Франциядағы М.Шоқай қоғамының төрағасы Яшар Динч өмірден өті

Бөлісу

27.02.2026 203

Франциядағы М.Шоқай қоғамының төрағасы Яшар Динч өмірден өтті.  


Бұл туралы Түркияның Ыстамбұл қаласында тұратын қандасымыз, белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара  өзінің әлеуметтік желісінде хабарлады.  

"Шоқайды француз жұртшылығына паш еткен Яшар аға өмірден озды

Бүгін таңертең Парижден жеткен қаралы хабар жүрегімді ауыртты. Мұстафа Шоқай атындағы Француз–Қазақ достық қауымдастығының президенті Яшар Динч дүниеден өтті деген хабар алдым. Ол кеше түнде өмірден озған екен.

Яшар аға өте қадірлі, ұлтқа адал қызмет еткен асыл азамат еді. Ол қазақ халқының ұлы перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайды Франция жұртшылығына таныту жолында орасан зор еңбек сіңірді. Диаспора тарихында оның есімі алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Себебі ол Мұстафа Шоқайдай ірі тұлғаны француз қоғамына жүйелі түрде танытқан жан болатын.

2006 жылы Парижде өзі құрған қауымдастық арқылы 20 жыл бойы – 2026 жылға дейін – Мұстафа Шоқайдың мұрасын насихаттау үшін аянбай еңбек етті. 2007 жылы Ножан-сюр-Марн қаласындағы жергілікті музейде Шоқайға арнайы орын бөлінуіне мұрындық болды. 2010 жылы Парижде Мұстафа Шоқай атындағы саябақтың ашылуына ұйытқы болды. Бұл – Франция тарапынан Шоқайдың тарихи тұлғасына көрсетілген үлкен құрмет еді. Бүгінде Париж қаласының картасында сол саябақ арқылы «Мұстафа Шоқай» аты еніп отыр.

Әрине, бұл істерді Яшар аға жалғыз атқарған жоқ. Париждегі көптеген азаматтар қауымдастық аясында бірлесе еңбек етті. Бірақ көшбасшы ретінде оның еңбегі ерекше болды. 

Ол әрдайым Ножанға барып, саябақтың тазалығына өзі мән беретін. «Қазақстаннан және Түркі дүниесінен қонақтар келсе, саябақ таза болсын» деп алаңдайтын. 

Шоқайды таныту мақсатында күнтізбелер мен естелік бұйымдар жасатып, ұлы тұлғаның бейнесін кеңінен насихаттады.

Яшар Динч ағаның өзі кеше түнде өмірден өтсе де, оның есімі Мұстафа Шоқайың атымен бірге француз жұртшылығында әрдайым жасай береді.

Алла алдынан жарылқасын. Жаны жаннатта болсын!”, - деп көңіл айтты тарихшы.

 

Бөлісу