2023 жылы желтоқсанның 3-күні біз Алматы халықаралық әуежайынан кеңістікке көтерілдік. Негізі, таңғы 7.40-та ұшуға тиісті ұшақ, 11.30-да ғана көкке өрлей бастады. Төрт сағат бойы күту залында емес, ұшуға дайын ұшақта қыбырсыз отыруға тура келді. Алматының құбылмалы ауарайына байланысты кеңістікке кеш шықтық. Біз деп отырғанымыз – Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты сегіз музейдің қызметкерлері. Бұл сапарда 11 адамбыз. Барар бағыт – Француз елінің астанасы Париж.
Алматыдан Парижге беталған жолаушыларды үкілеп, үміт артып аттандырған – Алматы қаласы әкімдігі мен Алматы қаласы мәдениет басқармасы болатын.
Биыл Алматы қаласы әкімдігі, оның ішінде Мәдениет басқармасы жаңа бастама көтеріп, қаладағы мәдени ошақтардың жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтермекке бет бұрды. Жыл басынан бастап басқармаға қарасты 8 мекеменің (музей, кітапхана, театр, зообақ және архив) 120-ға жуық қызметкері АҚШ, Франция, Германия, Англия, Жапония, Корея және Өзбекстан сынды елдердегі әлемнің ең үздік мәдени мекемелерінде кәсіби біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Айталық, 2023 жылғы наурыз айында Францияға барған іс-сапарында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы мен Франция ұлттық ескерткіштер орталығының (CMN) басшысы Бенедикт де Барито (Benedicte de Baritault) екіжақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Қазақ-Француз мәдениет саласындағы жоғарыдағы аталған басшылардың келісіміне орай, «Алматы қаласы музейлер берлестігінің» 11 қызметкері, міне, біліктілікті арттыру мақсатында Париж қаласын бетке алып ұшқан еді. Францияның Ұлттық ескерткіштер орталығы қазіргі уақытта дүниежүзіндегі музейлерге оқу және әдістемелік кеңес беретін жетекші ұйым. Франциядағы 320 музей мен мәдени орталықтарды біріктіреді. Ұлттық музейлер тізіміне Париждің және Иль-де-Франс аймағының көптеген танымал музейлері кіреді.
Стамбұлға аялдап, Парижге беталдық
Межелі уақыттан төрт сағат кешігіп ұшқан «Түркеш» ұшағы алты сағатқа жуық қалықтап, Стамбұл әуежайына қонды. Төрт сағат кешігіп жеткен жолаушылар Стамбұлдың әлемдегі ең үлкен әуежайын шиырлап жүріп, Парижге ұшатын билетті ауыстырып алдық. Бір сағаттан кейін-ақ көкке көтерілетін Turkesh Airlens ұшағына жүгіре жүріп іліндік. «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» дегендей, бұл ұшаққа біздің Париждегі білім сапарымызды тікелей үстіне алған мекеменің жауапты қызметкері Софи ханым да отырған екен. Ұшақ ішінен танысып, аз-кем шүйіркелесіп алдық.
Біздің топбасшымыз Алматы қаласы музейлер бірлестігі директорының ғылым жөніндегі орынбасары Рүстем Қайратұлы еді. Рүстем Софиге әріптестерімізді таныстырды. Сапарластар қатарында: Алматы қаласы музейлер бірлестігінің құжаттарды рәсімдеу маманы Бауыржан Қоғабаев, өнертанушы Ақжан Абдуқадыр, Алматы музейінің ғылыми қызметкері Әмина Сұлтанова, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының жетекшісі Роза Жүнісқызы, Д.Қонаев музейі ғылым бөлімінің меңгерушісі Нұрила Жүсіпбаева, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ғылыми қызметкерлері Данияр Жаңқабаев пен Раушан Советхан, С. Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешенінің ғылыми қызметкері Жанар Таева, Райымбек батыр музей-кешенінің жетекшісі Қайсар Ғалымжанұлы, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің бөлім меңгерушісі Әділет Ахметұлы (естелік авторы) бар. Таныстықтан кейін ұшақ та қозғалды.
