Қазір қоғамда мынадай үрдіс байқалады: Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы отыз жылында «алдымен экономика, сосын мәдениет» деген бағыттың адасқан жол екені аңдалып, қарапайым халық енді бір ес жиғанда әуелі жан дүниені байыту керектігін сезіп келеді. Өйткені қоғамда ақша табу, қалайда мал табу, саудагерлік алдыңғы орынға шыққанда руханият мәселесі екінші кезекте қалып қойғаны еш жасырын емес. Тек құлқыны тамақ жеу мен ақша культі болған қоғамның тамыры солқылдақ, өзегі жұлынқұртқа айналатынын тарих әлдеқашан көрсеткен. Демек, адамзат баласының қайта айналып соғатын алтын қазығы, берік діңгегі мәдениет пен руханият тұғыры болып қала береді. Бұл – шынында да өзгермейтін құндылық.
Тоқырау жылдары ел билеушілердің солақай саясатының кесірінен елдегі мәдениет ошақтары мен тарихи орындар ескерусіз қалып, дүркіреп тұрған театрлар мен музейлер, кітапханалар мен киелі ғимараттардың қасақана жабылып жатқаны елдің есінен шыға қойған жоқ. Мәдениет майданының алдыңғы легінде жүрген, онда да кеудесін керіп атойламай-ақ, үндемей жүріп үлкен іс бітірген таутұлғаларымыз қаншама. Экс-президент Назарбаев кезеңінің ескерусіз қалған, қазақ ғылымы мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан, кейінгі жиырма-отыз жылдың ішінде көмескі тұлғалардың еңбегі мен ерлігін, күрескерлік рухын дәріптейтін жаңа жоба «Мұтылған» жобасы жұмысын бастайды.
Бұл жобаның басты мақсаты – қазақтың ұлттық тарихи санасын қалыптастыру, құндылықтарымыз бен құзірет-қабілеттерімізді ашып зерттеген, ұлы тұлғаларымызды ұлықтап, дәуірдің, қоғамның шынайы бейнесін сипаттаған есіл ерлерді ұмытпау, осындай да осындай азаматтар болған деп жас ұрпақ санасына құйып отыру. Бұл жерде өз ісіне беріліп кеткен еңбек адамдарының адал кәсібі, тамшылап төгілген маңдай тері мен табан етінің, есепсіз энергиясы бар.
Қазақтың ойшыл ақыны Шәкерім бабамыз бірер шығармасында «мұтылған» сөзіне мән беріп, астар үстейді. Зерттеушілердің кейбірі мұны ақынның лақап есімі десе, екіншілері ойшылдың философиялық көзқарасын танытатын лирикалық кейіпкер деп болжайды. Қалай болғанда да «мұтылған» ұғымы қазақтың «ұмытылған» сөзімен сабақтасса, арабтың «өлім» сөзімен де үндеседі екен. Демек бір өлім (тән) мен шын өлім (жан, болмыс) әлдилеген, жаны көкке ұшып, рухы халық жадында сақталып, адами қасиеттерімен де көпшіліке үлгі бола білген біртуар жандарды ұмытпасқа керек деген ойменен «Мұтылған» жобасын жүргіземіз.
Ендеше «Мұтылғанның» алғашқы кейіпкері – әдебиет зерттеушісі, алаштанушы және архив жанкештісі Бейсенбай Байғалиев.
БейсенбайБайғалиев 1944 жылы Шығыс Түркістанның Шәуешек қаласында Қайырбай шаңырағында дүниеге келген. Оның балалық шағы шекараның арғы бетінде өтті. Өздері төрт ағайынды, ең үлкені Бейсен болса, одан кейін Жұман, Гүлбаран және кенжесі бауыры Марат.
