақыт циклының аяқталатын мезгілі – 2012 жыл мен Пакаль Вотан жерленген мезгілдің аралығындағы 1320 жылды ( 2012 – 692 = 1320) ғалым табиғи уақыт жиілігінің коды - 13:20-ға балады. Демек, Пакаль Вотан жоғарыда аталған өсиетінде осыны тұспалдаған. Олай деуге толық негіз бар. Себебі саркофаг бетіне ойылып жазылған 13 таңба арқылы Пакаль Вотан майялардың галактикалық білімінің ғылыми негіздерін адамзаттың кейінгі ұрпақтарына өсиет етіп қалдырған.
Майя өркениетін зерттеушілердің қай-қайсысы болсын майя абыздарының болашақты болжай алатын сәуегейлік қасиеті болғанын мойындайды. Бұл тұжырымның негізсіз емес екеніне жоғарыда суреттелген құпия сырлар нақты дәлел. Өйткені байырғы майялар галактиканың ішкі сырын өте жетік білген. Сол білімнің арқасында олар сол замандарда-ақ 2012 жылғы желтоқсан айының 21 жұлдызында біз тіршілік етіп отырған ғаламшарда тарихи бетбұрыстар мен ұлы өзгерістер болатынын алдын ала болжап қойған. Алайда әлгі құбылыстардың бүге-шігесі біздерге толық жетпей қалған. Ғалымдардың кейбірі әлгі бетбұрыстарды «ақырзаман» болар деп топшыласа, енді біреулері майялардың сәуегейлігін жер шарына енетін жаңа заман немесе адамзаттың рухани жаңару эрасының басы болуы мүмкін деп болжайды. Ал астрономдардың пікіріне келетін болсақ, біріншіден, 2012 жылғы желтоқсанның 21-і қысқы маусымдағы күн мен түннің теңелетін мезгіліне дөп келеді екен. Бұл, әрине, онша таңданатын нәрсе емес. Екіншіден, дәл cол кезде Күн мен Жер өзіміз өмір сүріп отырған галактиканың дәл ортасынан өтетін бір сызықтың бойына тізіле орналасады екен. Бұл, әрине, кімді болса да қатты ойландыратын ғажап құбылыс. Дәл осы арада: «Бұдан мың жылдан астам бұрын қазіргі адамзат тіршілік етіп отырған ғаламшарда орын алатын әлгіндей құбылыстарды майялар қалай болжаған?» – деген сұрақ туатыны заңды нәрсе. Өйткені майя сәуегейлері өмір сүрген замандарда не линза, не телескоп, не осы заманның космосқа байланысты қол жеткізген жетістіктері атымен болған жоқ қой. Әзірге бұл сұрақтың жауабын тағы да майялардың өркениетін түбегейлі зерттеген, жоғарыда аты аталған америкалық ғалым Хосе Аргуэльестен іздеп көрелік. Ғалымның пайымдауынша, бүгінгі адамзат өздері қолдан жасаған механистикалық алдамшы уақытта тіршілік етіп отыр. Өйткені бұл күнде қолданыста жүрген Григорий күнтізбесі бүкіл әлемді өзіне басыбайлы етіп алған. Ол күнтізбенің бір жылдық мерзімі кейбірі 28, кейбірі 29, енді бірі 30, және бірі, тіпті, 31 күнге де тола салатын, ұзынды-қысқалы 12 айдан тұрады. Ол аз болғандай, адамзат уақытты ноқталамақ болып, әрі оны кәдімгі кеңістікпен шатастырып, сағаттың циферблатын 12 бөлшекке бөліп, әр сағатты 60 минутқа, әр минутты 60 секундқа жіктеп, бас-аяғы 360 градус болатын дөңгелек жазықтыққа «байлап» қойғандай болып жүр. Мұның астарында бір жылда 12 ай бар, оған ойдағы бес күнді қосса, толық жылды құрайтын 365 күн шығады, бір тәулікте 24 сағат бар, оларды күн мен түнге бөлсе, 12 сағаттан, ал әр сағат 60 минуттан тұрады деген жасанды күнтізбенің ғылымнан аулақ 12:60 секілді қолдан жасаған уақыт модулі немесе жасанды уақыт жиілігі тұрғаны күмән тудырмайды. Бірақ аталмыш күнтізбенің ешбір ғылыми негізі жоқ екенін бүгінгі адамзат әлі толық сезінбей отыр. Себебі, Хосе Аргуэльес айтпақшы, бүгінгі өркениет адамдары жалған күнтізбеге қатты шырмалып, космоспен табиғи байланысын мүлде үзіп алған және о баста тәңір сыйлаған құндылықтардан да адасып қалған. Соның салдарынан адамзат бүгін өзін де, өзі тіршілік етіп отырған биосфераны да жойып жіберуге шақ қалып отыр. Бірақ өкінішке қарай, төніп тұрған бұл қатерден адамзаттың басым көпшілігі мүлде бейхабар. Солай бола тұрғанмен, бұл дағдарыстан шығатын еш амал қалмаған екен деуге де болмайды. Мәселен, Хосе Аргуэльес адамзатқа «уақыт – ақша» секілді жасанды уақыт заңы мен жасанды уақыт жиілігіне (12:60) негізделген күнтізбеден тез арылып, майялардың байырғы күнтізбелері мен галактикалық уақыт жиілігінің өлшеміне (13:20) негізделген әр айы тұрақты 28 күннен, әр жылы 13 айдан тұратын ғалымның өзі жасақтаған галактикалық мәңгі күнтізбеге бірден көшуді ұсынады. Бірақ бұл ұсыныстың байыбына бармаған ғалымдар: «13 айлық күнтізбелер ескі өркениеттердің біразында, атап айтқанда, мысырлықтардың тарихында, мұсылман әлемінде, тіпті, қытай өркениетінде де орын алған. Олай болса, Хосе Аргуэльестің күнтізбесінің алдыңғылардан несі артық?» – деген сауалды көлденең тартады. Алайда Хосе Аргуэльес ұсынып отырған күнтізбенің басқалардан артықшылығы жетіп артылады. Тек оны көре білу керек және сезе білу керек. Ендеше, аталмыш ғалым ашқан Уақыт Заңына тереңірек үңілейік.
Хосе Аргуэльестің өзі жасақтаған 13 айлық күнтізбенің басқалардан артықшылығы неде деген сұраққа бірден жауап бермес бұрын, ең алдымен оның негізгі ұстанымдарына назар аударайық. Ғалым байырғы майялардың құрастырған күллі күнтізбелерін сараптай келе, майя ғалымдарының уақытқа қатысты қағидаларын басшылыққа алады. Себебі ол, біріншіден, майялардың уақытты кеңістікпен шатастырмайтынын анық байқады. Өйткені олар кеңістіктің шегі бар, ал уақыттың шегі жоқ екенін анық білген. Сонымен қатар ежелгі «үндістер» уақытты үштік өлшеммен өлшеуге болмайтынын, керісінше, уақыт тек сананың, яғни төрттік өлшемнің еншісі екеніне де көз жеткізген. Екіншіден, ғалым кез келген сәуле немесе электрмагниттік толқынның немесе тербелістің өз жиілігі немесе модулі болатыны секілді уақыттың да өз жиілігі мен модулінің бар екенін айқын түсінген. Үшіншіден, Хосе Аргуэльестің уақыт тербелісі жиілігінің 13:20 екеніне де толық көзі жеткен. Өйткені бұл жиілік Күн мен галактикалық орталықтан бастау алып, Жерге жететін, жетіп қана қоймай, жер биосферасына үнемі әсерін тигізіп отыратын космостық сәулелердің жиілігі немесе галактикалық тұрақты өлшем бірлігі екенін түсінген. Төртіншіден, ғалым әлгі сәулелердің жиілігі жер биосферасындағы тіршілік иесінің бәріне де бірдей әсер ететінін де кәміл сенеді. Ал сол әсердің адам баласы мен басқа тіршілік иелеріндегі көрінісі қайсы деген сұраққа беретін ғалымның жауабы мынаған саяды: космостық сәулелер тіршілік иелерінің бүкіл болмысына, әрбір клеткасының, ағзасының, тіпті саусақтары мен башпайларының, буындарының қалыптасуына, ал одан да нақты айтқанда, генетикалық кодына (ДНК) тікелей әсер етеді. Демек, адамзат пен адамға ұқсас жануарлардың аяқ-қолында анық байқалатын 20 саусақ пен денелеріндегі мойыннан екі тобыққа дейінгі 13 буын – жоғарыда аталған уақыт тербелісінің галактикалық тұрақты өлшемі – 13:20-ның нақты көрінісі. Тіпті бұл тұрақты өлшем кәдімгі тасбақаның арқа қабыршығындағы 13 бунақ пен сол бунақтардың етек жағын орай орналасқан 20 сақинадан да анық көрініп тұрғанын мысалға келтіреді. Хосе