Қазақ Ордасының құнды мұралары
29.09.2016 2209
Хандар мен билердің, батырлардың көздері тірі кезінде өздері қолданған заттары кейінгі ұрпақтарына аманат ретінде қолдан-қолға өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырған

«Тарих» экспозициялық залының екінші бөлімі (екінші витрина) «Қазақ хандығы» кезеңіне арналған. Мұнда орналасқан әртүрлі тақырыптағы жәдігерлер арқылы тарихымыздағы маңызды кезең туралы біршама мәліметтер алуға мүмкіндік береді. Хандар мен билердің, батырлардың көздері тірі кезінде өздері қолданған заттары кейінгі ұрпақтарына аманат ретінде қолдан-қолға өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырған. 

Сондай құнды мұралардың бірі «Қазақ хандығына» арналған экспозициялық бөлімде орналасқан қазақтың айбынды хандарының бірі – Абылай ханның зерлі шапаны. Бұл мұраның музейге келіп түсу тарихына тоқталатын болсақ, 2006 жылы Президенттік Мәдениет Орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековке елімізге белгілі жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбек шапанның Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында тұрып жатқан Хамзе Сәтжанұлының қолында екендігін айтады. 

Хамзе Сәтжанұлы – Абылай ханның сегіз биінің бірі және хан кеңесінің мүшесі болған, кейін Уәли ханға да би болған Байдалы Бекешұлының тікелей ұрпағы. Абылай ханнан мұра болып қалған зерлі шапан ұлы Уәлиде қалып, Уәли қайтыс болғаннан кейін шапан Айғанымның қолына өткен. Уәлидің бәйбішесі Айғаным ханнан қалған мұраны Байдалы биге тарту еткен. Шапан қызыл түсті матадан жасалған. Шапанның жағасы, өңірі, жең ұштары толқын тәрізді оюмен кестеленген. Зерлі шапан кісінің әлеуметтік дәрежесін білдіреді. Шапанның сырты барқыт, пұлыш сияқты әдемі көрінетін маталардан тігілетін болған. 

Шапан – қазақтың ең көп тараған, аса қастерлі, кәделі сырт киімдерінің ертеден келе жатқан түрі. Тысы мен астарының арасына жүн немесе мата салынып, сырты шұға, барқыт, сияқты әдемі әрі мықты матадан қапталып, іші астарланады. Шапанның басты ерекшелігі жағасы, өңірі, жең ұштары әдемі ұлттық ою-өрнекпен кестеленеді. Матасының ерекшелігі, пішілуі, тігілуі, әшекейлері, жасына, әлеуметтік ерекшеліктеріне қарай шапанның зер шапан, оқалы төре шапан деген қымбат түрлері бар. 

Қазақтың ғұлама ғалымы Ш. Уәлиханов Абылай хан туралы былай дейді: «Қытайлықтармен неғұрлым жақындасқан сайын, Абылай соғұрлым Ресейден алшақтай береді де, 1771 жылы хан болып сайланғаннан кейін орыс шекарасына бодандыққа ант беруге барғысы келмей, осы дәрежеге бұрыннан-ақ халықтың сайлауымен, «аспан ұлының» хатымен-ақ жеткенін айтқан. Орыс үкіметі әйтеуір ордаға Абылайды ант беруге және оған хан атағын беретін заттарды (қылыш, малақай және шапан) кигізуге шенеунік жіберген, ондағысы – қырғыздардың, Ресейсіз-ақ, өз бетімен хан сайлай алатын қабілеттері бар екен деп ойлап қалмауы үшін жасалған» деп жазады. 

Тәуке ханның тоғызыншы ұрпағы Әміре Бекайдар Төлжанұлы сақтап келген тудың басы (ХVІІІ ғ.). Ол кісінің айтуынша тудың басы Тәуке хан замынан бері сақталып келген болуы керек. Ту басының төбесі күмбез пішіндес келген, төменгі жағында ағаш сапқа кигізілетін ұңғымасы бекітілген. Кигізілетін тұсы сыртқа қарай жиектелген. Тудың басы жезден жасалған.

