Бұған дейін жарияланған «Ататүрік және Түркия: Түркия Республикасы қалай құрылды?» деген мақалада Мұстафа Кемалдың саяси іс-әрекеттеріне тоқталған болатынбыз. Нақтырақ айтсақ, ұлы тұлғаның Совет үкіметі мен оның қол астындағы түрік мемлекеттеріне байланысты қандай жоспары болғанын жаздық. Сондай-ақ тұс-тұстан анталаған басқыншылардың Ататүріктің батылдығына қалай тәнті болып, бас игенін назардан тыс қалдырмадық. Ал бұл жолы мемлекет астананы ауыстырып, өз жерін басқыншылардан қалай тазартқанына тоқталамыз.
Түрлі кедергілерді еңсерген Мұстафа Кемалдың алдында әлі де болса сан мың мәселе тұрды. Ататүрік ел астанасын Анкараға көшіруден бастап, басқыншы әскерінен өз жерін қалай азат етті? Сондай-ақ жаңадан құрылған Түркия Республикасын қай бақытта дамытуды көздеді?
Тарихи деректерге көз жүгіртсек, ел астанасын Ыстамбулдан Анкараға ауыстыру оңайға соқпаған тәрізді. Жүздеген жылдар бойы ел астанасы болған Ыстамбулдан орталықты басқа қалаға көшіру әлдекімдер үшін ақылға сыймайтын шешім болып көрінді. Алайда Ататүрік мемлекеттің бас қаласының шет аймақта емес, орталықта болуына қатты мән берді.
Ататүрік бұл кезде өзі ойлаған мемлекет құру үшін толық билікті қолына алған жоқ. Өйткені ішкі және сыртқы жау Мұстафа Кемалға қарсы болып, түрлі құйтырқылықты жасап бақты. Алайда тап осы кезде ол ұлттық қозғалыстың орталығын көшіруді аса қажет екенін түсінді.
«Сивас төрт ай бойы ұлттық қозғалыстың орталығы болды. Маңызды нұсқаулар, жедел әмірлер осы қаладан жан-жаққа тарап жатты. Әйтсе де қалыптасқан ахуал қозғалыстың жан жүрегі – Өкілдер кеңесі орталығын елдің батыс бөлігіне апаруды қажет етті. Мұстафа Кемалдың пайымдауынша, ол уақытта шығыста пәлендей қауіп жоқ. Армяндар шабуыл жасаса, Ерзурумдағы әскер төтеп береді. Күнгей уәлаяттардағы шиеленіс атаулы сол аймақтан аспайды. Нағыз пәлекет батыста. Қылышын жалаңдатқан грек армиясының арқасында батыс, әсіресе, ағылшын имперализмі бар. Грекияда ол кезде «Мегало Идеяны» (Ұлы идея) ту еткен. Тракия мен батыс Анадолыны жұтып, түріктерді Еуропадан аластау мақсатымен шабуылға көшті. Ұлттық шекара шеңберіндегі Отанды қорғау үшін жауға жақындау қажет. Тым тақалу да зиян. Себебі, оқыс тұстан соққы алуың ғажап емес. Міне, осы тұрғыдан алғанда Анкара таптырмас қала. Гректер етігін жуып жатқан Егей теңізіне ұзақ та, жақын да емес. Ішкі және сыртқы саясатты қадағалау жағынан Сивастан гөрі тиімді. Өйткені, Ыстамбулға жақын, саяси өзгерістерге қатысты хабарлар сол жерден тарайды. Сивасқа жеткенше біраз уақыт алады. Жеделхаттың өзі әуелі Ыстамбулдан Анкараға, одан әрі Сивастағы Өкілдер кеңесіне жеткізіледі.
Анкараның тағы бір артықшылығы – теміржол торабы бойында орналасуы. Қаладан Ыстамбулға, Айдын және өзге жерлерге отарба жүреді. Басқалардан бұрынырақ ұлттық қозғалысты қолдаған Анкара Сивас секілді өте сенімді жер. Атқамінерлері де, халқы да мұны көптен бері дәлелдеп келеді», – деп жазады автор.
