Басты бет Қазақстан тарихы Ортағасырлық Қазақстан Қазақ-жоңғар соғысы (XVII-XVIII ғ) Жоңғар шапқыншылығы

Жоңғар шапқыншылығы

17 Тамыз 2013
8127
3

Жоңғар-қазақ соғыстары (Отан соғысы деп те аталады) – Қазақ хандығы құрылған кезден бастап, 18 ғасырдың 50-жылдарына дейін оның аумағына  ойраттардың бірде өршелене, бірде беті қайта жасаған шапқыншылықтары. Қазақ халқы ойраттарды алғашқыда қалмақтар, кейін жоңғарлар деп атаған. 15 ғасырдың 50-жылдары ойраттардың қалмақ тайпасының билеушісі Үз-Темір тайшы өздерімен іргелес жатқан қазақ даласына шабуыл ұйымдастырады. Дешті Қыпшаққа баса-көктеп кіріп, Ақ Орданы  ойрандады.  Сыр бойына жетіп, қазақ ұлыстарын оңтүстік-шығысқа қарай ығыстырып,  Түркістанды,  Ташкентті басып алды. 15 ғасырдың 70-жылдары ойраттар шабуылдары жиілей түсті. Қазақ ханы Тайыр ойраттардың жолына кедергі жасау мақсатында Жетісуда ірі Жатан бекінісін салдырды. 16 ғасырдың екінші жартысында Ақназар хан тұсында қазақ әскері ойраттарға қарсы тойтарыс беріп, үлкен жеңістерге қол жеткізді. Тәуекел хан билік еткен тұста да қазақ жасақтары жау әскеріне қарсы күйрете соққы берген. Ойраттар Сырдария бойындағы сауда орталықтарын басып алғысы келді. Бұлай жорамалдауға ағылшын көпесі әрі саяхатшысы Дженкинсонның келтірген мәліметтері негіз бола алады. Ол 1557 жылы Орта Азиядан Қытайға өтпекші болғанда, оған қазақтар мен ойраттардың Ташкент қаласы үшін жүргізген соғысы кедергі жасаған.

Қазақ хандығының ойраттармен қақтығысы

16 ғасырдың орта шені мен оның 2-жартысында қазақ хандары ойрат билеушілеріне қарсы күресте едәуір басым түскен. Өйткені бұл кезде ойрат нояндары Моғолстанға қарсы күрес және ойрат қоғамының өз ішіндегі ала -ауыздық салдарынан біршама әлсіреген болатын. Орыс патшасы Иван IV-нің Ноғай ұлыстарына жіберген елшісі Данила Губин Мәскеуге қазақтардың күштілігі және олардың ойраттарды бағындырғаны жайында хабарлаған. 1594 жылдың басында Мәскеуде болған Тәуекел ханның елшісі Құлмұхаммед те осындай мәлімет келтіреді. Ол Тәуекелдің інісі Шах-Мұхамедтің қалмақтарға хан болғанын патша сарайында болған әңгімесінде баяндаған. Жоңғар хандығына біріккен төрт ойрат тайпасының шабуылдары, әсіресе, Батыр қонтайшының тұсында өрши түсті. Соның ішінде 1635, 1643 – 44, 1651 – 52 жылдары қазақ жеріне жасалған жорықтардың зардаптары ауыр болды. 1643 жылы Батыр қонтайшының туы астында 50000 жоңғар әскері Жәңгір хан бастаған қазақ жасағына қарсы ірі жорық ұйымдастырды. Қазақтарға қарсы бұл қанды жорыққа халха тайпасының билеушісі Алтын ханның баласы Омбо Эрдени әскері де ат салысты. Кейбір деректерге қарағанда бұл жорыққа Еділ қалмақтары да қатысқан. Жәңгір хан бастаған 600 ғана қазақ әскері (кейбір зерттеушілер, бұл мылтықпен қаруланған сарбаздар саны, ал қазақ әскерлері бұдан әлдеқайда көп болған деп есептейді) қорғаныс ұйымдастырып, жедел көмекке келген Жалаңтөс баһадүр сарбаздарымен тізе қосып, 10 мыңдық жау әскерінің шабуылын тежеген (қ. Орбұлақ шайқасы). 1681 – 84 жылдары қалмақ қонтайшысы Севан Рабдан Қазақстанның оңт. аудандарына басып кірді. Қазақ ханы Тәуке хан шайқаста жеңіліске ұшырап, оның баласын ойраттар тұтқынға алды. 1684 жылдары ойраттар қазақ жеріне тағы да жорық жасады. Сайран қаласын талан-таражға салды. Қазақтардың әлсіреген халін пайдаланған Аюке бастаған Еділ қалмақтары да қазақтар мен оларға одақтас болған түрікмен, қарақалпақтардың біріккен әскеріне шабуыл жасады.

