Батпаққара көтерілісі және Файзолла ақын
01.08.2024 2237

ХХ ғасырдың басында патша үкіметінің боданына айналған тұтас бір ұлттың мүддесін ойлап, өз алдына дербес мемлекет болуы үшін Алаш арыстары қасық қаны қалғанша азаттық үшін арпалысты. Азаттық жолында күреске бел буған, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы туған Торғай өңірінде олардың идеясын қолдап, Ахметсапа Жүсіпұлы, Ахмет, Ғазымбек Бірімжандар, С.Қадырбай, Ғ.Нұрымұлы, Нұрғали, Нәзипа Құлжан сияқты жерлестері «Алаш» ісіне белсене араласты. Торғай өңірінен шыққан Алаш азаматтарының қатарында Файзолла Сатыбалдыұлының да болғаны ақиқат. Файзолла Сатыбалдыұлы – қазақ халқының бостандығы мен азаттығы жолында елеулі еңбек етіп, басын бәйгеге тіккен күрескер тұлға.


Ф. Сатыбалдыұлы Алаш жұртына адал қызмет етті. Ол ауыр да азапқа толы азғантай ғұмырында адалдықтың жолынан ауып, ар-намысын пұлға сатып көрмеген азамат. Файзоланың бойындағы адалдық, тазалық, адамдық ұғымдары мен қасиеттері күллі түркі жұртына белгілі Сатыбалды ишан әкесінен дарыған. Сатыбалды ишан әулетінде туған Файзолла әкесіндей адал, әкесіндей қари, әкесіндей әулие азамат болды. Сатыбалды ишан Файзолланың тар дүниеге кең кеудесі сыймайтындығын әуел бастан ана құрсағында жатқанда-ақ білген еді. Орталық Азияда тұңғыш діни лауазым «ишан» атағын алған әкесі Сатыбалдының тағдыры ерекше ғажайыптар мен тылсымға толы. Әкесі Ғабдолла елу жасқа келгенше бала көрмей, көрген баласы шетіней беріп, дүние қызығынан айырылғандай күй кешіп, жалғыз баланы зарлана күтеді. Мұғалима деген қызынан кейін Сатыбалды деген ұлы туады. Баланың амандығы үшін Шомақ пен кемпірі баланы қырқынан шыққан соң үйіне алып кетіп, қазақтың ескі ырымы жеті ошақтың астынан өткізіп, ауылға бала сатамыз деп жар салады. Сол кезде әкесі Ғабдолла Шомаққа сый сыйлап, осылай сатып алып, баласының атын Сатыбалды қояды. Сатыбалды ишан бала күнінде ерте жастан әкесінен айырылып, Шомақ қарттың қолында тәрбиеленеді. Ақбура атасы кішкентай Сатыбалдыға «Тәшен, Бұхара жаққа барып оқу оқы, исламның жолына түс» деп ақ ниетін білдіріп, ақ батасын жаудырады. Сатыбалды атасы Шомақ, апасы Мұғалимадан рұқсат алып, Тәшкенге оқу іздеп шығады. Жолда көп қиыншылықтар көріп, отыншы, сушы, шай қайнатушы болып, ілім алып, ұстазына бала болып, бала Сатыбалдыны он төрт жыл Бұқара медресесінде оқытады. Сатыбалды медіреседе ілім алып, Орта Азия діни мұсылмандар басқармасының қазылар мүшесіне сынақ тапсырып, ғұлама-ғалым танылып, ишан атағын алады. Сатыбалды алыс-жақын түркі жұртына танылып, Мекке, Мединаға сапар жасап, қазақ халқына аты жыққан әулие азаматқа айналады. Алғаш Сатыбалдын Торғай өлкесінен Сүйін Орысұлы деген азамат елге шақырады. Елге шақырудағы басты себебі сол кездері Батпаққара өлкесіне тоғай қалыңдап, батпақты жер болып, түрлі жабайы аң-құстармен қатар, жыландардың ордасы болған көрінеді. Осы өлкені аты алыс-жақын қазаққа таңылған Сатыбалдыны шақырып, құран оқытып, дұға етіп, жыландарды көшірген екен. Осылай тылсымның тілін білген Сатыбалдыға торғай жұрты таң болып, алғыс айтқан. Торғай алқабасында отырған ақсақалдар осындай талантты әулие азаматты өз жерінде алып қалуды көздеп, шағын мешіт салдырып, Қабақтың қарындасы Әйін деген бойжеткенді Сатыбалды ишанға атастырып, торғайдың бек, болыстары азаматтың бес-алты айдан соң елге келетіндігіне мәз болады. Ишан Торғай өлкесіне келіп, мешіт ашып, халықтың адалдыққа, Алла жолына түсуге өз септігін тиігезді. Сонымен қатар баласы Жәлелидденді имандыққа тәрбиелеп, 1882 жылы Сатыбалды ишан екінші рет қажылыққа жолға шығып, баласын өз орына иман етіп қалдырып кетеді. Сатыбалды ишан қажылықта жүріп, бала күніндей өмірінің бір бөлігін айқындайтын түс көреді. Бұл түс бұрынғы түсіндей анық әрі айқын еді. Түсінеде әйелі Әйін босанып ұл баланы дүниеге әкелген көрінеді. Осы түсін өңінде болғандай айтып, Дүйсен қажы досына хат жазады. Хат өзіне қайта келгенде шынында да әйелі Әйін жарық дүниеге шекесі торсықтай ұл баланы әкеліпті. Сатыбалды ишан бұл қуанышқа разы болып, ол баланың атын «Қажи қари Мұхаммед Файзолла» қоюын тапсырады. Дүйсен қажы досы ишанның сөзін екі етпей орындайды [1].

