Жарияланымдар

Семей қасіреті – қазақ қасіреті

14 Наурыз 2016
377
0
Семей қасіреті – қазақ қасіреті
«Семей қасіреті» кітабының тарихнамалық және деректемелік арқауы мейлінше шымыр. Дәуірнамалық мәні айрықша. Қазақ қасіретін, жер-судың зар-наласын толыққанды сипаттап жеткізген

Жазушы Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» дейтін деректі тарихи хикаяты – Қазақ елінің, Жер-суының, Тағдырының қасіретін толғаған кемел туынды. Бұл энциклопедиялық сипаттағы кесек шығармада қисапсыз мол материалдар, айғақ-деректер жинақталып, жүйеленіп нақтылы баяндалған, тарихи-философиялық жинақтаулар мен тұжырымдар жасалған. Мысалы, «Семей қасіреті» кітабының «Жапон халқына қымбат «сыйлық», «АҚШ қырғиларымен тайталаста», «Қазақ сахарасы – сынақ алаңы», «Қыр елінің тарихы шерткен сыр», «Мамыражай жаз еді», «Қорғаушысы жоқ ел жетім», «Мүсәпір елдің тағдырын кім ойлайды», «Мұхамедғали Сужиков не үшін қудаланды?», «Қисапсыз көп жарылыс кім үшін?», «Радиация күлінің астындағы тірлік», «Жазаның ауыры – кешіккен шындық», «Еңіреген ер қайда атқа мінген?», «Заман озып, заң тозған жылдарда», «Жаралы жерде жаңғырған ел», «Семей полигонын кім жапты?», «Адасулар, өтірік және ақиқат» дейтін дастанға лайық ауқымды тарауларында замана кейпі, дәуір шындығы, тұтас адамзат қауымына зұлымдық жасаған ел билеушілерінің жыртқыштық, зымияндық, әпербақандық әрекеттері, халық қабырғасын қайыстыруы соншалықты дәйекті, сүйекті дәлелдерімен әңгімеленеді. 

Медеу Сәрсекенің инженерлік білігі, ғылыми-жүйелі ойлауы, эрудициясы, ар білімі, интеллектуалдық болмысы, ғылыми-шығармашылық әлеуеті жаратылыстану ғылымының жеткен биігін, әсіресе, атом бомбасының құрылымының қандай екенін түсіндіреді. Ол былайша екен: тротил қоспасы мен гексогеннің өзара мөлшерін 1:1 етіп, бұған тітіркендіру жылдамдығын секундына 7650 метрге жеткізгенде атом ядросы тізбекті реакцияға түседі. Сонда отыз екі нүктеден бір мезетте атқылаған заряд тізбекті реакция тудырып, атомдық жарылыс жасайды екен. Бір килограмм радий 1590 жыл бойы ыдырау реакциясына түсіп, 0,5 кг қорғасынға айналады. 1 кг уран 22900 киловатт қуат бөледі. Бұларды бейбіт мақсатқа жұмсамаса, жанды-жансыз дүниені тозаңға айналдырады. Бұл орайда Медеу Сәрсеке «Семей қасіреті» еңбегінде әлемдік ғылым тарихындағы ұлы оқымыстылар Нильс Бор, Д.Н. Менделеев, Э. Резерфорд, А.Ф. Иоффе, П.Л. Капица, И.Е. Тамм, А. Эйнштэйн, Л.Д. Ландау, А.Д. Александров, Ю.Б. Харитон еңбектеріне ой жарығын түсіріп, атомдық және ядролық жарылыстарды, физикалық құбылыстарды қалай жасалу мәнісіне тоқталады. Ең бірінші бомбада 7 кг плутоний болған, РДС («Реактивный двигатель Сталина») деп аталған Атом бомбасының Бас конструкторы – Ю.Б. Харитон. 1953 жылдың 12 тамызында сыналған сутегі бомбасының жасаушысы – академик А.Д. Сахаров. 

