Басты бет Пәнаралық зерттеулер Әдістемелік еңбектер Бүгінгі тарих-жаңа ғылыми бағыт Халықаралық қатынастар Н.Ә.Назарбаев және Қазақстандағы, әлемдегі ядролық қарусыздану мәселесі

Н.Ә.Назарбаев және Қазақстандағы, әлемдегі ядролық қарусыздану мәселесі

06 Қыркүйек 2013
623
0

  Ғасырлар бойы тәуелсіздігін аңсаған халқымыздың  асқақ арманына жеткеніне  қазіргі күні  20 жылдан ғана асып отыр.  Осы қысқа мерзімде  Қазақ елі  басқалар ғасырлар көлемінде іске асырыла алмаған табыстарға қол жеткізгендігі белгілі.

  Аталған уақыттағы Отанымыздың  экономикалық, әлеуметтік, мәдени, білім беру, ғылым, т. б. салалардағы табыстары  халқымызға, барша әлем жұртшылығына аян.  Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей: “Дәл осы “Қазақстан-2030” Стратегиясында  басты назар экономикалық  өсуге аударылды.  Нәтижесінде 15 жыл ішінде  ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 211 жылы 28 триллион теңгеге өсті.  Елдің ІЖӨ-сы 16 еседен астам өсті. 1999 жылдан бастап  Қазақстанның ІЖӨ- нің жыл сайынғы өсуі 7,6%-ды құрап, алдыңғы қатарлы елдерді басып озды.  Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті.” [1.2]

  Егемендік жылдарындағы  осындай аса қомақты экономикалық табыстар республиканы мекендеп отырған  көпұлтты тұрғындар арасындағы  қалыптасқан өзара түсіністік, ұғыныстықтың, алға қойылған асқаралы міндеттерді орындауға деген құлшыныстың нәтижесі екендігі әрқайсысымызға түсінікті.  Ал осының өзі-ақ мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев негізін қалаған “Қазақстандық патриотизм” ілімінің отандастарымыздың санасынан берік орын алып отырғандығының нақты көрінісі деп толық айтуға  болады.

  Көрсетілген тұрғыдағы Ресей Федерациясының бұрынғы Президенті Д.Медведевтің жазуынша: “Нұрсұлтан Назарбаевтың  жүйелі саясатының негізінде  қазіргі Қазақстан  әлеуметтік – экономикалық  даму мен  мемлекеттік құрылыста елеулі табыстарға жетті, ...” [2.22]. 

   Қазақстанның экономикалық саладағы осындай қомақты жетістіктері  оның егеменді мемлекет ретіндегі жүргізіп отырған сыртқы саясатына тікелей байланысты екендігі анық. Аталған бағыттағы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастауымен  накты істерге айналған  жұмыстардың нәтижесінде  қазіргі күні Қазақстан дүниежүзілік және аймақтық барша  халықаралық ұйымдардың мүшелігіне айналды. Жер шарындағы бәсеңдікті, түсіністікті қамтамасыз ету, қарусыздану, халықаралық ланкестікке, есірткіге  қарсы күрес, т.б. салалардағы оның бастамалары мен ұсыныстары оңды тұрғыда шешімін табуда. Елбасы тарапынан  қолға алынып, қорытындысы әлемдік тұрғыда орын алған күрделі ахуалдардың  игілікті тұрғыда  жауабын табуына әсер етіп жатқан  осындай аса маңызды  қадамдарының  нәтижесінде Қазақстан Республикасының мемлекеттер қауымдастығындағы беделі арта түсті. Н.Ә.Назарбаев КСРО тарағаннан кейінгі алғашқы жылдары  аймақтағы нарық талаптарына сай бірлескен саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, қорғаныс, миграциялық, т.б. байланыстарды қамтамасыз етіп, орын алған қиыншылықтарға бірлесіп қарсы әрекет етуді  іске асыру мақсатындағы Еуразия Одағын құруды ұсынғандығы белгілі. Өз кезінде қолдау таба алмаған Еуразия Одағының қажеттігі мен маңызы қазіргі күні толығымен дәлелденіп отыр. Ол сонымен қатар Орталық Азиядағы, ТМД, мұсылман елдері арасындағы  қатынастарды реттеудің, осы бағыттағы қазіргі күнгі аса келелігі мен маңыздылығы дәлелденіп отырған барша бастамалардың  жетекшісі болып табылады.  Атап айтқанда,  Президент Н.Ә.Назарбаев  Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының негізін қалап, аталған келісім мүшелері –мемлекеттер аймақтағы қарама-қайшылықты мәселелердің шешімін келісімдер арқылы айқындауда үлкен істер атқаруда. 

