Еркін дала – Белағаш
23.09.2024 2373

Ел тарихы бәйтеректің тамыры іспетті. Тамыры тереңге кеткен теректің діңі көкке бойлай, бұтақтары жан-жағына қарай жайқала өсері анық. Тамыры тереңге бойламаған немесе зақымданған теректің сұлай құлары тағы айқын.

Сол бәйтеректің тамырындай, ел тарихының бір бөлшегі – жер-су атаулары және сол атаулардың берілу, шығу тарихы. Оны ғылым тілінде топонимика дейді.


Топонимика – ономастика ғылымының жер-су, елді мекен атауларының шығуы мен пайда  болуын (этимологиясын), мағынасын, құрылымының дамуын, таралу аймағын, қазіргі жағдайын,грамматикалық, фонетикалық пішінін, жазылуы мен екінші бір тілде берілуін зерттейтін бір саласы.

Қазақ даласындағы әр төбенің, әр сайдың, өзен-бұлақтың атаулары ел   тарихынан, ұлт болмысынан, ұлттың тұрмыс салтынан  сыр шертіп тұрса көбінің  аталуынан оның табиғи ерекшеліктерімен қатар сын-сипатын білуге болады. Біз жер-су атауларына мекен-жайлық анықтама, географиялық тұрғыда ақпарат беруші ретінде ғана қарамауымыз керек, тереңдей ойласақ жер-су атаулары тарихи-мәдени мұрамыз, ұрпаққа дәріптейтін ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Қазақ даласына орыс патшалығының басқыншылығы   ғасырлар қойнауынан келе жатқан  жер-су атауларын өзгертуден басталған.

(Басқыншылық дербес мемлекеттің егемендігіне,  аймақтың  тұтастығына және саяси тәуелсіздігіне қарсы басқа бір мемлекеттің не мемлекетаралық әскери  одақтастың  қарулы күш қолдануы, өзге де өктемдік әрекетін жасау.  (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 3-том. Құраст.: Б.Сүйерқұлова, Т.Жанұзақ, О.Жұбаева және т.б. – Алматы, 2011).

XVIII-XX ғасырларда орыс патшалығының басқыншылығы одан кейін ССРО-ның отарлау саясаты болды дейік ал, енді егемендікке қол жеткізіп тәуелсіздігімізді тойлап жүргелі 33 жыл болсада жер-су атауларын қазақыландырып, тарихи аталуын қайтара  алмай  жүргеніміз қалай... Енжарлық па, болмаса ұлттық рухтан ажырағанымыз ба? Қалай десек те, өз елімізде өз жерімізге ие бола алмай пұшайман күйде жүргеніміз анық. Облысымыздың Бородулиха ауданындағы 66 елдімекеннің 54-інің атауы орысша болып тұруы – соның айқын көрінісі. Бәлкім бәз біреулер «ол кеңес заманынан қалған сарқыншақ қой» десе, енді біреудің  «ол жерлердің қазақи атауы болып па еді» деуі де мүмкін. Ол үшін көнеден жеткен көнекөздердің сөзіне, ауыз әдебиетіне, саяхатшылармен зерттеушілердің жазбаларына сүйенгеніміз жөн-ау.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 15 томдық шығармалар жинағындағы Щербин экспедициясы материалдарының зерттеу мақалаларына зер салсақ, көптеген жер-су аттарының тарихи атауларын көруге болады. 2018 жылы Астанада басылып шыққан жинақтың VIII томындағы 231-беттен басталатын  Белағаш болысы жайлы жазбада:  

 «Вольная степь» состоить из отдельных отрубов, носящих киргизские название Қараөзек, Қарағанды и т.д. 

Қараөзек или Ремевская степь 100 лет тому назад лес Жалқарағай, или Шульбинский бор и Қараөзек или Ремевская степь были совершенно свободны. Сюда зимою ходили қосы (отгонные табуны) киргиз, занимавших по ту (левую) сторону реки Ертіс» деген жолдар бар.