Мұхаммед Файзолла Сатыбалдыұлы осындай әулие ұрпақта дүниеге келіп, ұлт құндылығын, дін тазалығын бала жасынан бойына сіңіріп өседі. Оның бала күнгі ұлтшылдығы, бойындағы тазалығы, адалдығы, түгел болмысы өз қатарластарына ұқсамайтын еді. Файзолла әкесінен алған білімге зейін қойып, алғашқы ұстазы бола білген әкесіне деген ұлы құрметін ол дүниеден көшкенге дейін сақтай білді. Ананың алтын құрсағынан адал туған ұл, өмірі қанды жылдармен қатар, арпалысқа толы болса да, сол тазалығын, сол адалдығын соңғы сапарға аттанғанша сақтай білді. Файзолланың өмірі жолына назар аударар болсақ, соңғы күніне дейін қуғында жүріп, сұм жүйе көзінен жас емес, қан ақтырған азаматтың адалдығына таң қалып, азаматтығына бас иесің. 

         Файзолла Сатыбалды 1883 жылы 27 қыркүйек күні Торғай облысы, Батпаққа өңірінде әулие азаматтың әулетінде дүниеге келеді. Файзолланың қандай отбасынан шыққанына түгел Торғай жұрты куә болып, алғаш басқан әр қадамына сәттілік тіледі. Ол 7 жасында ауыл молдасынан хат танып, 8 жасында өз әкесінен (Сатыбалды ишан), 9 жасында Тройцкідегі Ахон хазіреттен ( әкесінің Бұхарада бірге оқыған жақын досы) діни білім алады. Бұл жерде Файзолла 7-8 жылын арнап, діни ілімді толық игеріп, Ислам дінінің ордасы болған Троицк қаласына танымал болып, әке үмтін, ел сенімін ақтап, қари Баһрам деген ғалымның мектебін бітіріп шығады. Әкесінің ардақты ұлы, ақ батамен өскен Файзолла бар жоғы 17 жасында Шариғат, фиһ ілімімен қатар, Аллаһ тағаланың сөзі 114 сүреден тұратын Құран-Кәрімді жатқа біледі. Бұл сол кезеңде қазақ баласы үшін артылған ауыр жүктеме еді. Ол құран қари болып елге келгеннен кейін, алыс-жақын қазаққа аты шығып, азаматтар ортасында зор беделге ие болды. Ол Ахон хазіреттің фатихасымен атақты көпес Молдағали Яушевтің үйінде хатымға өтіп, Рамазан айында үш жерде Құран хатым түсіріп, ел аузына ілігіп, күннен күнге абыройы арта түседі. Бұл жайлы Файзолла,  бай үйінде хатым оқыдым, хатым жеті күнде бітті. Одан кейін Ахон хазіреттің мәшжитіне ұстаздың бұйрығымен он күн хатым оқып, одан кейін бес күн Қараш байға хатым оқып, оразаны осылай аяқтағанын жеткізеді. Біз бұдан ұғатынымыз жасы жиырмаға әлі толмаған баланың хатым оқып, анау Троицкадан бастау алатын діни  қызметкерлердің арасында аты шығып, қазақтар арасында діни ағартушылықпен бала жасынан бастап айналысқанын байқаймыз. Файзолла дін ұғымын осы бала күнінен бастап, сол кезеңдегі сауатсыз дүмше молдалар секілді емес, байыпты түрде сауатты жеткізеді. Ол осы күннен бастап, діни ағартушылық қызметте жүріп, әр қазақ баласына дұрыс білім беруді үйрете бастады [2, 8 б].

Файзолла  1900 жылы Құран қари атанып, абыройы биіктеп, Троицк қаласындағы діни қызметіне қарамай, елге оралғанда әкесі Сатыбалды ишан дүниеден өткен еді. Сондықтан Троицкідегі сүйікті ұстазы әрі әкесінің қияметтік досы Ахон хазіретке барып, бір жыл онымен бірге мешіт пен медреседе қызмет істеп, тәлім-тәрбиесін алып, тәжірибеден өтеді. Осында ол атақты татар байы, миллионер Молдағали Якушевпен танысады. Оның жүн-тері сатып алатын дүкенінде сұрыптаушы болып істеп жүрген қазақтың болашақ үлкен журналисі, ақыны Мұхамеджан Сералинмен кездеседі. Яушев үйінде М. Сералинмен танысып білісу - жас Файзоллаға үлкен әсер қалдырады.  Ол ұстазы әрі әке орнына тұтқан ғұлама Ахун хазіреттің фатихасын алып келгесін 1901-1906 жылдар аралығында Торғай қаласындағы уездік мешіт, медреселерде діни қызметте болады. Торғай қаласында болған бес жылда - оның өмірінде ерекше із қалдырады. Ол мұнда Нәуен хазірет, дәмолда Байту, Кәтен, Бейіс хазірет, Оспан қожа, Салих молда т.б дін қайраткерлерімен танысады. Өзінің нағашысы, әрі өкшелес інісі қазақтың болашақ ұлы тұлғаларының бірі Міржақып Дулатұлы  және басқа да сол кездегі Торғай өңіріндегі зиялыларымен араласады. Олардың көмегімен Троицкіде алған орысша білімін жетілдіре түседі  [3].