Ойрат-қытай соғыстары

1690 – 97 жылдары ойрат-қытай соғыстары Жоңғар хандығы әскерлерінің бір бөлігінің оңтүстік майданға кетуіне мәжбүр етіп, олардың қазақ жеріне шабуылдарының қарқынын біршама бәсеңдетті. Осыны пайдаланып Тәуке хан 1698 жылы ойраттарға да, Еділ қалмақтарына да күйрете соққы берді. Жоңғарлардың жаңа шабуылының басталуы 17 ғасырдың 80-жылдарында Тәуке жоңғарлардың қолында қалған баласын қайтаруды талап етті. Баласымен бірге еріп келген 500-ге жуық жоңғар жауынгерлері Тәуке ханның шешімімен өлтірілгеннен кейін қазақ-жоңғар қатынасы одан әрі шиеленісе түсті. 1708 жылы жоңғарлардың жаңа шабуылы басталды. Бұл шапқыншылық Қазақ хандығының оңтүстік аудандарына айтарлықтай нұқсан келтірді. 1710 – 11 жылдары Жоңғар шапқыншылығы қазақтар мен оларға одақтас қарақалпақтарды Ташкентке қарай ығысуға мәжбүр етті.

Үш жүздің бірігуі

1710 жылы Үш жүздің басын қосқан Қарақұм жиынында жауға қарсы күш біріктіріп тойтарыс беру жөнінде шешім қабылданды. Бөгембай батыр біріккен жасақтың қолбасшысы болып бекітілді. 1711 – 12 жылдары 50 мың адамдық Қазақ хандығының әскері Жоңғар хандығына басып кірді. Бұл қыста болған жорықты ойраттар күтпеген болатын. 1713 жылы ойраттардың 3000 адамы бар әскер күшінің қарсы шабуылы жеңіліске ұшырады. 1715 – 23 жылдары ойраттардың негізгі әскери күші Цин империясы әскерлеріне қарсы соғысып жатыр еді. 1722 жылы Цин императоры Кансидің өлімінен соң Севан Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына бағыштады. Кенеттен жасалған шабуылды күтпеген қазақ қолы соғысқа дайын емес болатын. Әскер күшін біріктіріп үлгермеген қазақ хандары елдің орталық аудандарына шегінуге мәжбүр болды. 1723 жылы Севан Рабданның 100 000 адамдық жасағын бастаған оның балалары Қалдан Серен мен Шоно қазақ ауылдарына басып кіріп, ойран салды. Мұндай қанды жорықтар 1723 – 27 жылдары аралығында тағы да бірнеше рет қайталанды. Бұл тарихта “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деген атпен қалған ел басына күн туған ауыр кезең еді. Тек 1726 жылы Қазақ хандығының хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Күлтөбеде бас қосып, ойраттарға қарсы күресті қайтадан ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Қазақ халқының үш жүзінің әскери күшін топтастыруда Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер үлкен рөл атқарды. Бұланты – Білеуті өзендері аралығындағы жазықта болған жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста қазақ жасақтары жау әскеріне күйрете соққы берді (қ. Бұланты – Білеуті шайқасы). 65 000 қазақ қолы шамамен 40 мыңдық ойрат әскерлерін талқандап, ірі жеңіске қол жеткізді. Қазақ жасақтары құрамында қырғыздар, қарақалпақтар да ерлікпен шайқасты. Сыр бойына жеткен ойраттар қарақалпақ ауылдарын да шапқыншылыққа ұшыратып, осының салдарынан қарақалпақтар төменгі және жоғарғы болып екіге бөлінді