Мұндағы Қараөзек, Қарағанды қазіргі Переменовка ауылдық әкімдігіне қарасты Переменовка, Андроновка, Ремки ауылдарының жерлері. Сондай-ақ Әлихан Бөкейхан мақаласында осы маңдағы Жақсы-Қараөзек, Ұялы, Жайма, Қарағансор, Шұңқырсор деген жерлерде де қазақтардың қоныстанғанын жазады. Коростел даласының негізгі аталуы Жайылма екендігінде атап өтеді.

Ел аузындағы деректерде Переменовка-Бәйгетөбе аталғаны да айтылады.

«В 1874 году 27 марта Байуаковская волость перешла из ведения Бійскаго округа Томской губернии в Семипалатинский уезд (Семей дуаны – С.Б.) и переименована в нынешнюю Бельагачскую волость».

Қазіргі Новопокровка ауылдық әкімдігінің аумағында Байуақ, Жұра ауылдары болған.

«Жыңғылды и Тұз. Первые засельщики этого урочища пришли с гор Майлықара, что в Ақботинской волости Қарқаралинскаго уезда, на Белағаш, и здесь прожили 30 лет, в течение которых платили аренду крестьянам, на землях которых имели зимовку, летуя на землях Кабинета Его Величества бесплатно. Лет 30 тому назад Кабинет стал изимать за 1 десятину пашни 40 коп. Спустя 10 лет,при «полковнике» Михельсон, сделавшеися 15 лет тому назад управляющим Бельагачом он был разбить на на участки в 30 десятин. Каждый участок был сдан г.Михельсоном на три года за ежегодную плату 20 рублей. Через три года г.Михельсон поднял ежегодную плату за участок до 33 рублей,что заставило описываемых киргиз переселиться с Белагача на Жыңғылды и Тұз.

Жалбы и Балағансор. 160 лет тому назад предки зимующих на этих урочищах киргиз (қазақтар С.Б.) жили на берегу р.Ертіс на урочище Қаракемер,где ныне станица Белокаменная, оттуда лет 70 тому назад переселились на урочище Сартүбек,что в Узкой степи; с этой последней 8 лет тому назад перешли на Жалбы.

Аулы зимующие на Балағансор раньше жили в крестьянских селениях на р.Алсу Томской губ.

15 лет тому назад на урочище Сартүбек основался русский поселок Шадруха, и киргизы (қазақтар С.Б.) выселились оттуда.»

Қазақтарды құнарлы да шұрайлы жерлерден ығыстыру XIX ғасырдың соңында ашық жүргізіле бастады. 1868 жылы орыс патшасы шығарған заңдағы «...земли, занимаемыя кочевьями, все принадлежности сихъ земель, а в том числе и леса признаются государственною собственностью» деген сөздерге сүйенген жергілікті орыс шенділері ештеңеден тартынған жоқ. Патшаның жарлығы деп жерлерін бір алса, қолдарында арнайы қағазы бар жер өлшейтіндер тағы келіп қудалауға салып , ол болмаса жер салығы мен түтін салығын  қасақана өсіріп отырған.

Әлихан Бөкейхан мақаласында  патшаның 1871 жылғы 14 шілдедегі №1870 Құлынды даласы (қазіргі Ресейдің  Алтай аймағындағы Құлынды ауданы) қазақтары үшін жазған жарлығынан мынандай үзінді келтіреді:

«Киргизам может быть отдана по Бельагачской степи, изобилующая солончаками, среди которых имеются и пахатныя земли, площадью 20х30 кв.верст или около 60.000 десятин. Киргизы Бельагачской волости, согласно Высочайше утвержденных правил 1880 года 22 октября для киргиз Куландинской степи, должны быть обложены оброчною платою за доход Кабинета его Величества по числу 1883 кибиток в размере 4 рубля 50 коп. с каждой.»                                                                                                     

