Қазақ хандығы құрылып, нығайғаннан кейінгі жылдары хандар мен сұлтандар сарайында оларға қызмет ететін арнайы дәрежедегі (статустағы) адамдар тобы пайда болды. Бұл әлеуметтік қауым - Төлеңгіттер деп аталды. Хан мен сұлтандардың төлеңгіттерінің атқарған қызметтері өте ауқымды болды. Мысалы, олар хан мен сұлтандардың жеке бастарын қорғады; зекет, соғым және басқа да алым-салықтар жинады; сот биліктерін орындады; хан мен сұлтандар сарайларын қорғады; елшілік қызмет атқарды; сонымен бірге хан әскерінің негізгі бөлігі төлеңгіттерден тұрды. Егер қазіргі заман тілімен айтсақ, төлеңгіттерді - сол заманда мемлекеттік қызметкерлер дәрежесінде болды дегеніміз дұрыс болар еді. Өйткені, олар мемлекетке, яғни, қазақ хандығына және мемлекет басшысына немесе хандарға қызмет етті.
Осы жерде хандар мен сұлтандар айналасына төлеңгіттер қалай топталды деген сұрақ туады. Деректерге жүгінсек, олар хан сарайына негізінен мынадай жолдармен жинақталған.
1. Хандар мен сұлтандардың әскерін құрайтын, олардың сарайы мен жеке бастарын қорғайтын, алым-салық жинап, елшілік қызмет атқаратын адамдар сайдың тасындай мықты, ержүрек, қайратты да қажырлы адамдар болуы керек еді. Мұндай адамдар әртүрлі рудан таңдап алынды. Сол Хан сарайына әр рудан жинақталған осындай адамдар - төлеңгіттер деп аталды. Тарихшы-ғалым Е. Бекмахановтың пікірінше “Төлеңгіт” деген сөз қазақ сөзі емес, ол Алтай қалмақтарының “Теленгет” деген сөзінен алынған [1] (бұл жерде Е. Бекмаханов айтып отырған Алтай қалмақтары, филолог-ғалым С. Аманжоловтың Алтайлық түріктер немесе қалмақтары да, сол сияқты Шәкәрім Құдайбердиевтің “тау қалмақтары” да, сайып келгенде осы өңірде ертеректе өмір сүрген Теленгет (қазақша-төлеңгіт) этносы екендігінде күмән жоқ - А.Ш). Төлеңгіттер енді өздері қызмет ететін хан мен сұлтандардың таңбасын алды. Хандар мен сұлтандардың сарайларында қызмет ететін Төлеңгіттердің бұрынғы руына қайтып оралуына құлқы да болмады.
Төлеңгіттердің хан сарайында топтастырылуында Абылай ханның рөлі ерекше болғандығын атап айтқан жөн. Абылай ханның сарайын қорғаушы Төлеңгіттердің саны өте көп болған. Төлеңгіттер Абылай хан сарайында ұлан (гвардия) қызметін атқарған. Бұл жерде айта кететін бір жай - хан Абылай тек Арғын руының өзінен 1000-дай жігіттерді хан сарайына Төлеңгіт қызметіне алған. Қазіргі кездегі Қазақстандағы Найман төлеңгіті, Албан төлеңгіті, Үйсін төлеңгіті, Керей, Жалайыр төлеңгіті дегендердің арғы бабалары сол аталған рулардан таңдап алынғандар болса керек.
2. 2004 жылы Орал қаласынан басылып шыққан «Төлеңгіттер тарихынан тәбәрік» атты кітапта (авторлары - М. Кенжеғалиев және Т. Әліпқали) елдегі әнші, палуан, мерген, зергер, тігінші және басқа да өнерлі отбасыларын хан-сұлтандар өз сарайларына көшіріп алып, Төлеңгіттер қатарына қосқан-деп көрсетілген [2]. Біздіңше Төлеңгіттердің құралуына байланысты мәселеде бұл пікірді де жоққа шығаруға болмайды. Себебі, хан сарайының даңқын көтеру үшін ондай өнерлі адамдар әр уақытта да керек болған. Жұртшылыққа белгілі Төлегеннің серігі төлеңгіт Шеге Базарбай сарай ақыны болған.
3. Сонымен бірге өз ауылдарында әр-түрлі себептермен бұдан былай тұра алмайтын жағдайға келген, мысалы, қыз алып қашқан, қанды кекке душар болған жігіттер хан-сұлтандардың сарайын паналап, Төлеңгіттердің қатарын толықтыруы да әбден мүмкін болды. Қазақтар «...жазаға тартылудан сақтанып сұлтанның...қолтығының астына кіреді» [3].
4. Төлеңгіттердің бөлігі жаугершілік заманда тұтқынға түскендер еді. Олар «… негізінен жаугерлік замандарда сырт елдерге жорық жасау барысында қолға түсіп, билеушілердің жеке иелігіне берілген соғыс тұтқындарынан тұрады» [4]. Осыдан келіп Қалмақ төлеңгіті, Қарақалпақ төлеңгіті, Қырғыз-төлеңгіт, Сарт-төлеңгіт, Түрікпен-төлеңгіт деген атаулар пайда болған. Мысалы, алтайлық түріктер немесе қалмақтар XVIII ғасырда Қазақстанда Қалмақ төлеңгіттерінің негізін құраған. Олар негізінен қазақ - жоңғар соғыстарында қолға түскен тұтқындар еді.
XVIII ғасырдың II жартысында (әсіресе 50-70 жылдарда) хандар мен сұлтандардың айналасында Төлеңгіттер саны мейлінше көбейген. Біздіңше оның басты 2 түрлі жолы болды. Біріншіден жоңғарлармен соғыс әскер қатарын төлеңгіттермен толықтыруды қажет етті. Сондықтан әр рудан жігіттер жиналды. Екіншіден, соғыста қолға түскендер төлеңгіттер қатарын көбейтті.
Осы жерде Төлеңгіттердің ешқашан да құл болмағандығын және ешуақытта да құл қызметін атқармағандығын айтуға тиіспіз. Тарихшы А.И. Левшин, былай деп жазады: “Мы не состовляем особых классов из Толенгутов или прислужников ханских или невольников. Первые принадлежат вообще к простому народу, и пользуются одинаковыми с ними правами» [5]. Төлеңгіттердің өз ырқымен басқа қожайынға бөлініп кетуіне немесе ешкімге де тәуелді болмай бөлек көшуге құқығы бар”, - деп жазады Е. Бекмаханов [6].
Сонымен бірге Төлеңгіттер ешуақытта, ешкімге алым-салық төлемеген.
Төлеңгіттердің жері туралы айтатын болсақ, хан-сұлтандардың қарамағында көшіп жүретін болғандықтан, олардың өз жері болмаған. Қисықов деген Төлеңгіт «Қыстау Жасқұс құмында, сұлтан Дәулеткерей Шығаевтің жерінде,» – дейді [7]. Бірақ Төлеңгіттердің өз малдары болған және ол малдарға төрелердің таңбалары басылған. Сондықтан да Төрелер мен Төлеңгіттердің таңбалары бірдей.
Төлеңгіттер атқарған қызметтердің ішінен елшілік қызметті ерекше атағанымыз жөн. Мысалы, 1730 жылы Әбілқайыр ханның Кіші жүздің Ресейдің құрамына өз еркімен қосылуы туралы өтінішін Петербургке алып барған елшілік құрамында Бақбек деген Төлеңгіт болған. Сол сияқты Орта жүз ханы Семеке 1732 жылы Орта жүздің Ресей құрамына өз еркімен қосылуы туралы Петербургке жіберген елшілік құрамында да Қашақ есімді Төлеңгіт болған. 1748 жылы Тевкелев Орскіге келген кезде губернатор И.И. Неплюев пен Әбілқайыр ханды келістіру мақсатында жүргізілген келіссөздердің басы-қасында да Төлеңгіттер жүрген.
1757 жылы сұлтан Жәнібек Петербург қаласына сапар шеккен кезде орыс үкіметі олардың жолына ақша төлеген.Мысалы сұлтанға күніне - 50 тиын, старшинаға - 20 тиын, төлеңгіттерге - 10 тиын, тілмаштарға - 5 тиын, ал солдаттарға 3-ақ тиын төлеген. Осының өзі Төлеңгіттердің хан сарайындағы алатын орнын анық көрсетіп береді [8].