Болат ханның үш жүздің басын қосуы

1726 жылы Жоңғар шапқыншылығы қазақтар мен оған көршілес жатқан Орта Азия халықтарының шаруаларына ауыр зардаптарын тигізді. 1726 жылы Болат хан үш жүздің хандары (Жолбарыс, Сәмеке, Әбілқайыр), билері мен батырларының, сұлтандарының басын қосып, Ордабасыда өткен жиында Әбілқайыр хан бас қолбасшылыққа тағайындалып, жауға қарсы жаңа стратегиялық шабуыл ұйымдастыру келісілді.

Аңырақай шайқасы

1728 жылдан бастап жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресте түбірлі бетбұрыс жасаған Итішпес көлінің маңындағы ауыр шайқасқа даярлана бастады. Аңырақай шайқасы (1729 ж., кей деректерде 1730 ж.) — біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 ж. бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде жоңғарлар қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды. Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды. Шайқас солтүстігі Балқаш, оңтүстігі Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы жерлерде өткендігін осы өңірлерде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді.  Аңырақай аталатын да осы өңір. Бұл шайқаста (40—45 күн) қазақтар ірі жеңіске жеткен. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр хан жүзеге асырды. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, Орта жүз қолын қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, қаракерей Қабанбай, Кіші жүзді тама Есет, шекті Тайлақ т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Шайқасқа болашақ қолбасшы шапырашты Наурызбай да қатысқан. Бұл шайқаста көптеген батырлар жекпе-жекке шықты. Бұл соғыста көптеген атақты батырлар қаза тапты. Соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты. Қазақтар бұл соғысты әрі қарай дамыта алмады. Оған шайқастың соңында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін басталған тақ үшін талас кедергі келтірді. Көпшілік Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті қолдады. Бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын Ырғыз арқылы батысқа алып кетті. Орта жүз қолы Сәмеке хан соңынан солтүстікке бет алды. Бірақ Аңырақай шайқасындағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті. Халқымыз үшін Аңырақай шайқасының маңызы орыстардың Бородино даласындағы, Еуропаның біріккен қолының  Ватерлоо,  КСРО  халықтарының Ұлы Отан соғысындағы Сталинград түбіндегі жеңістерімен бірдей.

Абылай хан

1738 – 41 жылдары қолбасшы Сары Манжаның 30 мыңдық әскерінің шабуылы – ойраттардың қазақ жеріне жасаған соңғы ірі шапқыншылықтарының бірі. 1745 жылы Қалдан Серен қайтыс болғаннан кейінгі Жоңғариядағы билік үшін өзара тартыс олардың саяси жағдайын әлсіретіп жіберді. Осыны пайдаланған Абылай хан басқарған қазақ әскерлері жоңғарларға шешуші соққылар беріп, Жетісу мен Шығыс Қазақстанды қайтарып алды. 1755 – 58 жылы жоңғарлар Цин әскерлерінің шабуылынан кейін тас-талқан етіліп, дербес ел ретінде өмір сүруін тоқтатты. Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін 1757 – 58 жылы Қазақ хандығы өзінің жаңа көршісі Цин империясы әскерлерімен соғыс жағдайында болып, кейіннен бітімге келді. Қытайлар Жоңғарияны толық жаулап алды, ал қазақтар өздерінің ежелгі ата мекені Жетісу, Тарбағатай, Алтай өңірлерін иеленіп, шығыстағы шекарасын бекітті. Кейіннен 1771 жылы батыста бөлініп қалған қалмақтар да Еділ – Жайық арасындағы қоныстарын тастап, қазақ жері арқылы Жоңғарияға ауды (қ. Шаңды жорық). Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте Сәмеке, Жолбарыс, Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр сынды хандар қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін оятқан, әскери біліктілігімен танылған тарихи тұлғалар ретінде ел жадында қалды. Көрнекті мемлекет қайраткері, есімі жауынгерлік ұранға айналған, даңқты қолбасшы, дарынды дипломат Абылай хан бастаған еркіндік пен ерлік рухы биік, соғыс даласында тегеуріні мықты Қабанбай, Бөгенбай, Баян, Наурызбай, Саурық, Бөлек, Малайсары, Шоқантай, Жауғаш, Сәмен, Өтеген, Райымбек, Қарасай, т.б. батырлардың өшпес ерлігі тәуелсіздікті аңсаған қазақ халқының тұтастығын, бірлігін сақтап қала алатындығын дәлелдеді. 

Жоңғар мемлекетінің әскери күш-қуатының нығаюы

1635 жылы Батыр коңтайшы бастаған Жоңғар хандығы құрылды. Ол Қазақстанның оңтүстік-шығыс жағында еді. 1640 жылы жоңғарлар «Далалық жарғы» деген атпен әскери және азаматтық заңдар жинағын шығарды. Жоңғарлардың бірлігі нығайды, әскери күш-қуаты арта түсті. Соғыс жағдайы кезінде жоңғарлардың әрбір рулық бөлімшесі өте қысқа мерзімнің ішінде жауынгерлік бірлік тобына айналып шыға келді. Жоңғар хандығы жауынгерлерінің жалпы саны 100 мыңға дейін жететін қуатты атты әскер шығара алатын еді. Олардың 60 мың жауынгері бар тұрақты әскері болды.
Жоңғария өзімен көрші мемлекеттердің жерін тартып алуды көксеген, барынша әскерилендірілген мемлекетке айналды. Жоңғарлықтардың рухани бірлігін қамтамасыз етуде Тибет ламалары елеулі рөл атқарды. Жоңғарларда әскери іс-қимылдар жасаудың ерекше тактикасы қалыптасқан болатын. Олар ашық кең далада соғысуға машықтанған еді. Оқ-дәріні селитра мен күкірттен өздері қолдан жасап алатын. Олардың қолынан қылыш, сауыт, дулыға және басқа қару-жарақ түрлерін жасау да келетін. XVII ғасырдың аяқ жағына қарай жонғарларда білтелі мылтық пайда болды. Жоңғарлар тіпті зеңбірек жасауды да үйреніп алды. Зеңбірек құюды оларға тұтқын болып қолға түскен швед Иоган Густав Ренат үйретті. Жоңғарларда шекаралас жатқан мемлекеттердің аумағында жүріп, қүпия ақпараттар жинаумен айналысатын жансыздардың — тыңшылардың кең жүйесі құрылды. Жоңғария тұғындары да қазақтар сияқты көшпелі және жартылай көшпелі халық еді. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын. Халқының саны 1 миллионға жуықтайтын. Жоңғарлар аз ғана уақыттың ішінде Алтайда тұратын көптеген ұсақ Ұлыстарды бағындырып алған еді. Олар алым-салық төлеп тұрды, әскер қатарын толык- тырып отырды. Жоңғарияның өзімен көрші мемлекеттерге күшті қауіп төндіргені соншалық, XVIII ғасырдың бірінші жартысында тіпті Қытайдың сыртқы саяси кызметі негізінен осы мемлекетке қарсы күрес жүргізіп, оны әлсіретуге бағытталды.

Жоңғарлардың Қазақстан аумағында басқыншылық соғыс жүргізуінің себептері

Қазақ хандығының аумағы Жоңғария билеушілерін бұрыннан қатты қызықтыратын. Оның себебі, біріншіден, Жетісу мен Сырдария өңірін басып алатын болсақ, онда Жоңғарияны Ресей мемлекетімен, Сібірмен, Орта Азия хандықтарымен байланыстыратын аса маңызды сауда жолдарының торабын өз бақылауымызда ұстаймыз, одан әрі Ауғанстанға, Иран мен Закавказьеге жол ашылатын болады деп үміттенді. Екіншіден, Қазақстанды жаулап алсақ, өз хандығымыздың солтүстіктегі шекарасын әлдеқайда нығайтамыз, бағынған халықтан қосымша алым-салық алып тұрамыз деп ойлады. Үіиіншіден, басқыншыларды қазақтың кең-байтақ даласындағы шұрайлы мал жайылымы мен Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік- шығысындағы сауда-қолөнер орталықтары қызықтырды. Төртіншіден, Қазақстан аумағын жаулап алу жоңғарлардың Еділ мен Жайық аралығында көшіп-қонып жүрген қандас тайпалары құба қалмақтарымен кедергісіз тікелей байланыс орнатып, қарым-қатынас жасауына жағдай туғызатын еді. Ақыр соңында, бесіншіден, Жоңғар мемлекетінің қазақтарды кұл етіп ұстаудың мол мүмкіндігіне ие боламыз деп дәмеленді. Жоңғарлардың Қазақ хандығына қарсы басқыншылық соғысты күшейте түсуінің, міне, осындай себептері болды.

Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама

XVIII ғасырдың 20- жылдарының бас кезінде жоңғарлардың Қазақстан аумағына кезекті ірі жорық жасауына қолайлы жағдай қалыптасты. 1722 жылы жоңғарлармен ұзақ уақыт бойы соғыс жүргізіп келген Қытай императоры (боғдыханы) Канси қайтыс болды. Сөйтіп қалмақтардың Қытаймен бейбіт келісім жасасуға колы жетті. Жоңғар хандығының шығыс шекарасы ендігі жерде қауіпсіз болды. Жоңғар билеушілері Еділ бойындағы қалмақтардың ханы Аюкеге елші жіберіп, қазақтарға қарсы бірлескен соғыс қимылдарын жүргізу мақсатын көздеді. Ертіс бойында жақында ғана бой көтерген әскери бекініс желісін нығайтумен әуре болып жатқан Ресей Жоңғар мемлекетіне бәлендей қауіп төндіре алмайтын еді. Оның үстіне, Ресей көрші жатқан екі көшпелі мемлекеттің өзара қарым-қатынасына байланысты бейтарап саясат ұстауға тырысты. Қазақ мемлекетінің де, Жоңғар хандығының да өзара шайқаста әбден әлсіреп, қансырағанын күтті. Өйткені оған осылай болғаны тиімді еді. 1723 жылдың көктемінде алдағы болатын жойқын соғысқа мықтап әзірленген, әрі қазақ хандықтарының алтыбақан алауыз болып ыдырап бара жатқанын пайдалана қойған Цеван-Рабтан өз әскерінің қалың қолын Қазақстанға қарай аттандырды. Жау жеті бағытта шабуылға шықты. Жоңғар шапқыншылығының алғашкы соққысына ұшыраған Жетісу мен Ертіс бойының қазақтары болды. Жоңғарлар ауылдарды өртеді. Малды айдап әкетті, бейбіт халықты қара шыбындай қырып салды. Өйткені жоңғарлардың шабуылы күтпеген жерден бірден төтенше басталған болатын. Сондықтан да амалы қалмаған Қазақтар малына да, үй-жайларына да, дүние-мүліктеріне де қарай алмай, бас сауғалап қашуға мәжбүр болды. Жау әскерлерінің сан жағынан тым басым болғанына қарамай, қазақ жауынгерлері кескілескен ұрыс салып, қатты қарсылық көрсетті. Жау қолына ешкімнің де берілгісі келмеді. Әр қазақ өзімнің туған жерімді, туған-туыстарым мен жақындарымды жауыз дұшпаннан қорғауға міндеттімін деп ұқты. Қазақ жауынгерлері шегіне түсіп, қорғаныс соғыстарын жүргізді. Олар әйелдерді, балаларды, карттарды жаудың өкшелеп қууынан құтқару үшін қырғын соғыс салды. Ташкент қаласының тұрғындары қазақ әскери жасақтарының басшылығымен қаланы жаудан бір ай бойы дерлік қорғады. Жоңғарлар Ташкенттен кейін Сайрам, Түркістан сияқты басқа да қалаларды басып алды. Жаудың жойқын соғыс қимылдарын жүргізуі нәтижесінде Қазақстанның шөлді және таулы аймақтарынан өзге бүкіл аумағы іс жүзінде жоңғарлардың қолына қарады. Салыстырмалы түрде алғанда Қазақстанның батысындағы алыс аймақтар ғана аман қалды. Бұл кезең (1723-1727 жылдар) қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен аталады. Оның қазақ халқына тигізген зардабы — қайғы-қасіреті, аштығы мен қайыршылық халге душар етуі өте-мөте ауыр болды. Мың-мындаған адам қырылды немесе тұтқын ретінде айдалып кетті. Жүздеген, мындаған ауыл қатты күйзеліске ұшырады, мал-мүлік талан-таражға түсті, бір кезде гүлденіп тұрған қалалар жау қолында қалып, аяусыз қиратылды. Қазақтар қырғыннан аман қалу үшін елдің батыс аймақтарына қарай жылжып, Жайық бойына дейін жетті. Қазақтардың жаппай қоныс аударуы Ресей империясын және оның қол астындағыларды - башқұрттар мен қалмақтарды едәуір мазасыздандырды. Патша үкіметі өзіне бодан болған халықтарды қорғау үшін бірқатар кешенді шаралар қабылдады: шекара күзеті күшейтілді, Орал аймағында жаңадан әскери бекіністер салу шаралары қолға алынды. Қазақтардың едәуір бөлігі Орта Азия мемлекетінің аумағына қарай ойысты. Мәселен, Сырдария өзенінен өтіп кеткен Орта жүз руларының көпшілігі Самарқанд қаласының төңірегіне, ал Кіші жүз қазақтарының едәуір бөлігі Хиуа мен Бұхар хандықтарына көшіп кетті. Қазақтар басынан кешірген сол бір орасан ауыр қайғы-қасіреттің символы «Елім-ай» атты зарлы жыр болды. Оның мәтіні мен әуенін ақын, әрі жауынгер Қожаберген жырау шығарған деп те айтылады: Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, Ел-жұртынан айрылған жаман екен, Екі көзден мөлтілдеп жас келеді. Мына заман қай заман, бағы заман, Баяғыдай болар ма тағы заман! Қарындас пен кара орман қалғаннан соң, Көздің жасын көл қылып ағызамын.