Өздері «қырық рулы ел» атаған еркін дала Белағаштың қазақтары  XX ғасырды аласапыран қым-қуат қарбаласты тірлікпен қарсы алады. Малын бағып, егінін салып тіптен сол кездегі заман талабына сай кәсіпкерлікпен айналысқан қазақ арасында «жер дауы» өрши түсті. Орыс шенділері ертеректе өздері жер иеленуге берген «грамоталарын» өздері жоққа шығарып жатты. Мысалы, 1821 жылы өздеріне көрсеткен қызметі үшін Шой Бапан деген адамға Қызылағаш маңынан (Бесқарағай ауданы Канонерка ауылдық әкімдігі) 7 телім жер  береді де, 1874 жылы аты-жөні белгісіз жер өлшеуші қарашекпенділерге қайтарып алып берген екен. 

Әлихан Бөкейхан мақаласында (VIII том, 251-бет) қазақтардың кәсіпкерлігі жайлы жаза отырып мынандай дерек келтіреді:

«Управитель Бельагачской волости Нұрсейіт заводчик; у него рабочие ручным способом с 15 мая по 15 сентября выделывают и обжигают 300.000 кирпичей; на заводе работают 9 пеших рабочих; на 2 телегах 4 лощади».

Осындай ата-бабасынан қалған дәулет-байлығының арқасында шаруасын дөңгелетіп, ауыл-аймақ, ағайын-туысқада қарайласып отырған қазақ байларының жерінен орыс мұжықтары ығыстыра бастады. Олардың көбісі өздері біреудің жалшысы болып «крепостнойлық құқық» арқылы босап, қазақ даласына мәжбүрлікпен босып келген қарашекпенділер еді. Семей қаласындағы бай-көпестердің барлығы дерлік осындай жалшылардан шыққан болатын. Әкесі Мұса Қазан қаласында арбакеш болған Садық Мусин Қаражан байдың қасапханасының ішек-қарын, бас-сирағын сатып байыса, атқора тазалайтын жалшы Ф. Плещеев өз қожайыны Арефьевті өлтіріп байлығын иеленгені осы күні ашық айтылып жүр. Қаладағы мұндай бейбастық далада да кең етек жайған еді. Қараөзек даласындағы Андронов; Ойағаштағы Андреев; Шұңқырдағы Дмитриев; қазіргі Бесқарағай ауданы аумағындағы Күлік байдың Бораш, Рамазан балаларының қыстауларында Владимир Александров; Қарабаста Семен Попов; Бозталда Морозов  секілділер қазақ даласын жұмақтың төріндей көріп, сол жерлерді иемдену үшін барын сала қулыққа да, жауыздық пен айлакерлікке де барады.

Белағаш ауылдық әкімдігі аумағында Зенковка дегенде  ауыл бар. Ауыл атауын зерттеушілер сәулетші Зенковпен байланыстырылуының Зенковтар мен Ерыкаловтардың ұрпағы атақты музыкант Сергей Федорұлы Летов дұрыс еместігін айтады. «Бәлкім сәулетші Зенковтың Белағаштағы Зенковқа туыстығы бар шығар, бірақ ауыл атауына сәулетшінің ешқандай қатысы болмауы керек», – дейді ол. Алашшылдармен ниеттес болған Александр Ильяұлы Ерыкаловпен Зенковтар бөле көрінеді. Зенков туралы тек нағашы әжесінің әкесі Александр Михаилұлы Ерыкаловқа сатылым малын табуға жәрдемдесіп отырғанын ғана білетінін айтады. Міне осындай ұрпағының өзі кім болғанын білмейтін адамдар атымен елдімекендерді атап жүрміз. Әспеттеп жүрміз. Кімдерді?

