Парижден көрген-білгендер (сапар естелігі)
21.12.2023 2488

(Жалғасы. Басы бар)

Бастилия ескерткіші жанымызда

Желтоқсанның 5-жұлдызында қонақ үйден таңғы асты ішіп, тағы да таң қараңғысында жауындатып жолға шықтық. Біздің қоналқы Бастилия ескерткішіне жақын екен. Бұл туралы біз «Дүние тарихнына» оқығанбыз. «Бастилияны басып алу» атты тарихи оқиға француз тарихындағы бір бетбұрыс еді. 

Бастилия – Париждегі ортағасырлық каземат, тұйық қамал және абақты, онда ең бастысы саяси тұтқындар, монархия қарсыластары қамауда болған (Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. - 569 б.). Қазіргі таңда бұл жерде ондаған көшелер мен бульварлар қиылысып, жер астында үш метро жолымен байланысып жатыр. 1789 жылы 14 шілдеде Ұлы француз революциясында революционерлер Бастилияны басып алады, ал бір жылдан соң Пьер-Франсуа Паллой (Pierre-François Palloy) мердігер оны бұзып, орнына «Осы жерде билейді және бәрі жақсы болады» (ici l'on danse, ah ça ira, ah ça ira! ) деген тақта жазып кетеді (The Bastille: a history of a symbol of despotism and freedom By Hans-Jürgen Lüsebrink, Rolf Reichardt). Жалаңаш қанатты адам бейнеленген еңселі ескерткіштің айналасы тоғыз жолдың торабында бой көтерген. Әсіресе метролардың да өрмекшінің торындай тұтасатын маңызды орталықтардың  бірі де осы Бастилия екен. Бастилия бекетінен біз білім алып жатқан Франция Ұлттық ескерткіштер орталығының арасы метромен бір жарым сағаттық жол. 

 

Парижде қатынас құрадары дамыған, көне көшелері екі ат арба айқасып өтердей тар болса да, кептеліс тым көп емес көрінеді. Қаланың ішкі көшелеріне көліктер қысым түсірмейтін секілді. Ал жер асты жолдары сан тарам. Метро пойыздары көнелеу, жұпыны. Бірақ 15 млн Париж халқын іркіліссіз-ақ тасып жатыр. Метро ішінен-ақ Францияның халқының бөгенайын білуге болады. Бір кездері ақсүйек француздар қалыптастырған мәдениеттің елесі ара-тұра көрініс бергені болмаса, бүгін бұл елде ақ пен қара аралас өмір кешіп, тіршілік отында бір қазанда қайнап жатқандай. Жұмысқа сабылып жатқан париждіктердің көбі қара нәсілді адамдар. Париж қоғамының беймарал тыныштығы да кейінгі жылдары бұзыла бастаса керек. Ұры-қары, қарақшы-тонаушы көптігін жол бастаушылырамыз жиі ескертті. 

 

Екінші күнгі дәріс – әлемеуметтік желінің иқуаты 

Екінші күнгі сабаққа жиналдық. Бұл күнгі сабақ тақырыбы: «Әлеуметтік желілердегі аудиториямен жұмыс істеу негіздері» болды. Дәрісті сандық технологиялар маманы Жюльетт Хьюве  (Juliette Huvet)   ханым жүргізді. Бұл күнгі сабақтан да айтақалсын қызықты мағлұматтар алдық. 

Франция музейлерінде сандық технологияның жеткен деңгейі шын мәнінде көш алда. Жюльетт Хьюве жеті сағатта өз елінің бұл саладағы жетістіктерін нақты дәлелдер арқылы көрсетіп берді. Бір қызығы, бұл елде соншама көп музейлердің жарнама және нәсихат жұмыстарымен аталған орталықтың он шақты маманы ғана айналысады екен. Әр музей өздерінің танымалдылығы үшін жанталаспайтын сияқты. Біз мұны бұл елде халықтың музей туралы танымы қалыптасқанына талай ғасыр болғандығынан деп шамаладық. 

Франция музейлері ресми сайт, түрлі БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы ел іші-сыртындағы қызығушылардың да жүрегін жаулағаны байқалады. Жасаған жарнамалары да қызылды-жасылды, сан алуан түрде емес, қарапайым, қысқа да нұсқа болады екен. Музейлердің ресми сайттарында француз және ағылшын тілінде берілген ақпараттар нақты әрі толық. Көбінесе француз тіліне басымдылық беріледі. Музейге келушілер алыста отырып-ақ сол сайттағы «Билет сатып алу» батырмасы арқылы билет сатып ала алады. Ресми сайтының бас бетінде жалаулап, лықсып тұрған ақпараттар көзге шалынбайды. Қарапайым әрі ұғынықты болу жағын қарастырса керек. Бұл жалпы еурополықтарда бар қадет. 