Нұралы ханның Ресейдегі аманатта жүрген балаларының жанында да Төлеңгіттер болған. 1791 жылы Орынбордың әскери губернаторы А. Пэутлинг Кіші жүзде хан билігін қайта орнатып Ералыны хан етіп тағайындағаннан кейін батыр Сырым Датұлының А. Пэутлингке жазған хатын алып бара жатып, кең далалықта ұсталған қазақ жігіті, өзін Шералы сұлтанның Төлеңгітімін деп таныстырған.
«... қазақ хандығының қарулы күштерінің біршама тұрақты бөлігі хандар мен сұлтандардың ордасымен бірге көшіп-қонып жүретін, оларға тәуелді төлеңгіттерден жиналған» [9]. Бұл жағдай әсіресе Кенесары ханның сарайында анық байқалады. Көтеріліс барысында Кенесары хан төлеңгіттерді әскери күш ретінде пайдаланған. Мысалы, Е. Бекмахановтың жазуынша «Кенесары өз туы астында топтасқан туыстары, батырлары, төлеңгіттері арқылы күллі қазақ даласына үндеу таратқан». Соның нәтижесінде Кенесарыға қосылған көтерілісшілердің саны 20 мыңға жеткен. Мұнда Төлеңгіттер негізінен әскери жасақшы қызметін атқарған. «Тіпті, көтеріліске қосылған кейбір жеке қазақ рулары өздерін Кенесары төлеңгіттеріміз деп атады. Бұның өзі, уақытша болса да төлеңгіттердің әскери күш ретінде беделінің өскендігін көрсетеді» [10].
Жалпы, Кенесары хан Төлеңгіттердің құқығын барынша күшейткен. Хандықтағы маңызды тапсырмаларды «Кеңесары эмиссарлары» - Төлеңгіттер орындайтын болған. «Төлеңгіт Алданазар Жанитаев былай дейді: Кенесары ханның Төлеңгіті болғандықтан, мен кімнің үйі болмасын, кедергісіз қонып, керек кезінде көлікті де пайдалана алдым» [11].
Кенесары хан мал шаруашылығымен айналысатын аумақта «зекет», ал егіншілерден «ұшыр» деп аталатын салық жинады. Жиналған зекет негізінен әскер қажетін өтеуге пайдаланылды. Кенесары зекетті киім, қару-жарақ, ер-тұрман және мал түрінде жинаттырды. Е. Бекмаханов былай деп жазады: «Жаппас руының қазағы Иманқұл Сарыбаев Орынбор Шекара комиссиясына берген көрсетуінде, өзінің арғын руында болған кезде, Кенесарының 130 төлеңгіті Әр ауылдан 1 жылқы, 1 шапаннан зекет жинауға келгенін хабарлайды» [12].
Тарихшы ғалым И. Кенжалиевтің көрсетуінше 1836-1837 жылдарда Бөкей ордасында халық батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілісшілер құрамында да Төлеңгіттер болған.
Осының өзі Төлеңгіт деп аталатын әлеуметтік қауымның қазақ халқының әлеуметтік теңдігі жолындағы күреске өзіндік дәрежеде үлес қосқандығын байқатады.
Қорыта айтқанда, қазақ халқындағы Төлеңгіттер деп аталатын әлеуметтік қауым әртүрлі қазақ руларынан және жаугершілік заманда қолға түскен басқа да халықтардың өкілдерінен құралған. Олар Төрелерге, яғни Шыңғысхан ұрпақтарына адал қызмет еткен мемлекеттік қызметкерлер.
Бөкей Ордасында Төлеңгіт руының қалыптасуы туралы
XVIII ғ. соңы мен XIX ғ. алғашқы ширегінде хан мен сұлтандар сарайындағы Төлеңгіттер ру болып біріге бастады. Олардың руға бірігуінің басты себептері: біріншіден хан билігінің әлсіреуі болса, екіншіден XIX ғасырдың I ширегінің соңында хан билігінің мүлде жойылуы болды.
1822 және 1824 жылдары Орта жүз бен Кіші жүзде хандық билік жойылды. Бұл жағдайдың хандар мен сұлтандардың айналасындағы төлеңгіттерге тигізген әсері зор болды. Енді хандардың болмауына байланысты оларға қызмет ететін төлеңгіттердің де керегі болмай қалды. Ал сұлтандар болса оларға да әртүрлі рулардан адамдар жинап, Төлеңгіттердің санын көбейтудің қажеттігі жоқ еді. Сонда, бұрынғы хан-сұлтандардың қарамағындағы Төлеңгіттер болашақта не істемек? Ғасырлар бойы хандар мен сұлтандардың сарайында өмір сүріп, қызмет етіп, еш руға қосылмай Төре таңбасын иеленіп келе жатқан әлеуметтік топ ретінде енді оларға өзара бірігіп, ру болып қалыптасудан басқа жол қалмады. Әрине, төлеңгіттердің ру болып құралуы ұзақ жылдарды қамтыған процесс болды. Ол кем дегенде XIX ғасырдың орта тұсына дейін созылды. Себебі, бұл мезгілде Қазақстанның барлық аумағында хандық билік толық жойылған еді. Соның ішінде Бөкей хандығы да, Кенесары құрған хандық та өмір сүруін тоқтатқан болатын. Осылайша, хандық биліктің біржола жойылуы Қазақстанда жаңа-Төлеңгіт руының қалыптасуын тездетті. Бір кезде хандық болған жердің бәрінде Төлеңгіттер ру болып бірікті. Қазақстанның қай аумағында болмасын Төлеңгіт руының кездесетіндігі сондықтан.
Төлеңгіт деген атаудың өзі XIII ғасырға дейін Алтай тауы аймағында өмір сүрген «Теленгит» деген ұлыстан бастау алады дегеніміз дұрыс болады. Теленгиттер Шыңғысхан империясының қарамағына кіргеннен кейін, негізінен моңғол ақсүйектерінің сарайын қорғап, жасауыл қызметінде болды. Бара-бара Теленгиттер атқаратын қызметтердің ауқымы кеңейе түсті. Кейін Шыңғыс ханның ел билеген ұрпақтары, оның ішінде қазақ хандары да Төлеңгіттерді (Теленгиттерді) Шыңғысхан кезіндегідей сарайды қорғау, алым-салық жинау, әскери жасақ және т.б қызметтер атқаруға пайдаланды. Осылайша қазақ хандығында жоғарыда аталған қызметтерді атқаратындарды Төлеңгіт деп атау қалыпқа енді. Бұл жағдай хан, сұлтан ордаларында XIX ғасырға дейін, яғни қазақ жерінде хандық билік жойылғанға дейін сақталды. Қазақ хандығына қызмет еткен Төлеңгіттердің аты кейін қазақ хандығы ыдыраған кезде олардың өздері құрған руға берілді. Осылайша, XIX ғасырдың алғашқы ширегінде Төлеңгіт руы қалыптасты.
Осы жерде ерекше атап өтетін бір жағдай - Қазақстанның қай аумағында болмасын Төлеңгіт руы адамдарының өзара қыз алыспауы. Бұл руластығы болмаса, туыстығы жоқ барлық Төлеңгіттерге ортақ қасиет. Кейбір ауызша айтылған әңгімелерге қарағанда бұл дәстүрді кезінде Қарабай сұлтан қалыптастырған. Бұл дәстүр кешегі ру сұрастырмаған Кеңес өкіметі тұсында азды - көпті бұзылғаны болмаса, негізінен күні бүгінге дейін сақталып келеді деп айтуға болады.
Кезінде Абылай ханның маңайында мыңнан аса Төлеңгіттер болғандығы туралы дерек бар. Абылай хан Төлеңгіттерінің басым көпшілігі Арғын руынан болғандығы туралы жиі айтылады. XVIII ғасырдың 80 жылдарында, Абылай хан қайтыс болғаннан кейін сол Төлеңгіттердің біразы Нұралы ханға өткен. Яғни Төлеңгіттер Кіші жүзге топтала бастаған. Біздің пікірімізше, Төлеңгіттердің руға біріге бастауы Нұралы ханның Кіші жүзді тастап кетуінен, яғни XVIII - ғасырдың 80-жылдарының орта кезінен басталады. Өйткені, Нұралыдан кейін Кіші жүзде хандық билік мейлінше әлсіреді. Осындай жағдайда Кіші жүз Төлеңгіттеріне ру болып бірігуден басқа жол жоқ еді.
XVIII - ғасырдың соңғы 20-жылында Кіші жүзде әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай мейлінше шиеленісті. Мұның Төлеңгіттерге әсері тимей қалған жоқ. Бірде тарқап, бірде қайта құрылған хандық билікке арқа сүйеудің өзі аса сенімсіз бола бастады. Өйткені, бүгін бар, ертең жоқ хандық билікке сенім арту қиын еді. Оның үстіне Төлеңгіттердің хан-сұлтандарға қажеттілігі бұрынғыдан әлде қайда кеміген болатын. Міне, осындай жағдайда Төлеңгіттерді құтқарар жол-олардың ру болып бірігуі болды.
Енді Қазақстанның европалық бөлігіндегі немесе қазіргі Батыс Қазақстан және Атырау облыстары аумағындағы Төлеңгіттер туралы әңгіме қозғайық.
Кіші жүздегі хандық Кеңестік төрағасы Бөкей сұлтан Нұралыұлы 1801 жылы наурыз айында император І-Павелден Еділ мен Жайық өзендерінің аралығындағы 1771 жылға дейін қалмақтар жайлаған жерлерді қоныстануға рұхсат алды. Енді бұл аумақ Ішкі Орда деп, ал 1812 жылы сұлтан Бөкейге хан мәртебесі берілгеннен кейін, Ішкі Орда - Бөкей Ордасы немесе Бөкей хандығы деп аталатын болды.
Бөкей сұлтанның Нарын құмы мен Үлкен және Кіші өзендерге көз тігу себептерінің бірі - Кіші жүздегі күйзелген шаруаларды осы жерлерге орналастыру болатын. Патша рұхсат бергеннен кейін ағайынды Бөкей және Шығай сұлтандар басқарған қазақ шаруалары Жайық өзенінен өтіп, Еділ мен Жайық өзендерінің аралығындағы бос жерлерге қоныстана бастады. Жаңа жерге қоныстанып жатқан Кіші жүзге қарайтын рулардың ішінде жаңадан ру болып қалыптасып жатқан Төлеңгіттер де болды. Кейбір кітаптарда Бөкей сұлтанмен бірге Жайықтан аз ғана Төлеңгіт өтіпті деп жазылған. Алайда, ХІХ ғасырдың орта кезінде Бөкей ордасында Төлеңгіт руына кіретін үйлер саны 500-ден асқан, ал ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Бөкей Ордасы аумағында 1000 шаңырақтай Төлеңгіт болған [13]. Аз Төлеңгіттердің хан мен сұлтандардың маңайында болуы мүмкін болса, олардың саны көбейген кезде Төлеңгіттер руға бірігіп, хан-сұлтандардан бөлек қоныстана бастаған. Хандар Бөкей де, Жәңгір де Төлеңгіттерге жер беріп, олардың ру болып қалыптасып, дамуына жағдай жасаған. Әсіресе хан Жәңгір XIX ғасырдың 20-жылдарының II жартысынан бастап, жерді жеке меншікке бере бастаған кезде Төлеңгіт руы да өздеріне тиесілі жер алған және олар сол отырған жерлеріне қарай атала бастаған. Мысалы, Ұялы төлеңгіті, Сасықтау немесе Қойқын төлеңгіті және тағы басқалары.
Біздің пікірімізше, қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының еуропалық бөлігінде ру болып қалыптасқан төлеңгіттерді жалпы алғанда Бөкейлік төлеңгіттер деп атағанымыз дұрыс болады. Себебі, олар Бөкей ордасында ру болып қалыптасты. Бірақ сол Бөкей ордасында қалыптасқан Төлеңгіттердің арғы тегі Орта жүз бен Кіші жүзден шығады. Яғни, олардың арғы тегі бір кездегі Абылхайыр ханның, Абылай ханның, Нұралы ханның төлеңгіттері. Орта жүз бен Кіші жүзде хандық мемлекеттің жойылуына байланысты өздері жеке ру болып қалыптаса бастаған Төлеңгіттердің үлкен тобы ХІХ ғасырдың басында Бөкей хандығына көшіп келіп, өз болашақтарын Бөкей, Жәңгір хандармен байланыстырды. А. Харузин «О родовом устроистве киргизов Букеевской орды» деп аталатын мақаласында: «Төлеңгіт руы Бөкей ордасы құрылу барысында қалыптасты» - деп жазған [14]. Осылайша, XIX ғасырдың алғашқы ширегінде Төлеңгіт деген ру біржола қалыптасты. Орынбор шекара комиссиясының асессоры А.Д. Кузнецовтың 1825 жылы мамыр айында құрастырған есебі бойынша Бөкей ордасындағы Төлеңгіт руында 300 үй, 1200 жан, 1100 түйе, 3000 жылқы, 3600 сиыр, 26 мың қой болған [15].
Зерттеуші А.К. Харузин 1895 жылы «Этнографическое обозрение» деп аталатын журналдың №3 санында жариялаған «К вопросу о происхождений Киргизского народа» деген мақаласында Бөкей ордасындағы Төлеңгіт руын 7 бөлімге бөледі.
1) Төре, 2)Қалмақ, 3)Ұялы, 4)Дуан, 5)Торанқұл, 6)Астаусалған, 7) Сасықтау-Қойқын [16].
Қазіргі мезгілде бұл Төлеңгіттер негізінен, Батыс Қазақстан облысында тұрады. Сонымен бірге Атырау облысында да Төлеңгіт руының көптеген бөлімдері бар. Олар 1-Төре, 2-Қалмақ, 3-Теңізбай, 4-Анда, 5-Тұрымтай, 6-Қалыбай, 7-Қырғызақ, 8-Алдасай, 9-Тоғым, 10 Ноғай және басқалары.
Мінеки, жалпы алғанда Бөкейлік Төлеңгіттер деген осылар. Дегенмен, осы Бөкейлік Төлеңгіттердің бәрін қосып 2-ге бөліп қарастырған дұрысқа келеді деп ойлаймыз. Олар 1-Төре төлеңгіті, 2-Қалмақ төлеңгіті.
Төре төлеңгіті дегеніміз жоғарыда аталып өткен қазақ төлеңгіті немесе хан-сұлтандардың сарайына әр рудан жинақталып төре таңбасын алғандар. Қалмақ төлеңгіті негізінен, Жоңғарлармен соғыста қолға түскендер, немесе Еділ мен Жайық өзендерінің аралығын 1771 жылға дейін мекендеген және қазақтармен өзара соғысып тұрған қалмақтардан тұтқынға түскендер. Осылардан кейін Қалмақ төлеңгіттері қалыптасқан.
1-Төре төлеңгіттері. Төре төлеңгіттерінің әржағы Орта жүзге жатады. Тарихи деректерден Абылайхан төлеңгіттерінің басым көпшілігі Арғын руына жатқаны белгілі. XVIII ғасырдың 80 жылдарында сол Абылайхан төлеңгіттерінің біразы Кіші жүзге -Нұралы ханға өткен. Ал оның баласы Бөкей сұлтан Кіші Ордаға хан болған кезде Нұралы ханның төлеңгіттері Жайықтан өтіп, Бөкей ханның қарамағына келген. Бұл төлеңгіттер Бөкей мен Жәңгірден жер алып осы хандық аумағында мәңгі қалған. Ішкі орданың негізін қалаушы Бөкейдің өзі де Төлеңгіт руының қызына үйленген [17]. Жалпы алғанда, мұндағы Төлеңгіттерді Бөкейлік Төре төлеңгіттер деп атаған дұрыс болады. Өйткені, ру болып қалыптасқанға дейін олардың ата-бабалары Төрелерге қызмет етіп солардың таңбасын алды. Бөкейлік Төре төлеңгіттер қазіргі мезгілде негізінен, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының европалық бөлігінде Маңғыстауда және Ресейдің Астрахань, Волгоград облыстарында тұрады.
Енді Бөкейлік Төре төлеңгіттерінің кейбір бөлімдеріне қысқаша тоқталсақ...
1.Қарабай төлеңгіті немесе Сасықтау (Қойқын) төлеңгіттері. Бұлардың арғы тегі Арғын руы болып табылады. Аңыз бойынша Абылай хан тұсында (біздіңше Әбілхайыр хан тұсында-автор) Арғын руының Бақы (Бақыт) деген биі болған. Бақы бидің Андақұл, Тәжік, Көкебай, Шыбынтай, Нияз, Темір деген балалары болған. Нияз Әбілхайыр ханның қоластында Орта жүз әскерлерінің құрамында жоңғарлармен соғыста үлкен ерлік көрсеткен. Кейін ол хан тұқымының қызына үйленіп, Төре Төлеңгітіне айналады, хан таңбасын алады. Нияздың Қырғызақ, Алдасай деген балалары болған, сонымен бірге ол жорықта қаза тапқан ағасы Шыбынтайдың Қалыбай, Сәдібек деген балаларын өз балаларындай тәрбиелеп өсіреді. Кейін олар Нұралы ханның Қарабай атты сұлтанының қарамағына өтеді. Қарабай төре-Кіші жүздегі Қайып сұлтанның інісі, Арал теңізінің жағалауындағы қазақтардың билеушісі Батырханның ұлы. Сонымен бірге Қарабай сұлтан Нұралы ханның күйеу баласы деген деректер бар. Ол Жайықтың шығысында 1785-1790 жылдары сұлтандық қызмет атқарған. XVIII ғасырдың соңында Қарабай сұлтанның төлеңгіттері Бөкей сұлтанның маңайына топтасады. 1801 жылы Бөкей сұлтанмен бірге Жайықтан өткен алғашқы Төлеңгіттер де осы Қарабай төлеңгіттері болады. 1810 жылы Қарабай сұлтан өз төлеңгіттерімен Бөкей ордасына өткен [18]. Олар Сасықтау деген жерге қоныстанады. Олардың Сасықтау (Қойқын) төлеңгіттері деп аталуы сондықтан. Қарабай немесе Сасықтау төлеңгіттері Төре таңбасын алғандықтан, оларды Төре төлеңгіттері деп те атайды [19]. Осылайша Кіші жүздегі Қарабай төлеңгіті - Бөкейліктегі Сасықтау немесе Қойқын төлеңгіті болып табылады.
Сонымен Төре таңбасын алып Төлеңгіт болған Нияздың ұлдары Қырғызақ, Алдасай, ағасы Шыбынтайдың ұлдары Қалыбай, Сәдібек және інісі Темірден туған Шеркешбай Төре төлеңгітінің ішіндегі Қарабай сұлтан төлеңгітіне жатады. Кәзіргі мезгілде Қырғызақ, Алдасай, Қалыбай, Сәдібек және Шеркешбайдан тарағандардың өзі Төлеңгіт руының үлкен бөлімі. Олардың көпшілігі Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының европалық бөлігіне мекендейді. Ал біраз Қырғызақтар Еділ өзенінің төменгі салаларында тұрады.
Сонымен бірге Атырау облысының Европалық бөлігінде тұратын Анда,Алдасай,Теңізбай,Тұрымтай,Тоғым,Қалыбай,Сәдібек,Қырғызақ,
Алдасай,Шеркешбай және басқа да төлеңгіттерде Төре төлеңгіттері болып табылады дегеніміз дұрыс болады.
2-Қалмақ төлеңгіті. Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың 3 жүзден құралған барлық қазақ әскерлерін басқарып, 1829-1830 жылдары жоңғарларды Жетісудан Алтайға дейін ығыстырып, «Аңырақай» деген жерде оларды тас-талқан қылып жеңгені тарихтан белгілі. Ауызша айтылған аңыз бойынша сол шайқаста Әбілхайыр хан жоңғарлардың Торғауыт тайпасынан шыққан хан тұқымы Бегінің 6 баласын өлтіртпей,өсіріп,өзіне төлеңгіті етіп қалдырады. Оларға жер бөлініп, Төре таңбасы беріледі және олар бұдан былай Қалмақ төлеңгіттері деп аталатын болады. Қалмақ төлеңгітінің ұраны -Алтай, таңбасы-тұтқа . Қалмақ төлеңгіттері Әбілхайыр ханға, кейін Нұралы ханға адал қызмет еткен. Нұралы ханның көптеген төлеңгіттері Бөкейханның қарамағына - Бөкей ордасына көшкен кезде, солардың ішіне Қалмақ төлеңгіттері де болады. Бөкейлік төлеңгіттерді жерге орналастырылғанда Қамыс-Самар көлдерінің жағалауы Қалмақ төлеңгіттерінің меншігіне беріледі. Кейде Қалмақ төлеңгіттерінің Самар төлеңгіттері деп аталу себебі сондықтан.Сонымен бірге 1771 жылға дейін Еділ мен Жайық өзендерінің аралығын жайлаған қалмақтар мен қазақтар арасында болған жаугершілік салдарынан біраз қалмақтардың қазақтарға тұтқынға түскені белгілі.Осы тұтқын қалмақтардан кейін қалмақ төлеңгіті қалыптасуы мүмкін екендігін де жоққа шығаруа болмайды.Мінеки арғы тегі жоңғарлар болып табылатын кейін қазақ хандарына адал қызмет еткен Қалмақ Төлеңгіттері туралы аңыз-әңгімелердің жай-жапсары осындай.
Біз құрылғанына әлі де екі ғасыр бола қоймаған Қазақстандағы ең жас ру - Төлеңгіт руының қалыптасу себептеріне және ол рудың біздің еліміздің европалық бөлігіне қалайша орналасқаны туралы өз пікірімізді білдірдік. Біздің бұл пікіріміз сөз жоқ, әлі де толықтырыла түседі. Оның солай болатындығына біз күмәнданбаймыз да. Болашақта қалың жұртшылықтың пікірлері негізінде Төлеңгіт руы туралы ғылыми негізделген толыққанды еңбек жарық көретініне кәміл сенеміз.
Амангелді Шамғонов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Бекмаханов Е. Қазақстан 19 ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы, 1994.- 112 б.
2. Кенжеғалиев М. Әліпқали Т. Төлеңгіттер тарихынан тәбәрік. - Орал, 2004. - 43б.
3. Бекмаханов Е. Қазақстан 19 ғасырдың 20- 40 жылдарында. – Алматы, 1994. -114 б.
4. Қазақстан: Ұлттық энциклопедиясы. - А.,2006. - 8 Т., - 471 б.
5. Левшин.А.И Описание киргиз-казачих или киргизских орд и степей. - Алматы: Санат, 1996. – 292 б.
6. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы, 1994. -114 б.
7. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы, 1994.- 114б.
8. «Алаш» тарихи-этнологиялық журналы.- 2009.- №1.- 67б.
9. Мыңжан Н. Қазақтың қысқаша тарихы. - А., 1994. - 317 б.
10. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы, 1994. - 228-273 бб.
11. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. – Алматы. -1994. - 362 б.
12. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. –Алматы, 1994. - 369 б.
13. «Алаш» тарихи-этнологиялық журналы. – 2008. - №3. – 70б.
14. «Алаш» тарихи-этнологиялық журналы. - 2008. - №3. – 69б.
15. ҚР ОММ,4 қор,1 тізімдеме,5440-іс,56-57 парақтар.
16. Харузин А.К.К вопросу о произхождений киргизкого народа. Этнографическое обозрание,1895. - №3. - с. 49-92.
17. Сүйінов С.Бөкей Ордасы. - А, 2000. – 60 б.
18. История Букеевского ханства (1801-1852 гг.) - А, 2002. – с.7.
19. Ахметов К., Тоқсанов Б., Атаев А. Бөкейлік төлеңгіттер. - Орал, 2006. – 53 б.