  Елбасының халықаралық қатынастағы  тағы да басқа  сындарлы да ойластырылған қызметінің нақты көрінісі-қазіргі күнгі ТМД, Орталық Азия мемлекеттері, осылармен қатар Еуразия аңғарындағы  кез-келген саяси, экономикалық, т.б. бағыттардағы  ауқымды мәселелердің оңды жауабын табудағы  Қазақстанның берік өзіндік үлкен орны қалыптасты.

  Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.Назарбаев тарапынан жүргізіліп келе жатқан  сыртқы  саясаттың ең бастысы ядролық қаруға қарсы Қазақстанның өзіндік көзқарасы болып табылады. Негізінен алғанда Қазақстан Президентінің тікелей басшылығы және бастамашылығы негізінде іске асырылып отырған еліміздің  ядролық қаруға қарсы қызметін бірнеше кезеңге бөлуге болады. Олар атап айтқанда:

1.  Қазақстаннан ядролық қаруды шығару, Семей ядролық сынақ  алаңының жұмысын тоқтату бағытындағы қызметі;

2. Қазақстан тарапынан әлемдегі ядролық сынақ алаңдарының жұмысын тоқтату, ядролық қаруды шығаруға бақылау қоюдағы мемлекеттер арасындағы бірлескен іс-қимылдарын іске асыру;

 3. Әлемді ядролық  қарудан аластаудағы  Қазақстанның бастамашылығы мен ұсыныстары. 

  Ядролық қарудың жарылыстарын және де төл территориямызға орналастырылған осындай қару тиеген зымырандардың орны толмас апатын ондаған жылдар бойы  толығынан басынан кешірген Қазақстанның егемендігіне қол жеткізген күннен  бастап – ақ  сыртқы саясатының басты бағыты  өзіндегі Кеңес Одағынан қалған  ядролық қаруға деген  қатынасты айқындау  мәселесі болды. Міне сондықтан да Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның Президенті болып сайланған алғашқы күннен шарасыздыққа түсіп, өз жерінде ядролық жарылыстардан зардап шеккен  халқының тілегі мен сұранысына сай  Семей ядролық сынақ алаңын жабу, сонымен қатар республика территориясында молынан орналастырылған  аталған қару түрлерінен аластау мақсатындағы  аластау жұмыстарының бастаушысы және жетекшісіне айналды. Нәтижесінде қысқа мерзімде “Елбасының бастамасымен  дүниежүзіндегі  ең ірі Семей ядролық  полигоны  біржолата жабылып,  ядролық қарудың  әлемдегі  төртінші  арсеналы жойылды.  Қазақстан әлем тарихында  ядролық қарудан  өз еркімен бас тартқан  бірінші ел болды”[3.9].  Осымен қатар Қазақстан Президенті Қазақстанның барша аймақтарына орналастырылған ядролық қару түрлері мен оларды жеткізу құралдарын ел территориясынан шығару бағытында жұмыстар атқарып,  қарудың бұл түрі де Қазақстанның жерінен толығымен аластатылғандығы белгілі. АҚШ-тың 1993-2003 жылдар аралығындағы  Президенті Билл Клинтон: “Мен Қазақстанның АҚШ-қа  көмек беруге әзір екендігіне  өте разымын. Маған сіздің еліңіздің  экономикалық өркендеу қарқыны ұнайды. Қазіргі күні біз сіздердің табысты реформаларыңыздың жемісін көріп отырмыз.  Мен әсіресе Нұрсұлтан Назарбаевқа ядролық қарусыздану саласындағы қызметіне  ерекше ризамын.  Бұл күрделі, алайда  өте дұрыс  шешім болатын,”- [2.12] деп, Қазақстан басшысының  аталған мерзімдегі  сыртқы саясатының  басты бағытын айқындады. Міне осылай Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанның Президенті ретіндегі  ХХ ғасырдың 90- жылдарының басындағы  Кеңес Одағынан енші болып қалған ядролық қарудан арылу, халқымызға қаншама жылдар қасірет әкелген Семей ядролық сынақ алаңын жабу жолындағы нақты қадамдары өз халқы сонымен бірге  бейбітсүйгіш дүние жүзі қауымдастығының оған деген ризашылылық, құрмет сезімін тудырғандығы анық.  Оның атқарған осындай  нақты шаралары  арқылы адамзаттың болашақ дамуының тікелей кепілі  ядролық қарусыз әлемді құрудағы алғашқы игі қадам жасалды.  Яғни “Әлем тарихында  Қазақстан тұңғыш болып  сол жойқын арсеналдың  барлығынан  ерікті түрде бас тартуға шешім қабылдады. Бұл шешім  тәуелсіз Қазақстанның  ғаламшардағы  тұрақтылықты және  қауіпсіздікті  нығайту ісіне  қосқан  абыройлы  үлесі болды.” [4]

  Өркендеу, даму, жасампаздыққа  әр жыл өткен сайын нық қадам, зор сеніммен алға басқан Қазақ елі Президентінің  қазіргі күнгі халықаралық тұрғыдағы іс-қимылдарының  да негізгі бағыты да барша әлемді жойқындығы еселеп артып,  оны иеленушілердің саны да молайып отырған ядролық қаруды пайдалану апатынан құтқару жолдарына арналып отырғандығы белгілі. Осы мақсатты жүзеге  асырудағы Н.Ә.Назарбаевтың қазіргі күнгі ұсыныстары, шақырулары нақты жұмыс жоспарына айналып, әлемдік қауымдастықтан, мемлекеттерден барынша қолдау табуда. 

  Қазақ жерінен  ядролық қарулар аластатылып, сынақ алаңы жабылғанымен  адамзатқа төнген ядролық қарудың  қасіреті  толастаған жоқ. Күнен-күнге қарыштап алға басқан  ғылыми-техникалық жаңалықтардың нәтижесінде аталған қарудың түрлері үнемі дамытылып, оны жеткізу жолдары да жеңілдей түсуде. Атом қаруын космоста пайдалану, онда үстемдік ету мақсатындағы өзара бәсеке де белең алып отырғандығы анық.

  Әлемдегі жекелеген мемлекеттер тарапынан ядролық қарудан аластауға деген ұсыныстар мен шақыруларға керісінше  көзқарас  қалыптасып отырғандығы жасырын емес. Мысалы, ХХІ ғасырдың басынан  Иран, Солтүстік Корея, т.б. мемлекеттерде осы  қаруға ие болу мақсатындағы атқарылып жатқан шаралар белсенділік алып, әлемдік қауымдастыққа алаңдаушылық тудыруда. Ядролық қаруға ұмтылыс, осы арқылы жаһандық тұрғыдағы талаптарын орындатуға әрекет халықаралық ланкестік, ұлтшылдық, т.б. кез-келген мәселені қарудың күшімен шешуге мүдделі  ұйымдар тарапынан екпінділікпен іске асырылуда.  Соңғы мерзімдегі жаппай қырып жоятын  ядролық соғыс қаруларымен қатар  ядролық отынмен  жұмыс істейтін электр станцияларындағы орын алған ақаулардың  көбейе түсуі жағдайды ушықтыра түсуде. Нәтижесінде ядролық қаруды айтпағанда аталған отын түрлерін сақтау, қондырғылардың техникалық сенімділіктерін қамтамасыз ету аса маңызға ие болуда. Адамзаттың денсаулығына, бүкіл табиғатқа  орны толмас зиян әкелетін ядролық ластанудан жер шарын сақтау ХХІ ғасырдың ең келелі күн тәртібіне айналды.  Оның нақты айғағы қазіргі уақыттағы әлемнің барша бөліктеріндегі күннен –күнге өсе түсіп отырған  әлемдік және аймақтық бағыттағы мемлекеттік  ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, қарапайым тұрғындардың  ядролық қаруға қарсы  наразылық шаралары, т.б. әрекеттері болып табылады. Алайда аталған қаруды  өндіру, сынау, тарату, қолдануға қарсы нақты да ықпалды  тосқауыл қойылмай отыр.  Осы тұрғыдағы Н.Ә.Назарбаевтың  атап көрсеткеніндей: “Біріншіден, әзірше  ядролық қаруды  таратпау  режімінің жан-жақтылығына қол жеткізілген жоқ.

  “Жаңа”ядролық және кейбір “табалдырықтағы” елдер тиісті келісімнен шет қалып отыр.

  Екіншіден, екі жыл бұрын АҚШ пен Ресей арасында стратегиялық  шабуыл қаруларын қысқарту үдерісін  жандандырған  Париж келісіміне қол қойылды.

  Алайда, бұл қадам ресми “ядролық клубтың”  қалған елдеріне  үлгі болған жоқ.

   Үшіншіден, ядролық сынақтарға  жаппай тиым салу туралы  келісім күшіне ене алмауда.

  ... Төртіншіден, ядролық энергетиканың  ұлттық бағдарламаларының  дамуын жаһандық  бақылау мәселесі  реттелмеген.

  ... Бесіншіден, өткен жылы Фукусима АЭС-інде болған апат  бүкіл әлемге  бейбіт атом нысандарында  қауіпсіздікті қамтамасыз ету технолдогиясының  артта қалу проблемасын  айғақтап берді.” [5. 2]

  Міне, сондықтан да  бүкіл әлемдегі  бейбітшілікті  қамтамасыз етудегі  нақты  қадамдарымен белгілі болған Н.Ә.Назарбаев  бұл қаруды  жер бетінен  толығымен аластату ісінің  де белсенді  жетекшісіне айналып отыр. 

  Қазақстан Республикасының Президенті-Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы  Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған  салтанатты жиналыста сөйлеген сөзіндегі: “Бүгінде біз ядролық қарусыз әлем үшін бүкіләлемдік қозғалысына басшылық жасаймыз.  Біріккен Ұлттар Ұйымында  лайықты орнымыз бар,” -[1.16]деген анықтама тәуелсіз еліміздің әлемдегі ең келелі халықаралық сасаттағы атқарып отырған қызметін белгілейтіндігі айғақ.

  Елбасының осы бағыттағы өлшеусіз қызметі туралы  АҚШ Президенті  Барак Обама: “Президент  Назарбаев  әлемдегі  ядролық қаруды таратпау және  қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінің  үлгілі жетекшілерінің бірі болып табылады.  Қазақстан  мемлекеттің  ядролық қарудан бас тарта отыра  қауіпсіздігін берік қамтамасыз ету мен экономикалық  өркендеуге жетісе алатындығының жарқын  үлгісі болып табылады.

  Ядролық қарудан  бас тарта отыра қазақстандықтар  аймақтың барлық мемлекеттерінен кепілдік алды,  ал осының өзі  Қазақстанның  аймақтағы ең тұрақты  ел болуына жағдай жасады.

  Ядролық қарудан  бас тарта отыра  Қазақстан мүмкін болар  оқшауланудан елден  халықаралық экономикаға ашық және  шетел капиталын өзіне тартатын елге айналды,”[2.16]- деген сараптама берді.

  Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік ядролық қаруға қарсы сындарлы саясатын барша отандастары қолдап, Елбасының осы өмірлік әлемдік келелі істің басшысына айналып отырғандығына  мақтаныш сезімін білдіруде.

  Елбасы  ядролық қаруға шектеу қою,  оған бақылау орнату, сынақ алаңдарының жұмысын толығымен тоқтату жолындағы өзінің ұсыныстарын, осы бағыттағы  атқарылар іс-қимылдар жоспарын  Біріккен Ұлттар Ұйымы мінбесінен  барша әлемдік, аймақтық  ұйымдар, бірлестіктердің  сахнасынан үнемі қойып келеді.  Бұл мәселе  2010 жылдың желтоқсан айындағы Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ  Саммитінде де барынша талқыланды.

  Негізделуіне Елбасының өзі арқау болып, әсемдігі, асқаралығымен әлемді таңдандырған  Елордамыз  -   Астана қаласы қазіргі күні жоғарыдағы аталған ЕҚЫҰ Саммитімен қатар  аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік, халықтар арасындағы түсіністікті қамтамасыз етуге арналған тағы да басқа  халықаралық жиындардың, мемлекеттер басшылары мен қоғам қайраткерлерінің кездесулерінің орталығына айналды.  Атап айтқанда биылғы жылдың 27-29 тамыз күндері Астана қаласында  белгілі ғалымдар, мемлекет, қоғам  қайраткерлері қатысқан “Ядросыз әлем –Қазақстанның  жаһандық миссиясы” атты Халықаралық конференция ұйымдастырылып, онда әлемді ядролық қарудан аластатудың жолдары талқыланды. Конференцияда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев баяндама жасап, аталған қарудың аадамзатқа әкелер алапатын көрсетіп, оны аластаудың жолдарын ұсынды.  Атап айтқанда ол: “2006 жылдың қыркүйегінде біз аймақтағы басқа елдермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойдық.

  ... Семей полигонының жабылуына байланысты  ядролық қаруды таратпаудың және қарусызданудың  жаһандық үдерісінің жаңа кезеңі басталды.

  ... Қазақстан бірінші болып ядролық сынақтарға  толық және сөзсіз  тиым салу актісін, осыған орай  “ақырет күнінің” қаруын жетілдіруді  тоқтатуды жүзеге асырды.

  БҰҰ-ның шешімі бойынша  осыдан 16 жыл бұрын  ядролық сынақтарды  тыю туралы  келісімге қол қоюға жол ашылды.

  Оған Қазақстан  ең алғашқылардың бірі болып  қол қойды.

  Келісімге қазірдің өзінде 183 мемлекет қосылып, 157-сі оны ратификациялады

  ... Семей полигоны  жабылғаннан кейін  Невададағы, Жаңа Жердегі, Лоб-Нордағы және  Муруродағы аса ірі  полигондар  үнсіз қалды.

  Сондықтан да 29 тамыз  бүкіл әлем үшін  ядролық ақырзаманның  қауіпін  кейінге ысырған  белдеу болып табылады.

  Жылдар  және онжылдықтар  өткен сайын  осы күннің  ерекше маңыздылығын  барлық әлемдік  қоғамдастықтың  сезінуі  арта беретініне сенімдімін.

  ... Ядросыз әлем –ол адамзат ұмтылуға тиіс  біздің ортақ мақсатымыз.

  Тек бірлесе қимылдағанда ғана біз өз әлемімізді қауіпсіз және жақсырақ ете аламыз.

  ...  Бүгінде адамзаттың  ядролық коллапс қатерінде  шексіз үрей кешуден құтыларлық ғаламат мүмкіндігі бар.

  Ол үшін  бүкіл ұлттардың, бүкіл ізгі ниетті адамдардың  күш-жігерлерін бұрын-соңды болмаған жағдайда  біріктірудің маңызы зор!,”[5.2]-деп көрсетіп, ядролық қаруды жоюдағы, сынақ алаңдар жұмысын тоқтатудағы Қазақстанның атқарған істерін саралап, осы маққсаттағы әлемдік атқарылар шаралардың қажеттілігін айқындады. “Осындай жауапты саясаттың  арқасында Қазақстан  ядролық қаруды  таратпау  режімінің  көшбасшысы, басқа мемлекеттер үшін  үлгі болып танылды”[1.2].

  Аталған бағыттағы нақты ісі және ядролық қарусыз аймақты, одан ары әлемді қалыптастырудағы  Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың күн талабынан туып отырған ұсыныстары  Қазақстан халықтарынан ғана емес әлемдік қауымдастықтан оңды қолдау табуда.

  Мысалы, жоғарыдағы көрсетілген Халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Ресей Федерациясы Федералдық  Жиналысы Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко: “Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Орталық Азияны  ядролық қарудан  азат аймақ құруға  шақырған бастамасына  толық қолдау білдіреміз.  Осындай халықаралық деңгейдегі  жиындар біздің елдердің  ядролық сынақтарға  тиым салу  үдерісін  жылдамдатады деген сенімдеміз,” [5.3] – деп көрсетсе,АҚШ Конгресінің мүшесі Эни Фалеомаваеганың-: “2011 жылы  АҚШ Қазақстан Президенті  Нұрсұлтан  Назарбаевтың  осы ерлік қадамының 20 жылдығын атап өтті. Қазақстан Семей ядролық  сынақ полигонын  жабу арқылы айырықша батылдық танытты. ... Осы орайда Қазақстан Президенті  Нұрсұлтан Назарбаевтың  саяси күш-жігерін  ерекше атап өткен жөн.  Білуімше, сол үшін  Қазақстан халқы Елбасын бейбітшілік саласындағы  Нобель сыйлығына ұсыну бастамасын көтерді.  Алайда, осы уақытқа дейін  Нобель комитеті  бұл сыйлықты  тек ядролық полигондарға  инспекция жасаған,  не болмаса, осы салада  ынтымақтастық орнатқаны үшін  беріп келген еді.  Ядролық қаруды  саяси тұрғыда  жойғанына орай, ондай сыйлық  әлі де бірде-бір адамға тағайындалмаған. Сондықтан мен  Қазақстан халқының бастамасына  қосыла отырып,  Нобель комитетін  Нұрсұлтан Назарбаевты  осы атақпен  наградтауға шақырамын,” [5.3] - деген бастамасы  Қазақ елінің Басшысының  Әлемді ядролық апаттан арашалаудағы атқарып отырған қызметіне  нақты  айқындама екендігі белгілі.

  Міне сондықтан да Н.Ә.Назарбаевтың аймақтық және бүкіл дүниежүзі халықтары мен мемлекеттері арасындағы түсіністік, ұғыныстық, барша даулы істер мен шиеленістерді келісімдер негізінде  шешу жолындағы  бастамашылдығы, оларды іске асырудағы нақты да нәтижелі жұмысы келелігімен ерекшеленіп, оңды бағысын алуда.  Осылардың ішіндегі Елбасының ядролық қаруды толығымен және де мәңгілікке жою жолындағы  өзіне дейін ешкім атқара алмаған  еңбегіне  барша адамзаттан, болашақ ұрпақтан ризашылық сезімі туатындығына ешқандай күмән болмайтындығы қазірдің өзінде айқындалып отырғандығы ақиқат.  Олай болатын болса Н.Ә.Назарбаевты “ХХ ғасырдың соңы –ХХІ ғасырдың басындағы әлемдік тұрғыдағы  бейбітшілік  ісіне зор үлес қосушы  аса көрнекті саяси және мемлекет  қайраткер”  деп есептеуге толық негіз бар.

 

Қарасаев Ғани Мұқашұлы - т.ғ.д., Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері 

  ӘДЕБИЕТТЕР

  1. “Қазақстан - 2050 Стратегиясы” – қалыптасқан мемлекеттің  жаңа саяси бағыты.- Қазақстан  Республикасының Президенті – Елбасы  Н.Ә. Назарбаевтың  Қазақстан халқына Жолдауы.-//Егемен Қазақстан, №828-831 (27902), 15 желтоқсан, сенбі 2012, 8  б.

  2. “Мир о  Нурсултане Назарбаеве”/ Под редакцией профессора  Б.Г.Аягана.-Астана,

  2010, С.230 

  3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Тәуелсіздігінің  жиырма жылдығы Декларациясы.- //Ақиқат, №1, 2012,  6-9 бб. 

  4. Нұрсұлтан Назарбаев. Ғаламдық қоғамдастықты  түбегейлі жаңарту стратегиясы  және  өркениеттер серіктестігі.-Астана: АРКО ЖШС, 2009, 185 б

  5. “Ядросыз әлем – Қазақстанның жаһандық  миссиясы”. Қазақстан Республикасының Президенті  Н.Ә.Назарбаевтың  “Ядролық  сынақтарға  тиым салудан  -  ядролық қарусыз әлемге” атты  Халықаралық конференцияда  сөйлеген сөзі және “Қарусызданудың  жаһандық жаңа кезеңі Семей полигонын жабудан  басталады” атты коференцияға қатысушылардың талқылауы -// Егемен Қазақстан. - №570-571 (27644), 30 тамыз 2012, 1-5 бб. 


Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз