КӨРІСУ – ТҮРІК-МОҢҒОЛ ХАЛҚЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ДӘСТҮРІ
14.03.2017 2971
Көрісу – түрік-моңғол халықтарының ежелгі дәстүрлі мерекесі ме, әлде қадым заманнан қазақ халқы тойлап келе жатқан мереке ме? Бұл ежелгі дәстүр неліктен тек батыс өңірлерде ғана сақталған

Осы төңіректегі сауалдарға жауап іздеп көріп едік. Олай болса...

Еліміздің батыс өңірлері Наурыз жыл басы мерекесін 14 наурыздан бастап тойлай бастайды. Бұл күні батыс аймақтарда (Маңғыстау, Орал, Атырау, Ақтөбе, Ресейдің батыс аймақтармен көрші өңірлері) Көрісу (Амал) мерекесін тойланады. Осы орайда ежелгі дәстүрімізді ұлықтап келе жатқан батыстың Көрісу салтын түрік-моңғол жұртында сақталған ежелгі дәстүрлердің бірі ме деген сан сауалдың астарына үңілдік. Бұл орайда, тарихшы, этнограф ғалымдардың пікіріне назар аудара отырып, Көрісу ежелгі дәстүрінің толық зерттелген тұжырымдамасы жоқ екенін байқадық. Ешкім де дөп басып, Амал мерекесін ұлттық дәстүріміздің бір бөліміне қоса да алмасы анық.

Бұл ежелгі дәстүрдің тарих сахнасына қай жылы еніп, қай өңірлерде тойланғаны туралы да мардымды ақпараттар жоқтың қасы. Тек Наурыз мерекесі тойлана бастаған жылдардан бастап, Көрісудің де батыс өңірінде етек алғаны анық. Осы орайда Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттеген орыстың ғалымы Андрей Аставьевтің пікірінен алыстай алмадық. Ғалымның пікірінше, «қазақтың Көрісу (Амал) мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарында жатыр» екен. Бұл туралы пікірімізді толықтай қорыту үшін тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтеміс атындағы БҚМУ оқытушысы Жанабек Жақсығалиевтің көрісу мерекесі туралы пікірін білген едік.

Оқи отырыңыз: Маңғыстаудағы Амал мерекесі немесе көрісу күні
 

«Маңғыстаулықтар Наурыз мерекесін жылына екі рет (14 мен 22-ші наурыз күндері) тойлайды. Андрей Аставьев бұл дәстүрді ғылыми тұрғыдан түсіндіріп берді. Ол Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттей отырып, Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарында жатыр деп анықтады. Адай руының аңыздары бойынша адамдар Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне шығыстан келген. Бәлкім, осы жерден де өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін алып келген. Моңғолдар күнтізбесіне сәйкес бір аптада тоғыз күн болған еді. Ал күнтізбенің өзі 22 желтоқсаннан басталады. Күнтізбедегі төрт маусым (көктем-жаз-күз-қыс) тоғыз күннен тұратын кезеңдерге бөлінген. Қысқы күн тоқырауы кезеңінен Жаңа жыл басталып, содан бері күн ұзақтығы созылады. Ал 23 желтоқсан − 14 наурыз аралығындағы уақыт — қысқы осындай тоғыз аптадан тұратын кезең. 14 наурыз күні көктем келіп, жапырақтар бүршік түрінде болып, көкек ән салып тұрған... Көктемнің тоғызыншы күні күн мен түннің теңесу күні тойланады», – дейді Ж. Жақсығалиев.

Ғалымның пікірін тарқатып жазар болсақ, бірнеше мысалдар мен деректерді де назарға ұсынуға толық негіз бар. Мәселен кіші жүз руларының ертедегі аңыздар бойынша батыс өлкелерге Алтай-Саян таулары бойынан қоныс аударып келген деген деректер көп. Әйтпесе бұл мерекенің қазақ жерінің өзге аймақтарында тойлануы туралы да деректердің өзі де жоқтың қасында. Олай болса, көрісу мерекесіне ұқсас түрік-моңғол жұртындағы бірнеше мерекелерге тоқталып өтсек. 

Көрісу Шаған мерекесінің сарқыншағы ма?

Шаған (Цагаан сар) – Моңғол халқының дәстүрлі жаңа жыл мерекесі. Бұл күнді моңғолдар жыл басы ретінде «Цагаан сар», қазақша «Ақ ай» дейді. Моңғолдар ерте заманнан бері қаһарлы қыстан аман шығып, көктемге қауышқанның белгісі ретінде көне күнтізбесі бойынша көктемнің алғашқы күнін жаңа жыл ретінде белгілеп келген. Шаған (Цагаан сар) мерекесін әр өлкедегі қазақтар әр түрлі айтып жүр. Мысалы қытайдағы қазақтар Шаған мерекесі десе, Моңғолиядағы қазақтар Саған сар деп атайды.

Моңғолдарда көктем мерекесінің алғашқы күні «Золгох» деп аталатын дәстүрлі мереке болады. Ол мереке моңғол халқының жаңа жылдың алғашқы күні болатын сәлемдесу, қауышу дәстүрі. Бұл күні барлығы өздерінің ұлттық киімдерін киіп, жасы үлкенге қол үшін беріп, сәлемдеседі. «Золгох» – бұл ең басты ай туған уақытта өтетін дәстүр. Жаңа жылдың бірінші күні үйге қонақ келіп, қауышып, амандасса сол үйде бақытты жыл болады деген түсінік болған. Белгілі шежіреші, тарихшы Асылбек Байтанұлы «Золгох» мерекесін батыс өңіріндегі «Көрісу» мерекесінің тұспа-тұс келуінде үлкен мән жатыр дегенді айтады.

«Золғох немесе жолығысу – моңғол халқының ежелгі дәстүрі. Моңғол халқы алпыстық ай күнтізбесі бойынша ақпан айының ортасы мен аяғы мөлшерінде жаңа жылын Цагаан сарды қарсы алады. Оны қазақ шаған дейді. Шаған күні таңертең ерте олар күнді қарсы алып, үлкендерге жолығып, сәлем береді. Моңғол халқында тоғыз тоғыз деген амал есебі бар. Ол күн ең қысқарған 23 желтоқсаннан басталып, 81 күнмен аяқталады. Бұл 14-наурыға тап келеді. Бұл – бір қызық құбылыс. Батыс қазақтарының амалымен тұспа-тұс келуінде бір мән жатқаны анық», – дейді А. Байтанұлы.  

Көріп отырғандарымыздай моңғолдың шаған күнінде тойланатын «Золгох» дәстүрі ай туған уақыттан болатын ежелгі дәстүр. Тек уақыт жиілігінен бір ай кешігіп, ақпан айында тойланып жүр. Бұл мереке моңғол халқы үшінде қыс өтіп, көктемнің келген белгісін, көрсетіп, жердің жасылға қауышатындығын білдіреді.

Оқи отырыңыз: Оралда көрісу мерекесі тойланды

«Золгох» күні үлкен-кіші бір-біріне ізеттілік пен мейірімділік танытып, жылы лебіздерін айтып, арнайы сыйлықтар ұсынады. «Золгох» дәстүрі де «Көрісу» мерекесі сияқты сегіз күн бойы тойланады. Белгілі этнограф, журналист-блогер Жанарбек Ақыби моңғол халқының «Золгох» көрісу мейрамы туралы да өз зерттеулерінде жаза отырып, бұл дәстүрлі мереке күні моңғолдар ұлттық киімін киіп, ұлттық ойындарын жаңғыртатынын айтады.

«Шағанның (Цагаан сар) алғашқы күні халық ерте тұрып, ең жақсы,  ең жаңа киімдерін киіп, бір-бірімен қауышады. Жолығысады. Әулеттегі ең үлкен ақсақалға барып амандасады. Жасы кішісі екі қолын ұсынғанда үлкені екі шынтағын оның қарының үстіне қояды. Бір-біріне ақтық  ұсынып және арнайы дайындаған сыйлық беріп жақсы көңіл күй сыйлап, мерекелік құттықтау айтады. Негізі алғашқы күн әулеттің немесе ауылдың ең үлкен қарияларына сәлем беріп, солардың шаңырағында «Ақ тағам»  тойларын тойлатады. Бұл күн – жыл бойы ренжіскен, ұрысқан адамдармен татуласатын күні. Бұл күн еш бір күйкі өмір күйбең тірлікті ұмытып, тек үш күн ұдайы жыл басын тойлататын күн. Шаған (Цагаан сар) мерекесінде моңғолдарадың  үстінен тек өз ұлтының ұлтық киімін ғана көресің. Шағанды (Цагаан сар) ресми түрде  үш күн дегені болмаса 8 күнге дейін жалғасады. Шаған (Цагаан сар) мерекесіне орайластырып «Ердің үш сайысы» атты Аламан бәйге жарысы, садақшылар  жарысы, палуан күрестіріліп тойлату мерекелік қызық думанға ұласып келеді», – дейді Ж. Ақыби.

Чолукшуур – Көрісуге ұқсас ежелгі дәстүр

Көрісу дәстүріне ұқсас мерекені бурят және тува халықтарынан да кездестіруге болады. Олар бұл дәстүрді «Чолукшуур» деп атаған. Сөздің мағынасы өзі айтып тұрғандай бұл мерекеде де халықтар бір-бірімен жүздесіп, жолығысып, сәлемдеседі.

«Тува халқының жаңа жыл, яғни «Шагааның» дәстүрлі мерекесі «Чолукшуур» деп аталған. Бұл күні ерекше сәлемдесу күні орын алады.  жасы үлкен адамдардың, әсіресе, егде жастағы және жасы кішілердің бір-біріне құрметі, өткен жылмен қоштасу рәсімдері өтеді. «Чолукшуур»  сөзінің тамыры чол, чол-кежик — «сыйлық, игілігі, бақыты» деген мағынаны береді. Тувалықтар «cholukshuur» дәстүрін жасы үлкендерге құрмет, ізет көрсету белгісі ретінде бағыттайды», – дейді орыс ғалымы, тарих ғылымдарының докторы Марина Мунгуш.

Сондай-ақ ресейлік ғалымның айтуынша «cholukshuur» сәлемдесу салтын тувалықтар бір-бірінің үйлеріне барып құрмет көрсету арқылы жасаған. Бұл күні дастарханға тек ақ тағамдар, сүт өнімдері, мал еті қойылған. Ақ тағамдар көшпелі мал шаруашылығын серік еткен түрік-монғол халықтарының символизм ретінде қадір тұтқан.

Жоғарыдағы түрік-моңғол халықтарының «Көрісу», «Чолукшуур», «Золгох» мерекелері ізеттілік пен құрметтілік сипатқа арналып тұрғаны анық. Бұл мерекелер қарсаңында халықтар ұлттық киімін киіп, бір-біріне жақсылық ізеттілік танытып, сәлемдесіп қауышады. Дастархан жайып, өздерінің ет жақындарын жинап, жаңа жыл мерекесін тойлайды.

Түрік-моңғол халқы ертеден көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Сондықтан дастарханға ақ тағамдар мен мал өнімдерін қойып қастерлеген. Жолығысудың бірінші амалы — көрісу. Оны жұрт бір-бірімен төс қағыстырып, құшақтасу жолымен жасаған. Жұрт соның үстінде бір-бірлеріне жақсы тілектер тілеген. Жастар үлкендерге сәлем бере барған. Ескі жылдың жамандықтарын кетіріп, жаңа жылмен бақытты қуанышқа кенелген. Бұл ежелгі дәстүр күні ұлттық ойындар ойналып, мерекелік ойын сауықтар болған. Адамдар ең жақсы киімдерін киіп, өкпе-реніштерін ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысқан.

Қорыта айтарымыз, Көрісу (амал) мерекесінің тарихын зерттеп, аталмыш дәстүрдің пайда болу кезеңін зерделеуіміздің керектігі. Бұл біздің бабаларымыздың сақ, ғұн дәуірінен келе жатқан күнтізбелік мерекесінің бірі болуы да неғайбыл. Дәстүрдің тарихи мәнін толықтай ашып, түркі әлемінде тойлауға негіз салуға жағдай жасау керек. Біздің мақсат – Көрісу (Амал) мерекесін жоққа шығарып, болмаса өзге жұрттың дәстүрлі мерекесімен байланыстырып, түбін іздеу емес, ұлттық болмысымызға негіздеп, қазақ этнографиясына негіздеу.

Амал мерекесі құтты болсын!

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Астана-Орал 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)