Астана - Қазақстанның елордасы
16.08.2015 10429

Астана - Қазақстан Республикасының елордасы, мемлекеттік бірліктің символы


Қазақстанның заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі.

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.

Қазіргі уақытта Астананың аумағы 700 шаршы шақырымнан асады, тұрғындар саны 2012 жылғы 1 маусымда 750 мыңнан астам адам болды. Қала үш ауданнан – «Алматы», «Сарыарқа» және «Есіл» ауданынан тұрады.

Астана Қазақстанның орталығынан солтүстікке қарай құрғақ далалық өлкеде, құрғақ бозды-бетегелі дала аймағында орналасқан. Қала аумағы аласа терраса – жайылма жер бедері түрінде келеді.  Есіл өзені елорданың басты су көзі саналады. Ауа райы күрт континентальды – қысы суық әрі ұзақ, жаз мезгілі ыстық және бірқалыпты қуаң.

Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Астананы экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды.  

Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының даму қарқынының жоғарылығы инвесторларды көп тартуға әсер етті. Астаналық мәртебеге ие болған сәттен бері салынған инвестиция мөлшері іс жүзінде – 30 есе, ал өңірлік жалпы өнім 90 есе өсті. Қаланың өңірлік жалпы өнімінің үлесі республика көлемінде 8,5 пайызға тең.  


Кітапты жүктеу: Астана:
Вехи созидания столицы

Қала экономикасының негізі – сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары. Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Астананы ауыстырған уақыттан бері өнеркәсіп өндірісінің мөлшері 11 есе артты.

Қала Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді – Астанада 50 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді, олар қаланың 170 мыңдай тұрғынын қамтып отыр. Астаналық тұрғындардың орташа номинальды айлық жалақысы 140 мың теңге шамасында. 

Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұр. Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды.  Астана құрылысына жүздеген құрылыс компаниялары қатысты.  Жергілікті фирмалармен қатар жаңа елорданы түрік, итальян, француз, швейцария компаниялары тұрғызды. Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада ерекше еуропалық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды.

Астана – заманауи сәулеткерліктің, қазіргі архитектураның мүмкіндіктері толық көрініс тапқан қала. Кең байтақ қазақ даласының нақ ортасында ғаламат ғимараттары бар қайталанбас әсем шаһар бой көтерді. Қала құрылысында ең озық технологиялар мен XXI ғасырдың қала салу өнерінің инновациялық әдістері қолданылуда. Қазақстанның қазіргі елордасына Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлерін жарасымды тоғыстырған сәулеткерлік стиль тән. Әлемнің әйгілі сәулеткерлері мұнда өздерінің үздік жобаларын іске асырды.

«Бәйтерек» кешені жаңа елорданың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат – «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум –  «Думан» орталығын, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Триумф Астана» және «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешендерін, «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының кеңселік ғимараттарын атауға болады.

Спорттық нысандар арасында 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионын, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегін атап өту қажет. Тағы бір маңызды спорттық кешен – ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны.


Кітапты жүктеу: Достопримечательности
Астаны

Астана бүгінде айрықша сәулетімен ғана ерекшеленіп қоймай, сондай-ақ бау-бақшалы қалаға айналып келеді. Елорданың «жасыл белдеуі» кеңеюде, қала орасан далалық өңір орталығының жасыл алқабына – экологиялық таза мегаполис үлгісіне айналды. Астананың миссиясы – еуразиялық кеңістіктегі мәдени және зияткерлік орталыққа айналу және Қазақстанның орнықты дамуының басты қозғаушы күшінің рөлін атқару.

Астана – республиканың ірі саяси-әкімшілік, іскерлік және мәдени орталығы. Елдің барлық орталық билік органдары, дипломатиялық өкілдіктер, отандық және шетел кәсіпорындарының басты кеңселері,  жетекші университеттер, ең үлкен заманауи медициналық клиникалар мен маңызды мәдениет мекемелері осында орналасқан.

Елорданы әлемнің жиырмадан астам қаласымен достық және бауырластық қатынастар байланыстырады. Астана 1999 жылы шілдеде ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» деген сыйлығына ие болды. 2000 жылдан бері Қазақстанның бас қаласы Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болып саналады.

Бүгінде Астана халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Соңғы жылдар ішінде Қазақстанның елордасы бірнеше рет барша әлемдік қоғамдастықтың басты назарында болды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. 2010 жылы желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Қазіргі уақытта Астана «Expo-2017» халықаралық көрмесін өткізуге арналған конкурсқа қатысуда және оны өткізуге басты үміткерлердің бірі.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болды және жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған өзінің бағдарламалық сөзінде жаңа елордалық қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берді:

«Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».