Париждан алған алғашқы әсер
Жергілікті уақыт сағат 18.00 де Париж әуежайына қондық. Бұл кезде Алматыда түнгі сағат 11.00 еді. Софи ханымның алдын ала орналастыруына сай, ұшақжайдан шығар есіктен көлік тізгіншілері – француз жігіттер қарсы алды. Ымырт үйірілген. Күн дымқыл салқын. Кеңсірікке жауыннан кейінгі жағымды ауа ұрылады. Жіті қимылдап, заманауи жеті кісілік көліктеріне бізді отырғызды.
Түселханаға жеткенше жол бойы азырақ кептеліс болғаны болмаса, жанға жайлы көлік іркіліссіз жылжыды. Жол бойы көне-жаңа құрылыстарды көзіміз шалғанымен, көңіл тоқтатып назар аударуға мүмкіндік болған жоқ. Жол бойындағы қабырғаларға оңды-солды салынған сүйкеме суреттер (мурал) көзге түседі. Дуалдардың ашық тұрған жеріне сілтей берген шытырман бояулар бізге ұнай қойғаны жоқ. Ұзыннан ұзаққа созылған қорғанды түгел шимайлап тастағандай көрінді. Үлкен даңғылмен сағатқа жуық заулағаннан кейін, көне Париждің көшелеріне кіре бергенде байқағанымыз ортағасырдан бергі құрылыс сәулет өнері бойынша салынған үйлер көз тартты. Көшелері тым тар, сонысына жарай, көліктер де аз көрінді. Кешкі сағат 19.00 кезінің өзінде жол шетіндегі дүкендер түгелге жуық жабық тұрғаны бізге өзгеше сезілді.
Қаланы бетке алған үлкен даңғылмен бір сағатқа жуық жүріп, «Ibis» қонақжайына орналастық. Кешкі асты да қонақ үй астындағы үлкен дәмханадан Софи ханымның аудармашылығының арқасында іштік. Алыс жол жүріп жетсек те француздың дастарханы жолушылардың тәбетін тым аша қоймады.
Париждегі алғашқы таң
Ертеңінде біз таңғы асты түселжай дәмханасынан ішіп, көздеулі жеріміз – Франция ұлттық ескерткіштер орталығына баруға жиналдық. Француздардың таңғы асқа арналған дастарханында тағам түрі мол көрінді. Таңғы сағат 8.00 де жолға шықтық. Жерге толық жарық түспеген. Күн жауындатып тұр. Софи ханымның жол бастауымен Париждің көшелерімен жаяулатып жолға шықтық. Қонақ үй тұрған жер мен біз баратын орталық (CMN) арасы шалғайырақ. Метроға отырып, екі желіге ауысып, межелі жерге жеткенде жер бетіне шықтық. Жауын әлі сіберлеп тұр. Париж аспанының көңілі мұнша бос екенін кім білген. Әріптестердің кейбірінде жаңбырлық бар, кейінде жоқ. Жауынға малшына жүріп, аталған орталыққа жеттік. Бұл күні көбірек жаяулатқан себебіміз, межелі жерге төте жеткізетін метро желісінің бекеті сол күні жабыла қалыпты. Дегенмен, қош иісі аңқыған Париж қаласында жауындатып жаяу жүрудің өзі алғаш келе қалған қонаққа берер әсері бөлек екен. Ежелден бері Еуропалық мәдениеттің ана өзені атанған Сена өзені қаланы қақ жарып ағып жатыр. Сенаның таулы қырат жағына орналасқан көрікті көне үйлердің біріне орналасқан орталыққа жеткенше бұл қаланың көз тартатын көне ғимараттары мен сұлу табиғаты тамсандырды.
Париж – музей қала
Орманмен көмкерілген биік беткейге орналасқан орталық қаладағы көне ғимараттардың бірінде екен. Жауындатып жеткен қазақстандық қонақтарды орталық қызметкерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. Еуропа салтымен ыстық кофе, тәтті дайындап қойыпты. Дәмнен ауыз тие отырып, екі жақ қызметкерлері өзара таныстық жасасты. Таныстықтан кейін мамандар дәрісті бастап кетті. Франция ұлттық ескерткіштер орталығының бас директоры Бенедикт де Барито (Benedicte de Baritault) құттықтау сөзін айтып, Қазақ елінен арнайы ат терлетіп келген музей мамандарының кәсіби біліктілікті арттырып, олжалы қайтуына сәт тіледі.
Бұл күнгі сабақты бізге аталған орталықтың білікті маманы – Аннабель Ловрей атты француз қыз сөйледі. Сабақ француз тілінде жүрілді. Бірақ, келісім бойынша олар дәріс слайдтарын күні бұрын орыс тіліне аударып қойыпты. Француз тілінен орысшаға ілеспе аударманы Алина атты бойжеткен жасап отырды. Бірінші күнгі сабақтың тақырыбы «Музейлерге келушілерді тартудың интеграцияланған тәсілі» болды.
Сабақ өте қызықты басталды. Орталық мамандары да әдейі алыстан жаңаша ой іздеп келе қалған қонақтарды таң-тамаша қылуды көздеген сияқты. Франция – әлемдегі музей ісі алға басқан, елінің де негізгі кіріс көзін туризм саласынан таба білген ел екені баршаға түсінікті. Жәдігерлер орналасқан үлкенді-кішілі музейлерін айтпаған күннің өзінде ел астанасы Париждің көп бөлегінде сәулет өнері көне үлгіде сақталған. Ортағасырдан бері жалғасқан құрылыс салу мәдениетін сырын кетірмей, сынын түсірмей сақтаған бұл қаланың көзге шалынған әрбір ғимаратының өзі-ақ музей секілді. Қаланың қаздай тізілген ғимараттары ғана емес, жолдары, көпірі, бау-бақшалары, т.б. бәрінің де көне мәдени құны жаңғырып, кісінің табаны тиген әр жерінен тарихтың иісі аңқып тұрады. Осынау музей қалаға айналған Париждің қақ төріне орналасқан орталық сөзіміздің басында айтылғандай, Франция аумағындағы барлық музейлердің ілгері басуына түрткі болып отырған құзырлы мекеме екен. Ел мәдениетінің тарихында үлкен құзыреті бар осынау үлкен мекеменің ысылған мамандарынан дәріс алудың мүмкіндігі бізге туғанына қуана шүкірлік еттік. Бар зейінімізбен мамандар дәрісін тыңдадық.
Аннабель Ловрей мен өзге де әріптестері бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, еліндегі әлемге танымал музейлердің тарихын баяндай келе, төрткіл дүниенің назарын өздеріне тарта білген бұл елдің тәжірибелерін де бөлісе кетіп отырды. Дәріс дәлелді, жүйелі, сандық мәліметтерге бай дайындалған. Түстен бұрынғы сағат 10:00 -ден 13:00-ге дейін тынымсыз оқытуды жалғастыра берді. Арада бес-он минут су ішіп, кідіруге мүмкіндік бергені болмаса, бұл қыздар таңнан кешке дейін айта бер десеңіз де тынар емес. Сағат 13:00-де түскі асқа бір сағат үзіліс берілді. Үзілісте дәмханадан арнайы алдырған тамақтарынан ауыз тидік. Жат ел, жат жердің тамағын апырып-жапырып жемесіміз де белгілі.
Сағат 14.00 – 18.00 арасында аталған тақырыпты таратып, екі маман кезектесіп сөйлеумен болды. Дайындалған дәрісте тыңдаушыларды таңдандыратын тың дүниелерді фото-суреттер мен бейнежазбалар арқылы көрсетіп те отырды.
Туризм – Францияның жаны
Бұл күнгі сабақтан ғасырлар қатпарынан аман жеткен француз жұртының жәдігерлері жаңа заманда қалай жасақталып жатқанын пайымдадық. Жаңа технология бойынша музейлер ісін дамытуда Қазақстан да ешкімнен кем-қор болып отырмағаны белгілі. Бұл күнгі сабақ барысында біз туризмі дамыған бұл елдің музей саласындағы жетістіктерін білдіретін мысалдарды өз елімізбен салыстырып, санамызда сараладық. Франциялықтар қалай деген күнде де жаңа мен көнені сәйкестіруде көш алда екенін еріксіз мойындадық. Әрине, ел экономикасының маңызды бір жан тамыры саналатын туризм тікелей музейлермен қатысты болған соң және бұл ел тарихтан бері осы саланы мықты ұстаған тәжірибелі жұрт болған соң да бұл елден үйренеріміз көп секілді. Бұл дегеніміз бұларда бәрі бар, бізде түк те жоқ дегендік емес. Әсіресе, бізді бірінші күнгі сабақ айырықша таң-тамаша етті.
Бірер мысал айтар болсақ, музей ісін дамыту бойынша Франция елінің кезең-кезеңімен бөліп отырған қаржысының санынан көз қарауытады. Еуро ақшасын қазақ теңгесіне айналдырғанда жалғанатын көп «0» ден кісі жаңылардай. Франция әтір мен вино шарабының да отаны. Бұл елдің бес жылға жоспарланған Вино қалашығы атты көлемді музей қолға алынып отырғанынан мәлімет алдық. Осы жобаны жүзеге асыруға біздің теңгемен есептегенде 41 миллиард бөлінген екен. Осы сияқты ірілі-ұсақты оншақты жобамен таныстық. Жобаның негізгі нобайы да көрсетілді. Бірақ, бізге көшіріп бермеді. Енді бірі, тарихи жәдігерлерді қайта жаңғырту мен қайта қалпына келтіруде француздардың алғабасарлығына тәнті болдық. Тарихи оқиғаларға байланысты өртеніп немесе құлатылған көне ғимараттар мен сарайлардың алғашқы бейнесін мүмкіндігінше қалпына келтірудегі іскерлігі ерекше. Кейбір құрылыстардың өзін емес ұқсатпалы нұсқасын (макетін) жасаса, кейбірінің электронды (3д форматта) үлгілерін дайындапты. Бізге білім беріп отырған орталыққа тым жақын орналасқан Сен-Клу саябағында көне замандардан қалған сарай болған. Кейінгі ғасырларда өртеніп кеткен. Орнында күлі қалған сол Сен-Клу сарайының ертедегі бейнесін саябаққа кірген жүргіншілер экраннан көре алады екен.
Тағы бір қызықты жетістік, көне ғимараттардың ішкі-сыртқы бейнесіне арнайы аппаратты туралап, оның әр ғасырдағы бейнесін толық көруге болады екен. Биік ғимараттардың көз жетпейтін жеріндегі әлдебір қосымша мүсіндерді немесе бейнелі суреттерді, көне жазуларды да әлгі дайын аппараттың көзімен «оқуға» мүмкіндік жаратылған. Қысқасы, Париждің кейбір музейлеріне кірген кісі ғимараттың (ақсүйектер сарайының) әр ғасырдағы бейнесін көре алады. Бір сөзбен айтқанда, музейде тұрған жәдігерлердің өзін ғана емес, тарихтың арпалысын түгелге жуық көз алдына келтіре алады екен.
Отырар, Сауран, Сығанақ ...