Сраил Смайлдың жазуынша, Өкілдер кеңесінің Сивастан батысқа көшуі арнайы жиынның шешімімен бекітілді. Жиын 1919 жылғы 18-қарашада өтті.
«Алынған қарарда Өкілдер кеңесінің болашақ орталығы Ескишехир деп белгіленді. Бұл құпия сақтаудың амалы еді. Бірақ жолға шығар, 17-желтоқсанда Мұстафа Кемал нұсқау берді. Өкілдер кеңесі жуық арада Ыстамбулға жақын бір жерге аяқ тірейді.
Желтоқсанның 27-і күні жыл сайын «Ататүріктің Анкараға келуі» ретінде атап өтіледі. Осыдан 79 жыл бұрын осы күні Мұстафа Кемал қалаға келіп, ұлттық қозғалыстың туын тікті. Халық оны зор қошеметпен қарсы алды. «Куваи Миллиенің» құр даңғаза емес, шын мәнінде қуатты күш екенін француздар мен ағылшындарға көрсету мақсатымен көне түрік салтына орай атты жауынгерлер қала сыртынан күтіп алды. Ол кезде жылқы табу да қиын. Көрсетілген мұндай әбден риза болған Мұстафа Кемал «Тіпті, керемет. Анкара шынымен ұлттық орталыққа айналды» дейді. 1919 жылы бар тұрғыны 20-25 мыңнан аспайтын шағын кентте Өкілдер Кеңесінің төрағасы мен мүшелерін сән-салтанатпен қарсы алу Ыстамбул үкіметін әжептеуір әбіржітті. Халық ықыласы мен сенімі сарайға емес, керісінше, ұлттық қозғалыс жетекшісі мен оның айнымас серіктеріне ауды. Беделден жұрдай Бабыәли Анкара уәлиі мен ондағы әскербасын ауыстыруға тырысқанымен онысынан түк шықпады», – деп жазады автор.
«Ататүріктің Анкараға келуі» Әлихан Бөкейханның Семейге келуін еске түсіреді. Осы тарихи оқиғадан бір жыл бұрын нақтырақ айтсақ, 1918 жылдың 21 қазан күні Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары Орынбордан ығысып, Семейдегі «Бостандық үйіне» табан тіреген болатын. Осы кезде жастар атынан алашшыл ақын Сұлтанмахмұт Торағайыр құтықтауын сөзін сөйлеп, өзінің жүрек жарды лебізін өлең арқылы жеткізеді:
«Көш бастаған еріміз!
Қуанышта еліңіз.
Төбеміз көкке жеткендей,
Көкіректен бүгін кеткендей,
Сізді көріп шеріміз.
Еліңіздің бұл шағын,
Алаш туын һәм бағын,
Көзбен көріп төленді,
Көптен бергі теріңіз,
Алаш туын қолға алған
Қараңғыда жол салған
Арыстаным, келіңіз!».
Әлихан Бөкейхан өзін құрметпен қарсы алған зиялы қауым өкілдері мен қараша халықтың ықыласына дән риза болды. Өзіне сенім білдірген көпшілікке Ұлт көсемі жүрекжарды лебізін былай жеткізеді.
«Ағалар, інілер! Мені бұлай қарсы алғандарыңа рахмет! Бірақ ұғыну керек: бостандықты туғызған мен емес, орыс ерлері. Мен олардың жолында жолдастықта жүрген кісі. Жүз жылдан бері бостандық үшін атылған, асылған солар. Рахметті соларға барып айту керек. Бостандыққа қуансаңдар, мені басшымыз деп айтқандарың шын болса, міне, мен өле-өлгенше сендерге қызмет қылуға уәде беремін, сендер уәде бересіңдер ме бостандықтың жолымен болуға? Бостандықтың жолымен болсаңдар: бишараны жемеуге, партияны қойып, бірігуге, бас пайдасымен жұрт пайдасын бірдей көруге, барлық күндеріңді ғылым жолына, бостандық арқасымен көгеру жолына жұмсауға керек. Міне, бостандық болғалы осыларды қылып отырған шығарсыңдар. Осыларды қылсаңдар, бостандық өзінен-өзі сендерге түк әкеп бермейді», – дейді Әлихан Нұрмұхамедұлы.
Осы ретте Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Кемал Ататүріктің арасындағы мына бір ұқсастыққа назар ауады. Мұстафа Кемал «Тіпті, керемет. Анкара шынымен ұлттық орталыққа айналды» деп қуанса, Әлихан Нұрмұхамедұлы «Бостандыққа қуансаңдар, мені басшымыз деп айтқандарың шын болса, міне, мен өле-өлгенше сендерге қызмет қылуға уәде беремін» дейді. Тарихи деректерге сүйенсек, азаттық үшін күрескен Әлихан мен Мұстафаны өз халқы ерекше құрметпен қарсы алады. Бұл түрік халықтары үшін азаттықтың қаншалықты маңызды екенін білдірсе керек.
Ататүріктің өмірбаянына назар аударсақ, оның кейбір тарихи іс-әркетіне байланысты күндер мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіледі. Мәселен 27-ші желтоқсан «Ататүріктің Анкараға келуі» ретінде кең көлемде тойланады. Осы ретте «Әлихан Бөкейханның Семейге келген 21 қазан күні неге айрықша датаға айналмайды?» деген заңды сұрақ туындайды. Мысалы аталған күнді Семей қаласы, тіпті елорда күні ретінде атап өтуге болады емес пе? Біз неге Алаш Орда Үкіметіне қатысты тарихи күндерді мемлекеттік мереке ретінде атап өтпей жүрміз?
Сраил Смайл Өкілдер кеңесі Анкараға жиналып жатқан кезде Ыстамбул соңғы Осман Мәжілісінің жиынына дайындалып жатқанын жазады. Ал бұл кезде ірі мемлекеттер Ыстамбул тағдырын шешу үшін түрлі келіссөздер жүргізуге көшкен болатын.
«Француздар мен ағылшындар Осман астанасының болашағы жөнінде келісе алмады. Лондонда өткен басқосуда Англия сыртқы істер министрі лорд Грузон «Ватикан үлгісін» жұрт талқысына салды. Ол бойынша Түркияның саяси астанасы Анадолыға көшіріледі, бірақ діни орталық Ыстамбулда қалуы мүмкін. Папаның Ватиканда отырғаны сықылды, сұлтан да Ыстамбулда қалады. Алайда, Клеменсо мұндай ұсынысты қабылдай алмайтынын мәлімдеді. Ол ағылшын есебін біле қойды. Грузонға салсақ, Ыстамбулда халықаралық немесе ағылшын-франзцуз ортақ басқару жүйесі құрылуға тиіс. Ортақ өгіздің тиімсіз екенін француздар ежелден біледі. Бір заманда Мысырда ағылшын-француз ортақ басқару (кондоминиум) жүйесі құрылуға тиіс-ті. Барлық ағылшындар француздарды дереу шетке ысырып, жеке-дара қожайын бола қойған. Ыстамбулда да осындай «ойынның» қайталанбасына кім кепіл? Бұл ұсынысқа, тіпті, Англияның Үндістанға жауапты министрі Монтегью да қарсы шықты. Ол, әрине, түріктерді емес, Үндістандағы тыныштығын ойлады. Өйткені, Түркияны жазалау арқылы Үндістандағы мұсылман қауымының наразылығын тудыру әбден мүмкін. Монтегью ислам дүниесінің наразылығын есепке алып, Айя-София мешітін шіркеуге айналдыру жобасын да қолдамады. Исі мұсылман үшін Құдыстағы Әл-Ақса сияқты Айя-София да 470 жылдан бері қасиетті мешіт болатын. Бұған: Гурзон: «Солайы солай, бірақ Айя-София одан бұрын да, 920 жыл бойы шіркеу ретінде пайдаланылған», - деп тойтарыс беруге тырысты.
Келіссөздер жасырын жүргізілгенмен, жұртқа жария болмай қалмады. Газеттер жарыса жаза бастады. Хабар Анкараға да жетті. Өкілдер кеңесінің төрағасы қаңтардың басында әскерге жеделхат жолдады. Онда былай делінген: «Англия үкіметі басшысы Ллойд Жорждың Ыстамбул мен бұғаздарға халықаралық мәртебе беру, түрік үкіметінің жаңа орталығын Анадролыға көшіру, Ыстамбулды тек Халифат орталығы және діни астанаға айналдыру жөніндегі бейбітшілік конференциясына ұсыныс жасағаны газеттерде айтылды. Ұлттық дәстүріміз бен дінімізге қарама-қайшы мұндай шешім халқымыз тарапынан әсте қабылданбайтыны айқын. Сондықтан, жат жұрттықтарға бұл жолда қатаң наразылықтар көрсетілуі керек».
Сол күні-ақ Анадолыдан ағылшын жоғары комиссариатына наразылыққа толы жеделхаттар түсе бастады. Оның алғашқысы Кониядан келді. Бұл кездейсоқтық емес, ағылшын жоспары бойынша жаңа астана Кония болуға тиіс-тұғын. Екі апта ішінде жоғары комиссар де Робек ұзын саны 117 жеделхат алды. Арасында Мұстафа Кемал қол қойған Өкілдер Кеңесінің наразылығы да бар еді. Онда түрік халқының Ерзурум және Сивас конгрестеріне қолдау білдіріп, өз тағдырын өзгеге билетпеуге бел буғаны баса айтылады. Дәл сол күндері Мұстафа Кемал барлық түрік әскеріне аса құпия түрде шабуыл жоспарын жіберді. Бұған сәйкес, Ыстамбулды қорғау Румеліндегі қосындарға тапсырылды. Оқиғалар барысын жіті қадағалап отырған ағылшын жоғары комиссары да Лондонға жіберген хатында бұған арнайы тоқталады. Ж. Де Робек Мәжілістің ұлтшыл мүшелерден құралып, Куваи Миллиенің Ыстамбулдағы қанатына айналғанын алға тартады. Англия өкілі өз ойын «Ұлтшылдар ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір одақтасымен қақтығысады» деп тұжырымдады. Өкілдер кеңесі орталығы жаңа мекенге қоныстануы мен ұлттық қозғалыстың ықпалы күшейе түсті. Анкара жиі-жиі ауызға алына бастады», – деп жазады ол.
Автор Ыстамбул басып алынғаннан соң Өкілдер Кеңесі мемлекет жауапкершілігін өз мойнына алғанын алға тартады. Империя астанасындағы жағдайды естір-естіместен Мұстафа Кемал өз наразылығын жолдайды.
«Сол күні уәлилер мен қолбасшыларға да нұсқау жіберілді. Онда жер-жерде наразылық жиындарын өткізу, одақтас мемлекеттер парламенттеріне жеделхаттар жіберу тапсырылды. Төраға арнайы мәлімдеме жасады. Ол Ыстамбулдың басып алынуымен Осман мемлекетінің 600 жылдық егемендігі тұншықтырылғанын мәлімдеп, түрік ұлтын тәуелсіздік хұқығы мен болашағын қорғауға шақырды. Уәлаяттарға жіберілген тағы бір хатта Мәжілістің Анкараға жиналатыны хабарланды. Оны алдымен «Құрылтай Мәжілісі» деп атады. Соңынан Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі атауын иемденген осы ұйымның жиыны өтуі үшін атқарылар шаралар белгіленді. Өкілдер Кеңесі төрағасы Мәжіліс сайлауына қатысты ережені жұртқа жария етті. Құжаттағы негізгі баптар мыналар еді.
1. Мәжіліске мүше боп сайланғандар депутаттар жөніндегі заңдар мен үкімдерге бағынады.
2. Сайлау әр өңір бойынша өткізіледі.
3. Әр аймақтан бес депутат сайланады.
4. Мәжіліске әрбір партия, қауымдастық және қоғамдық ұйымдар өз үміткерлерін ұсына алады.
5. Дауыс беру жасырын түрде жүргізіледі.
6. Сайлау депутаттардың көпшілігі 15 күн ішінде Анкарада жиналуын қамтамасыз ететіндей мерізімде аяқталуы тиіс. Өкілдер Кеңесі мұнымен қабат, сайлау өткізу тәртібі және Мәжіліс мүшелеріне керекті қаржылай шығындарды да ойластырды.
Ережеге сәйкес жер-жерде халық дауыс берді. Сөйтіп, уәлаяттардан сайланған, сондай-ақ, Ыстамбулдан қаша алған депутаттар Анкараға жинала бастады. Мәжіліс отырысына байланысты дайындық жұмыстары аяқталысымен Өкілдер Кеңесі атынан мәлімдеме жасады. Бұл құжат бүкіл әскерге, уәлаяттарға, «Мүдафааи Хұқық» орталықтарына және жергілікті әкімдерге жіберілді. Ол мәжілісті Ұлы Ұлттық Мәжіліс деп атады. Төраға Мәжілістің ашылуына орай діни және мәдени іс-шаралар қолға алынатынын жұртқа жариялады. Бұған әдейі тоқталғанды жөн көрдік. Себебі, соңғы жылдары бірқатар басылымдар, кітаптар, қала берді саясатшылар «Ататүрік дінге өлердей қас болды деп, дәлелденбеген деректерді алға тартуда. Мұның шындыққа жанаспайтыны түрік жазушысы Біләл Шімшірдің «Анкара. Анкара» атты шығармасында жан-жақты баяндалған. Сол кітаптан үзінді келтірейік. «...Мұстафа Кемал мынаны айтты. 1920 жылғы 23-сәуірде жұма намазынан соң Анкарада Ұлы Ұлттық Мәжілісі ашылады. Сол күні депутаттардың қатысуымен Қажыбайрам мешітінде жұма намазы оқылады. Намаздан кейін байрақ көтеріледі, пайғамбарымыздың қасиетті сақалы Мәжіліс ғимаратына апарылады. Мәжіліс үйі алдында дұға оқылып, құрбан шалынады. Әскер мешіттен Мәжіліске дейінгі жол бойында сап түзейді», – деп жазады ол.
Кітап авторы 22 сәуір күні жан-жаққа жіберілген жолдаудың бағасы өлшеусіз екенін ескертеді. Себебі аталған мәлімдемеде Ұлы Ұлттық Мәжілісі құрылатыны жарияланады.
«Тәңірдің қолдауымен сәуірдің 23-і күні, жұма күні ашылатын Ұлы Ұлттық Мәжіліс сол күннен бастап барлық әскери және жай мекемелер, сондай-ақ, күллі ұлысымыздың мәселелері шешілетін ең жоғарғы орын болып табылады».
Өкілдер Кеңесі атынан жіберілген мәтіні қысқа бұл құжат – тарихи мәнге ие. Бір сөзбен айтқанда, күллі түрік елі бұдан былай орталық ретінде сұлтан басқарған Ыстамбулға емес, Анкараға қарайды. Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісі 23-сәуірде салтанатпен ашылды. Мұстафа Кемал Паша Төраға боп сайланды. Қазір жыл сайын бұл күн Түркияда Ұлттық егемендік және Балалар мейрамы ретінде тойланады. Бұл мейрам – әлемде балаларға арналған бірден-бір ұлан-асыр той. Шартараптан келген балалар өз халықтарының өнерін көрсетеді, ел басшыларымен кездеседі. Мереке – Ататүріктің балаларға арналған таптырмас сыйы. Осы мейрамға Қазақстаннан баратын жеткіншектер халқымыздың өнерін бүкіл әлемге таныстырады», – деп жазады.
Сраил Смайлдың жазуыша, Мұстафа Кемал Осман мемлекеті мен халифаттың тарих қойнауынан кететінін түсініп, жаңа негіздегі жүйе құрудың армандады. Алайда ол мұны бірден ашық айтпай, жаңа үкімет құру мәселесін Мәжілістің күн тәртібіне қойды.
«Бұған итермелеген нәрсе – Мәжілістің бүкіл ел қамын ойлауы керектігінен туындады. Осылайша, мамырдың 2-сі күні жаңа үкімет құрылды. Оны «Атқарушы уәкілдер кеңесі» деп атады. Мұстафа Кемал төрағалық еткен үкіметтің алғашқы отырысына депутаттар сайланған он уәкіл қатысты.
Әлі аты жоқ Түркия мемлекеті Мұстафа Кемалдың 1920 жылғы 30-шы сәуірдегі тарихи жолдауымен Еуропа мемлекеттеріне таныстырылды. Француз тілінде жазылған бұл хаттың бір нұсқасы ағылшын сыртқы істер министрі лорд Гурзонға да жіберілді. Онда мынадай жолдар бар еді: «Ұлы Ұлттық Мәжіліс 1920 жылғы 23-сәуірде өткізілген алғашқы отырысында сұлтан мен Ыстамбул қаласы шетелдіктер бақылауында тұрған кезде халықтың тағдырын өз қолына алатынын ресми түрде білдіреді. Ұлы Ұлттық Мәжіліс мүшелері қаланы басып алу әркетін батыл түрде айыптайды. Осыған орай 1920 жылғы 23-сәуірдегі жиынның қолдау тапқан ұлтымыздың төменгі тілек ниеттерін сіздерге жеткізуді парызым деп санаймын:
1. Осман ұлысы, халифат және сұлтаның орталығы болған Ыстамбул және ондағы үкіметті одақтастар қолына ұстап тұр. Сондықтан басып алынған Ыстамбулдан шыққан бұйрықтар мен фәтуалардың (діни үкім) ешқандай хұқықтық әрі діни күші жоқ. Халық Ыстамбулдағы үкіметсымақ тарапынан жасалған келісімдерді мойындамайды.
2. Осман ұлысы өзінің салқынқанды әрі байыпты ұстамын сақтаумен бірге, әрі тәуелсіз мемлекет ретінде тамыры жүздеген жылдарға ұзайтын ұлттық хұқықтарын қорғауға әзір. Сонымен қатар, әділетті және абыройлы бейбітшілікті де қалайды.
3. Осман христиандарды және елге қоныстанған өзге ұлыстар ұлттың қорғауында болады. Мұнымен қабат, олар Отанымыздың жалпы қауіпсіздігіне қарсы қандай да бір әрекеттерге төтеп беруге тиіс».
Бұл мәлімдеме Осман империясын толық түзе бүктірдік деп санаған басқыншыларға ұнаған жоқ», – деп жазды автор.
Басқыншыларға ұнамағаны былай тұрсын, тіпті гректер Бурса бағытымен шабуылға көшті. Алайда Ататүріктің әскери көрегенділігінің арқасында түріктер гректерге тойтарыс беріп, елді толық азат етті. Мәселен наурыздың соңғы күні жау екінші рет Инөнүде тізе бүкті. Осы екі жеңіске өлшеусіз үлес қосқан батыс майданының қолбасшысы Исмет пашаға генерал шені беріліп, оны «Исмет Инөнү» деп атады.
«Инөнүде жаудың сағын сындыру түріктерге оңтүстік пен батыс майданды біріктіруге себін тигізді. Гректер де қарап қалған жоқ. Түрік қосындары сыртқы көмектен мақұрым, ал ішкі әзірлік мәз емес-ті. Сол кездегі ахуалды зерттеуші Біләл Шімшір былай баяндайды. «1921 жылғы тамыз айы. Анадолыда етек жайған грек шабуылы Сакарияға тарады. Түрік әскері Сакарияның шығысына шегінді. Грек басқолбасшысы «Мақсатымыз – Анкара» деп жар салды. Қорғаныс министрі Теотакис, тіпті, 5-қыркүйек күні Анкарада шетелдіктермен кездесу белгіледі. Грек армиясы адам саны, қаруы, оның ішінде зеңбірек жөнінен біздікінен әлдеқайда басым. Морторлы көлігі де бар. Біздің қарулы күштерімізде моторды қойып, арбаға жегілген жануарға таға таппаймыз. Байқұс жануарлар тас жолда тұяғы тигенде жаны ауырып, денесі дірілдеп кетеді» деп жазды.
Осындай қиын-қыстау кезеңде Мұстафа Кемал жағдайды безбендеп, ақтық амалға барды. Нақтырақ айтсақ Басқолбасшы тізгіні мен Мәжіліс өкілеттігін өзіне беруді сұрады.
