Алаштың азаматы Бияш
08.02.2016 1924
Оқу комиссариатының қандай ісі болсын бір өзі басқарып бара жатыр еді. Әкімшілік жұмыста арқасы босағандай болып Ахаң (Ахмет) Бияшқа сеніп отырушы еді

Уақыт жылжып өткенімен бағзы тарих ел жадында сақталары хақ. Тарихтың үлгі-өнегесі, шындығы сонда. Атадан мұра ескерткіш, ескіден олжа көне сөз бүгінгі таңда қадір-қасиетін жоймайтын дәрежеге жетті. 

Көшелі кісілікке бастайтын жолдың бір тармағы қазақ зиялыларының ардақты есімін мұқият зерттеп, қадірлі іс атқаруымен сабақтас. Мұрағат қойнауында шаң-тозаң басып қалмайтын, ерек үрдіс өнегесімен ұрпақтар санасында сақталатын есім – Биахмет Сәрсенов.

Биахмет Шегедекұлы Сәрсенов (1885-1921) – заманында көрнекті қайраткер, ағартушы ұстаз болған адам. Оның туған жері Семей гу-берниясы, Зайсан уезі, Нарын болысы, қазіргі Ақсуат ауданы. 

1909 жылы Семейдегі оқытушылар дайындайтын семинарияны бітіргеннен кейін әуелде мұғалімдік қызмет атқарып, кейіннен әлеумет ісіне белсене араласқан. 

1917 жылы сәуірдің 27-сінен мамырдың 7-не дейін Семей облыстық қазақ сьезінің өткендігі белгілі. Осында Биахмет Сәрсенов облыстық қазақ сьезі президиумының құрамында төрағаның орынбасары болып сайланды. «Халел Ғаббасовтың мәлімдеуінше оның Сталинмен телеграф сымы арқылы келіссөзде қойған ұсыныс-талаптары алдын ала Ә. Бөкейханов, Р. Мәрсеков, Ә. Ермеков, Б. Сәрсенов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов қатынасқан арнайы мәжілісте тұжырымдалған бола¬тын», – деген тарих ғылымдарының докторы, профессор Кеңес Нүрпейісовтың «Алаш һәм алашорда» кітабындағы (Алматы, 1995) пікірі көп нәрсені аңғартады. Ойлантады. Б. Сәрсеновтың азаматтық тұлғасы ірілене түседі. 

Б. Сәрсенов 1920 жылы Қазақстан астанасы Орынборға арнайы шақыртылып оқу-ағарту жүйесінің ұйымдастырушысы ретінде ел-жұртына пайдалы жұмыс жасайды. 

 Биахмет Сәрсенов – баспасөз ісіне де зор ықыласпен араласқан қаламгер. «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде жарияланған мақалалары уақыт тынысын аңғартатын, саясат, әлеумет, ағарту саласындағы салиқалы ойларын зердеңе әкелетін туындылар. Біз бұл ретте қолымызға түскен «Сарыарқа» газетіндегі «Оқшау сөз», «Сайлау тәртібі», «Азық-түлік», «Семейдегі екі областной комитет жайынан», т.б. мақала-хабарларын атап отырмыз. Талап жасап ізденушінің жиырмасыншы жылдардағы баспасөз беттерінен теріп алуға жарайтын дүниелері баршылық. 

Атақты «Таныстыру» поэмасында қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров:

Ісі де, таланты да қалыспайды, 

Жұмсаса тегіс халық пайдасына. 

Жастардың біреуінен кейін емес, 

Қазақ деп жүрегінің қайнасы да. 

Халел мен Әлімханды Ай деп айтсақ, 

Шолпандыққа жарайды Ай қасында. 

Әуелден қатарынан туысы артық, 

Сондықтан күн-күн сайын барады артып. 

Ілімнің аймағында жоқты дағы, 

Еріксіз туысымен алар тартып, – 

деп тебірене жырлайды Биахмет Сәрсенов жөнінде. Қазақтың біртуар ұлдары Халел Ғаббасов пен Әлімхан Ермековке қосып ақын Ай мен Шолпанға баласа Биахмет бейнесінің биіктей, даралана түсуінің жа-расымды көрінісі. 

Сол себепті де архивімізде біраз уақыттан бері сақталып келе жатқан көңіл бұрарлық бір материалды оқырманға ұсынуды жөн деп таптық. Ол «Қазақ тілі» газетінің (қазіргі «Семей таңы» – А.Е.) 1921 жылғы 22 тамыздағы №136 санында жарияланған «Бияш» тақырыпты мақала-некролог. Авторлары: Жүсіпбек пен Мәннан. 

Жүсіпбек Аймауытов пен Мәннан Тұрғанбаев – жазушы, қоғам қайраткерлері, тек Семей өңірінде ғана емес Қазақстанның түкпір- түкпіріне аттары белгілі әрі Биахмет Сәрсеновпен қызметтес, жол- дастық, достық қарым-қатынаста болған жандар, бір мақсат, бір мүдде бастарын қосқан күллі алаштың азаматтары. 

* * * 

«Бияш 

Өткен шілденің 17-де Орынбор қаласында Қазақстан оқу комиссариатының басқарма мүшесі Биахмет Шегедекұлы (Сәрсенов) оба ауруынан қаза болды. 

Биахметтің руы найман, болысы Нарын, үйезі Зайсан, губерниясы Семей. Жасы 36-да болатын. Биахметті Семей, Ақмола қазақтары жақсы біледі, басқа жерлер де оны білетін шығар, өйткені ол қызметке жүйріктігімен көзге түсіп, ауызға ілінетін санаулы қазақ азаматтарының ішінде маңдай жігіттің бірі еді. 

Ол Семейдегі учительская семинарияны бітіріп, алғашқы кезде ел ішінде аульная школада бала оқытып, соңынан әкімшілік ісіне кіріскен. 17 жылы революциядан кейін қазақ азаматтары әлеумет жұмысына араласып кетті. Бияш та солардың ішінде областной қазақ комитетіне мүше болып, Павлодар үйезінде комитеттер сайлады. Соңғы Алаш-Орта, земство болған замандарда Бияш көрнекті орында қызмет етті. Семейде 1920 жылы совет үкіметі орнаған соң, Бияш Орынборға кетті. Онда алғашқы уақытта соғыс комиссариатының саяси білім беретін жұмысын басқарып жүріп, артынан оқу комиссариатына шығып еді. Ол басқа қызметтермен қатар Семейде ашылған мұғалімдер курсында, қазақ семинариясында, Орынбор курстарында оқытушы болып жүрді. 

Әлеумет ісіне қатынасқандықтан айыпталып, Колчак тұсында, соңғы совет үкіметі тұсында абақтыға да жатып шықты. 

Бияш, қазақша айтқанда, сегіз қырлы өнерлі жігіт еді. Алған орысша біліміне қарағанда шын мағынасымен педагог (тәрбиеші) еді. Оқушының қылп еткенін сезіп, ұғым ыңғайына құйылуға, тесіп қойғандай көкейіне қондыруға ол сықылды шебер оқытушы, ол сықылды психолог қазақ оқытушыларынан кем. Оның оқытуынан ұғылмайтын көңілге күдікті еш нәрсе қалмайтын. Егер бала оқыту жолында қызмет еткен болса белгілі жақсы тәрбиеші болар еді. 

Төңкеріс заманға душар боп, әлеумет ісіне оқығаны аздықтан қазақтың ана жұмысы да, мына жұмысы да Бияшты керек қылды, сүйреді. Оның араласпаған қызметі болмады. Қандай жұмысқа кіріссе де тереңнен біліп, тез бітіретін Бияш болатын. 

Ол әкімшілік іске өте жетік, тағанды, құнтақты болатын. Қол астындағы қызметшілерді бір жағынан тілімен, бір жағынан қырымен өзіне мойынұсындырып, жүгіртіп қоюға онан шебер өтпейтін. Сондықтан оның жұмысы өрге домалайтын, қиын істі оңай бітіретін. 

Ол орны толмайтын дипломат (елші) еді. Бір көрген кісінің сырын тез біле қойып, ыңғайымен жүріп, өзінің мақсұтты жұмысын орындатуға, өз сырын кісіге жуырда білдірмеуге, бір көрген адамды ұршықтай айналып алуға, қисыны келген жерде сескендіріп қоюға, онан жетік кісі қазақ оқығандарының арасында жоқ деуге болады. Бұ жағынан Бияш қиын-қыстау, қияға салатын, дәнекер болатын өзгеше жаралған жан еді. Ондай кісі қазақтан кем шығады, Бияштың орны үңірейіп қалды. 

Ол ақылды еді. Оның ақылы сағым қуатын қаңғыбас құрғақ ақыл емес, нағыз өмірге, іске арналған (практический) ақыл еді. Оңай мен қиынды, пайда мен зиянды салыстырып, ең керекті, пайдалы бола¬тын нәрсені ғана істеуге, оны тез орындауға шебер болатын. Кісіге сөзін де, есесін де жібермейтін, асып соқпайтын тапбасар еді. Өзінің дұрыс тапқан жолына біреуді ұғындырып түсіндіруге, дәлелге негізді, сөзге ұста болатын. 

Оның тағы бір қасиеті нашарға, мұқтаж шәкіртке, жолдас арасында жүрегі қайырымды, қолы ашық болатын. Жарлы шәкірттерге жанын салып болысып: «Байғұстар бірдеме алып қалсын, оқуынан қалмасын...» деп ылғи біреуді орналастырып, бірдеме тауып беріп, құрақ ұшып жүруші еді. Досшыл, жолдасшыл, ер көңіл еді. Жолдасы үшін, ел үшін, қатерлі жерде жалғыз қалуға жарайтын, жанын қиюға шыдайтын ер еді. 

Ешнәрседен тауы шағылып тез қайтпайтын, қажымайтын қуатты, пысық еді. Бияш, қысқаша айтқанда, алмас қылыштай, қырағы қаршығадай жігіт еді. Бияштың қызметі, Бияштың адамшылығы, мінезі, қалжыңы жол-дастары арасында көпке шейін ұмытылмас, жоқтатар. Оны іздемеске болмайды. Оқу комиссариатының қандай ісі болсын бір өзі басқарып бара жатыр еді. Әкімшілік жұмыста арқасы босағандай болып Ахаң (Ахмет) Бияшқа сеніп отырушы еді. Енді... 

Жүрген ортаның бетіне тез түсінгіштікпен саяси мәселеге ортақшыл жолдастардан артық болмаса кем түспейтін. Сондықтан оны ортақшыл партиясында жоқ деп білмейтін кісі ойламайтын. 

Төңкеріс заманында талай жігіттер шығын болды. Тағы талайлар шығындалар. Бірақ Бияш сықылды жігіттен айырыла беру аса шымбайға батарлық қайғы, өкінішті қаза. 

 Марқұмның арттағыларына сабырлық берсін. 

Жүсіпбек, Мәннан». 

Арап Еспенбетов, филология ғылымдарының докторы, профессор