Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Өз дәуірінде дақпырты мен даңқы күшті туындыны бас алмай қызығушылықпен оқыған қауымның соңы сарқыла қойған жоқ
Ұлы суреткердің аналар тақырыбын қаузайтын шығармаларының басында да көлемі жағынан болсын, идеясы жағынан болсын, осы «Ұлпан» романы тұрады. Туындының басты кейіпкерлері Есеней мен Ұлпанның тарихи тұлғалығы жайында көп айтылып жазылды, ал біз мақаламызда осы шаңыраққа күйеу болып келетін Торсан болыстың өмірі мен қызметі, адамгершілік қасиеттері мен ұрпақтары туралы сөз қозғаймыз.
Тарихи деректерде Торсан Тілемісұлы Уақ елінің болысы, байы деп сипатталады. 1848 жылы дүниеге келіп, 1920 жылы өз үйінде дүниеден өткен. Әкесі Тілеміс те тілді-жақты, орыс тілін білетін адам болған. Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романында Тілемістің әкесін Есенейдің дүрелеп жазалайтын оқиға бар, оның мәнісі аталған романда шолақ қайырылады да, есесіне Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінің» алғашқы тарауы «Күйреген ұяда» біршама жатық баяндалады. «Тілеміс Есенейге іштей кекті екен, оған себеп мынау: Есенейдің жігіт кезінде «Орысқа бағындың» деп біздің елді Кенесары көп қолмен кеп шабады да, мал-мүлкін талап, көп адамын тұтқынға алып кетеді. Есеней басшы болып, ел Кенесары қолын қуады да, «Қақтың қара суы» деген жерде жетіп соғысады. Екі жақтан да көп кісі өледі. Кенесары жеңіліп қашады, біраз адамы қолда қалады.
Сол адамдарды казак-орыс штабына апарып тапсырмақ болған Есеней қалың қолымен келе жатса, жолда Сапақ (Тілемістің әкесі) шошқа бағып жүр екен. Қарулы қолдан қорыққан ол қасындағы обаның етегінен қасқыр қазған апанға кіріп кетеді. Мұны көріп келе жатқан Есеней апаннан Сапақты суырып алады да, «неге жасырынасың» деп өлердей ғып сабайды. Мұны естіген Тілеміс Есенейге өшігеді де, әкесінің кегін қайтарудың жолын іздейді».
Бүкіл Сибанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Есенейге деген есені қайтаруды жоспарлау жылдар бойы жалғасады. Есенейдің тілмашы қызметін атқара жүріп Тілеміс оның жалғыз қызы барынан хабардар. Сол жалғыз қыз Біжікенге бір ұлын қосатын болса, дүниенің көз құрты мал-мүлік деген өзі алақанға түспей ме? Сондықтан Тілемістің ойлағаны көктен келіп, кіші ұлы Торсанды Қорған қаласындағы орыс школына сабаққа береді. Осыдан кейін жас Торсан орысша тіл білгендігімен қоймай, асқан пысық, епті-елгезек болып өседі. Қазақ даласына станица сала бастаған казак-орыстарға жақындап, шошқасын баққан Сапақтың немересі, Тілемістің ұлы заманының көзі ашық азаматына айналады.
Әкелі-балалы екеудің мінезіндегі қайшылықта жазушы Ғ. Мүсірепов көркем туындыда былайша келтіреді: «Қазақ денелі, кавказ көзді жас жігіт Торсан Ұлпан үйіне көптен дәмдес болып келе жатқан. Әкесі Тілеміс қайтыс болғалы Ұлпанның алыс базарларға жұмсап отыратыны осы Торсан еді. Стап қаласында орысша бастауыш мектеп бітірген өзге замандастарынан өресі биік, білгір де ұтымды, ойын-сауыққа жұмысы жоқ іскер жігіт. Ірбіт, Тобыл, Қызылжар базарларына барғанда ылғи бір түсі-түгі келісімді бұйымдар әкеледі. Әкесі Тілемісте «алдап соқтым, алданып қалдым» дейтін әдеттер болушы еді, Торсанда ол жоқ. Алдамайтын, арбамайтын, адалдығына кір жұқтырмайтын адам болатын сияқты». «Сияқты» дегеннен шығады, көңілдегі көп күдік, санадағы сан сұрақтың астынан кейін Торсанның «шынайы» кейпін ашу үшін автор оны алдымен мақтап-мақтап, соңынан үлкен құздың жағасына таятып тастап кеп жібереді.
Біз ендігі әңгімемізді осы жерден үзе отырып, қазіргі таңда Ресей Федерациясының Түмен облысына қарасты Есіл қаласында тұрып жатқан Торсан ұрпақтарымен, оның ішінде Шери атты ұлынан тарайтын Хамиттың Мағауиясымен азды-көпті сұхбаттасқан едік, соған кезек берсек. Мақала арасында кейіпкеріміздің полковник шөбересінің берген сұхбаттарын пайдаланып отырамыз.
Автор: Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романында Торсан би жағымсыз кейіпкер ретінде бейнеленеді. Уақ елінің бас көтерер азаматына айналған Торсан тарихта қандай адам болған?
Мағауия Хамитұлы: Жазушы, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов менің арғы атамды жағымсыз кейіпкер ретінде жазған, менің ойымша, ол тек қана жазушылық фантазиядан туындаса керек. Мен оны жазушы ретінде сынай алмаймын, қанша дегенмен Ғабит Мүсірепов ірі жазушы ғой. Ол өзінің арғы атасы Мүсірепті осындай маңызды рөлге шығарған. Әдебиетте көркемдік шындық деген ұғым бар, сол бойынша кезіндегі мықты тарихи тұлғалардың шынайы бейнесі барынша бұрмаланды.
Ата-бабаларым туралы қысқаша айтып өтсем. Менің арғы атам – Торсан, ол – Тілемістің баласы. Торсанның өзінен үлкен екі ағасы болған: Тортан мен Ташат деген. Олар інілері Торсанның демеушілігімен Меккеге қажылыққа барып, сол жақта дүние салған. Ташаттың өмірбаянында ағайындарының бірінің жалған арызымен оны тұтқындағаны және оны түрмеге жапқаны жазылған. Сол кезде Ташат Омбыдағы генерал-губернаторға өзін ақтау мақсатында барады. Генерал онымен салқын сөйлеседі. Ашуға булыққан Ташат орындықты алып, генерал-губернаторға жіберіп кеп қалады. Сол кезде күзетшілер келіп, оны ұстап, Түмен облысындағы Березовские деген жерге 10 жылға жер аударып жібереді. Үш жылдан кейін атам Торсан ақша беріп, байланыстары арқылы Ташатты ол жақтан шығарып алады. Содан кейін екі ағасы қажылыққа кетеді.
Пысықтығының арқасында ата-әке есесін қайтарып, онымен қоса Есенейдей ірі байдың, алпауыт шонжардың барлық дүние-мүлкін заңдастырып, иелік еткеннен кейін ояздық және губерниялық әкімдерге бара да беріп, пара да беріп, тамырласып алады да, өзін сол елдің болысы етіп сайлатқызады. Болыс Торсан Тілемісұлының мектеп салуға қаржы жұмсап, атсалысқаны жайында дерек сақталған. «Дала уәлияты» газетінің 1901 жылғы 11 наурыздағы №10 санында «11-інші ақпан күні Ақмола облысында алғашқы орыс-қазақ мектебінің ашылуы болып өтті. Бұл мектеп Петропавл уезінің Пресногор болысы қазағының қаржысына салынды. Бұл шаруаға өлке басшысының м.а., генерал-лейтенант Н.И. Санников және Петропавл уезі бастығының м.а. Штабс-Капитан Н.Ф.Фон-Штейн белсене атсалысты. Бұл іске қазақтар да болыс Торсан Тілемісов пен оның кандидаты Шайахмет Тәшетов те қатысты. Жергілікті қазақтар өзінің өкілі тұлғасында алғашқы орыс-қазақ мектебінің ашылуын үлкен қуанышпен қабыл алды және өзінің үкімінде мектепті салушыларға үлкен алғысын білдіре отырып, оның «Санников» деп атауды, ал оның жанындағы жатақхананы «Штейнов» деп атауды сұрады.
Мектептің мұғалімі болып Омбы оқытушылар семинариясының тәрбиеленуші, қазақ Аяғанов мырза тағайындалды.
Жаңа мектепке шын жүректен табыс тілейміз және басқа қазақ қоғамында басқа мектептердің ашылуына ықпал етеді деп сенеміз» делінген.
Жазушы Сәбит Мұқановтың балалық шағы өзі кітаптарында жазып кеткендей, «Бай ауылы» атаған Торсан ауылында өткен. Жас шағында Торсан ауылының адамдарымен, бай балаларымен етене араласып, жақын танысып білген. Оның «Өмір мектебінде» тарихи оқиғалардың дерекке құрылып, шынайы болатыны сондықтан, мұның бәрін автор әлдекімдердің айтуы не біреулерден естуі бойынша емес, тікелей өз көзімен көргені, сезінгені, ойға түйгені – түгелі-түгел суреттеледі. Сәбит Мұқановтың өз құдасы Ғабит Мүсіреповке қарағанда Торсан байға және оның балаларына деген көзқарасы жылы. Сәбең Торсанның о бастағы ойын қалай жазады, оқиықшы: «Торсан аса көркем, пысық және орысша білетін жігіт болып өседі. Біжікен оған қызығады. Торсанның әкесі Тілеміс те, Біжікеннің шешесі Ұлпан да екі жастың қосылуына тілеулес. Бірақ бұлар бұны Есенейге батып айта алмайды, «атасы жаман» Торсанға «аталықты» Есенейдің қыз бермеуін біледі. Бірақ бұған Есеней мен Ұлпан қайғыра да қоймайды, өйткені Есеней сол кезде қартайып, өлер шаққа жетеді.
Есеней кешікпей өледі. Ұлпан жұртқа айтпастан, қызын Торсанға қосады да, Есенейдің мал-мүлкіне ие ғып үкімет орындарына бекіттіреді. Мұны білген Есенейдің руы қарсылық жасамақ болады. Бірақ кеш. Үкіметке сүйенген, заңды білетін Торсан надан дұшпандарын бет қаратпайды».
Дұшпандары дегеннен шығады, ел ішінде Торсанды ұнатпаған, тіпті кек тұтқан адамдар сол заманның өзінде аз болмағанға ұқсайды. Атақты ұстаз, педагог Спандияр Көбеевтің «Тұтанбай қалған өрт» атты естелік жазбасында ел іші екіге жарылып, Керей және Матақай рулары болып қырқысып, болыстыққа таласқан шонжарлар бірімен-бірі өшігіп жатқанда бұған түрткі болған оқиғаны еске алады. Торсан ұлы Бәкенге Матақай руынан Жадыра есімді қызды алып бергісі келеді. Қыздың сүйгені Сүлеймен деген жігіт бар екен, Торсан әулетіне бармаймын деп жылап отырып алады. Сонда Матақай руының басшысы Наурыз қарсы шығады. Болыс ел аралайтын болып осы матақайлар ауылына арнайы келіп түседі. Сонда Сүлеймен бастаған топ болыс жатқан үйді өртеп, көзін құртуды жоспарлайды. Алайда Торсан бұл тұзақтан аман құтылып шығады да, Матақайлар маңына аттап баспайтын болады деп әңгімелейді қарт ұстаз С. Көбеев.
Автор: Торсан тарихи тұлға ма? Қай кезеңде өмір сүрді? Қандай қызметтер атқарған? «Ұлпан» романында неліктен бұрмаланды деп ойлайсыз?
Мағауия Хамитұлы: Атам 1848 жылы туып, төңкерістен кейін 1920 жылы өз үйінде қайтыс болған. Арғы атам Торсанның бес ұлы болған: Шахан, менің атам Шериаздан, Арап, Бәкен және ең кенжесі Қази.
Сәкен Сейфулин менің арғы атам Торсанды Алаш Орданың Семей милициясын басқарды дейді. Бір жерде атыс кезінде өлгенге ұқсайды. Бірақ, менің туысқандарымның естеліктерінде ол тығылып жүріп өз үйінде қайтыс болды делінген. «Ұлпан» романы бойынша баға беруге болмайтын шығар. Біздің руласымыз Шағатай ақынның айтуынша, Торсан атам бір жерлерде әділдік танытып, ал басқа жерлерде, бай-болыс деген дәрежесін пайдаланып, қателіктер жіберуі мүмкін.
Оның сауда байланыстары болған: Свердлов, Мербет, Тобыл, Түмен, Қорған, Орынбор, Орал, Көкшетау және Қарасан. Және кісілердің айтуынша, ол Свердлов пен Түменге ат алмастырып екі-ақ күнде жететін өзінің жолы болған. Ол әр аралық стансада атын ауыстыра алатын. Патша армиясына ол мыңға жуық жылқы басын жеткізіп отыр. Сауда байланыстарында ол бай болды. Және әскери шенділермен, әскери комиссарлармен байланыстары болған. Сонымен бірге Ірбіт базарына, Есіл, Никольск жәрмеңкелеріне мал мен басқа да тауарларды жеткізіп отырған. Әкемнің айтуынша, ол ауылға арба арба шай, қант, кәмпит, прәндік, печенье әкеп отырған.
1927 жылы Қазақстанда бай қожалардың шаруашылықтарын тартып жою туралы Қазақстан компартиясының қаулысы қабылданған болатын, сол кезде менің атам Шериді қудалай бастайды. Олар түнде жиналып, Ресейге көшуге мәжбүр болады. Хрущевтің заманына дейін олар қашқындықта жүрді. Ресейде кулактардың мүлкін тәркілеу, Қазақстанда бай шаруашылықтарын жою жүріп жатты және менің ата-бабаларым ұжымдастырудың, тәркілеудің салдарына тап болды. Көбісі қуғын-сүргінге ұшырады...
(Жалғасы бар...)