1962 жылғы тарихи көшпен советтік Қазақстанға оралса, 1968 жылы Совет армиясы қатарына болып, азаматтық борышын өтеген. Келген соң, Семей-Мақаншыдан ат жалын тартып, алыс жолға аттанады. Онысы – астана Алматыдағы оқу. Бұрынғы Қазақ Педагогика институтына, қазіргі Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің филология факультетіне сырттай оқуға түседі.
Оқуды тәмамдаған соң, еңбек жолын Алматы құрылыс комбинатында бастады. Осы мекемеде табан аудармай тура жиырма жылдай еңбек етеді. Бұл жайында ғалым Ғарифолла Әнес: «Абай атындағы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін тәмамдағанымен, сол тұста қаны бар қазаққа қақпасы жабық астананың бір бұрышынан бір бөлмелі баспаналы боламын деп қамшының сабындай қысқа ғұмырдың бақандай он бес жылында АДК-да құрылысшы болып өтуге мәжбүр болды» деп жазады.
Кейіпкеріміздің туған бауыры Маратпен сөйлескенімізде ағасының ешқашан отбасын құрмағанын, жар сүйіп, бала көрмегенін білдік. Өмір бойы салт басты, сабау қамшылы, есесіне ұлт тарихы мен мәдениетінің жоғалған, тоналған беттерін тауып толтырып, ақтаңдақтарды жоюға бар саналы ғұмырын арнады.
Бейсенбай Байғалиев архивтегі әріптестерімен бірге. Ортада отырған көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов
Бейсенбай Байғали жайында «Шырақшы» деген эссе жазған Ғ. Әнес: «Сауатын араб харпімен ашқан, көне жәдігерлерді мүдірмей оқитын зерделі жас ұстаздар назарынан тыс қалмады; түрлі-түрлі ескілікті көшіріп әкелуге кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар бөліміне, архивтің оқу залдарына жұмсайтын. Осылайша шым-шым, шиырлап басталған соқпақ мақсатты сара жолға айналды. «Асыл адам айнымас» дегендей, ол бұл дүниеде тәтті тірліктің бір сәттік қызығына бой шалдырмай, ширек ғасыр архив шаңын жұтып, «мұра», «мұра» деп дүниеден өтті...» деп толғанады.
Бейсенбай Қайырбайұлы 1983-1989 жылдары Орталық мемлекеттік архивте аға архивтанушы, аға ғылыми қызметкер, 1990-1998 жылдары Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану бөлімінде ғылыми қызметкер болып еңбек атқарған.
1998 жылдың 6 шілдесі – қазақ әдебиеті, тарихы, мәдениеті үшін орны толмас қаралы күн. Ер Бейсенбай Байғалиев өмірден көшті. Ол өмірінің соңғы жылдарында бар мұрасын, жазған-сызғандарын, кітапханасын «Арыс» қорына аманаттап тапсырды. Арыс тұлға өз қолымен дайындап кеткен Шәкәрімнің «Иманым» атты қолжазбасы, Райымжан. Мәрсековтің, Мұхамеджан Тынышбаевтың еңбектері қордың баспасынан жарық көрді. Абай туралы бірегей еңбегі де ол қайтыс болғаннан кейін жарияланды.
Расында да Бейсенбай ағамыз – репрессияға ұшыраған қазақ тұлғаларының, әсіресе Алаш азаматтарының картотекаларын архивтен көтерген кісі. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде қызмет істегенде Бейсенбай ағамыз өте көптеген тың деректерді көтерді, халыққа жеткізді, шығарды, насихаттады. Онда кімнің кім екені, кім кімге донос жазды, НКВД астыртын жұмыс істегендердің кім екенін – көп зерттеді. Бірақ осылардың санаулысы ғана жарық көріп үлгергенімен, көптеген деректері шықпай қалды.
