Татарлар өткен ғасыр басында Шал ақынды жақсы таныған
Бөлісу:
21.11.20232168
Биыл қазақтың дүлдүл ақындарының бірі Шал ақынның туғанына 275 жыл. 1743 жылы Қазақтың Көкшетауында дүниеге келгені, 1819 жылы Арқада қайтыс болғаны зерттеулер негізінде тұрақтанған. Шал ақынның азан шақырып қойған аты Тілеуке. Әкесінің аты Құлеке. Әдебиетте Тілеуке Құлекеұлы дегеннен гөрі Шал ақын атауы жиі аталады. Сегіз жасында сері атанған Мұхамметқұнапияның Сегіз сері атанғаны секілді, Тілеуке Құлекеұлы да он үш жасында даналардай төгілте жыр жырлағанынан жұрт Шал ақын атап кетіпті деген деректер бар. Қазақтың сөз салтында бар тергеп атау жүйесіне сүйенсек бұл да жоққа шығаруға болмайтын болжам.
Шал ақынның әкесі Құлеке Абылай ханның ең сенімді серіктерінің бірі болғанын зерттеушілер айтады. Шал ақын туған кезде Абылай хан орда бұзар жастағы азамат. Абылай ханның 1781 жылы жетпіс жасында қайтыс болғанын ескерсек, әкесі Құлеке хан қасында жүргенде Шал ақын Алаштың айбатты ханы Абылаймен дәмдес болды, хан ордасының кеңесін көрді деуге де негіз бар. Шал ақын Абылайдан кейінгі қазақтың хандарының дәуірін көргені анық. Жетпіс бір жас жарық ғұмыр кешкен Шал ақынның тағылымды өлеңдерінің даңқы жер жарғаны белгілі. Әйтпегенде ғасырлардың қатпарында ұмыт болар ма еді.
Шалдың өлең, жырларынан өз дәуірінің өмір көріністері айқын аңғарылады. Бұлардың бәрінде дерлік жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, ынсап пен тойымсыздық, ақылдылық пен аңғалдық, ізгілік пен надандық, байлық пен кедейлік тәрізді кереғар жайттар кең қамтылып сөз болады: «Ата-ананың қадірін», «Жігіт туралы», «Жігіттің өзін білем дегені», «Әйел сыны», «Қыздар туралы» тағы басқа. (Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006.) Шалдың енді бір алуан жырларында жас пен кәрі сипаттарынан тыс, моралдық, этикалық қатынастарда ұтымды бейнеленеді: «Кәрілік туралы», «Жастықты көксегені», «Он бес деген жасым-ай», «Елу ердің жасы екен», «Жаманға дәулет бітсе ауа айналар», «Екі арыстан жабылса дәуді өлтірер», «Айтайын бір аз кеңес» тағы басқа. Шал кезінде ел өмірінде елеулі орын алған айтыс-қағыстарға қатысып отырған. Бұлардан оның ұшқыр қиялды тапқырлығы мен от ауызды, орақ тілді алғырлығы да мол көрінеді («Шал мен қыз», «Бәйбіше мен Шал», «Шал мен жігіт», «Шал мен келіншектер», т.б.). Бір топ жырлары «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (1962 ж.), «Үш ғасыр жырлайды» (1965 ж.), «Алдаспан» (1971 ж.), «ХV-ХVII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982 ж.), «Бес ғасыр жырлайды» (1984 ж.) жинақтарына енді («Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. IX том 18 бөлім). Оның «Шал мен дегдар қыз», «Шал мен Күлтімжан қыз», «Жігіт пен шал», «Шал мен кемпір» шағын айтыстары мен «Ата-ананың қадірін», «Жігіт туралы», «Жігіттің өзін білем дегені», «Әйел сыны», «Қыздар туралы» және басқа өлеңдері сақталған. Шал ақынның көптеген шығармалары, соның ішінде тарихи аңыздар мен әңгімелерге бай қазақ халқының шығу тегі жөніндегі эпикалық шығармасы сақталмаған. Шал ақынның белгілі өлеңдері 20 ғасырдың 60-жылдарынан бастап баспа бетінде жарық көрді, жеке шығармалары орыс тіліне аударылды. («Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл).
Көріп отырғанымыздай, жоғарыда үш энциклопедиядағы келтірілген деректерге сүйенсек, Шал ақынның өлеңдері кітаби үлгіде ресми жинақтала бастауы елімізде 1962 жылдан бастау алады. Демек, XIX ғасырда қазақ ақындарының кітаптарының қатарында Шал ақынның еңбектері басылым көрмесе керек. Тіптен, қазақ баспасөзі айқын дамушылық кезеңіне шыққан өткен ғасырдың бастапқы кезінде де Шал ақын еңбектері кітаби үлгіде жұртқа жетпеген. Дегенмен, Шал ақынның еңбектерін әлдебір мұра жинақтаушы М.Шорман, Ә.Дибаев, М.Көпейұлы, т.б. қалам қайраткелерінің мұраларын ақтарып зерттеу жүргізген жөн.
Шал ақынды зерттеу тек 1960 жылдары басталды деу асығыстық болады. Әдебиеттанушы ғалымдар: «Шал ақынның алғаш рет 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 5 санында бiр ғана өлеңi, 1958 жылғы 28-шi қарашада «Қазақ әдебиетi» газетiнде белгiлi қаламгер Ғалым Малдыбаев жариялаған сегiз өлең мен «Шал ақын кiм» мақаласы жарық көрді. Шал ақынның кейбір шығармаларын кезінде М.Хакімжанова, Ф.Ғабитова, А.Нұрқатов, тағы басқалар ақсақалдардың ауызша айтқандарынан хатқа түсірген. Шал ақынның бірнеше шығармасын, Қазақстаннан тыс жерде Хасен Шаяхметұлы Ғали атты түркi халықтарының тiлi мен әдебиетiнiң бiлгiрi, үлкен ғалым XX-ғасырдың басында жазып алған, оның қолжазбасы Қазан университетінің Н.Лабочевский атындағы ғылыми кітапханасында сақтаулы»,– деп тамаша дерек келтіреді. Демек, Шал ақын туралы Қазақ баспасөзінде тұңғыш рет 1928 жылы айтылса, туыстас түріктің жазармандарының бірі оны мұнан да сәл ерте қолға алып, Қазан қаласындағы қазыналарға қосқаны байқалады.
Ал, Шал Құлекеұлының жұрт көңілінен шыққан ұшан-теңіз шығармалары халық арасында күні кешеге дейін ауызша таралғанына еш күмән жоқ. Біз мақаламызда тек ресми баспасөздегі Шал ақынды іздеп отырғандықтан, ауызша таралған өлеңдері туралы сөз қозғамаймыз.
Бүгінгі біздің жазбамызға арқау болып отырған дерек осы аталғандардың қай қайсысынан да ертерек һәм құндырақ болып отыр. Атап айтқанда туыстас татар жазармандары осыдан 110 жыл бұрын ресми баспасөзде Шал ақынды оқырмандарына таныстырып үлгірген. Татарлар «Шора» журналының 1912 жылғы бесінші санында Шал ақын туралы қысқа да, құнды мәлімет берген. Аталған деректі таныстырмас бұрын «Шора» журналы туралы мәлімет бере кетелік.
«Шора» журналы «Шура» деп те аталып жүр. Шора нұсқасымен атау дұрыс. Қазақ, татар және ноғай тілінде Шора батырдың есімі «о» мен дыбысталатыны талассыз. Алаш зиялылары еңбектерінде де «Шора» нұсқасы кездеседі.
«Шора» – татардың өткен ғасырдағы ең ірі басылымдарының бірі. 1908-1918 жылдары аралығында Орынбор қаласында айына екі рет «Уақыт» газетіне қосымша ретінде шығып тұрған татар тіліндегі қоғамдық-әдеби журнал. Жалпы саны 240 нөмірі жарық көрген журналдың бас редакторы — сол заманда мұсылман әлеміне белгілі оқымысты Ризаэтдин Фахретдинов (бүркеніш аты — Дәрдмонд) болатын. Журнал негізінен осман түріктерінің сөз қоспасымен қазан татарларының әдеби тілінде шықты, бірақ башқұрт, қазақ т.б. тілде де мақалалар жарияланды. Журнал бетінде қазақ тақырыбы тұрақты орын алып, дала жұртының тыныс-тіршілігі, өзекті мәселелері туралы мақалалар жиі жарияланды. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Жанұзақ Жәнібеков сияқты қазақ авторларының мақала, өлеңдері жарық көрді. Жайық өңірінен шыққан қазақ қаламгерлері Ш.Бөкеев аударған Лермонтовтың «Қашқын» поэмасы басылды. Сонымен бірге мұнда Ғ.Қараш пен Ғ.Мұсағалиев көп жазған. Журналдың бас редакторы Кіші жүз тарихына қатысты «Жиһангер хан», «Бөкей ордасы хақында» т.б. мақалалар жазған. Басылым басындағы түркі тектес халықтардың мәдени өмірінде үлкен орын алып, ағарту ісін дамытуға зор үлес қосқан. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Іңкәр Оразова ««Шура» журналы» атты мақаласында осындай деректерді келтіреді (https://www.danaqaz.kz/barlyk-nomirler/2014/6-7-15/item/338-shura-zhurnaly ).
«Шора» туралы айтылған мәліметке алып-қосарымыз жоқ. Шын мәнінде тек татар жұртының ғана емес, күллі Түрік әлемінің әдебиеті мен ғылыми жаңалықтарын жиі жариялап отырған белді басылым болғанына бұл саланы зерттеп жүрген азамат ретінде біздің де көзіміз толық жетеді. Аталған ірі басылмның 1918 жылы тарих сахнасынан түсуі де Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары шығарған «Қазақ» газетімен тағдырлас болғаны, Кеңес одағы орнай бастаған кезеңде ұлттық құндылықтарды алға сүйреген басылмдардың қай елде болмасын ауыр қасіретке ұшырағанын көрсетсе керек.
Енді заманының бұлбұлы болған Шал ақынды ресми баспасөзде өзінің туған халқы қазақ қауымынан да бұрын татарлар журналдарында не деп жариялағанын оқырманға көрсетелік:
Әлқисса, «Шора» журналының 1912 жылғы бесінші санында Шал ақын туралы қысқа да құнды мәлімет берген дедік. Бір қызығы мұнан 111 жыл бұрын жазылған мақалада татар жазарманы тек біз тілге тиек етіп отырған Шал ақынды ғана емес, қазақтың он ақынын басылым оқырмандарына таныстырады. Бұл бір құнды әрі қызықты дерек. Онда таныстырылған он ақынның кейбірі бүгінгі қазақ әдебиетінде ұмыт бола да бастаған. Сондықтан, ғасыр бұрын татарлар баспасөзінде атаған он ақын туралы сөз он мақалаға жүк тақырып болғандықтан, біз онда аталған өзге қазақ ақындарын қоя тұрып, бұл мақаладағы Шал ақын туралы дерекке көшелік.
Мақала аты «Шайырлар хақында жауап» деп аталады. Авторы: «Түрік оғлы» деп көрсетілген. Түрік ұлы деген сөз екені белгілі. Бұл да болса сол тұстағы қалам атпен яғни бүркеншік есіммен мақала жазу дәстүрін бейнелейді. «Қазақ» газетінде (1913-1918) де «Түрік баласы» деген қалам ат қолданған жазушы бар. Оны ғалымдар бірде М.Дулатұлына, бірде А.Байтұрсынұлына теліп жүр. Ол да нүктесі толық қойылмаған әңгіме. Мүмкін, «Қазақтағы» «Түрік баласы» мен «Шорадағы» «Түрік оғлы» бір адам болар. Әлде екі адам болар. Ол зерттеуді қажет етеді.
Сонымен, «Шайырлар хақында жауап» атты мақалада сөз иесі қазақтың он ақынын таныстырып өтеді. Онда о дүниелік болған қазақ ақындары мен көзі тірі ақындарды екі топқа бөліп береді. Шал ақын қайтыс болған ақындар қатарында таныстырлады. Әрине ол кезде (1912 ж.) Шал ақынның мәңгілік сапарға аттанғанына (1819 ж.) 93 жыл болған.