Жоңғар шабуылының өрт-жалыны өзбектерді де, қырғыздарды да, қарақалпақтарды да шарпығанымен ең ауыр соққы қазақтарға берілді.

Қазақтардың жеңілу себептері

Қазақтардың жеңіліп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» душар болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазақ жүздері ыдырап, Қазақ хандығының басшылығында ауызбірлік қалмады. Екіншіден, жоңғарлар бұл шабуылға өте тыңғылықты әрі мұқият әзірленген еді. Оның үстіне, шабуылдың басталатын уақыты Қазақ ауылдарының бір-бірінен алыс, қыстаудан көктеуге көшіп шығар абыр-сабыр кез болатын. Үшіншіден, 1723 жылы қазақтар қатты жұтқа ұшыраған-ды. Жорыққа мінетін жөні түзу ат жетіспеді. Төртіншіден, аймақта қалыптасқан осындай геосаяси жағдайды қалмақтар дұрыс әрі мұқият ескере білді. Қытаймен бейбіт келісім жасасты. Таяуда ғана аяқталған орыс-швед соғысынан кейін әлі ес жиып үлгере алмаған Ресейдің күрделі жағдайы да есепке алынды. Бесіншіден, шабуылдың күтпеген жерден, тұтқиылдан жасалу да қазақтарға қолайсыз әсер етті. Ақыр соңында, алтыншыдан, жоңғарлар жақсы қаруланған болат факторын, әрі соғыс қимылдарын қалай жүргізудің мол тәжірибесіне де қанық еді.

Жоңғар басқыншылығының салдарлары

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» қазақ қоғамына тигізген зардабы орасан зор болды. Далалықтардың көші-қон бағдарламаларының быт-шыты шықты. Қазақтар шұрайлы мал жайылымдарынан айырылды. Жетісудағы және Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы бір кезде гүлденіп тұратын жасыл жазиралар енді қараусыз қаңырап бос жатты. Көршілес мемлекеттермен сауда-саттық байланысы да уақытша үзіліп қалды. Бірақ ең ауыр азапты қайғы-қасірет туған-туыстар мен жақын жандардың қазасы болды. Шәкәрім Құдайбердіұлының келтірген деректері бойынша, қазақтардың үштен екі бөлігі қырғынға ұшыраған. Енді бір бөлігі құлдыққа сатылып кеткен. Халық ашаршылыққа душар болды. Өлмей аман қалу үшін қайыңның сөлін ішкен. «Қайың сауған» деген сөз содан қалған. Тірі қалғандар басқыншыларға шектен тыс ауыр алым-салық төлеп тұрған. Қазақ хандығының халқы елдің әр түрлі алыс аймақтарына, тіпті шекаралас жатқан шет мемлекеттерге де тарап, босып кетті. Қазақтардың батысқа қарай жаппай ағылуы қарақалпақтармен, түрікмендермен, өзбектермен, башқұрттармен және қалмақтармен жерге таласқан дау-дамайларға алып барды. Қазақтардың Орал Қазақтарымен де, Батыс Сібірден орыстармен де өзара қарым-қатынастарын шиеленістіріп жіберді. Міне, мұның бәрі әбден әлсіреп, қожыраған Қазақ хандығын Ресей империясының оңай олжа ретінде отарлап алуымен аяқталды.

Түпнұсқа: kk.wikipedia.org 


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз

K.K.BANA13.06.2016, 09:11

превосходный

сарсенгали20.11.2016, 16:08

Ещё древние римляне использовали тактику разделяй и властвуй. И в нашем случае у казахов три "жуза", но ведь "жуз - от слова сто", то есть сто не делимых родов. Вопрос, когда же появились три жуза? Получается не стыковка три жуза - это три по сто = "300", не соответствие, за то вместо одного правителя несколько. Откуда появились 100 родов нам подскажет древний народ Дагоны, который утверждает, что первые люди на Землю прибыли с Сириуса и называли себя "люди - птицы", предположим "К,аз+ак," их предположительно было "100 - жуз". И первый человек на Земле был "Адам - с казахского Человек", и три слова в дальнейшем определяли историю Человека "Адам, Алма, Алма - Человек, Не бери, Яблоко, то самое которое нельзя было брать в раю Адаму". Думаю сейчас стоит подумать об объединении трёх жузов в один жуз, то есть сто единых непобедимых родов "Жуз". В 49 году н.э. римская империя разрушила столицу Сираков Успе - У +спе(spe\sis\ = Яд + кобры(египетской). Последние правители народа Сирак, Абек 47 г.н.э и Зорсин 49 г.н.э. ( почитайте в интернете "Сираки"). И у современных казахов есть род Сирак, точнее Ак Сирак. Ведь Ванга предсказала казахам найти голову в России, ищем голову Кенесары, но надо найти голову- столицу, отрубленную в 49 г.н.э. и живую голову - потомка правителя, который казахам поможет занять достойное место в истории и в настоящем мире...

сарсенгали25.11.2016, 21:01

О голове хана Кенесары могу предположить, что надо искать в посёлке Басы Лиманского района г.Астрахани, спорная территория Калмыкии и Астраханской области. В своё время калмыки входили в состав казачества и не могли упустить шанс захватить хана казахов, Скорее всего это им удалось, и голову могли отрубить именно в посёлке "Басы - Его голова", название само говорит об этом. Не ищите в архивах, ничего не найдёте, и тогда не было дураков, что б оставлять клеймо варварства у себя на плечах, возможно позже всё почистили...