Совет билігінің күшейген тұсында оған қарсы төңкеріс ұйымдастырып, азамат басын құрбандыққа шалған Алашорда қайраткерлерінің ақталатын кезеңі 1988-1989 жылдарда архивші маманның қадірі білінген. Ол аға архивтанушы, ғылыми қызметкер болып жүріп-ақ небір профессорлар мен академиктер аттап баспаған архив материалдарын тауып, зерттеп, ғылыми айналымға енгізіп отырған. Қарапайым ғана ғылыми қызметкер, қарапайым ғана маман, қарапайым ғана қазақ. Қоңыр төбел тірлік кешті, таудай қызмет сіңірсе де, тақұл-тұқыл еңбекақы алған жанкешті болып жүрді.
Архивтен тапқан дүниесін ғылыми айналымға енгізуден бұрын қазақ қоғамына, ұлт мүдедсіне пайдасы бар ма, болса, қаншалықты пайдасы бар деген кезде Бейсенбай ағамыз, әрине, бұған ұлттық мүдде тұрғысынан қарады. Тоқырау жылдарында жарияланған ұлт баспасөзіндегі әрбір мақаласы бір тың деректерге, соны жаңалықтарға толы болды.
Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан, Шәкәрім, Отыншы, Райымжан, Мұхаметжан, Мұстақым... т.б. арыстар туралы жазған мақалаларындағы ол тапқан деректер, көз майын тауысып алғаш тауып, аса қиындықпен оқыған, қолмен жазып қағазға түсірген еңбектер, қолжазбалар қазіргі кезде «көшірме ғылымның» қолжаулығына айналғанына қынжыласыз. Тіпті кейбір замандастары, көзін көрген әріптестері, осы ғылымның, архивтің маңындағы азаматтар ол кісінің еңбектерін сілтемесіз пайдаланып келеді.
Бірақ ғылымда ары бар, тазалығын сақтаған жандардың арқасында тұлға есімі өшпей, сирек болса да айтылып, еткен еңбектері мен жазған дүниелері ұрпақ кәдесіне молынан жарап келеді.
Бұл жайында Ғ. Әнес те «Алашорда қайраткерлері «ақталып», ортамызды толтырған тұстағы Бейсекеңнің қағаз көшіруден саусағы сүйелге айналған ерен еңбегі, ұйқысыз, күлкісіз өткізген түндері біздің жадымызда» деп қайырады.
Бейсенбай Байғалиев қазақ ғалымдарының арасынан әйгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлын ұстазым деп санады. Ол профессормен көптеген жұмыстар істеді, зерттеулер жүргізді. Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы шақыртылып, абайтануға байланысты Қазақстанда шығатын газет-журналдарға тың мақалалар жазып тұрды. Ұлы ақынның тұлғасын танудағы ең басты еңбегі «Абай өмірбаяны архив деректерінде» деп аталады.
Абайдың тарихи тұлғалығы өмірі мен шығармашылық мұрасына байланысты архив материалдарын қазіргі қазақ тіліне жоспарлы түрде дәлме-дәл көшіру мәселесін тұңғыш рет ұсынып, бұл игі істің жүзеге асуына үлкен үлес қосты. Былайша айтқанда, ел аузында сан-саққа жүгіріп, әр алуан құбылып айтылған Абай өмірін тарихи дәлдікпен жазып, әрбір маңызды құжаттарды «сөйлету» арқылы кейбір даулы, көлеңкелі мәселелерге нүкте қойған.
Абайтану білгірі Мұхтар Әуезов дайындап бастырған Абайдың толық жинағының 1933, 1940, 1945, 1954, 1957 жылдардағы және одан бұрынғы басылымдарды салыстыра отырып, ұлы ақын шығармаларының 2 томдық академиялық толық жинағын дайындауға (1995), араб, латын таңбаларында шыққан мәтіндерді, қолжазбаларды тексеруге, ғылыми түсініктерді жазуға қатысты.