Аргуэльес өзі ашқан заңдылықтардың бәрін де майялар өз заманында өте шебер меңгергенін және қатаң сақтай білгенін, сондай-ақ олардың тек қана табиғаттың биоритмімен орайласа өмір сүргеніне өзінің де, өзгенің де көзін жеткізеді. Енді Хосе Аргуэльес құрастырған 13 айлық күнтізбенің табиғи биоритмге, яғни 13:20-ға сәйкес келетіндігін дәлелдейтін басқа факторлар бар ма деген мәселеге келетін болсақ, мұның да жауабы дайын. Мәселен, Ай бір жылда Жерді 13 рет айналып шығады. Ал мына бір мысал одан да ғажап. 2007 жылғы сәуір айының 25-і күні астрономдар Күн жүйесінің сыртынан Жерден 200 триллион шақырым қашықтықта орналасқан Жерге ұқсас және бір планетаны ашты. Әлгі планетаның орбитасы сөне бастаған басқа Күннің орбитасына жақындау екен. Жерге ұқсас, бірақ одан шамамен бес есе үлкен әлгі планета өзінің Күнін 13 күнде бір рет айналып өтеді екен. Демек, галактикалық уақыт тербелісінің тұрақты өлшемінің 13-пен байланысты екенін La Sіlla атты Оңтүстік Еуропадағы обсерваторияның телескопының көмегімен ашылған әлгі планета да дәлелдеп тұр. Бұған қалай таңданбайсың. Майялардың жоғарыда суреттелген Цолькин (күн есебі) күнтізбесі – нағыз галактикалық уақыт жиілігі немесе тұрақты өлшем – 13:20-ға негізделген күнтізбе екені аян. Ені – 13, тігі 20 ұядан (13х20) тұратын тік төрт бұрыш кейпіндегі бұл күнтізбенің сырын да Хосе Аргуэльес терең зерттеген әрі өзі құрастырған 13 айлық күнтізбе мен өзі ашқан Уақыт Заңына тұғыр етіп пайдаланған. Енді сол күнтізбенің графикалық кескіндемесіне (кейде мұны «тоқу станогы» деп те атайды) жіті назар аударған адам әлгі 260 ұядағы сандардың қалай орналасқанына мән бермеуі мүмкін емес. Өйткені олар бірден бастап, 260-қа дейін бірін-бірі қуалай, әдеттегі тәртіппен орналаспаған. Керісінше, цифрлар төртбұрышты кестенің ені емес, бойын қуалай, жоғарғы сол жақтағы бұрыштан басталып, бірінші бағананың бойымен төмен қарай 1-ден 13-ке дейін барып, ары қарай тағы да 1-ден 13-ке дейін синусоида тәртібімен (біресе төмен, біресе жоғары) бағанадан бағанаға ауыса береді. Сөйтіп, соңғы 13 кестенің төменгі оң жақ бұрышындағы 260-шы ұяға келіп орналасады. Ал кестенің сол жақтағы төменгі ұясы мен жоғарғы оң жақ бұрышындағы ұя 7 санының үлесіне тиеді. Бұл айтылғандар мақала соңында келтірілген Цолькин кестесінде тайға таңба басқандай көрініп тұр. Күнтізбеге терең үңілген адам онда басқа да математикалық заңдылықтардың бар екеніне көзі жетеді. Майялардың Цолькин күнтізбесінің бірден көзге ілінбейтін тағы бір сыры бар. Бұл Хосе Аргуэльестің 13 пен 28-ге негізделген галактикалық мәңгі күнтізбесіндегі басты цифрлардың бірі – 28. Ол Цолькиннен бірден байқалмайды. Сондықтан да неге олай деген сұрақ туындайды. Бірақ бұл сұрақтың жауабы да Цолькиннің, яғни 260 күндік күнтізбенің ішінде тұр. Өйткені Цолькин – сегіз қырлы, бір сырлы күнтізбе. Ғалымдардың топшылауынша, бұл – Ана мен Ана құрсағында өсіп жетілетін эмбрион-нәрестенің де күнтізбесі. Себебі жүкті әйелдің айлығы тоқтаған сәттен бастап, босанғанға дейінгі мерзім тұп-тура 260 күнге теңеседі екен. Бұл тұжырымның нақты дәлелі бар. Мәселен, аяғы ауыр әйел босанғанда айтылатын «тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп тапты» дейтін ана тіліміздегі тұрақты тіркес – Цолькин күнтізбесінің нақты көрінісі десек, шындықтан алыс кетпейміз. Себебі әлгі тіркестегі тоғыз айды Хосе Аргуэльестің 13 айлық күнтізбесіндегі 28 күнмен есептеп, оған және тоғыз күнді қосса (9х28+9), тұп-тура 261 күн болып шығады. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген осы болар, сірә. Бірақ бір күні артық кетті ғой деушілерге де жауап дайын: Ана құрсағында 260 күн бойы пісіп-жетілген нәресте анасының толғағы жеткен күннің ертесіне (261-ші күні) дүниеге келеді. Демек, халық аузындағы тоғыз ай тоғыз күннің біреуінен басқасы Цолькин күнтізбесіне толық сыйып тұр. Сосын халық айтқан тоғыз ай тоғыз күннің Григорий күнтізбесіндегі ұзынды-қысқалы 12 айға ешқандай қатысы жоқ. Өйткені Григорий күнтізбесі жасанды. Ондағы орта есеппен 30 күннен тұратын тоғыз ай мен тоғыз күн 279 күнге теңеледі. Ендеше, арғы тегі Кіндік Алтайда жатқан ежелгі майялардың күнтізбесі мен түрік халықтарының күн санауының арасында да нақты ұқсастықтардың бар екені осы жерден байқалады. Өйткені «13-те отау иесі» дейтін қыз балаға қатысты айтылатын тұрақты тіркес пен «13 мүшел» деген біздің төл мәдениетімізде қалыптасқан аксиома пікіріміздің дұрыстығының нақты дәлелі. Галактикалық тұрақты өлшем жиілігінің 13:20 екендігіне басқа аспан денелерінің циклдары да дәлел. Мысалы, Үркер топ жұлдыздары жылдың белгілі бір мерзімінде көкжиектен қылаң берген сәттен бастап, өз орбитасымен күн санап баяу жылжи отырып, аспан күмбезінің төбесіне көтеріледі. Содан соң баяу еңкейіп, белгілі бір уақыт өткен соң көкжиек асып батып кетеді де, көпке дейін көзден таса болады. Бұл құбылысты кезінде майялардың да өте жіті бақылағаны байқалады. Бақылап қана қоймай, бас-аяғы төрт-бес жүз жұлдыздан тұратын Үркер тобының келесі рет көкжиектен қайта көтерілетін кезеңіне дейін 260 (13:20 ) күн өтетінін ғана емес, оның ұзын есепке жататын 26 000 жылдық циклын да дәл есептеп шығарған.
Демек, Үркер топ жұлдыздарының циклдары да галактикалық тұрақты өлшемге тікелей бағынышты екені айқын байқалады. Тіпті әйел затына тән ай сайын бір рет, жылына 13 рет қайталанатын физиологиялық процестің қазақ тілінде «айлық» деп аталуы да жайдан-жай емес. Халық бұл құбылыстың тікелей Аймен байланысты екенін анық білген. Бұл күнде ғылым дәлелдеп отырғандай, Ана құрсағына баланың бітетін мерзімі, сосын оның ұл не қыз болуы немесе бүкіл әлемдегі аналар толғағының басым көпшілігі Ай толған мезгілге сәйкес келетіні – адамзаттың бүкіл галактикамен, космоспен, тіпті, биосфераның ритмімен де тікелей байланысты екенінің нақты дәлелі.
Хосе Аргуэльес ашқан Уақыт Заңының (T(E) = ART) өмірдегі көрінісі алуан түрлі. Мәселен, ғарыштан келетін Күн сәулесінің қуаты суды буға айналдырады, бу бұлтқа айналады. Ал бұлт жаңбырға айналып қайта жауса, «безендірген жер жүзін Тәңір шебер» деп ұлы Абай айтпақшы, жерді көк майсаға, орманға немесе мың түрлі гүлге орайды. Демек, бүкіл биосфера, оның ішінде адамзат та, фауна да, флора да Уақыт Заңының тікелей жемісі әрі олардың бәрі де қайталанбас өнер туындылары. Тіпті ең дарынды деген суретшілердің қолынан шыққан небір әсем туындылардың өзі де он сегіз мың ғаламның иесі жасаған ғажап дүниелердің көшірмесі ғана десек, шындықтан алыс кете қоймаймыз. Ендеше, осы құбылыстар мен табиғи заңдылықтардың бәрін де өз ғылымы мен біліміне, өркениетіне арқау еткен байырғы майялардың сәуегейлігін мойындамау мүмкін емес.
Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)