Күдеріқожа Көшекұлы 1820 жылы Қызылорда облысы, Сырдария
ауданы (бұрынғы Тереңөзек) Шіркейлі ауылында дүниеге келіп, 1858 жылы Қарағанды
облысы, Қарқаралы ауданының «Салқынды бұлақ» елді мекенінде дүниеден озған. ХІХ
ғасырдың отызыншы жылдары Орталық Қазақстан жеріне, Қарқаралы тауына көшіп
барады. Діни сауатты Күдеріқожа Көшекұлының қоныс аударуының басты себебі –
бала оқыту, ислам қағидаларын насихаттау болды. Күдеріқожа Көшекұлының ақындық
дарыны оның тектілігімен түсіндіріледі. Тарихта Дуана Қожа деген аптен бізге
жеткен –Мәдіқожадан Қылыш, одан Көшек батыр, одан Күдері мен Таспа туады.
Ағайынды екеуі де өз заманының белгілі ақындары болған.
Күдеріқожа Көшекұлының бізге жеткен әдеби мұралары көп емес. Оның алғашқы жинаушысы – М.О.Әуезов. Ол Ташкенттегі Орта Азия университетінде (1922 жылы) оқып жүргенде «Таң» журналының 1925 жылғы №4 санында «Күдеріқожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны» - деген атпен «жинап бастырған Мұхтар», - деп қол қойып шығартады.
Аталған өлеңді қазақтың ақын қызы Мариям Хакімжанова «Таң» журналында араб әрпімен басылған шығарманы латынша әріппен көшіріп, отызыншы жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының қолжазбалар қорына өткізеді. Қолжазбалар қорының – Қ.459 №2 бумасында профессор Сұлтанғали Садырбайұлының дерегі бойынша «Күдеріқожаның Абылайға айтқаны» және «Қарқаралы тауымен қоштасқаны» туралы екі өлең сақталған (Қазақ әдебиеті, №31,5 тамыз, 1997ж).
1925 жылы «Таң» журналында жарияланған «Күдеріқожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны» деген өлеңі халық әдебиетінің (жермен) қоштасу жанрына жатады. Қоштасу өлеңдері бірнеше түрге бөлінеді: туған жермен, ата-анамен, ағайын-туыстармен, өткен өмірімен және қолы жете алмаған махаббатпен, сұңқар құсымен, өнерімен қоштасу. Мұндай мұңлы өлең-жырларда адамның шарасыздығы, еріксіздігі, жалғыздығы, қара күштің қысымынан қорлануы, жәбірленуі айтылады. Әсіресе, жермен қошатус тақырыбына айтылатын өлең-жырлардың тарихи сипаты – бірінші орында тұрады.
Біз білетін бұл өлеңнің үш түрлі нұсқасы бар. Олар – 1925 жылы «Таң» журналында жазушы М.О.Әуезов жариялаған бірінші нұсқа және әр жылдарда, әр жинақта жарияланған екінші нұсқа, ал үшінші нұсқа еш жерде жарияланбаған жоғарыда біз көрсеткен қолжазба тұр.
Аталған үш нұсқаның, жалпы тақырыбы бірдей: жан-жағымызды жау қоршады, енді белгісіз басқа жаққа көшу керек, сұлу Сарыарқа, Қарқаралы тауы қош-қош дейді. Ал, өлеңнің ішкі ұйқас, ырғағында аздап ала-құлалық байқалады. Бұрын баспасөзде жарияланбаған нұсқада ру араздығы көп айтылады. Әртүрлі хрестоматияларда, жинақтарда жарияланып жүрген нұсқа – біршама көркемдеу және бас-аяғы бүтін, біртұтас дүние. Жазушы М.О.Әуезов жарияланған нұсқаның басты ерекшелігі: жинаушының талғамы мен саяси көзқарасына жауап беретін өте бағалы жерлері қабылданған.
Ұлттық Ғылым Академиясының қолжазбалар қорында тұрған, «Күдеріқожаның Қарақаралы тауымен қоштасқаны» деген өлеңінде М.О.Әуезов қара сөзбен түсініктеме бермеген. Себебі белгілі. Ол кезде Ресей патшалығының озбырлығын айтуға үзілді-кесілді тыйым салынған. Әдетте, халық өлеңдерінің алғы сөзінде әрбір өлең қашан, қай кезде, не себептен айтылған еді деген қысқаша қара сөзбен анықтама беріледі. Сондай-ақ «Күдеріқожаның Қарақаралы тауымен қоштасқаны» деген өлеңнің тарихы қолжазбада былай баяндалады: Орта жүздің Арғын, Найман, Қоңырат деген ұлыстары мен ру-тайпалары есте жоқ ескі заманнан бері жаз жайлауы, қыс қыстауы Сарыарқаны жайлап, Баян тауы мен Қарақаралы тауының арасында көшіп-қонып жүреді. Бір жылдары Батыстан патша әскерлері келіп, Сарыарқа жазығын жаулап ала бастайды: жақындап қалған жаудан сескеніп, Қарқаралы тауын тастап ел үдере көшпек болады. Қаралы көш басталған кезде, ауыл ақсақалдары жиналып, арабша хат білетін Күдеріқожаны шақыртады:
- Бұл дүниеден о дүниеге дейін енді Қарқаралы тауын көреміз бе, көрмейміз бе? Кім біледі? Шарасыздықтан көз көрмеген бейтаныс алыс жолға аттанып бара жатырмыз. Бәріміздің мұңымыз бен зарымызды білдіріп, Қарқаралымен қоштасып, бірауыз сөз жазып кетіңіз?!- депті. Елдің сол сұранысынан кейін аталған өлең дүниеге келеді.
Күдері Көшекұлынан бізге жеткен әдеби мұраларының ең маңыздысы, оның ақын Ұлбике Жанкелдіқызымен айтысы. «Бұрынғылар домбыра ұстап, өлең айтатұғыннан қайым білесің бе деуші еді... Қайым деп екі ақынның өлеңін айтады екен. Сонда қайым өлеңнің ілкі басы Күдері қожа мен Ұлбике қыз айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардыкі мақал, тақпақ...– дейді Мәшһүр Жүсіп Көпеев. («Абай» журналы. 2006, №4. 87б).
Ұлбике ақынның Күдеріқожамен айтысын атақты фольклорист В.В.Радлов жинақтап шығарған «Образцы народной литературы тюркских племен, живущих в Южный Сибири и Джунгарской степи» кітабының қазақ әдебиетіне арналған үшінші томына енген. Ол кітап 1870 жылы Санк-Петербургте жарыққа шыққан. Оның пленкаға түсірілген нұсқасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек кездесетін кітаптар қорында сақтаулы.
Күдеріқожа Көшекұлының шығармашылығын зерттеп, жинақтап бізге жеткізген, қазақ әдебиеті тарихында жаңа жазба әдебиетінің негізін қалауда ерекше еңбек еткен М.Ж.Көпеев. