Жарияланымдар

Бекарыстан би мен Ақтан батырдың тарихтағы орны

25 Қаңтар 2016
360
0
Бекарыстан би мен Ақтан батырдың тарихтағы орны
Қасиетті Сыр бойының топырағынан елін қорғаған батырларымыздың, білікті билеріміздің өмір жолдары әлі толық зерттеліп болған жоқ.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық тарихымыз бен рухани мұрамызды тереңінен зерттеп, жаңаша зерделеуге мүмкіндік туды. Әрбір азамат өз елінің өткені мен тарихын білуге, Отан тарихының тәжірибесі мен құндылықтарын келесі ұрпаққа үйретуге міндетті. Қазақстан Республикасы деп аталатын мемлекетті құрушы негізгі ұлт – қазақ ұлтының тарихын терең де жан-жақты зерттеп зерделеу қажет. «Өз жұртыңды құрметтеу – туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты сөзі, өлкені танып-білуден екенін көрсетіп тұрғанын білеміз. 

Қасиетті Сыр бойының топырағынан елін қорғаған батырларымыздың, білікті билеріміздің өмір жолдары әлі толық зерттеліп болған жоқ. Қазақ батырлары – көшпелі қоғамының әскери тәжірибесін, дәстүрін сақтаушы және оны келешекке дәріптеуші. Батырлар өздерінің әскери өңері арқылы келешек ұрпақты патриоттық сезімге тәрбиелейді. Қазақ батырына ел үшін, жер үшін ұрыс майданында өлу үлкен мәртебе болған. 

Неміс тарихшысы Л.Н. Ренкенің айтуынша, «...Тарихи оқиға қалай болса, сол күйінде жазу керек» десе, келесі неміс ғалымы Марк Блок «Тарихтың әр қилы куәлігі шексіз. Әрбір айтқан адамның сөзі, жазғаны, қолымен жасағаны, қолы тиген жерінің бәрі ол туралы дерек беруі керек» деген. Яғни ұлттық тарихты зерттеу, зерделеу үшін нақты төл деректеріміз шежіре, фольклор, естелік, мерзімді басылым, заттай материалдарға сүйенуіміз керек. 

Қазақ халқының дәстүрі мен қоғамдық өмірінде біте қайнасып келген билер институты өз ерекшелігімен маңызды орын алады. Билер елдің дәстүрлі ұстанымдары мен халық тәрбиесіне үлкен назар аударып, ұлттық дүниетанымды негіздеуге атсалысты. Қазақ елінде ханнан гөрі бидің қадір-қасиеті басым болған. Ханның арқа сүйеуі жарасымды бимен табылады. Бисіз хан оңбайды, хандықпен қатар қырағы билік те бір жерге бас қосса, ондай ханды елде суйеді, ұмытпайды, шежіресінде атын қалдырады. Л. Баллюзек өз еңбегінде билердің орнын өте жоғары дәріптеп келтіреді: «Би — өз халқының тірі шежіресі, заңын көп білетін заңгері болып қана қоймай, шешендігі, суырып салма сөз өнерін жетік білетін, халқымен біте қайнасып, тұрмысына да, әдет- ғұрпына білгір болған саясаткер». 

Қазақ халқына тән билер институтының ерекшелігі, оның қоғам омірінің саяси, әлеметтік және рухани салаларына ғасырлар бойы сіңірген еңбектерінде. Осындай ел қажеттіліктерін сабақтастырып, ұштастыра білген билер институтына өз үлесін қосқан, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысымен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүргені – Бекарыстан би болды. Оның азаматтық қайсарлығы, сөз тияр өнері,ел үшін жасаған әділ билігі ауыз-екі деректен сақталып келді. Қазақта «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген ұлағатты сөз бар. Әрі батыр, әрі би Бекарыстан Амалдықұлының жеті аталық шежіресін былай таратайық: Алшын-Әлімұлы-Жаманақ (Шекті)-Өріс-Есенәлі-Кішкене. Кішкенеден Асан дүниеге келеді. Асаннан Матығұл одан Нұрбай би дүниеге келеді. Нұрбай басқа балаларына қарағанда зерделі, алғыр, еті тірі болып өседі. Есейе келе өткір тілді шешен, білгір, қайратты болған. Нұрбайды халық «Би Нұрбай» атап кеткен. Нұрбай биден мықты болып туған Амалдық, одан дүниеге әрі би, әрі батыр Бекарыстан келеді. 

ef0da13696b2c319b896d095f11a0127.jpg

Кезінде бүкіл түркі әлемінің данышпаны Қорқыт баба: «Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі» деген екен. Сол сияқты Бекарыстан батырда жауды садағының бір оғымен қайтарған екен. Бұл оқиға ХІХ ғасырдың 50-і жылдары болғанға ұқсайды. Бір жылы елді жау шауып, «жау келе жатыр» деген хабармен Бекарыстан би ауылы мұз үстімен Көкаралға қарай көшеді. Бекарыстан би: «Қашаңғы көше береміз, қайрат қылмаймыз ба?» десе балаларының ешқайсысы үндемейді. Сонда батыр әрі би Бекарыстан садағын алдырып ат үстінде тұрып бір жебені тартыпты, жебенің тек бір ғана сүйемі жерге кірмей қалыпты. Қош жүре береді де, артынан ізін қуып келген жаудың батырлары қадалған жебеге кезігеді. Содан олар мұзға жебе тартыпты да, ешқайсысы Бекарыстан батырдай жебенің жобасына жеткізе алмапты. Қазақтың батырының мықтылығына көзі жетіп түрікмендер: «Қой мынадай батыры бар ел бізге алдырмас», – деп кері қайтады. 

Бекарыстан жөнінде ел ауызында «Бір ауыз сөзбен ханды қайтарған» деген де сөз бар. Бұл қалай болған жөнінде мынандай ауызекі дерек бар. 1842 жылы Бабажан сарт Ақтан батыр мен Жанқожа батырдың қолынан өлгеннен кейін Хиуа ханына бағынатын қазақ Жанғазы сұлтан Сыр бойында кішкене хандық құрады. Бір күні Жанғазы хан Шектінің Матығұл аталығына келіп өзіне қарсы шыққан көптеген Матығұл аталығының ержүрек сарбаздарын дарға асады. Бұл сұмдық хабар қарт Бекарыстан биге де жетеді. Хан ордасына келіп Бекарыстан би Жанғазы ханға: «Әй, Жанғазы, хан қыламын деп мен әлек, хан болсаң мына қара пышақ. Хан болмаймын десең жолың ашық», – депті де, келген ізімен кері кетіпті. Бекарыстан бидің бұл ескертпе сөзінен кейін Жанғазы хан көп тұрмай қонысын тастап кетіп қалыпты. Бұл оқиғалар Бекарыстан бидің әрқашанда қарапайым халықтың мұңын ойлайтын ер екенін көрсетеді. 

Бекарыстан би Қарақалпақстанның Аралмен шектескен «Мойнақ» ауданы жеріндегі «Томпақ ата» қорымына жерленген. Қазіргі уақытта атақты Бекарыстан би-батырдың ұрпақтары Қызылорда облысында өмір сүріп жатыр. Халқымыздың тәуелсiздiгi жолында елiн жаудан қорғаған жолбарыс жүрек батырлардың бiрi – Ақтан Ақайұлы болған.. Қазақ елі батырды әулие санап, пiр тұтады, әруағына сиынады. Ақтан өз заманында Жанқожа батырдың досы, үзеңгiлес жолдасы, қарулас серiгi болған. Халқын қорғау үшiн бiрi Сырда жүрсе, бiрi Қырда жүрген. 

«Батыр» сөзі ежелгі баһадур сөзінен тарихи тамырын алса, негізінен жаужүрек, батыл, жауынгер сияқты ұғымдарды білдіреді. Ал пайда болу кезеңі – сонау түркі заманына саяры хақ. Расында да, V-VII ғасырларға жататын көне түркі жазбаларында нақ батыр деп берілмесе де, батырлық, ерлік істері жайлы көп жырланады. «Күлтегін» ескерткішінің кіші жазуында ер, елтебер, иамтар деген сөздер кездеседі. Ал бұл сөздердің мағынасына тереңірек бойлар болсақ, ер сөзі батыр сөзінің синонимі, елтебер сөзі – тарихтан шені сияқты берілген шен екен, ол негізінен ержүрек адамдарға берілген. Бұдан шығатын қорытынды қазақ қоғамындағы «батырлар институтының» тамыры тереңде жатқандығы. Ақтан батыр елде әрі билігімен аты шығады. Ақтан батыр-Ақтан би болған. 

Қазақ билері жайында қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов мынадай қорытындығы келеді: «Возведение в звание бия не обусловливалось у киргиз каким-либо формальным выбором со стороны народа и утверждением со стороны правящей народом власти: только глубокие познания в судебных обычаях, соединенные с ораторским искусством, давали киргизам это почетное звание. Чтобы приобресть имя бия, нужно было киргизу не раз показать народу свои юридические знания и свою ораторскую способность. Молва о таких людях быстро распространялась по всей степи, и имя их делалось известным всему и каждому», – делінген. 

Ақтан батырдың бабасы Сыр бойында XVIII ғ. өмір сүрген атақты Жақау батыр болып табылады, яғни Ақтан батыр атақты Жақау батырдың шөбересі. Елінің азаттығы үшін күрескен Ақтан батыр Жанқожа батырдың досы үзеңгілес жолдасы, қарулас серігі болған. Жанқожа жорыққа шығарда әрдайым Ақтанмен ақылдасып отырған. Ақтан батырдың көнекөз қариялардың айтуынша, төбесінде бұлты болған деседі. Кейде жауға аттанар шақта ойласып қойғандай, аспанды бұлт басып, дауыл тұрып, найзағай ойнап, жауын құйған. Осы қасиетіне байланысты жергілікті халық оны бұлты бар батыр деп атаған. Бұл Ақтан батырды әруақты кісі екенін байқатады. 

78679129d0a972e6f13e55436eeaf483.jpg

Ақтан батыр Сырда, Жанқожа батыр қырда жүрген. 1842 жылы қараша айында Ақтан батырға Жанқожа батырдан суық хабар келеді. Бесқала бекінісін басшысы, бек Бабажан Урганжи сарттың баскесерлері Жанқожа батырдың ағасы Ақмырза батырдың мойына тас байлап, дарияға батырып жіберген екен. Жанқожа батыр: «Ақтан батыр қол жинай бер Бабажан сартты шабамыз» – деп, хабар береді. Бірақ уәделескен уақытында Жанқожа батыр келе алмай қалады. Кеудесін кек кернеген Ақтан батыр Жанқожа батырды күтпей-ақ Бесқала бекінісін қиратады. Бұл кезде Ақтан батыр 72 жаста болған. Қазақтар Бабажан сарттың құйрығына қазық қағып өлтіреді. Баласы Майқарабекті тұтқындайды. Ертеңінде жеткен Жанқожа батырмен бірге Хиуа әскерлерін қиратып, қашқандарын Қуаннан асыра қуып жібереді. Бір аптадан кейін Ақтан мен Жанқожа батыр басқа да Сыр бойының батыр, сарбаздарымен Қожанияз сарттың бекінісін де талқандайды. Осы оқиға жөнінде 1978 жылы Ташкент қаласында шыққан «Асарлар. Тарихи асарлардан паргалар» атты еңбекте былай жазылған: «Бабажан Урганжи Жанкент қаласына барып осы атыраптағы қазақия ұлысының билігі және тыныс-тіршілігімен шұғылданатын жауапты тұлғаға айналды. Бұл жағдай барысында қазақ тайпаларына қазақият нәсілі әсер етіп, белгілі себепсіз бүкіл қазақ ұлысы ынтымақпен аттанып, бүлік пен көтеріліс, тәкаппарлық пен өтірік киімін аланда жарқылдатып, хабарсыз жатқан Бабажан Урганжидің үстіне келіп, қалаға шабуылдады. Бірнеше күннен соң қала ішіндегі қазақия ұлысы шабуылға төтеп бере алмай, қаланы бұзып сыртқа шықты. Бұл жайт қазақ қосынына қол келіп, қала ішіне жол тауып, Бабажан Урганжиді барша қызметкер, нөкерлерімен қосып өлтіреді». Ақтан батыр кесенесi Осының өзі ХІХ ғасырда қазақ қоғамында, Сыр бойында Шыңғыс хан ұрпақтарымен қатар «ұлттық аристократия» әлеуметтік элитасын құрайтын «би», «батырлар» әлеуметтік топтарының қоғамдағы салмағы өте жоғары болғанын көрсетеді. 

«...Қасиетті де қастерлі Отан үшін жан беріп, жанын пида еткен шейіттерді жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің кейінгі ұрпақтың ең басты парызы...» – деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Сол сияқты қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген нақыл бар. Сондықтан, біздер кейінгі ұрпақ, кезінде халық мүддесін қорғап батырлығымен, билігімен ел құрметіне бөленген Бекарыстан би мен Ақтан батырдың есімдерін ұмытпауымыз керек. Осы қарекеттің тек Бекарыстан би мен Ақтан батырдың әулеті үшін емес, халқымыздың тарихын терең ұғынуға, оған жаңаша көзқараспен қарап, баянды болашақтың иелері-жастарды отансүйгіштікке және рухы биік азамат етіп тәрбиелеуде аса маңызды екенін түсініп, жоғары деңгейде өткізу мақсатында тиісті көмектерін берген облыс және аудан басшылығына шын жүректен ризашылығымды білдіремін. 

Бақытжан Ахметбек, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері 

Пайдаланған әдебиеттер мен дереккөздер 

1. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Ақтан батыр жайлы ел ауызынан алынған дерек; Қазалы аудандық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және пайдалануды үйлестіру бөлімінің мәліметі; 

2. Н. Мұсабаев. А. Мұсабаева. Ортаймаған Қазан – Қасиетті Қазалы. – Алматы, Атамұра, 1998; 

3. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Қызылорда қаласының тұрғыны, 1925 ж.т. Ақтан батырдың шөбересі Оңдабаева Күлпаш Оңдабайқызының мәліметі.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Ең көп оқылған
Сауалнама

ҚХА ХХV сессиясында Президент қойған ұлттық бірлік пен келісімді нығайту мақсатындағы міндеттердің ең бастысы қайсысы: