Мемлекеттік тіл және ұлттық сана
10.05.2017 4169
Мемлекеттік тіл – ұлттық сананың ең басты кілті. Тілді сөйлеу арқылы санамыздың бір түкпірінде жатқан өткен тарихқа деген көзқарасымызды түзейміз, келешекке деген сеніміміз ұлғаяды

Ұлттық сананы қалыптастыру жолында тілдің атқарар ролі өте маңызды. Жер бетіндегі адамға баласына қатысты дүниенің негізі кілті тіл болса, сол тіл арқылы адам мен адам, қоғам мен қоғам, қауымдастықтар мен өркениеттер танысып ұғысады.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдың ішінде зор табыстарға жетті, оның ішінде біз өзіміздің ана тіліміздің конституциялық құқықтарын айқындап жаздық. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп танылды, шетел тілдері оның қасында екінші немесе үшінші қосымша тіл ретінде қызмет атқаратын болды. Ұлттық сана мен мемлекеттік тілді бірінен-бірін ажыратып жатудың қажеті шамалы, бұл ұғымдар қажетті жағдайла бірдей де қолданыла береді. Себебі, бұл турасында Президент Н. Назарбаев: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп жазды «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жаңа бағдарламалық мақаласында.

Ұлттық жаңғыру дегеніміз не? Жаңа ғасырдағы қазақтың келбет, бітім-болмысы қандай болу керек? Біз санамыздың қалай таза, ашық қалпында ұстай аламыз? Болашаққа бару үшін бізге не керек? Мемлекеттік тілдің келешектегі ролі қандай болады? Елбасы өз мақаласында осы және өзге де өзекті ойларға жауап іздейді.

«Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді, – деп жазады Президент. – Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр». Әлемдік өркениет көшінде әрбір ұлт өзінің барлық құндылықтарын, әсіресе тіл деген ұлы байлығын шама келгенше қорғап, сақтап жолында. Ұлттық сананың қалыптасу жолында, өткен тарих көшіндегі өнеге-ғибраттарды сақтау арқылы біз қазіргі аласапыран заманда ұлттық тілімізді қорғай аламыз. Өйткені жұлымыр уақыт, аласұрған кеңістік пен жаһанданған құбылыстардың қауіп-қатері барған сайын күшейіп отырғанына көз жетеді.

Мемлекеттік тіл – ұлттық сананың ең басты кілті. Тілді сөйлеу арқылы санамыздың бір түкпірінде жатқан өткен тарихқа деген көзқарасымызды түзейміз, келешекке деген сеніміміз ұлғаяды. Әлемдік өркениеттер тарихында өзгеше салтанат құрған кешегі көшпелілер дәуірінің ендігі кезеңдегі даму қарқыны да сол байырғыдан келе жатқан көне білдерін сақтауымен тікелей байланысты. Ұлттық тілді сақтау үшін сананың ашықтығы айқын болуын да Елбасы мақаласында дұрыс тұжырымдайды: «Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді. Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек. Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі».

Демек, ұлттық жаңғыруымыздың келешектегі көрінісі осындай мысалдардан аңғарылып тұр: ешкімнің қолы жете бермейтін шыңыраудағы су болғанша әркімнің несібесіне ырзық болар жайдақ су болуды мақсат тұту деген Абай мұраты бізге осылай жетеді. Мемлекеттік тіл қарпі тұйықталған кирил таңбасынан латын әліпбиіне өту талабын қоғамның қызу талқылауы да белгілі бір аймақтан ұлан кеңістікке ұмтылу ишарасы. Нендей өзгерістер алда тұр, біз соларға қарсы жүруді, онсыз да келіп-кетер қиындықпен алғашқы бетте кездесуді таңдадық. Президент айтады: «Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді  сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма? Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты. Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқАзиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі. «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі». Жаһанданудан тыс қалу мүмкін болмаған заманда оған қарсы жүру – кездескен қиындық атаулыны тез еңсерудің мүмкіндігі.  Жаһандану құрдымына жұтылмаудың дара жолы – ұлттық дәстүрден ажырамау. Ал ұлттық дәстүрдің өзегі – ана тіліміз еді.

Бір аксиома бар: бұл дүниеден барлық нәрсе өтеді, бірі  сыбағасын алып, енді бірі ештеңе бұйырмаған күйінде. Өркениеттен өз еншісін алған ұлттардың тілі мен салт-санасы, барлық құндылықтары өркендеу кезеңінде тұр. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бабамыз «Қазақ тілі ғұмыр жүзінде өз бәйгесін алар» дегені рас болса, республика жұртшылығының 67 пайызын құраған қазақ халқының тілі болашаққа бет алары сөзсіз. Сырттағы 5 миллион ағайынды қоспаған күннің өзінде осындай жетістігімізді жоққа санамауымыз керек, ертеңдері олар Қазақстан азаматтығын алғанда автоматты түрде бірнеше есе көбейгенімізді ойласақ, жұбаныш етеміз. «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» деген президенттің шынайы тұжырымына көзіміз жететін кезең алда тұр.