Ол Молдағали Якушев деген татар байдың үйінде жүріп, қоғамдық саяси көптеген мәселелерге қанық болып, өзінің орыс тілімен қатар, саяи білімінде жетілдіре түседі. Оның ақындық қабілетінің қанат жайып өркендеуіне, көзі ашылып саяси білімінің дамуына осы кезде Троицк қаласында жүрген қазақ зиялыларының әсер мол еді. М.Сералиннің Якушевтің үйінде жүрген кезінде ақ, оның білімділігіне, қайсарлығына таң қалады.  Алаштың рухани көсемі Міржақып Дулатұлының Файзолла бала күнінен бірге өскен, тай құлындай тебіскен бауыры еді. Файзолланың анасы Әйін Міржақыптың апасы болып келеді. Файзолла Міржақыптың жиен еді. Файзоланың саяси көзқарасының қалыптасуына Міржақыптың зор әсер еткені анық.   Алаш арыстарымен тығыз қарым қатынаста болып, Сұмағұл Сәдуақасұлы  және Жүсіпбек Аймауытұлымен пікірлес, Мағжанмен тар жол, тайғақ кешуде бірге болды [4, 445 б].

Файзолла Троицк қаласынан туған жерге екінші мәрте қайта оралады. Ол Торғай даласында жүріп, өзінің өмірілік досы, бауыры, ет жақыны Әлмұхаммед Оспанұлымен танысып, Торғай даласын аралап,  осы жерде өмір сүрген бұрынғы игі жақсылардың, ақын-жыраулардың, шешендер мен билердің, бұрынғы аузы дуалы азаматтардың айтқан сөздері мен өлең-жырларын жазып алып жүреді. Осы жерде біз Файзолланың түрлі саланы меңгерген талантты адам болғандығын айта өткіміз келеді. 

Ең бірінші  – Файзолла Сатыбалдыұлы ақын. Оның бойына ақындық ана сүтінен дарып, сүйегіне сіңді. Ақындық дарыны түрмеде түлеп, ішкі кеңістігі кеңейе түсті. Ол өлең жазғанда қазақтың болмысын, тұрмыс тіршілігін, ауыр да азапты жылдарын кішкентай жүрегіне сыйдырып, үлкен толғаныспен шығарды.

Екінші  – Файзолла Торғай өңіріндегі алғашқы Құран қарилердің бірі. Құран Кәрімді жаттап, толық меңгерген. Құран бойына қуат беріп, шабытын ашып, қараңғы қазаққа он жеті жасынан бастап, діни білім берген азамат.

Үшінші  –  Файзолла философ, пәлсапашы. Құран аяттарын халыққа дұрыс жеткізе білген, дұрыс түіндіре білген тәпсірші. Ол өз заманынан бөлек алдынғы ғасырға, болашаққа, ұрпақ сабақтастығына мән беріп, болашақты болжай алатын көреген тұлға.

Төртінші – тарихшы. Файзолла қазақ халқының тарихын зерттей отырып, оның даму жолын баяндап, түркі бауырлас ұлттардың да тарихын зерттей отырып, қазақтың шығу тарихын өлеңмен жазып қалдырды. Файзолла ХХ ғасыр басындағы тарихқа да өз саяси бағасын беріп, бүгінгі ұрпаққа сол кезеңде көрген білген дүниесін өлеңмен ақтарады. Оның «Әдіғаппар хан» дастаны ХХ ғасырдың басындағы ұлт азаттық көтерілісті еш боямасыз сипаттаған. Ол Торғайдағы осы көтерілістің әдеби тарихын, сол кездегі халықтың болмысын, мәдениетін, білімін, салт-дәстүр, наным-сенімін еш қалтықсыз суреттей білген. 

Бесінші  – әдиебетші-ғалым. Файзолла еңбектерінде халық әдебиетін кеңінен қолданып, әрбір шығармаларында ғылыми көркемдік береді. Ол халық ауыз әдебиетін жинақтап, бір арнаға тоғыстырған азамат. Ал өз өлеңдерінде ұлттық мәнермен қатар, шығыстық үлгіні де байқаймыз, оларды өте шебер байланыстырады. 

Алтыншы – дін ағартушысы. ХХ ғасырдың басында қазақ халқы жәдишілдікті меңгерумен қатар, діни ілімді де терең меңгере бастады. Себебі, қазақ халқының дін ұстану дәстүрі берік еді. Кешегі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде қалған Көк Тәңірге, Ұмай анаға, Күнге сену дәстүрі бұл кезеңде де көбеймесе жоғалмаған еді. Файзолла бала күнінен ислам жолын таңдап, дінмен сусындап, Шәкірім Құдайбердіұлы мен Ғұмар Қараш секілді діни ағартушылықпен ерте жастан бастап айналысады. Діни ағартушылықты терең ұстанған Құран қари Файзолла Торғай өңіріне екінші мәрте қайта келіп, дін ісімен айналысады [5, 108 б].