Ту – елдіктің нышаны, жоғары биліктің символы саналған. Жалпы қазақ хандарының тулары қандай болғандығы жөнінде нақты деректер аз. Фольклорлық деректерде Абылай ханның ақ туы болғандығы айтылады. Тарихшы-ғалым Құрбанғали Халидттің «Тауарих хамса» (Бес тарих) атты еңбегінде Ақ орданың ханы Орыс ханнан тарайтын Қазақ хандары қызыл, ақ, жасыл түсті тулар ұстағаны туралы қызықты мәлімет келтіреді. 

Қазақ хандығына арналған экспозициялық бөлімде бас киім – мұрақ (ХVІІІ ғ. Қызыл-Орда облысы) орналасқан. Мұрақ – лауазымды адамдар киетін екі жағы қошқар мүйізденіп келетін, сән-салтанатқа киілетін қалпақ. Жай уақытта киюге қолайсыз. Мұрақ жайында мақал-мәтелдер көп. «Хандар киер мұрақты, қараша киер құрақты». Мұрақ қою қызыл түсті барқыттан тігілген, бетіне алтын, күміс жіптер арқылы «көгеріс» өрнегі кестеленген. Мұрақтың екі жақ ұшы қошқардың мүйізі тәрізді көтерілген. 

Экспозициялық бөлімде алтын жалатылған құрама дулыға (ХVІІІ ғ. Оңтүстік Қазақстан) орналасқан. «Құрама дулыға» деп металдан соғылып, төбесі бірнеше сайдан (пластиналардан) құралып жасалатын дулығаны атады [5]. Кейде құрама дулығаның төбесі және жиегі де бөлек жасалып құралып қосылады. Дулығадағы ою-өрнектер және безендірілуі оның иесінің әлеуметтік дәрежесі жоғары болғандығын көрсетеді. Жазылған құран аяттары жауынгерді шайқас барысында жаудан қорғаштап жүреді деп есептеген. Жауынгердің желке тұсын қорғау үшін темірден дайындалған кіреуке ілінген. 

Дулығаның маңдай тұсында жазылған құран аяттарының кейбір жерлері өшіп қалғандықтан үзінділерін ғана оқуға мүмкіндік туды. Мұнда Қасиетті Құранның Бақара сүресінің 255 аяты бастап жазылған. Оның мағынасы 1. «Алла тағала, Одан басқа еш тәңір жоқ». Ол барлық тіршілік пен мақлұқаттың жаратушысы және құлшылық етуге лайықты Жалғыз Алла». 2 «Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы». Алла тағаланың сипаттарының бірі – Хай (Тірі). Алла тағала – Қаюм (Толық меңгеруші).

Мұнда жауынгердің қорғаныс киімдерінің бірі – бек сауыт (ХVІІ ғ.) орналасқан. Бек сауыт жеңі, жағасы жоқ, бір жақ бүйірінде және иығында баумен байланатын күрте түрінде жасалады. Бұл сауыттың ерекшелігі бір-бірін бастыра терілген жіңішке, ұсақ пластиналардың қолданылуында. Бірақ қазақтарда бұрын бек сауыттың пластиналары үлкендеу типі де қолданылған. 

Кездік – қыны кісе белбеуге тағылатын, аңшылықта қолданылатын басы бір жүзді кішкене пышақ. Осы секілді кесетін қару – пышақтың атын да аңшылық кезінде тура атамай, кездік, кестік деп (кескір құрал) деген мағынада атаған. 

Қамшыны көшпелі қазақтар қару ретінде, шаруашылықта кеңінен қолданған. Экспозициялық залдағы қамшының ағаш сабы күміспен қапталған және өрімі теріден жасалған. Ш. Уәлиханов қамшыны қазақтардың қару-жарақтарына жатқызады. Қазақтар жай уақыттарда қамшыны мал баққанда және үй ұрыстарында қолданды. Қамшының өрімін жасағанда қозының терісі қолданған, ал оның сабын ырғайдан, қызыл тобылғыдан жасайды деп жазады. Этнограф-ғалым Х. Арғынбаев «Қазақтың ер-тұрман жабдықтары» еңбегінде салт ат тұрмандарының құрамына қамшы да кіреді. Мұны кейде «ат жүргіш» деп те атайды. Өйткені қамшы негізінен көлікті жүргізу үшін қолданылады. Керек болған жағдайда қамшы қару есебінде де пайдаланылатын. Қару есебінде жасалатын қамшының сабы салмақты, өрімі жуан және ұзын болумен қатар, кейде өрімге темірден өзек салып та дайындайтын. 

Экспозициялық бөлімдегі құнды жәдігерлердің бірі – ХІV-ХV ғасырларға жататын сырланған жылтыр тақтатастар (плитка). 2010 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археологтары мен Астана қаласының архитекторлары Астана қаласынан оңтүстікке қарай 100 шақырым жердегі ХІV ғасырдың соңы мен ХV ғасырдың басына жататын кесенеге зерттеулер жүргізген. Кесененің қираған орны Қорғалжын көлдер жүйесіне кіретін Жәнібек-Шалқар көлінің оңтүстік жағалауындағы алқаптан табылған. Зерттеушілердің айтуынша кесененің сырланған жылтыр тақтастары (плитка) айрықша қызығушылық тудырады. Мұндай тақтатастар ХІV ғасырдың соңы мен ХV ғасырдағы сәулет өнеріндегі безендірудің ерекше бір дәстүрі болды деп санайды. Орта Азиялық жерлеу құрылысындағы жаңа стильдің гүлденуі Әмір Темір дәуіріне сәйкес келеді. Тіпті бізге дейін сақталған Ұлытаудағы Жошы хан мен Алаша хан кесенелері тек күйдірілген кірпіштерден ғана салынған. Жәнібек-Шалқар кесенесінің көгілдір түсті тақтастарындағы ою-өрнектер Алтын Орданың астанасы Сарайшық қалашығы мен Әмір Темірдің астанасы болған Самарқанд қаласындағы жерлеу ескерткіштеріндегі нақыштармен үндеседі. 

Археолог-ғалым М. Хабдулинаның пікірінше, кесене Қазақ хандығының негізін салғандардың бірі – Жәнібек сұлтанның құрметіне арналып салынған. Ғалымның айтуынша елімізде ежелгі топонимикалық атауларымен сақталған тарихи тұлғалардың атымен байланысты жер-су атаулары көптеп кездеседі. Кесене «Жәнібек-Шалқар» деп аталатын көлдің жағасында орналасқан. Оған қоса, Қорғалжын көлдер жүйесінде Керей деп аталатын көл мен оған келіп құятын Керей деп аталатын өзен бар. Бұл гидронимдер тарихымызда маңызды рөл атқарған екі тарихи тұлғаның атымен байланысты болуы мүмкін деп түйіндейді. 

Қазақ хандарының көрші елдермен қарым-қатынастары жөнінде парсы тілінде жазылған қолжазба деректердің көшірмелері экспозициялық залда көрсетілген. Бұл құнды деректің бірін Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану Институтының ғалымдары Иран астанасы Тегеран қаласында орналасқан «Меджилис» кітапханасынан тапқан. 

Аталған институттың ғалымы, ф.ғ.к. Ғалия Қамбарбекованың айтуынша Сефевидтер әулетінің тарихнамасына «Ахсан ат-тауарих», «Тарих-и алам араий Аббаси», «Тарихи алайм араий Сафави», «Тарих-и Шах Исмаил Сафави», және «Михман-нама-йи Бухара», «Аббас-нама», «Тарих-и алам алар-йи шах Исмаил», «Тарих-и Сафавийа» және т.б. кіреді. Осы еңбектердің әрқайсысында ирандық тарихшылар арнайы Иран және Дешті Қыпшақ қарым-қатынасына тоқтамаса да арасында Дешті Қыпшақ хандарына қатысты мәліметтерді қамтып отырған. Парсы деректерінде там-тұмдап кездесетін дереккөздерден Дешті Қыпшақ пен Иран арасындағы саяси-дипломатиялық қарым-қатынастар туралы мәлімет аламыз. 

«Тарих-и Сафавийа» шығармасындағы Қазақ хандығына қатысты деректер кездеседі және ол деректер тікелей Қасым ханның атымен тығыз байланысты. Қолжазбаның бірнеше жерінде Қасым ханның есімі аталады. Қазақтың даңқты ханы Қасым ханның атын автор «Дешті Қыпшақтың ханы» кейде «Дешті Қыпшақ патшасы» деп атап көрсеткен. 

Экспозициялық залда көрсетілген Қазақ хандығына қатысты тағы бір құнды деректің бірі Қоқан билеушісі Абдурахим ханның Тәуке ханға жазған хатының көшірмесі. XVI ғасырға жататын «Инша-ий Тахир Вахид» деп аталатын қолжазбаның ішінде сақталған хат Үндістанның Хайдарабад қаласындағы Салар-и джанг музей және кітапхана қорынан табылған. Зерттеуші-ғалым Ғ. Қамбарбекованың айтуынша Үндістан жерінен қазақ хандарына жазылған хаттың табылуы ерекше жағдай деп атап көрсетеді. Хаттың қайта көшірілген уақыты 1779 жыл деп көрсетілген. Абдурахим хан тарихта белгілі тұлға. Оның қазақ ханы Тәуке ханмен жүргізген дипломатиялық келісімдері мен хат алмасулары туралы дерек Хайдарабад қаласынан бірінші рет табылып отыр. Хаттар шамамен Тәуке ханның өмірінің соңына қарай жазылған, яғни 1717-1718 жылдар. Бірінші хатта Абдурахим хан Тәуке ханға мадақ айта отырып, оның елшісі Мұхаммед Садықтың хат әкелгенін, елшіге тиісті құрмет көрсетілгенін жазады. 

«Қалмақтарға қатысты мәселеде сіз сұраған нәрсе жіберіледі» деп барып, бірнеше семсер, қылыш сыйға тартқанын ескертеді. Одан шығар нәтиже біріншіден, Тәуке хан хат жазған, ал бұл хат – соның жауабы. Қазақ ханы хатта не жазғанын білмейміз, бірақ жауапқа қарап, шамамен әскери көмек сұрағанын аңғарамыз. Екінші хатта Абдурахим хан «дұшпаныңыздың басы кесілсін деп бірнеше семсер, қылыш жіберіп отырмыз» дейді. Үшінші хатта «кейде өз шамасын білмейтін өзбектерге қатысты мәселе сәтімен шешілді» деп жазады. Көріп тұрғанымыздай, жоңғарлар Шуға дейін жеткен қиын-қыстау кезеңде өмір сүрген Тәуке ханның хан тағына отырмаған, әлі сұлтан кезінен бастап, өмірінің соңғы күндеріне дейін мұсылман билеушілерімен тығыз қарым-қатынаста болғанын, дипломатиялық келіссөздер жүргізіп отырғанын байқаймыз. 

Экспозициялық залдағы құнды деректердің бірі – Абылай ханның Цин билеушісі Цяньлунге жазғат хаты. 23 жолдан тұратын мәтін ойрат тілінде. 1774 жылғы бұл құжат №2573-59. Қытайдың тұңғыш тарихи мұрағатынан табылған бұл хатта Абылай хан Цин билеушісінен Тарбағатай арқылы жіберілген елшісінен дәрі-дәрмек беріп жіберуін сұраған.