«БОЛАШАҚ» - КЕЛЕШЕКТІҢ КЕЛЕЛІ ЖОЛЫ
05.11.2016 2784
Ертеңін ойлаған ел озады, бұл жолда «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы үлкен маңызға ие

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Болашақ» стипендиясы дарынды жастардың шетелде жоғары білім алуы және жинақтаған тәжірибелерін мемлекет игіліне қолдануы үшін 1993 жылдың 5 қараша күні тағайындалды. Қазақстан Республикасы экономикасының нарықтық қатынастарға көшу, халықаралық байланыстарды кеңейту жағдайында елімізде тиісті білімі бар кадрларға қатты мұқтаждық туындады, осыған байланысты неғұрлым дайындалған жастардың шет елдердің озық жоғары оқу орындарында білім алу бағыты өзекті мәселеге айналды.

«Шетелде кадрларды даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық стипендиясын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылдың 5 қарашадағы № 1394 Жарлығымен дарынды жастарды АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Францияның, Германияның және басқа елдердің озық оқу орындарында оқытуға арналған Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Стипендия мөлшері тиісті шетелдік оқу орындарында студенттерді оқу құны деңгейінде қарастырылды.

Президент Қазақстан Республикасының үкіметіне 1994 жылдан бастап жыл сайын осы мақсаттарға қажетті валюталық қаржылар бөлуді тапсырды. Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссия құрылды. Комиссия шетелдік білім беру орындарымен қазақстандық студенттерді оқыту жөніндегі келіссөздер жүргізді және дарынды жастарды іріктеу ұйымдастырылды. Бұл комиссияның шетелдегі қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне жүктелді.

1994 жылы бір топ қазақстандық студенттер алғаш рет шетелдік ЖОО-на жіберілді. 2001 жылы президенттік сптипендия иегерлерін біріктіру, оларды кейін жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу, тұрғын-үймен қамтамасыз ету, олардың мүдделерін қорғау үшін «Болашақ» Ассоциациясы құрылды. 2004 жылы 785 әлемнің 13 мемлекетінде оқу мүмкіндігіне ие болса, 2005 жылдан бастап болашақ стипендиясының иегерлері 3000-ға жетті, олар 32 елдің озық 630 университетінде білім алуға мүмкіндік алды. 2005 жылы мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауына стипендиаттардың жыл сайынғы саны 3000-ға жеткенін мәлімдеді. Бағдарламаның алғашқы жылдарында бірқатар қиындық туғызған мәселелер де болды. Ол кейбір бұзушылықтар салдарынан орын алды.

Бағдарлама жұмыс жасай бастаған алғашқы жылдары қазақстандық студенттердің бір бөлігі үлгірмеушілік себебінен және шетел тілін меңгермегендіктен оқудан шығарылды. Нәтижесінде мемлекет басшысының Жарлығымен ЖОО-ның үш ректоры, шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссиясының хатшысы қызметтерінен босатылды. Кейбір студенттер Отанына қайта оралудан бас тарту себебінен де бұзушылықтар орын алды. Бұл студенттер негізінен 1994-1997 жылдары білім алды. Кейін, студенттердің келісімшарттық міндеттемелерін орындамауын болдырмау мақсатында кепілдік ету жүйесі енгізілді.

«Болашақ» стипендиясы тағайындалғаннан бері республикада батыс білімі бар мамандардың саны артты. Осы бағдарлама аясында білім алған мамандар мемлекеттік қызметте, білім беру және денсаулық сақтау жүйесінде, ұлттық компанияларда қызмет етеді, осы салаларға батыс елдерінің менеджменті мен стандарттарын енгізуде. 2008 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен «Болашақ» бағдарламасы халықарылық стипендиаттарының форумы өтті.

Осы уақыттан бері стипендия алуға үміткерлерге жас шектелімі көбейтілді, мемлекеттік қызметкерлер, ғылыми ұйымдар қызметкерлері, ауыл тұрғындары, оралмандар үшін квоталар енгізілді. «Болашақ» бағдарламасының түлектерін елдің шынайы ахуалына жақындату мақсатында Елбасы оларды алдымен үш жылға аймақтарға жұмыс жасауға жіберуді ұсынды. «Болашақ» халықаралық стипендиясынан бөлек, қазақстандық студенттер экономика, халықаралық қатынастар, шетелдік филология, әскери іс, менеджмент, информатика, компьютерлік технологиялар мамандықтары бойынша әртүрлі айырбастау бағдарламалары бойынша білім алуда.

Арман СҮЛЕЙМЕНОВ

Аударған Гүлнұр Серікқызы

Құжаттың фотосуреті Akorda Press-тің Facebook-тегі парақшасында орналастырылған

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)