Файзолла Сатыбалдыұлы 1916 жылдан бастап қазақ өлкесінің Торғай, Ұлытау даласындағы белгілі оқиғаларға белсене араласа бастайды. 1921 жылдары Батпаққара, Торғай бойы ашаршылыққа ерекше ұшырап, жұтап қалады. Тасмешін аталған бұл ауыр қыста Торғай Үйезінің аш-арық бөлімінің комиссия мүшелері болып Файзолла Ишанұлы, Батырқайыр Тоқтыбаев, Шайхы Құлжановтар сайланады. Файзолла Ишанұлының бастамасымен «Торғай керуені», «Бұл не?», «Ашыққан ел», «Торғай халқының мұңы» атты мақалалары «Ақжол» газетіне жарияланады. Бұл мақалаларда Торғай халқының жағдайы күннен-күнге нашарлап, үкіметтің әділетсіз салық салып, өлім-жітім көбейіп бара жатқанын ашына жеткізді. Файзолла Ишанұлы «Бұл не?» мақаласында: «Мінеки, бұл күн Торғайдан хат алып отырмыз, Торғайда 1 февральдан бастап алтысына дейін үйездік сиез болып өтті. Сиезде губерниялық бөлімі Қостанайдан үш орыс жолдас болыпты, бірі губпрод комиссар, бірі губ член исполком, бірі губ партиядан, бұл жолдастар мынау жобаны да ұсынысқа қойыпты: 

1) Ақмола губерниясынан аштар үшін қанша бидай берді, жартысы қазыналық есебінде болып Торғай қаласына төгілсін деп.

 2) малдан налог қазыналық болып жиналсын деп, әр қараға 24 қадақтан, қойға 8 қадақтан. Бұл жобалар туралы сиез делегаттары халықтың налог төлеуге шамасының жоқтығын, аштықтан Торғай халқы қаңғырып күн көре алмай жүргендігін һәм бидай туралы 30 мың пұт бидайдың там-тұм елге келгенін ішіп қойып, халық қолында бір түйір дән қалмағандығын қанша айтып зарлағандарымен губерния бөлімінен келген жолдастарға тыңдаусыз болған. Қабылдатудан басқа жоба ұсынбаған һәм қабылдатқан. Бидайды ішіп қоюшыларға бір пұтына екі пұттан мал есебінен төлесін деп бұйрық қылған. Торғай халқының аштығы туралы елден мынандай хабарлар келіп отыр: «осы күнде ел арасында» он-онбестен шұбырып тамақ іздеп жүрген адам жол үстін босатпайды. Үй басы күндіз түн демей қарауылшы тұрады, көзден таса болса ұрлап кетеді. Әрбір үйге кірген аштар қолымен беруге қарамай «өлеміз бе» деп, көрінген нәрсеге қасқырша шабады. Торғайда ұрлықпен айдалып 16 кісі өлім жазасына бұйырылып атылды дейді». Мақаланы жазған «Торғай үйезінің аш-арық бөлімі комиссиясының мүшелері: Файзулла Ишанов, Шөптібай Баймұратов, Батырқайыр Тоқтабаев. 1922 жыл 6 март (Қараөткел)» - деп қол қояды [6, 48 бет].

Файзолла ишан «Торғай халқының мұңы» мақаласында халықтың үлкен күйінішпен жеткізеді. Мақалада: «Өткен жаз халықтың тұрмысы күйсіз, өте ауыр болды.  Ішерге ас, киерге киім, жеуге тамақ болмады. Әркім өз әлінше  қолына түскенін тамақ қылды, күн кешірді. Қыстағы жұттан  үлкен малдардың өлексесін жеді. Суыр, зорман, сасық күзен, сарышұнақ, тышқан сықылды жер хайуандарын аулады. Темір тікен, сасық қурай, ат құлақ дейтін шөптерді үгіп ұн қылып ішті. Жан амалдады. Күндерін өткізді. Жоғарғы айтылған әр түрлі аңдарды жеп тамақ қылулары себепті көк шығып, күн қызғаннан кейін халыққа ауыртпашылық, ауру көбейіп өлім-жітім кірді»-деп жазып, ашаршылық жылдары халықтың бел ортасында болып, елдің еңсесін көтеріп, елеулі еңбек етті [7].

Қазақ халқының басына келген зобалаң бұл жағдаймен тоқтамады. 1928 жылы 27 тамызда Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі «Бай, қожалықтарын тәркілеу туралы» декрет, ал БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті осы шараға байланысты «Барлық еңбекшілерге» деген үндеу қабылдады. Аталған құжаттарда байларды тәркілеу шарасының осы жылғы 20 қыркүйекте басталып, 1 қарашада аяқталатындығы айтылып, соған байланысты атқарылатын істердің жүйесі белгіленді. Тәркілеу шаралары республиканың Адай округы мен бұрынғы Жетісу және Сырдария губернияларының мақта өсіретін аудандарынан басқа өңірлерді түгелдей қамтуға тиіс болды [8, 46 б].