c19dcd61d7031f31376614c3f4787983.JPG

Семей полигонында 1949-1989 жылдарда 470 мәрте атомдық және термоядролық жарылыстар жасалды. А.Д. Сахаровтың жазуынша, әрбір термоядролық жарылыс он мың жанды құрбан етеді екен. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Дегелең тауының астында 296 сынақ жасалған. 1961-1962 жылдардың ішінде 68 жарылыс (53-і ауада) болған. Сонда Абай елінде болған 470 дүркін жарылыстан – 2500 мегатонна энергия бөлінген. Ал Жапонияның жеріндегі жарылыстан 30 мегатонна, Чернобыльдан 100 мегатонна бөлінген. Осының өзінен Семей халқы мен даласының мыңдаған жылдарға созылатын адамзаттың, жаһанның қасіретін немен өлшеуге болады? АҚШ 1945 жылы 6 тамыз күні Хиросимаға бомба тастағанда 47 секундта 130 000 жанды ажал құштырған және 200 мың жан иесі зардап шеккен. Міне, адамзатқа, ғаламзатқа, Жер-Анаға жасалған зұлымдық! 

Деректанушы, жазушы, Семей қасіретінің куәгері Медеу Сәрсеке 1949 жылдың 29 тамызында атомдық жарылыстың жаратылысқа әкелген сойқанды былайша айтады: Бомба қойылған 30 метр құрыш болаттан құйылған мұнараның суша ағып кетуі, топырақ балқып, қалыңдығы бір қарыс күйік қабаттың пайда болуы, жер мен көк от құйынның әлегіне түсуі, аумағы отыз шақырым даланың өртенуі (әскерилер екі тәулік бойы сөндірумен жанталасқан) сиырлар өкірген, бүркіттердің қанаты күйіп, көзі аққан, тау шыңы қаңбақша ұшқан, малдың терісі тырысып-бырысып күйіп, тырапай асқан. 

Қоғам қайраткері, ғұламалық, білімпаздық зердесі орасан Медеу Сәрсеке «Весь Казахстан» (Ленинград, 1931 жыл) дейтін еңбектегі деректерді сөйлетеді. Қазақ АКСР-нің Жоспарлау комитетінің 1930 жылғы 30 маусымда келтірген мәліметтері бойынша, республика өңірінде 1930 жылы 29 812 жан иесі (1940 жылы 50 мың ғана) болған. Және елдің дәулетіне келсек, 1 206 207 түйе, 2 84 874 жылқы, 5 036 302 сиыр, 20 024 902 қой-ешкі. Кәмпеске, ашаршылық, ереуілдер, репрессия, соғыс, жарылыстар салдарынан осылардың там-тұғы, жұрнағы қалғаны, арлы-намысты қайсар ұландардың қырылғаны, ұсталғаны қандай өкінішті?! 

70cfcfc37a4430b5422536a1eefd136a.jpg

Қазақстанда 1929-1931 жылдарда 372 көтеріліс бұрқ еткен. Советтік идеология, социализм халықты қан қақсатты. Бұл турасында Медеу Сәрсеке Н.С. Хрущевтің өлер алдындағы ойын былайша жеткізген: «Прасковья Мошенцева деген емдеуші дәрігері Хрущев жатқан палатаға кіргенде, науқастың көңіл күйі түзеліп, сырқаты бері қараған сәт екен, Никита Сергеевич қолындағы «Правда» газетін нұсқап: «Мына газет өмір бойы насихаттаған социализмнің не екенін білесіз бе?» – дейді. Тосын сұраққа қымсынған дәрігерге соның немене екенін өзі түсіндіріпті: «Біздің жалынды бір үгітші колхозшыларды жинап, социализм туралы үш сағат бойы дәріс оқыпты. Сөйте тұрып үш бокал су ішіпті. Содан дәрісін бітіріп, «Ал енді сұрақ қойыңдар!» дегенде, алдыңғы қатардан мен сияқты орта бойлы кексе адам тұрып, «Құрметті лектір, – дейді, – Сіз сәциализмді үш сағат бойы мақтап, бір гірапын су іштіңіз. Үш сағатта бір рет те дәретке шықпадыңыз. Соған сіз қалай шықпадыңыз?..» депті... Мошенцова не дерін білмей, тым-тырыс сілейіп тұрғанда: «Қымбатты Прасковья, социализмнің не екенін ұқтыңыз ба? Айтуға ұялып тұрсаңыз, немене екенін мен айтайын: ол да – су, ия, кәдімгі нәрі жоқ сылдыр су!..» – деген түсіндірме беріпті... (Уильям Таубман «Хрущев» кітабынан). 

АҚШ 1952-1989 жылдар ішінде ауада, суда, жер қойнауында 900 дүркін атомдық және ядролық жарылыстар жасаған. ССРО-да 1970 жылдарда 50 мыңнан аса бомба әзірленген. Жұдырықтай Жұмыр Жерді бір түйір тозаңға айналдыратын зұлмат. И.В. Сталин 1943 жылдың 11 ақпан күні Атом бомбасын жасау жайында құпия қаулыны бекітіп, Молотовқа тапсырма берген. Молотов ЖОО министрі Кафтановқа, ол бір топ даңқты білімпаздарға бұйырған. 1945 жылы шілде айында Потсдам конференциясында АҚШ Президенті Гарри Трумэн, Англия Премьер-министрі У. Черчилл өзара ақылдасып, И.В. Сталинге атом бомбасының сақадай-сай дайын екендігін жеткізеді. И.В. Сталин жорта мән бермегендей сыңай танытады. 

1950 жылдарда АҚШ Президенті Д. Эйзенхауэр: «Ядролық жарылыстарды ауада, жер бетінде және су астында жасауды үзілді-кесілді тоқтатуға келісейік, тек қана ғылым үшін мәнді зерттеуді жасайық» деген уәж айтқан. ССРО-да жанталаса қарулану, атом бомбасын қарыштата өндіру, Семей полигонында термоядролық жойқын бомбаларды жер астында, ауада жыпырлата сынау – И.В. Сталиннің, Н.С. Хрущевтің, Л.Н. Брежневтің сойқанды әрекеттері екендігі, биліктің халық пікірімен есептеспегендігі, елді азғын-тозғын күйге түсіргендігі, Абайдың сүйегін Жидебайдан көшірмекші боп қорлағандығы жан-жақты, толық жазылған. Семей шаһарын мекендеген тұрғындардың 1964-1966 жылдарда ССРО көлеміндегі туыстарына, ата-аналарына шошынып жазған 340 хатын Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің бастығы, «салпаңқұлақ» Мырзамсейіт Жанділдиновтың тұтқындап, Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына «Жергілікті тұрғындардың атомдық сынақтарға жағымсыз көзқарасы» деген атпен құпия жолдауы не деген оңбағандық десеңізші... 

89ba5c24f85c70760077cdf6b0495948.jpg

Сонымен қатар М. Сәрсекенің «Семей қасіреті» кітабында ел перзенттері, ұлт қайраткерлері М. Әуезовтің, Қ. Сәтбаевтың, Б. Атшабаровтың, М. Сужиковтың, К. Бозтаевтың, азаматтық ерлігі мен еңбегі, патриоттық биік тұлғасы сомдалған. Өлке тарихына да Медеу Сәрсеке жетік. Тау-тас, өзен-көл, жайлау, қыстау дегендей. Сондай-ақ сол топырақтан шыққан халық санасында сақталған саңлақ ірі тұлғалар да «Семей қасіреті» кітабында суреттелген. Мысалы, Өндірбай қалпе Асаубайұлы (1815-1878) Меккеге үш рет барған. Екінші сапарында яғни 1874-1875 жылдарда Құнанбайды өзімен бірге апарған. Алаш қайраткері Әлімхан Ермековтың әкесі Әбеу Ермекұлы 1905-1911 жылдарда Абыралыда правитель болған. 

«Семей қасіреті» деректі тарихи хикаятында Семей ядролық сынақ алаңын жапқан Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі толғаныспен жеткізілген. 

«Семей қасіреті» кітабының тарихнамалық және деректемелік арқауы мейлінше шымыр. Дәуірнамалық мәні айрықша. Қазақ қасіретін, жер-судың зар-наласын толыққанды сипаттап жеткізген. 

Серік Негимов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

ҚХА ХХV сессиясында Президент қойған ұлттық бірлік пен келісімді нығайту мақсатындағы міндеттердің ең бастысы қайсысы: