Қазақтың арманы болған тәуелсіздік қазақ мемлекеттілігінің үзілгенін жалғап, ұлттың рухын көтерді
Егемендік – ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қан төгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізіп, елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қостық. 25 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз.
1990 жылы дәл осы күні тәуелсіздігіміздің бастауы болған егемендік декларациясы қабылданды.
Иә, еліміз Тәуелсіздік алғалы бергі 25 жылда қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өмірімізде қол жеткен табыстарымыз көңіл қуантарлықтай. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бас-тамасымен жүзеге асырылып жатқан халқымыздың әл-ауқатын көтеруге, тұрмыс-жағдайын жақсартуға бағытталған сан-салалы іс-шаралар, іргелі жобалар мен маңызды бағдарламалардың сәтті орындалуы еліміздің абырой-беделін арттырып келеді.
Осы тұрғыда ел егемендігінің арқасында жүзеге асқан асулы істерге тоқталсақ:
Семей ядролық полигонының жабылуы
Тарихтың қасіретті беттерінде Қазақстан Республикасы Президентінің қайталанбас құбылысы – КСРО ыдырап жатқан тұста барлық жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, 1991 жылы 29 тамызда «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығына қол қойып, егемен елдің ертеңі үшін үлкен тәуекелге барғаны дер едік.Осы тағдыршешті, терең пайымдалған Жарлық арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ядролық державалар басшыларына тағылым көрсетіп, қарусыз әлемнің көшбасшысына айналды.
«Қазақстан 2030» даму стратегиясы
Еліміз аталған стратегия міндеттерін орындай отырып, ол елдің дамуының он жылдық кезеңіне арналған экономикалық маңыздылығын ескеріп, табысты іске асырылуын қамтамасыз етті. Дүние жүзінің ең дамыған елу елінің қатарына қосылуды көздеді, бүгінгі таңда ол еңбек өз жемісін беріп отыр. «2030 – стратегиясын жүзеге асырудағы Қазақстанның жетістіктері біздің мемлекет үшін сенім ұялатады: Қазақстан халықаралық бастамалардың көшбасшысы атанды, әлемнің қарқынды дамып келе жатқан елдерінің қатарына енді. Бұның барлығы 2050-стратегиясын жүзеге асыруға ықпал етеді»
Елордасы Астана
1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен Ақмола қаласы (қазіргі Астана) 1997 жылдың 10 желтоқсанынан Қазақстанның астанасы болып жарияланды.
Астана күні 6 шілде күні аталып өтіледі. Бұл күн мемлекеттік мереке болып саналады. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі
Қазіргі уақытта Қазақстанда 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері татулық пен түсіністікте өмір сүруде. Діннің қоғамдағы маңызы артқанын жіті сезіне отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республика елордасы – Астана қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізу бастамасын көтерді.
2003, 2006, 2009, 2012 және 2015 жылдары Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төрт съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және өзге де дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты. Съездің диалогтық алаңдарында діни қауымдастықтарды рухани жақындастыруға бағытталған мәнді әңгімелер айтылып, нәтижесінде азаматтарға, халықтар мен үкіметтерге жолданған декларациялар мен үндеулер қабылданды.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынның саммиті
Қазіргі жаңа Қазақстан тарихындағы маңызды белестің бірі елдің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) – Еуропада, Орталық Азияда және Солтүстік Америкада орналасқан 56 елдің басын біріктіретін ірі аймақтық ұйымға төрағалық етуі болды.
Қазақстан – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан бұл ұйымға ең алғаш төрағалық еткен мемлекет. Мүше мемлекеттердің тең құқықтылығы қағидатын және «Ванкуверден Владивостостокке дейінгі ортақ кеңістік» доктринасының пәрменділігін ЕҚЫҰ-ның сақтағанын көрсеткен бұл тарихи шешім республикамыздың халықаралық саясаттағы барған сайын артып келе жатқан рөлінің мойындалуының айғағына айналды.
VII Қысқы Азиада ойындары
2011 жылы қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалалары Азия құрлығы өміріндегі спорт саласының қайнаған орталығына айналды. Қазақстанда тұңғыш рет VII Қысқы Азиада ойындары болып өтті.
Азиада ойындарының өткізілуі ең алдымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында мүмкін болды. Әлемдік қаржы дағдарысының салдарларына қарамастан, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Азиада ойындары үшін арнайы республиканың негізгі екі қаласында бірегей спорт кешендері салынды. Бой көтерген ол имараттар бүгінде елдің спорт инфрақұрылымының маңызды элементтері бола отырып, азаматтарды саламатты өмір салтына кеңінен тарту ісіне қызмет етуде.
Қазақстан осы ойындарда қысқы Азиадада алтын медаль саны бойынша рекорд жаңартып, 32 алтын медаль иеленді және жалпыкомандалық есепте айқын басымдылықпен бірінші орынды жеңіп алды. Біздің құрамамыздың қоржынында 70 награда болса, оның 21-і күміс және 17-сі қола медальдар.
«Қазақстан 2050» Мәңгілік Ел идеясы
2012 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын Қазақстан халқына арнады.
Өзінің Жолдауында Елбасы өткен 15 жыл бойынша республика дамуының негізгі нәтижелерін талдады, қазіргі заманның басты үрдістері мен түйіндерін белгілеп, «Қазақстан – 2030» Стратегиясындағы көптеген тапсырмалар сәтті орындалды, енді елдің алдында жаңа тапсырма орын алып тұр – ол «Қазақстан – 2050» Стратегиясының іске асу негізіндегі дүниежүзінің дамыған 30 мемлекет қатарына кіру».
Ел басшысы өз сөзін «Біз бәріміз бір атаның - Қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу - қасиетті Қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз» деп қорытындылады.
«ЭКСПО-2017» көрмесі
Астанадағы ЕХРО-2017 «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен Орталық Азия аймағы мен ТМД елдерінде өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме болмақ. Астанадағы ЕХРО көрмесі 3 айға - 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін созылады. Оған әлемнің 100-ге тарта елі және 10-ға жуық халықаралық ұйымдар қатысады деп күтілуде. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді.
«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу Қазақстан үшін халықаралық деңгейде алға жылжуында үлкен қадам болмақ. EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзіңнің даму деңгейіңді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет.
Дәулет ІЗТІЛЕУОВ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)