Дегенмен, франциялықтардың әлеуметтік желі және сайт арқылы жарнамалық жұмыстар жүргізу тәсілінің бәріне бірдей аузымыз ашылып таңырқап отыра бермедік. Ақпарат, баспасөзі біршама дамыған ел ретінде Қазақстанның да бұл салада біраз биікті бағындырғанын топшыладық.

Сапарласымыз, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ғылыми қызметкерлері Данияр Жаңқабаев француз маманы Жюльетт Хьюве сөйлеген «Әлеуметтік желілердегі аудиториямен жұмыс істеу негіздері» атты дәрістен түйген ойы жөнінде былай деді: «Әрине, әрқандай мекеменің өзінің ресми сайты болғаны маңызды, бұл заман талабы. Сайттың пайдаланушыларға қолайлы болуы көзделуі керек. Біз жөнінен алғанда, қазақ мәдениетін танығысы келетін кез келген турист ең әуелі әлеуметтік желіні ақтарып отырып, сол мекеменің ресми сайтын немесе ресми парақшасын тауып алып қарайды. Әр музейдің сайтында кез келген турсит білгісі келетін ақпараттар қысқа да нұсқа, түсінікті болуы керек. Бүгінгі дәрістен көп жаңа мәліметтер алдық. Еліміздегі ресми сайттарға, әсіресе, өзіміз қызмет етіп отырған Алматы музейлерінің сайтына алар тәжірибелер бар. Бірақ туризмі мен музей саласы ерекше дамыған ел екен деп француздардың үлгісін түгел көшіріп алуға болмайды. Бұл елдің мәднени тұрмыс-салты да басқаша. Біздің әлеуметтік желілер де өзінің әрі заманға сай, әрі қазақы болмысын сақтауы керек. Себебі, біз музейге келушілерді еуропалық үлгімен емес, қазақы нақышымызбен қызықтыратынымызға ешкімнің таласы жоқ», деді. 

Шынында Даниярдың айтқан сөзінің жаны бар. Озған жұрттың озығын алғанның жөні осы деп, құр еліктеп кетудің де салдарын бүгінгі қазақ қоғамы көрсеткендей. Дәріс үстіндегі үзілістерде де еуропалық мәдениеттің кейбір кері кеткен тұстарынан сабақ алудың маңызы жөнінде өзара пікірлесіп отырдық. 

Пикассоның суретіндей күрделі

Қалай дегенмен де бұл күнгі оқудан қас қарайғанға дейін ұшан-теңіз ақпараттық білім алдық. Дәріскерге алғыс білдіріп, жолбасшымыз Софи ханымға ілесіп, «Пикассо» көрмесіне беталдық. 

Метромен жолға шықтық. Аз жүрген соң метро жер бетіне шығып, қала арасымен заулайды екен. Келгелі көбінесе жер астында сапарлаған біздер терезеден болса да қала көрінісін көріп жырғап қалдық. Пикассо атындағы өнер музейіне келдік. Кешкі уақытта бұл музей жабық болады екен. Қазақстаннан келе жатқан қонақтар бар деп Софи ханым күні бұрын тапсырыс беріп қойыпты. Алты қабаттан тұратын үлкен мәдени орталықтың алтыншы қабатындағы көлемді бір зал түгелдей Пикассо туындыларына арналыпты. Елдің қазіргі президенті тікелей қолдау білдіріп ашқан мәдени орталықтың сәулетінде сөз жоқ. Алты қабат бойы қызыл кілем жатқызылған электрбаспалдақпен көтеріліп, ең биігіне барғанда күллі Парижді әйнек сыртынан көре алады екенбіз. Алыстан әлі көруге арман болған Эйфел мұнарасы да менмұндалайды.

Ғаламға танымал болған сиқыры бөлек өнер туындысын жаратқан қыл қалам шеберінің мұраларын көрдік. Пабло Пикассо – әйгілі испан суретшісі, мүсінші, дизайнер, сурет өнерінің кубизм деп аталатын бағытының негізін қалаушы. Ол 20 мыңнан астам туындының авторы. Пикассо – ХХ ғасырдағы сурет салу өнеріне зор ықпалы тиген тұлға. Оның туындылары жоғары бағаланғаны соншалық - автор көзі тірісінде мультимиллионер атанған.