Кез келген қазақтың Абай өмірбаянына қанық екені күмән тудырмайды. Алайда ақын өміріндегі нақты сандарды жүйелеген, мұрағаттар құжаттарын қазбалап, дәйекті деректерді келтіру ісі кімнен бастау алатынын ешкім біле бермейді. Ұлы ойшылдың өмір жолына байланысты кей көлеңкелі тұстар мен күмәнді сауалдардың ақиқатын ашу мақсатында жазылған бұл еңбекте ақынның қоғамдық-әлеуметтік қызметі туралы архив деректері, Абай шығармасы деп қате танылып жүрген архив құжаттарына талдау жүргізілу арқылы шындығы айтылып, түбегейлі зерттеу бақыты біздің кейіпкерімізге бұйырған. «Абай өмірбаяны архив деректерінде» – Абайды түбінен түсінуге жол ашатын бірегей еңбек.
Автордың мұндағы мақсаты – Абай Құнанбайұлының өмір жолына байланысты кей көлеңкелі тұстар мен күмәнді сауалдардың ақиқатын ашу болатын. Зерттеу жұмысының басты ғылыми жаңалығы Абай өмірбаянына қатысты дерек көздерін тұтастай алып қарастырып, жан-жақты ғылыми талдау жасау арқылы ұлы ақынның қоғамдық-әлеуметтік қызметін нақтылы архив құжаттары негізінде көрсету болды.
Сонымен қатар еңбекте қазіргі кездегі Абайдың ғылыми өмірбаяндарында қалыптасып орныққан кейбір жаңсақ түсінік-ұғымдарға, жекелеген жалған дерек-фактілерге нақтылы архив деректері негізінде түзетулер жасалып, толықтырулар енгізілді. Абайдың ғұмырнамасына қатысты бірнеше тың архив деректері ғылыми айналымға енгізілді және талдау жасалды. Бұл соны архивтік деректер Абай өмірбаянына қатысты кейбір мәселелерді қайта қарап, жаңаша пайымдауға жол ашады. Сондай-ақ бұл зерттеу жұмысы Абайдың өмір жолын әрі қарай тереңдете зерттеуге мұрындық болды.
Қайым Мұхамедханов пен Бейсенбай Байғалиев қолжазбаны оқу барысында
Бейсенбай Байғалиевтің бұл зерттеу жұмысы өзі өмірден өткеннен кейін, 2001 жылы «Арыс» баспасынан «Абай өмірбаяны архив деректерінде» деген атаумен жарық көрді.
Ерекше еңбек екі үлкен тараудан тұрды: бірінші тарауда автор Абай Құнанбайұлының қоғамдық-әлеуметтік қызметі туралы архив деректері деп берілсе, екінші тарауда Абайдың шығармасы деп қате танылып жүрген архив деректеріне талдау жасалған. Мұнда Абайдың ел басқаруы қызметі, үстінен жазылған арыз-шағымдардың ақын өмірбаянын нақтылаудағы ролі, ақын отабсы жүргізілген тінтудің жай-жапсары, сонымен қатар ақынның мәдени-ағарту саласындағы қызметтерін дәлелдейтін тарихи архив құжаттары терең пайыммен, аса білгірлікпен талданған. Тарихта Қарамол деп айтылатын шар төтенше съезіндегі Абайдың ролі, сенатқа жазылған Абай пікірі сияқты аса маңызды тарихи құжаттар да жеткілікті зерделенген.