Біздің ауыл атаулары жөнінде ескермей жүргендіктен, бір мәмілеге келе алмайтындығымыздың бір себебі, ертеректе қазақтардың қыстаулары бір-біріне жақын орналасқан. Әлихан Бөкейхан зерттеуіне зер салайық:

 «На участковом Бельагаче зимовки киргиз-арендаторов расположены хуторами (қыстақ С.Б.), состоящими из 1,2,3, и 4 хозяйств; растояние между хуторами  1/4,  1/2  и самое больщее     1 верста» (1 верст = 2,16 шақырым. С.Б.).

Енді Бесқарағай ауданындағы Канонерка ауылының бұрынғы аталуы деп жүрген Қызылағаш, Күзембай, Теңіз, Қанайыр атауларының бәрі дұрыс екендігіне шүбә жоқ, өйткені бұл қыстақтардың әрқайсысы қазіргі ауылдың негізі. Сондықтан ауыл атын Қызылағаш деп өзгертіп үлкен көшелеріне  Күзембай, Теңіз, Қанайыр батыр аттарын берсе, тарихи әділдік болар еді. Елдімекен атауын өзгертуге аса зор  жауапкершілікпен қарау керек. Олай болмаған күнде Жалқарағайдағы (Шүлбі) Иір жарды қарашекпенділердің Пьянояр деп, совет үкіметі Краснояр деп өзгерткенін қазір кейбір «білгіштер» Қызылжар деп түзеткеніндей болады.

Қазақ даласындағы жер-су атауларын өзгерту басқыншылықтың  өктемдік әрекетін жасау екендігінің анықтамасын жоғарыда жаздым, енді ССРО кезеңінен де дәлел келтірейін. Совет өкіметі орнаған соң колхоздастыру кезінде қаншама жер атаулары өзгергенін білесіздер, II дүниежүзілік соғыстан кейін ССРО Жоғарғы кеңесінің Президиумы одақтас республикалардағы жер-су аттарын өзгерту жөнінде арнайы қаулылар қабылдаған, бұл әсіресе Қырым аймағында қарқынды жүргізілді. 

Қазақстанда тың жерлерді игеру кезінде көптеген жер аттары өзгертілді, тарихи атаулары ескерілмеді. Тың игеруге қатысы жоқ біздің аймақта «топографиялық картаны жаңартамыз» деген желеумен жер-су атауларын биліктегілер өздері жазып беріп жергілікті орындарға тапсырма бергені Еңбекшілер депутаттарының Семей облыстық советі атқару комитетінің хатшысы В. Заставина қол қойып Аудандық атқару комитеттеріне жолдаған қатынас қағазынан білінеді, ондағы мақсаттары қазақи атаулы елдімекен аттарын өзгерту болатын. 

СЕКРЕТНО

«В связи с обновлением топографической карты просим до 25 апреля 1958 года выслать сведения по прилагаемой форме 15 апрель 1958г. №25» деген хатты Абай, Ақсуат, Шар, Шұбартау аудандарының астын сызып тұрып 3 рет жолдаған екен. Бірінші хатқа тапсырманы орындағандары туралы 2-3 күн аралығында  жауап жазған Нова-Шүлбі ауданындағы қазіргі топономикалық жағдайды жақсы білесіздер.  Бұл деректерді  Абай облыстық мұрағатындағы 409-қор, 5-тізім, 82-істің 119, 122, 153-парақтарындағы  құжаттардан көруге болады.

Еліміз егемендікке қол жеткізіп, жұртымыз тәуелсіздік таңын қарсы алып, халқымыз көк аспанда еркін самғаған қыран бейнелі туымызға шаттана қарап жүргенде ұрпаққа рухани күш берер ата-баба мұрасы жер-суымыздың тарихи атауларын неге қайтармасқа, атақонысымызды аталарымыз атаған атаумен неге атамай жүрміз, неге атай алмай жүрміз?.. 

Мағынасы беймәлім Бородулиха деген атпен аталатын ауданды Белағаш ауданы,  Ново-Шульба ауданын Жалқарағай ауданы деп ресми ауыстыруға не кедергі?

  Серікбек Болатбекұлы, өлкетанушы