Кеңес өкіметінің зорлық-зомбылық саясатына қарсы 1929 ж. 1 – 9 қарашада болған Қостанай округінің Батпаққара ауданын, ішінара Наурызым, Торғай аудандарының кейбір ауылдарын қамтыған халықтың наразылық қимылдары. 1929-31 жылдары ашаршылыққа қарсы 372 көтеріліс болды, оған 80 мыңнан астам адам қатысты, мұны коммунистердің өздері тіркеген. Соның 15-і – Созақ, Балқаш, Шұбартау, Ырғыз, Батпаққара сияқты көп жерлерде аудан көлемінде Кеңес өкіметін құлатты.Көтерілістің басталуына 1928 жылдың қыркүйек – қараша айларында жүргізілген кәмпескелеу науқаны себеп болды. Қазақ АКСР-і ОАК-нің шешімімен мұнда 16 бай қожалықтары тәркіленді. Осы науқан барысында байлардың отбасыларының, өлкеден шыққан Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, М. Есполұлы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының бірі Ә. Жанбосынұлының серіктері мен балаларының әділетсіз қуғындалып, абақтыға жабылуы жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырды [9].

Саенконың тұжырымында Батпаққара және Науырзым аудандарындағы көтерілістің шығуына мынадай себептер негіз болған:

1. Торғай өңіріндегі бұл аталған аудандар кезінде 1916 жылғыкөтерілістің де ошағы болған. Яғни, автордың пікірі бойынша, мұнда биліктің шараларына белсенді түрде қарсылық таныту дәстүрге айналған.

2.Бұл өңір Алашорда басшылары А.Байтұрсынұлының,М.Дулатұлының және М.Есболұлының Отаны. Алаш идеясы мұнда кең және терең тамыржайған. Көтеріліс қарсаңында, мәселен, Батпаққара ауданында 50 адамның ОГПУтарапынан тұтқынға алынуы осы жағдайға байланысты жүргізілген.

3. Батпаққарада мұхтасиб ишан Файзолла Сатыбалдыұлы бастаған діндарлардың қоғамдағы ықпалы зор. Сатыбалдиндер мешітінің аудандағы басқа да мешіттердің өкімет меншігіне алынуы тұрғындар арасында үлкен наразылық тудырған, сондай-ақ діндарлардың советтік шараларға қарсылығын күшейтіп жіберген.

4. Саенконың пікірінше, Батпаққара және Науырзым көтерілісі, бұл – бір күннің ісі емес,қоғамдағы байлар мен дінбасыларының ұзақ даярлауы арқылы іске асырылған.

Көтеріліс барысында мынадай ұрандар тасталған: Совет өкіметі жойылсын, коммунистер жойылсын, хандық билік жасасын, бай мүлкі деп тәркіленген бұйым иелеріне қайтарылсын, жер аударылғандар еліне қайтарылсын т.б [10].

Көтеріліс басталған кезде Батпаққараның өзінде ғана РКФСР «Қылмысты істер кодексінің» 58-бабы бойынша «контрреволюционерлер», «ұлтшылдар», «алашордашылар» деген айыптармен 50 адам тұтқында отырды. Көтерілісшілердің басты мақсаты — осы адамдарды қамаудан босату болды. Кеңес өкіметі органдарындағы басшы адамдардың озбырлығы, астық дайындау науқандарындағы жүгенсіздіктер, өкіметтің дінге теріс көзқарасы қалыптасқан ахуалды шиеленістіре түсті. 1929 ж. 2 қарашада наразылыққа қатысушылар Батпаққара ауд-ның орталығына басып кірді. Жасырынып үлгермеген аудан басшылары, жергілікті өкімет адамдары тұтқындалды. Жергілікті кеңес, партия, сот, милиция, кооператив, шаруашылық мекемелері орналасқан үйлер өртелді. Көтерілісті ұйымдастыру кезінде Абайділдә Бекжанов, Сейтбек Қалиев, Ахмедия Смағұлов, т.б. белсенділік танытты. Көтерілісшілер қатарында 5 ауылдық кеңес мүшесі, 3 коммунист, 12 комсомол, 2 «Қосшы» одағының төрағалары болды. Көтеріліс басшылары аудандағы барлық ауылдардың өкілдерімен жиналыс өткізіп, ауылдарда «ақсақалдар үштігін» құрды. Оларға әрбір ауылдан 50 жігіттен тұратын сарбаздар жасағын шығару жүктелді. Жалпы саны 1000 адамнан тұратын сарбаздар жасақтау (800-і Батпаққара ауданының ауылдарынан, 200-і Науырзым ауд-ның ауылдарынан) көзделді. 300 адамның қатысуымен жергілікті мешітте Омар Бармақовты көтерілісшілер хан көтерді. Батпаққарадан кейін Наурызым ауданындағы елді мекендерді, ауылдарды қосып алып, онан соң Торғайға, Қостанайға шабуыл жасау жоспарланды. Алайда жалпы сандары 530 адамға ғана жеткен, өздері «Аңшылар одағы» дүкенінен алынған 75-ке жуық мылтықтармен қаруланған көтерілісшілердің мұндай кең көлемде әскери қимылдар ұйымдастыруға мүмкіндіктері болмады. Жазалаушы отрядтарға көтерілісшілер қарсылық көрсете алмады. Жазалаушы отряд 200-ге жуық көтерілісшілерді, оның ішінде Бармақовты да тұтқынға алды. ОГПУ «үштігі» Б. к-не байланысты 115 адамды ату жазасына, 170 адамды 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімде еңбекпен түзету лагеріне, 28 адамды Қазақстаннан тыс жерлерге 3 жыл мерзімге айдауға кесті, 17 адамды шартты түрде соттады [9].