Мәселен, автор өзіне дейінгі ғылыми айналымдағы жаңсақтықтар туралы сөзіне мынадай мысалдарды келтіреді: «М. Әуезовтен кейін ұлы ақынның ғылыми өмірбаянын академик-жазушы Сәбит Мұқанов пен тарихшы ғалым Әбіш Жиреншин зерттеп жазғанын жоғарыда сөз еткенбіз. С. Мұқановтың 1945 жылы жазылып, кейін 1961 жылы жарыққа шыққан «Абай Құнанбаев» атты монографиялык еңбегінің ақын өмірбаянына арналған үшінші тарауында Абайдың ел басқару қызметіне тоқтала келіп, ол: «Абай 1870 жылдар шамасында Қоңыр Көкше деген еліне өкіметтің сайлаусыз тағайындауымен болыс болды. Жасы осы кездерде жиырма бестерде еді. ...Қоңыр Көкшенің болыстығынан Абай 1872 жылы босанды» деп дерек береді. Бірақ кейінгі табылған архив деректері С. Мұқановтың бұл мәліметтерінің жаңсақ екенін көрсетіп отыр» немесе «Ұлы ақынның ел басқару қызметіне қатысты архив документтерімен біршама таныстығы бар, олармен жұмыс істеп, зерттеу жүргізген тарихшы ғалым Ә. Жиреншин де сол кездегі үстем идеологияның шеңгелінен шыға алмай: «...Абай ел билеу ісіне де мықтап ат салысып, бірнеше жыл би, болыс та болғаны рас» деп жалпылама түрде ғана ақпар берумен шектелген. Ғалымның бұл шарасыздығын да түсінуге болады. Өйткені совет өкіметі жылдарында, әсіресе 1938 жылға дейін әлденеше рет таптық көзқарастың қаһарына ұшырап, «үстем тап өкілі» атанып, аты да, шығармалары да қатаң сынға ұшыраған ұлы ақынды ендігі жерде «пәлен жыл болыс болды», «пәлен жыл би болды» деп нақтылай көрсету оның үстінен тағы да қиқулы саяси науқан құрумен пара-пар еді. Сондықтан да тарихшы ғалым қысқа қайырып, қашыртпа тұжырым жасаған. Бірақ та осындай шарасыздықтан тұжырымдалған ой-пікірлер кезінде абайтану ғылымында белгілі дәрежеде өзіндік таным-түсініктер қалыптастырып орнықтырды да, ұлы Абайдың ел басқару қызметінің тарихи шындықтары көпшілік жағдайларда жаңсақ деректер мен жалған фактілердің көлеңкесінде қалып қойды. Әдетте әдеби-ғылыми ортада бір калыптасып, орнығып қалған түсінік-ұғымдарды әлсін- әлі түзетіп, дұрыстай беру көп ретте оңайға түспейді. Сол себепті ұлы ақынның ел басқару саласындағы қызметі мен оның мерзімдері ғылыми зерттеу еңбектерінде түрлі-түрлі жазылып келеді. Яғни, абайтану ғылымында бұл мәселеге байланысты бірізділік қалыптаспаған, керісінше, кейбір жаңсақ таным-түсініктер мен жалған факті-деректер шындық ретінде қабылданып орныққан. Ал, шындығында, ұлы Абайдың ел басқару жүйесіне атсалысып, туған халқына адал да әділетті қызмет атқарған саналы ғұмырының тарихи шындығы мен сыр-сипаты әрі күрделі, әрі қызықты мәселе» дейді Б. Байғалиев.
Көне жазулардың шағатайша, қадымша, төтеше жазылған әдебиеттерді түпнұсқадан оқитын білгір маманы, білікті архивші, абайтанушы Бейсенбай Байғалиев еңбектерінің құндылығы ең алдымен тарихи нақтылығымен ерекшеленеді. Қай кезде де ғылым нақтылықпен, дәлдікпен есептеледі. Екіншіден, ескі жазулар құпиясын да ол жазуды, әдебиетті танымайтын жаңа да жат ұрпаққа танытудағы айрықша жанкештілігі. Түннің жарымын тауысып, қолы мүйізденіп, саусағына сүйел шыққанша қолмен жазу жазып, ғылымға көл-көсір архив деректерін қосқан жаңашылдығы да бір төбе.
Бейсенбайдай жанкештісі жоқ тұлғатану ғылымы жетімсіреп тұр. «Қазақ – жоқ іздеген жоқшы» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, жоқ іздеген жолаушы Бейсенбай Байғалиевтың есімі «мұтылғандардың» қатарына емес, «ұлықталғандардың» санатына кіруі тиіс деп есептейміз.