Жат жиендер тарихы
10.06.2015 2747
Қазақ қызынан туып, жат жерде өсіп-өніп, сол елдің атын шығарған атақты жиендер аз емес

«Жиен ел болмас» деген халықтың «Жиен неге ел болмайды малды болса» деген қарымта сөзі тағы бар. Түрі өзімізге ұқсағанымен, тірлігі өзгенікі болған жиендер басқа халықтардан да табылады. Осы шағын материалымызды өзімізге белгілі бірнеше жиеннің тарихына қысқаша тоқталмақпыз. 

Генерал Корнилов 

 

Заманында өзгеден озық туған жанның асылы – Лавр Корнилов. Тек әскери қолбасшы деп қана білетін кей замандастарымыз оның жан-жақты дарын иесі екенін естен шығарады. Алты тіл білген полиглот, ел мен елді жалғаған дипломат, жанкешті жиһанкез, лингвист ғалымды қазіргі таңда жаңаша зерттеу ісі жүріп жатыр. 

Лавр 1870 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Анасы – Мәриям (Мария) Ивановна, шоқындырылған, Ертіс бойында өскен қазақ қызы. Оның қазаққа ұқсап туғаны кейінгі өміріндегі барлау жұмыстарына көп көмектескені туралы деректер мол. Бала кезінде қазақ, түрік, араб тілдеріне жетік болған деседі. Сегіз жасынан бастап барлау жұмыстарына қатысқан ол патша империясының бірінші қылышына дейін көтеріледі. 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен асқан ерлігі үшін (3 мыңнан аса жауды тұтқындайды) генерал-лейтенант атағын алады. 

1917 жылғы Петроградтағы саяси және әскери жағдайлардың ушығуға байланысты Керенский бастаған Уақытша үкіметтің ұсынуымен генерал Корнилов Жоғарғы бас қолбасшылыққа тағайындалады. Тек басшылардың ләппайына көнбейтін асау тұлға өзінің ар-ожданы мен халық алдында ғана есеп беруге жауапты екенін білдіріп, сондай талап қояды. Әскери тәртіпті күшейтеді, майданда өлім жазасын енгізуді сұрайды. Осындай жағдайларға байланысты Петроград губернаторының Керенскийге жазған хаты сақталған. 

Генерал Корниловтың Уақытша үкіметке жазған баяндамасының үзінділері «Известия» газетінің 4 маусымдағы нөміріне жарияланған. Генералдың «немістердің адамдары мен Ленин бастаған шпиондарын асып тастау керек, ал жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесін ешқашан жиналмайтындай етіп таратып жіберу керек» деген сөздері де тарихта қалған. 

Алайда дәуірінде атағы жер жарған қолбасшының өмірінің соңы қиян-кескі ұрысқа ұласқан. Ақ гвардияшылардың көшбасшысы Уақытша үкіметтің басшыларының жалтақтығынан большевиктер қолынан жеңіліс тапты. Журналист Қ. Төрежанның «генерал Корнилов қалай қаза тапты?» деген мақаласында «оның денесін қолға түсірген дұшпандары аяусыз кескілеп, өртеп жіберген» деген деректер бар. 

Батыр туралы замандастары тамаша естеліктер қалдырған: бірі «Лавр Корнилов сол кездегі офицерлердің басым бөлігі сияқты социалист те, монархист та болған жоқ, ол саясаттан аулақ болуға тырысқан» деп жазса, оның ізін басқан генерал Деникин: «Корнилов көзқарасы, сенімі жағынан либералдық демократияның қалың тобына жақын болды», – дейді. 

Адвокат Плевако 

 

Ресейдің атақты адвокаты Федор Плевако 1842 жылы Орынбор губерниясының Троицк қаласында дүниеге келіпті. Әкесінің ұлты поляк. Орыс тарихшысы В. Смолярчуктың «Адвокат Плевако» деген кітабында анасының қазақ қызы екендігі, қартайған шағында өз аузынан жазып алынған естеліктер келтірілген екен. Алма есімді қыпшақ қызы: «Біз Троицкіден онша алыс емес, далалықта киіз үйде тұрдық. Киіз үй барлық сән-салтанатқа бөленген, іші толған кілем болатын. Мен, басқа да үлкендер сияқты асты-үстіміз бірдей жылы жүн көрпенің астында жататынбыз. Қабырғада қылыш, қару және қымбат киімдер ілулі тұратын. Әлі есімде, менің үстіме киген киімдерім үлде мен бүлдеге бөленген әдемі болатын және ол түрлі тиындармен әспеттелінген еді», – дейді. Ал заңгер А. Конидың «Отцы и дети судебной реформы» деген кітабында Плеваконың шешендігі ғана емес, оның азиялықтарға тән келбеті де нанымды баяндалыпты. 

Плеваконың құқық, қорғау туралы көзқарастары бала кезінен бастап оянған. Ата-анасының некеге тұрмағандығынан оқу кезінде көп мазақ көрген ол қатарластарының келемежі мен қитұрқылықтарына төзе жүріп оқуын тауысады. Гимназияны алтын медальмен тәмамдайды. Кейін ІІІ Думаға депутат болып сайланып, өзінің міндетін атқарады. 

Оның жұмыс барысындағы, қандай да бір істі қарар кездегі әдеті, – дейді білетіндер, – құдайға сенетіндігі, мінәжат ететіндігі. 

Плевако айтты деген сөз бен қараған істердің аңызға айналғаны туралы әңгімелер өте көп. Орыс кемпірдің шелек ұрлағанын, қыздың бөлмеден секіріп кеткенін ақтағаны жайлы көп мысалдарды келтіруге болады. Зерттеуші А. Шаяхметтің жазуынша, «...Адвокаттың Смайыл Жаманшаловты қорғап Троицкіде сөз сөйлеуі де ел аузында, аңызға айналған. «Сот байлардан секенбейді» деген желеумен Смайыл болыстың қамбадағы бидайды елге таратып беруін айыптап, оны соттамақ болғанда Плевако болыстың халыққа жасаған қамқорлығын да ұмытпау керек екенін алға тартып, ел үшін жасаған игілік үшін айып тартқызуға болмайтынын дәлелдеп шығады». 

Ресейдің «Право» журналы 1908 жылы Федор Плевако туралы: «Орыс поэзиясында Пушкин қандай болса, Плевако заң саласында сондай еді. Пушкиннен кейін орыс ақыны атану қандай қиын болса, Плевакодан кейін орыс шешені атану да сондай қиын», – деп жазыпты. Нағашыға тартып туған жиеннің көрші елдің маңдайалды адвокаты болғаны дәлелдеуді қажет етпейді.

 

Жалғасы бар...