«Соңғысына келсек, әр бұйрығы заң күшінде болады. Ол кезде күллі өкілеттілік Мәжіліс қолында. Төраға ұсақ-түйекке дейін депутаттармен келісетін. Өз бетінше ешкім уәкіл қыла алмайды. Әрбір уәкіл жеке дауысқа түсіп, Мәжіліс тарапынан сайланды. Ел ішіне ентелеген жауды тоқтату міндеті тұрды. Ол үшін жұрттың күш-жігері мен дүние мүлкін соғысқа жұмылдыру қажет. Мұстафа Кемал заң күшіне ие бұйрықтар бере бастады. Бұған сәйкес әр ауданда ұлттық салық кеңесі құрылды. Әр отбасы әскерге арнап, бірер іш киім, шұлық береді. Саудагерлер атаулы киімі мен азық-түлігінің 40 пайызын тапсыруы тиіс. Ең соңында қолындағы арба атаулымен оны сүйреуге жарамды ат, өгіз, түйе, есектің бір бөлігі алынды. Өмір мен өлім бәсекеге түскен сол күндері бұл бұйрықтарға жылы қабақ танытпағандар да шықты. Бірақ, қалыптасқан жағдай осыны талап етті», – деп жазады Сраил Смайл.
Міне осындай қысылтаң тамызда Грекия королі Измирге келіп, әскерге басшылықты өз қолына алады. Өкінішке қарай жер қайысқан қолға түрік қосындары төтеп бере алмай, кері шегінеді. Ескішехир қаласын басып алған гректер ендігі нысаналары Анкара екенін ашық айтты. Осы кезде уәкілдерін жинаған Мұстафа Кемал жұрт намысын қайрар қанатты сөзін айтады. «Не болса да туған топырақта қаламыз. Қасиетті Отанның әр шоқысы – бізге қорған. Мемлекетіміздің қиыр түкпірінде, байрағымыз түбінде өлеміз».
Расында түрік әскері мұздай қаруланған жау әскерінің қулығын әшкерелеп, жеңіске жетуге мүмкіндік алды. Бұл арада Ататүріктің әскери көрегенділігін айтпай кетуге болмайды.
«Бір күні өзіне әкелінген мағлұматтарға қарап отырып, жау түменінің көрсетілген жерде болуы мүмкін еместігін айтты. Сөйтіп, одан бұрынғы ақпарларды тексеріп, негізгі күшті басқа бір жерге шоғырландыруға бұйрық берді. Көп өтпей дұшпан әлгі шепке жойқын шабуыл бастады. Түріктер бұған әзір болғандықтан, елеулі шығынға ұшырай қоймады. Сакарияда тағы бір оқиға Мұстафа Кемалдың жаудан айласын асырғанын айғақтайды. Басқолбасшыға ұсынылған ақпар бойынша грек армиясына тың күштер қосылуда. Ал түріктер барын сарқуға айналған. Мұстафа Кемал штаб офицерінің үмітсіз кейпіне мән бермей, ақпарды қайта-қайта оқытты. Ұрыс әдіс-тәсілін шебер меңгерген Басқолбасшы әккі жаудың қулығын сезе қойды. Гректер майданның бір қанатын екіншісіне әскерін жылжытып тұрды. Сырттан қарағанда жаңа күштер қосылып жатқан сияқты болып көрінеді. Бұл шегіну белгісі еді. Офицерлерге майдан қолбасшысын шақыртты. Оны көрісімен: «Құттықтаймын, жеңіске жеттіңіз», - деп, қарсы шабуылға әмір берді. Іс жүзінде солай болып шықты. Грек армиясы королімен бірге жөңкіле қашты», – деп жазады.
Осы қашқаннан жау әскері кемелеріне отырып, Түркия жеріннен табанын жалтыратады. Екі аптаның ішінде 400 шақырымға созылған аумақты грек әскерінен азат еткен түріктердің қайратынан басқыншы мемлекеттер қатты сескенді. Көп ұзамай Англия, Франция секілді алпауыт мемлекеттер Түркиядан кетіп, Ататүріктің ұлттық мемлекет құруына мүмкіндік ашты.