Билік қоғамдағы дүрбелеңнің себебін өзінің қате саясаты мен ұстанымынан емес, «әлеуметтік тұрғыдан әділетті саясатты қабылдай алмаған» бай мен молдалардың әрекетінен іздеді. Өз ретінде мұндай қате ұстаным жаппай репрессиялық шараларға жол ашты. Күдік елдің бас көтерер деген сауатты және беделді адамдарына түсті. ОГПУ органдары аса көп ойланып жатпастан өздерінің үйреншікті әдетіне басып соларды тұтқынға алды. 1929 жылы 6 ақпанда ОГПУ-дің Қостанай округтік бөлімі тарапынан басталған № 648 Сатыбалдиндер Файзулла және Мырзаның, Мойыновтың, Өсеровтың, Орманбековтың,Көсегеновтың, Байғожиннің, Қанжығалин және басқалардың сот ісі осы қатардағы істердің бірі еді [8,48 б].

ОГПУ-дің аға қызметкері Жақыповтың аталған кісілерді кылмыскерлер ретінде тұтқынға алу туралы даярланған қаулысында мынадай мәліметтер берілді: «1. Қостанай округіндегі Батпаққара ауданының ірі байлары, молдалары және ақсақалдары сайлау алдындағы науқан кезінде ұйымдасқан жолмен билікті қолға алып коммунист және комсомолдармен ақтық күрес жүргізу мақсатында құпия түрде даярлық жиындар өткізіп міндеттерін анықтап, шешімдер қабылдайды. Байлар мен ақсақалдардың идеялық жетекшісі Батпаққара ауданының мұхтасибі Сатыбалдин Файзулла және оның туған ағасы Сатыбалдин, яғни Мырза Ишанов, бұрынғы молда, атақты Сатыбалды Ишанның (діндарлар одағының басы) тұқымы. Советтерді қайта сайлау науқаны қарсаңында аталған мұхтасиб Сатыбалдин Ишан тұрған мекені № 5 ауылда Батпакқара ауданының ірі байлары мен ақсақалдары – Байғожин Мұқанның, Өсеров Ахмедияның, Қалдыбаев Әбдіғазының, Тілеуов Жүсіптің, Тілеуғабылов Жанділданың, Қабылов Әбділданың, Құлықов Қожахметтің, Баймағамбетов Әбділданың, Қанжығалин Қожахметтің және басқалардың қатынасуымен құпия кеңес өткізеді. Сол кеңесте олар Сатыбалдин Файзулланың басшылығымен Ауылдық Советтердің төрағасы мен хатшысы қызметіне өз жақтастары мен олардың құйыршықтарын сайлап, коммунистерді қолдайтын кедейлер мен батырақтарды жібермеу туралы осы мақсатта ауылдарға үгітшілерді аттандыру жөнінде шешім қабылдап, ең соңында осы ұстанымда тұратындықтарын білдіріп «Бата» жасайды» [8, 49 б].

Аға қызметкер үгітшілердің осы жасалған батаға байланысты атқарған қызметіне бір жақты, жағымсыз баға беріп, сондай-ақ сол жақ беттегі әлеуметтік топтың мүддесін мүлдем есепке алмастан мынадай мазмұндағы тұжырымға келеді:«Сатыбалдиндер жергілікті тұрғындар арасында совет билігі дінді жою жолына түсіп, молдалардан мешіттерді тартып алып түрлі әрекетке баруда, билікте отырғандар өңшең тонаушылар, халықты тонауда, сондай-ақ тұрғындарды Қостанай округіне қосылу пайдасыз, өйткені Қостанайға қосылғаннан кейінгі уақытта коммунистер көбейе түспек, ал олар болса халықты тонаудан, тәркілеуден, оған ауыл шарушылығы салығын салудан басқа ештеңе де білмейді деген арандатушы сыбыстар таратты. Бұдан басқа жоғарыда аталған байлар тұрғындар арасында ақсақалдар сотын өткізіп, діндарлар пайдасына тұрғындардан зорлықпен қайыр-садақа жинайды және Совет билігі мен Компартияның ауылдарда өткізетін шараларына үнемі қарсылық көрсетіп, билікті өз қолдарына басып алуда. Ауылдағы билік қазірге дейін осы байлар, молдалар және ақсақалдар қолында» [8,50 б].

Осы мазмұндағы тұжырымға келген ОГПУ қызметкері мына көрсетілген тізімдегі ауыл тұрғындары - «қазақтарды» Қылмыс кодексінің 58-10 және 58-7 баптарына сәйкес тұтқынға алу жөнінде шешім шығарады:

Сатыбалдин Файзулланы, 45 жаста, сауатты, мұхтасиб, үйленген, 2 әйелі бар, әлеуметтік жағдайы тұрғысынан бай:

Сатыбалдин (Ишанов) Мырзаны, 57 жаста, сауатты, үйленген, 2 әйелі бар, бай;

Өсеров Ахмедияны, 58 жаста, үйленген, 2 әйелі бар, бай,бұрынғы ірі болыс басқарушысы, сауатты;

Орманбеков Тойшыбекті, 60 жаста, бұрынғы болыс басқарушысы, бай, үйленген сауатты;

Байғожин Мұқанды, 63 жаста, бай, үйленген, 2 әйелі бар,сауатты, бұрынғы болыс басқарушысы;

Көсегенов Омарбекті, 42 жаста, бай, үйленген;

Мойынов Бекмағамбетті, сауатты, үйленген, бай;

Қанжығалин Қожахметті, 23 жаста, сауатты, үйленген, бай» [8, 50 б].