Бұл күні арада бірер сағат үзіліс жасап дәм татқанымыз болмаса сегіз сағат бойы париждік музейшілердің дәрісін тамсана тыңдадық. Әріптестер дәріскерлерге сұрақ қойып, көкейде түйткілді дер кезінде шешіп отырды. «Музейлерге келушілерді тартудың интеграцияланған тәсілі» атты бір күндік дәрістен алған әсерін Алматы музейінің ғылыми қызметкері Әмина Сұлтанова былай деп жеткізді: «Франция музейлері туралы бұрыннан да білеріміз біршама мол еді. Себебі, бұл ел туризм мен музейлерінің көптігі арқылы әлемге танылған ел. Оншақты күндік біліктілікті арттыру курсынан талай құнды ақпараттар алып қайтатын сияқтымыз. Бір ғана бүгіннің өзінде өз басым талай мағлұмат алдым. Музейлері арқылы әлем мәдениетінде көш бастаған француз жұртшылығын біздің елмен салыстыруға әрине келмейді. Бірақ, бұл елдің тәжірибелерінің біздің елге бейімдеп алатын тұстары көп-ақ екен. Бәріңіз де байқап отырсыздар, бүгін айтылған аса көп мәліметтердің ішінде мені таң қалдырғаны – талай ғасыр бұрын өртеніп иә қиратылып жоқ болған кейбір құрылыстар, ғимараттардың бұрынғы сәулетті бейнесін сол маңға келген турист ұқсатпалы макеттен немесе электронды жүйеден анық көре алады екен. Бұл дегеніңіз адамзатты мәдени құндылықтарды аялауға шақырады. Ал осыны қарап отырып мен Қазақ даласында жермен жексен болған Отырарды, аз ғана бөлегі қалған Сауран, Сығанақтарды да көз алдымнан бір өткізіп алдым. Қазақстанда қазақ үшін ғана емес, адамзатқа ортақ жәдігерлер, тарихи ғимараттар мол. Ендеше, біздің ел де өткен тарихын әлем жұртшылығына дұрыс таныту үшін осындай бағыттарда жұмыс бастайды деп ойлаймын. Әрі өзім де біркісілік үлесімді, қорытқан ойымды еліміздің музей саласын дамытуға қосамын».
Шын мәнінде, әріптесіміз Әминаның ойына алып-қосарымыз жоқ. Жұрттың қаласы да, даласы да өзінің өткен тарихын сарнап тұр. Ал, француздың бізге дәріс берген мамандары да ел музейлерінің дамушылығы үшін істеліп жатқан ұшан-теңіз істерін қызықтыра жеткізуде.
Жеңімпаздар биігіне шықпадық
Бұл күні кеш қараңғылығы кіргенде сабағымыз аяқталды. Алматыдан келген қонақтар енді жолбасшы Софиге еріп, метролатып отырып оқудың бірінші күнгі кешіне орналастырылған Жеңімпаздар биігіне (Триумфальной арки) бардық.
Қаланың қақ ортасына орналасқан бұл биік есік туралы бұрын да шамалы білуші едік. Метродан жер бетіне шыға сала еңселі де сәулетті жеңімпаздар биігіне көзіміз түсті. Аспаны көңілшек Париждің жауыны толастар түрі жоқ. Айтып-айтпай тек жеңімпаздарға ғана арналғандай сәулетті құрылыс 19-ғасырдың өнер туындысы екен. Өнер туындысы болса да Париж жұртының қанды тарихына куә болып, жарты ғасыр бойы салынған. 1806-жылы іргетасы қаланғаннан сол ғасырдың орта шенінде кемеліне келіп, ақсүйектер дәурен сүрген кездің асқақ келбетін менмұндалап тұр. Бұл күні Жеңімпаздардың биік ескерткішіне шыға алмадық. Маңында әлдебір ыңғайсыз оқиғалар туындап, кірер есігігін бір түнге жабық ұстапты. Айналасын тамашалап, алдағы уақытта келуге уәделесіп жатынжайға қарай аяңдадық. Жол бойы күллі Париж жұрты мен Парижшіл саяхатшылардың аяғы үзілмейтін кең көшені тамашаладық. Көне мен жаңа жарасымды өбіскен қаланың түнгі көрінісі айырықша көз тартады. Әр көшесінен романтизмнің лебі еседі. Жол-жөнекей бір дәмханадан кешкі ас ішіп, керек-жарақты түгендеп алып, қонақ үйге қарай жылжыдық.
Париждегі қымбатшылық кісінің ойы тұр ғой, түсіне кірмейді екен. Киер киім, тұтынар бұйым, ішер ас, жол ақы, т.б. бәрі шарықтап кеткен. Қымбатшылық қысып бара жатса да қымсынбай Париж елі осы ғасырға тән салтымен, өздеріне тән өмірлік ұстаныммен тіршілік кешуде.
(жалғасы бар)
Әділет Ахметұлы,
Алаштанушы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері