Бұған дейінгі зерттеулер мен тарихи оқулықтарда қазіргі қазақ даласы ежелгі дәуірлерде тек көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан, ерсіл-қарсы көшіп-қонумен ғана айналысқан тайпалар мекені әрі тұрақты өркениеті мен мәдениеті жоқ халықтар мекен еткен боз дала болған делініп келгені жасырын емес.
Ал шын мәнінде қазіргі Қазақ даласы ежелгі дәуірлердің өзінде үлкен өркениет пен мәдениеттің ошағы болған еді.
Қазақ даласы – Евразия құрлығының орталығында жатқан ұлы даланың ажырамас бөлігі. Бұл аймақ адамзат тарихындағы ең ежелгі өркениеттердің, көшпелі мәдениеттердің және технологиялық жаңалықтардың іздерін сақтап қалған.
Археологиялық қазба жұмыстары ежелгі дәуірлердің өзінде Қазақ даласында жылқыны қолға үйрету, металл өңдеу, күрделі қоғамдық құрылымдар мен өнердің негіздері қалыптасқанын көрсетіп берді. Сол секілді соңғы жылдардағы жаңалықтар қазақ даласын ежелгі өркениеттердің маңызды орталығы болғанын тағы бір мәрте дәлелдеп берді.
Тас дәуірінің алғашқы іздер
Қазақ даласының ежелгі тарихы палеолит дәуірінен басталады. 1958 жылы Жамбыл облысындағы Қаратау жотасында археолог Х.А. Алпысбаев тас құралдар – балталар, қырғыштар, пышақтар тапты. Бұл құралдар Homo erectus- яғни тік жүретін адамға тиесілі екені анықталды. Яғни бұл аадамзаттың бұл аймақта кемі 1 миллион жыл бұрын мекендегенін көрсетеді.
Сол секілді Шақпақата (Маңғыстау) және Арыстанды (Жамбыл) сияқты орындарда 5000-нан астам тас құрал табылған. Неолит дәуірінде (б.з.д. 4-3 мыңжылдық) климат ылғалдануымен аңшылық пен балық аулаудан мал шаруашылығына көшу басталды. Бұл кезең даланың кейінгі көшпелі мәдениеттерінің негізін қалады.
Қола дәуір іздері
Қола дәуірі (б.з.д. 2000–1150 жж.) қазақ даласындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Ботай мәдениеті (б.з.д. 3700–3100 жж., Солтүстік Қазақстан, Ишим өзені алабында) жылқыны алғашқы рет қолға үйретудің дәлелі болып отыр.
Ботай қонысында 153-тен астам шұңқыр үйлер, мыңдаған жылқы сүйектері, қоршаулар мен жылқы тезегі табылды. Археологтар жылқы сүтінің қалдықтары мен ауыздық іздерін анықтады.
Бұл мәдениеттің адамдары отырықшы мал шаруашылығымен айналысқан, итті де қолға үйреткен. Генетикалық зерттеулер Ботай жылқылары Пржевальский жылқыларының ата тегі екенін және қазіргі үй жылқыларына 2,7% үлес қосқанын растайды (2018 жылғы зерттеулер).
Андроново мәдениеті (б.з.д. 2000–1150 жж.) даланың кең аумағын яғни Солтүстік, Батыс, Орталық және Шығыс Қазақстан жерін қамтыды.
Қоныстарда жүзге дейін үйден тұратын ауылдар, қорғаныс орлары, металлургия шеберханалары болды. Алтай тауларынан мыс өндіріп, қола құралдар жасады.
Қазба жұмыстары күрделі жерлеу рәсімдер болғанын көрсетті. Қорымдардан ағаш немесе тас камералар, құрбандыққа шалынған жылқылар, түрлі арбалар табылды. Бұл мәдениет басында индо-иран тілдес халықтармен байланыстырылды. Кейінгі ежелгі сақ тайпалары екені дәлелденді.
Тарих оқулықтарында қола дәуірінде қазақ даласындағы халықтар негізінен аз ғана тайпалардың мал соңында көшіп жүрген көшпелі қауымдар ретінде сипатталатын. Бұл көзқарас ұзақ жылдар бойы өзгеріссіз қалды, өйткені далалық өркениеттерді ежелгі Египет, Месопотамия, минойлық Крит немесе Қытайдың Шан-Чжоу әулеттері сияқты ірі өркениеттердің көлеңкесінде «шет аймақ» деп қарастырды.
Дала тайпалары уақытша тұрғын үйлерде (киіз үй прототиптері) өмір сүріп, күрделі қоғамдық құрылымдар мен ірі қоныстар құруға қабілетсіз деп есептелді.
Алайда 2000-жылдардың басында Абай облысы Бесқарағай ауданында, Ертіс өзенінің биік жайылмасында археологтар Семиярка қонысын тапты. Бұл жаңалық далалық өмірдің әлдеқайда күрделі, ұйымдасқан және тұрақты даму үстінде болғанын аңғартты.
Қоныс алғашқы болжам бойынша 67 гектар шамасында болса, 2016 жылдан бастап халықаралық зерттеу тобы (Лондон университеттік колледжі, Дарем университеті, Торайғыров университеті) геофизикалық зерттеулер, дрондық картографиялау және беткі материалдар талдауы арқылы оның нақты көлемін 140 гектарға (шамамен 350 акр) дейін кеңейтті.
Жақында халықаралық ғалымдар тобы осы қонысты зерттеудің жаңа нәтижелерін ұсынды және ол шын мәнінде аймақтағы ең ірі протоқалалық орталық болғанын, қалайы қосылған қола өндірісі ауқымды жүргізілгенін анықтады.
Орталық Азия далалары «құлазыған провинция» ретінде саналатын. Зерттеушілер оларды негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын тайпалар мекендеген деп есептеген. Бұл адамдар уақытша баспаналарда – киіз үйлерде тұрған, ал олардың мәдениеті Ежелгі әлемнің дамыған орталықтарымен салыстыруға келмейтін.
Қола дәуіріндегі дала тұрғындары оқшауланған топтар ретінде көрінетін, олар ірі тұрақты қоныстар құра алмаған және күрделі әлеуметтік ұйымдастыруға қабілетсіз деп есептелген.
2000-шы жылдары қазақ даласында, Абай облысының Бесқарағай ауданындағы Ертіс өзенінің биік террасасында археологтар өз заманында жеткілікті ірі Семиярка қонысын қазып шығарды. Ғалымдар онда б.з.д. ІІ мыңжылдықтағы көптеген үйлердің қалдықтарын анықтады, ал оның ауданын кем дегенде 67 гектар деп бағалады. Зерттеушілердің пікірінше, бұл қоныста бірнеше мың адам тұруы мүмкін еді.
Сол кезде мамандар Семиярка қаласына әкімшілік немесе мәдени орталық болуы мүмкін деген жорамал жасады. Бұл ойға олар қазба барысында табылған құрылыс себеп болды. Оның өлшемдері (шамамен 50 × 60 метр) және сәулеті тұрғын үйлерден айтарлықтай ерекшеленетін. Ол маңызды қоғамдық функцияларды атқарған деп болжанады. Онда діни рәсімдер мен ақсақалдар жиналыстары өткізілген, сондай-ақ жергілікті билеушінің резиденциясы орналасқан болуы мүмкін. Бұл күрделі әлеуметтік иерархияның және басқарушы элитаның болғанын көрсетеді.
2016 жылдан бастап археологтар Семиярка аумағын мұқият картографиялау және зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Лондон университеттік колледжінің ғалымы Миляна Радивоевич жетекшілік еткен халықаралық топ кешенді зерттеудің бір кезеңін аяқтап, нәтижелерін Antiquity журналында жариялады.
Геофизикалық талдау және көптеген материалдарды зерделеу нәтижесінде Радивоевич пен оның әріптестері Семиярканың жай қоныс емес, шамамен 140 гектар аумақты алып жатқан протоқалалық орталық екеніне көз жеткізді – бұл алдыңғы зерттеулерде айтылғаннан екі есе көп.
Бұл орталық тегіс әрі нақты жоспарланған болған. Зерттеушілер мұндай түзу сызықты кварталдар әдетте қоныстың әртүрлі бөліктері бір мезгілде салынғанда пайда болатынын түсіндірді. Яғни, ол біртұтас жоспар бойынша және шамамен бір уақытта салынған.
Археологтар кем дегенде 20 жеке шаруашылықтың қалдықтарын тапты. Әрқайсысы қабырғамен қоршалған жеке кешен болғанға ұқсайды. Тұрғын үйлер берік материалдардан – мүмкін, күйдірілмеген кірпіштен салынған.
Радивоевич тобы кем дегенде 114 керамикалық ыдыстың фрагменттерін жинады; олардың басым бөлігі – 85 пайызы шамамен б.з.д. 1500–1100 жылдар аралығында өмір сүрген алексеев-сарғарин мәдениетіне жатады.
Артефактілердің аз бөлігі ерте андрондық мәдениеттердің бірі – черкаскуль мәдениетіне жатқызылды, ол хронологиялық тұрғыдан алексеев-сарғариннен бұрын, шамамен б.з.д. 1600 жылы пайда болып, б.з.д. 1250 жыл шамасында тоқтаған.Бірақ шынайы сенсация басқа жаңалық болды.
Семияркада толығымен металлургиялық өндіріске арналған үлкен аймақ анықталды. Археологтар металды балқытуға арналған көптеген тигельдерді, қождың үлкен мөлшерін және дайын қола бұйымдарды тапты. Талдау көрсеткендей, жергілікті шеберлер қалайы қосылған бронза – негізінен мыс пен 2 пайыздан астам қалайыдан тұратын қорытпа өндірген. Бұл ішкі қажеттіліктерге арналған қолөнер шеберханасы емес, нағыз өнеркәсіптік аудан болған.Шикізаттың шығу тегі одан да кең картина ашады.
Қождың химиялық құрамы Алтай тауларындағы қалайы кен орындарымен сәйкес келеді. Бұл кен орындары Шығыс Қазақстан аумағында, Семияркадан 300 шақырым жерде орналасқан. Демек, қашықтық ежелгі металлургтер үшін кедергі болмаған.Зерттеу авторларының пікірінше, қалайы Семияркаға керуендер арқылы дала арқылы немесе су жолымен жеткізілген. Сонымен қатар олар жергілікті өндірісті де жоққа шығармайды: өзеннің маусымдық тасқыны қалайы кенінің бөлшектерін жағалауға шығарып, жергілікті тұрғындар оны қарапайым жуу арқылы ала алған деген болжам бар.
Радивоевичтің ойынша, қолайлы орналасуы және ресурстарды бақылауы Семиярканы «экономикалық хабқа» – Орталық Азияны Қытаймен, Сібірмен және әрі қарай Еуропамен байланыстырған алып желінің маңызды түйініне айналдырған. Сол жерде тауар алмасу жүрген, технологиялық инновациялар пайда болған және өңірлік билік шоғырланған.Ертіс бойындағы қарқынды көлік дәлізі болашақ Ұлы Жібек жолының негізін қалаған. Зерттеу авторларының сөзімен айтқанда, бұл – әзірге белгісіз болған жаһанданудың алғашқы толқыны еді. Семиярка аумағында қазба жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Темір дәуіріндегі Сақ өркениеті
Темір дәуірі (б.з.д. 9 ғ.–б.з. 5 ғ.) сақ (скиф) мәдениетінің гүлденуімен ерекшеленеді. Сақтар – шығыс иран тілдес көшпелі халық, жылқылы атқыштар, «жануарлық стиль» өнерінің шеберлері. Олардың территориясы Қазақстанның Жетісу, Алтай, Орталық далаларын қамтыды. Геродот, Дарий I жазбаларында сақтар «төбелі қалпақты» немесе «хаума ішуші» сақтар ретінде аталады.
Ең әйгілі ескерткіш – Есік қорғаны (б.з.д. 5–3 ғғ., Алматы маңы, 1969 жылы Кемал Ақышев ашқан). 6 метр биіктіктегі қорғаннан 16–18 жастағы «Алтын адам» табылды – мыңдаған алтын әшекейлермен (жолбарыс, қар барысы, бұғы, грифон бейнелері) безендірілген сауыт, биік қалпақ, қылыш, айна. Бұл сақ ханзадасының жерлеу орны болып шықты.
«Алтын адам» – Қазақстанның ұлттық символы, Тәуелсіздік монументінде бейнеленген.
Басқа маңызды қорғандар: Шілікті (Шығыс Қазақстан, б.з.д. 7 ғ., 4262 алтын бұйым), Берел (Алтай, б.з.д. 4–3 ғ., 13 жылқымен бірге), Тасмола қорымдары.
Сақ өнері «жануарлық стилде» болды – аңдардың шайқасы, мифологиялық мотивтер.
Таңбалы петроглифтері
Қазақ даласының ең көрнекті ескерткіштерінің бірі – Таңбалы (Тамғалы) петроглифтері (Алматы облысы, Шу-Іле таулары). 2004 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасы тізіміне енген.
Кешенде 5000-нан астам жартас суреттері бар. Ұзын-саны 48 кешен, қоныстар мен қорымдарды алып жатыр.
Суреттер б.з.д. 2-мыңжылдық ортасынан 20 ғасырға дейін созылады.
Тақырыптары: күн құдайлары, зооморфтық бейнелер, аңшылық көріністері, мал шаруашылығы, рәсімдер. Орталық каньонда құрбандық орындары бар. Бұл – далалық малшы халықтардың өмірі мен нанымдарының куәсі.