Бір қызығы, жазба иесі қазақ шайырларын таныстырардан бұрын көпшілікке шағын түсінік береді. Ондағы айтқаны, осыған дейінгі «Шора» журналдарының әлдебір санында оқырмандардың бірі осы басылым арқылы татардан басқа туыс халықтардың ақындарын таныстырып беруді өтінгенін, сол өтініш негізінде осы тізімді ұсынып отырғанын, бірақ бұл кемелді толық тізім емес екенін, қазақтан іздей берсе мұндай ақындар жүздеп табылатынын, солай бола тұрса да, қазірше барымен базар деп осы ақындарды атап отырғанын кішіпейліділікпен жеткізеді. Сонан кейін, жазба иесі қазақ ақындарын таныстыра бастайды. Соның бірі, біздің бүгінгі тақырыбымыз болған – Шал ақын.
Шал ақынды мақала иесі – «Түрік оғлы» өзі таныстырып отырған ақындардың екінші орнында таныстырады. Мақалада аталған өзге ақындарды келесі жазбамызда оқырманға ұсынамыз.
«Шал. Арғын руы, Атығай тайпасынан. Жаманқұл ақынның дұғасын (батасын) алған шәкірті. Қостанай үйезінде мәшһүр Нұржан ақын мұның жиеншары (қызының баласы).» («Шора» журналы, 1912 ж. №5, 145 б.)
«Шорада» жазылған дерек міне осындай-ақ келте. Бірақ, бұл үш жолдық деректен көп нәрсе аңғарамыз. Шал ақынға ұстаз болған Жаманқұл ақынды зерттеуге жетелейді. Келесі жазбамыз бүгінгі қазаққа мәлім де беймәлім Жаманқұл ақын турасында болатындықтан, бұл жерде ол туралы сөзді ірке тұруға тура келеді. Ал деректегі мәшһүр Нұржан ақын – атақты Нұржан Наушабаев. Н.Наушабаевтың Орталық ғылыми кітапханадағы сирек кітаптар қорынан табылған еңбектерін зерттеп отырып, біз ақынның нағашы атасы әйгілі Шал ақын екенін тұрақтандырғанбыз. «Шал ақынның жиені — Наушабаев кім еді» атты мақаламызда біршама тың дерек қаузалған (Ә.Ахметұлы: https://massaget.kz/layfstayl/debiet/64487/ ).
Дегенмен де, татар басылымдары осыдан жүз он жыл бұрын Шал ақын мен Нұржан ақынның туыстық байланысына дейін зер салғаны кісіні қызықтырмай қоймайды.
«Түрік оғлы» аталған мақаласында Шал ақынның бір шумақ өлеңін де береді. Өлеңін қазақшаласақ:
Ғасырдан астам уақыт бұрын басылым көрген, көрші туыс татар жұртының тебінгідей қалың, аса танымал журналы «Шорада» Шал (Тілеуке) ақын Құлекеұлы туралы осындай деректер бар. Осы бірнеше жолдан тұратын деректі шамаша зерделей отырып, бүгінгі оқырманға өз ойымыздың бағдарын білдірдік. «Түрік оғлы» атты қалам иесі берген Шал ақынның өлеңі шын мәнінде авторға тиесілі ме, ол туралы зерттеушілер айта жатар. Хатқа түскен жазба мұраларынан гөрі жадқа сіңген жырлары күллі қазаққа мұра болған Шал ақынның өлеңдерін жинап-терудің қарқынды жүрілгеніне, оған да алпыс жыл аттай аунап түскеніне көз жеткіздік. Ал бізді толғандыра жетелеген дүние татарлар Шал ақын бастаған өзге де қазақ ақындары туралы осыдан ғасыр бұрын-ақ өз оқырмандарына жүйелі түрде мәлімет беріп отыруға ықылас танытқаны болып отыр. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаштың өзге де арыстары туралы құнды деректер іздеп отырып, тауып алған өзгеше бір бағалы жазба болғасын оқырманмен ой бөлістік. Мүмкін, осы саланы зерделеп жүрген мамандардың Шал ақын секілді үш ғасыр бойы жатталған асқақ тұлғаларын тереңірек зерттеуіне біз қиюын қиыстыра жазған осы мақала дәнекер бола жатар. Онда біз үшін бек зор қуаныш еді.
Әділет Ахметұлы
Алаштанушы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің бөлім меңгерушісі