№ 648 іс 1929 жылы 27 сәуірде ОГПУ-дың Қазақ КСР-дағы толық құқылы өкілі жанындағы ерекше Үштіктің қарауына жіберілді. Осы ретте ескеретін жағдай 1928 жылдың ақпанында басталған бұл тергеу ісін жүргізуді қолыналған атақты ОГПУ тергеушісі Саенко еді. Тура осы мезгілде Саенко Қызылордада басталып Алматыда жалғасын тапқан Алаш ісі бойынша да негізгі фигура болатын. Бұл, бір мезгілде жүрген екі тергеу ісіне байланысты жай қабысу емес-тін. ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілі Попов пен тергеуші Саенко Батпаққара және Торғайдағы саяси оқиғалар мен Алаш қозғалысы арасынан өзара байланыс іздегені күмән туғызбайды  [8, 52 б].

Батпаққара көтерілісіне Сатыбалды Ишан ұрпақтары ерекше қатынасты. Файзолла Сатыбалдыұлы Торғай халқына белгілі азамат болғандықтан, Батпаққара көтерілісіне қатынасты, көтеріліс басшыларының бірі деп 1928 жылдың желтоқсан айының басында  «діншіл, зиянкес жат элемент» ретінде тұтқындалып, осы жылдың аяғында Қостанайдың Ақтүрмесіне жөнелтіледі. Осы мезгілде Қостанай қаласындағы абақтыда Сатыбалдин Мырза ишан және оның төрт бауыры Шахуетдин, Ақмалетдин, Жамалетдин және Файзолла, сондай ақ екі ұлы Хажетдин мен Серажетдин қамауда жатты. №648 істі қараған ОГПУ мүшелері Сатыбалды ұрпағына бірнеше айыптаулар тағады. Жангелді Отарбаев Сатыбылды ұрпағына жасаған қиянатты былайша қорытады: «В 1928 году Сатыбалдин Файзолла, Моинов Бекмагамбет и другие баи организованно противодействовали переделу пахотных и сенокосных угодий, отбирали земли у бедняков и передавали баям. В начале прошедшей конфискации байских имуществ крупные баи Сатыбалдин Файзолла, Сатыбалдин Мурза, Каралдин Байкадам, Исмаилов Мухамеджан, Бармаков Омар, Баймуратов Ибрай-Ибиш, Баймуратов Шоптыбай, Исенбаев Магзум, Малаев Нугман, Жандильдин Тлеукабыл, Байгужин Мухан и другие устраивали собрания, на которых ими было решено выступить против Соввласти, организовав джигитов наметили избрать ханом Бармакова Омара и послали людей к аксакалам других соседних районов, к баям Саутбаеву Хамиту и другим за советами (л.д. 158 и 159), полагал бы: настоящее дело направить через ПП ОГПУ по Казахстану в особое совещание при коллегии ОГПУ для внесудебного рассмотрения. 27 апреля 1929 года.Сатыбалдин Мурза в 1929 году был осужден по статье 58-10 УК РСФСР к 10 годам лишения свободы. 26 апреля 1930 года ПП ОГПУ в Казахстане ему было предъявлено новое обвинение в подготовке восстания, т.е. в совершении преступления, предусмотренного ст. 58-2 УК РСФСР. Решением Тройки при ПП ОГПУ в Казахстане от 25 мая 1930 года Сатыбалдин Мурза по ст. 58-2 УК РСФСР был подвергнут расстрелу с конфискацией имущества. Однако в материалах архивного уголовного дела отсутствуют какие-либо доказательства, свидетельствующие о преступной деятельности Сатыбалдина Мурзы. Учитывая вышеизложенное и принимая во внимание то, что решение по делу принято несудебным органом, Сатыбалдин Мурза подпадает под действие Закона Республики Казахстан «О реабилитации жертв массовых политических репрессий», и он реабилитирован заключением Генеральной Прокуратуры РК от 14 апреля 1993 года. 20 октября 1993 года в Управление КНБ РК Торгайской области с заявлением о возмещении стоимости конфискованного имущества Сатыбалдина Мурзы обратился его сын Нуритден, который в 16 лет был обвинен в подготовке и участии в Батпаккаринском восстании и отсидел несколько лет. В заявлении написано, что его отец, Сатыбалдин Мурза, в 68-летнем возрасте был осужден по статье 58.2 УК РСФСР в 1929 году в г. Кустанае. В январе 1930 г. его повезли в Алма-Ату и расстреляли как «врага народа». Вместе с отцом были расстреляны его сыновья Мурзин Хажетдин (28 лет) и Мурзин Серажетдин, (21 г)» [11].

Ол 1928 жылы сәуір айында Алматыға айдалады. Қостанай окірсоты 14 жылға үкім кеседі. 1929-1935 жылдар арасында Іле, Алматы, Ақтеңіз-Балтық, Моква, Новосібір каналдарын қазу жұмысына қатысады. Айдауда болған жылдарында ол Міржақып Дулатұлы, Мырзағазы Есполұлымен анда-санда көріп, кездесіп тұрады. Ал қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаймен 2 жыл 5 ай бір бригадада болады. 1935 жылы 14 жылдық жаза жер аударумен ауыстырылып, Татарстан, Башқұртстан,  Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола аймақтарында болып, туған жеріне 1946 жылы 63 жасында оралады. Өмірінің соңына дейін Алланың ақ жолыннан таймаған Файзолла қари Сатыбалдыұлы 1959 жылы көз жұмды.