Пикассо суреттері там қабырғаларына әр жанр бойынша ілінген. Музей іші тым-тырыс. Пикассо шығармаларындағы жай адам түсіне бермейтін шым-шытырық бояулар мен кісі ақылы жетпейтін үндестіктің сырын біз де аша алмадық. Автор шығармаларындағы қазақы дүниетаным бойынша қарағанда кісінің жүзі шыдамайтын  әсіре жалаңаштық пен жанкештілікті тақырып еткен туындылар туралы біз бірдеңе дей алмасымыз белгілі. Суретшілер мен осы саланы жанындай жақсы көретін адамдар Пикассо құпияларының сырын ашып, өз деңгейінде түсінбесе, өзге таным мен көзқарас өкілдері әлемге танымал суреткердің шығармаларына үнсіз бас изегеннен ары бармайтын сияқты. 

Өз басым Пикассоның жүздеген шығармаларынан ауыр ой алып қайттым. Пикассо шығармаларында адамның психикалық бұлқыныстары мен жан азабы тән арпалыстары арқылы бейнелетіндей. Мифологиялық түс алған кейіпкерлер мен жын-шайтандарды, елестерді, құбылыстарды біркісідей-ақ сүйкектеткен екен, жарықтық. Қалай деген күнде де бұл музейге келгенімізге еш өкінбедік. Бұрыннан даңқы жер жарған суретшінің атымен таныс болсақ, енді автордың шығармаларын түпнұсқадан көріп тұрмыз. Түпнұсқа демекші, қыл қалам иесінің тек таңдаулы шығармалары ғана емес, әлдебір туындыны өмірге әкелу барысындағы қолжазба шимай қағаздарына дейін сақталған екен. Келушілер суретшінің суреттерінің ішкі мәнін түсіне алмаса да музей жәдігерлеріне арналған туындыларының хронологиялық тәртіппен немесе салалық (жанр)  тәртіппен бірізді тізілгенін, сурет атауларына қарап қатар тұрған шығармаларда бейнеленген тарихи оқиғалардың үндестігін толық аңғара алады. 

 

Мен Пикассо шығармаларынан далалық өркениеттің, яғни көшпенділер ізінің бейнесі табылып қалар ма екен деп барынша анықтап қараумен болдым. Жылқы бейнеленген бірер суретінің жанына барып едім, ол қазақ даласының еркесі, ердің қос қанаты секілді сайгүлік емес, ішек-қарны ақтарылған аттың суреті болып шықты. Француз тіліндегі түсіндірмесін аудармамен аударып көрсем де сондай мағынаны көрсетті. Пикассода «Қан-жоса болған мал», «Жарылған жылқы», «Бұқа сүзген ат» сияқты адамның жанашырлық сезімін оятатын туындылар самсып тұр. Жалпы алғанда, шығармашылығының параметрі бірталай мазмұнға ауа жайылып кеткен бұл кісінің әлемдік деңгейдегі классик болуы тегін емес екенін іштей түсінесіз. 

(Фотосуреттерді сапарластар түсірген)

Өнер иесіне де, өнер туындысына да құрмет еттік. Пикассо көрмесі – біздің Парижге келгелі бірінші рет көріп отырған музейіміз. Бұл музейдегі кереметтердің бірі Пикассоның әр кезеңдерде сурет салу барысы экраннан көрініп тұрады екен.  Сапарласымыз С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешенінің ғылыми қызметкері Жанар Таева бұл музейді көріп шықаннан кейін өз ойын былай білдірді:

«Пикассо суреттерін бәріміз толық түсіне алмағанымыздың еш кінәсі жоқ. Бірақ біз бұл елдің музейді жасау мен келушілерге жасаған қолайлылығының бірін алғаш осы музейден көрдік. Мысалы, Пикассоның әрбір суреттерін салу барысы жай сызба күйінде экрннан көрініп тұр. Біздің елдегі А.Байтұрсынұлы, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов музейлерінде қаламгерлердің бейнесін осылай көрсетіп қойса болатындай. Келген көрермен шын мәнінде автордың шығармашылық сәтін де тамашалап отырғандай күй кешеді».

Әріптесіміздің байқампаздығы мен өзінің пайымына разы болдық. Әрине біздің де мақсатымыз бұл елдің музей саласындағы артықшылықтарынан үлгі алу емес пе. 

Жауындатып тұрған кешкі Парижді тамашалай жүріп, бір дәмханадан кешкі аужал асымызды ішіп, Бастилия маңындағы уақыттық тұрағымызға беталдық. 

 Әділет Ахметұлы,

Алаштанушы