Ф. Сатыбалдыұлы - 1959 жылы 26 желтоқсанда қайтыс болады. Өзінің өсиеті бойынша сүйегі бір жеті сақталады. Қазақстанның біраз жерінен және Троицкіден игі жақсылар келеді. Асыл тәні өз үйінде жеті күн түнетіліп, жер қойнына 1960 жылдың 2-ші қаңтары күні тапсырылды. Ақынды жөнелтуге Батпаққара - Торғай елінің белгілі азаматы Молдағали Ермағанбетов басшылық жасайды. Ақын рухына Жітіқарадан келген Мұстафа қажы, Троицкіден - Ахон хазірет пен Зейнолла хазірет балалары, Ақтөбе облысы нан - Сағидолла қажы, Әулиекөлдің қияметтік досы мұхтасиф Әдмұхаммед Оспанұлы, Торғайдан Мұхаммедуәли Оспанқожаұлы, Батпаққара дәмолдалары Смайыл Бәйгелұлы, Өтеш Қоқанбекұлы, Сейітмағанбет, Жарман т.б. дін қайраткерлері арнайы түрде бір апта бойы Құран түсіреді. Намазын өсиеті бойынша Әлмұхаммед Оспанұлы шығарады [12,42 б].

Файзолла Сатыбалдыұлы алты алаштың ақиық ақыны,құранқари дін қайраткері. Ақын мәңгілік қазақ халқының азаттығын аңсап өтті. Оған мына жыр шумақатры дәлел бола алады?

Ей, қазағым, жан бауырым, туғаным,

Сенің қамың бала жастан қуғаным

Сен бақытты, сен өркенді ел болсаң,

Болмас еді, менің дағы арманым.

Ей, қазағым, кештің тағдыр күрделі,

Сендей болсын, болса бір ұлт зерделі

Құрбандығың болар едім жолыңа,

Ел болсаң сен - өз алдыңа іргелі

         Файзолла Сатыбалдыұлы  тұтас бір ұлттың өз алдына дербес мемлекет болуы үшін басын бәйгеге тікті. Халық қараңғы да қалмасын, елдің көзін ашамын деп қайғы кешіп, қан жұтты. Ақын ғұмыры қасіретке толы болды. Кеңес үкіметінің озбырлығына шыдап, азабына төзді. Өмірінің соңына дейін қудалауға ұшыраса да жадынан Алланы өшірмей, тәубесінен жаңылмай күн кешті. Сол бір қаратүнек заманның өзінде теңдік, әділет, тәуелсіздік туын жоғары ұстап, халқымызды қазіргідей жаңа өмірге бастаған ел ардақтыларына әр уақытта тағзым етсек, есімдерін құрметпен еске сақтасақ, егемен мемлекетіміздің ертеңі жарқын, болашағы кемелдене түседі.

Жауынбай ЖЫЛҚЫБАЙҰЛЫ 

Пайдаланған әдебиеттер

1.  Қауғабай,Ораз. Сатыбалды ишанның тағдыры мен тағылымы / О.Қауғабай // Қостанай таңы. -2016. – 13 сәуір.- Б.9 ; 15 сәуір. –Б.7 ; 19 сәуір. – Б. 8

2.Сатыбалдыұлы Файзолла Шерлі жылдар, шерулі жырлар: Өлеңдер мен поэмалар-Қостанай: Баспа үйі, 2004- 470 бет 

3.Балахмет, Ертай қажы. Файзолла қари тағлымы: [шығармалары]./ Е.Қ.Балахмет// Қостанай таңы. – 2005.- 4 қазан - 4  б 

4. Ахмет Байтұрсынұлы. Энциклопедия / Бас.ред. Ж.Тойбаева. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2017.-744 бет. 

5. Бөгетбай Әлмағанбет. Торғайдың топжарғандары: Торғай ақын-жыршылары туралы әдеби зерттеулер, очерктер.-Алматы.-2005.-240 бет: сурет. 

6.  «АҚ ЖОЛ» №164 Сенбі, 22 апрель, 1922 жыл  6-том

7.  АҚ ЖОЛ» №154  Сәрсенбі, 22 март, 1922 жыл

8. Т. Омарбеков. "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том

9.  Зияуйтденов Р.С  Сатыбалды ишан (Қыпшақ ишан) Ғабдоллаұлы/ тағдыры мен тағылымы. Павлодар:-ЖК «Сытина Н.И.» баспаханасы, 2017.-178 б.

10. Қойгелдиев, Мәмбет. Алаш қозғалысы: екі кітаптан тұратын монография / М. Қойгелдиев. - Алматы : Мектеп, 2017. - 655 б.

 11. «Книгу скорби – Азалы кiтап», г. Алматы, 2004 г.

12.Зияуйтденов Р.С «Көкірегім-алтын көмбе» Файзолла Сатыбалдыұлы. (Ой-пікірлер, өлеңдер мен поэмалар).-Павлодар;- ҒӨФ «ЭКО», 2018.-530 б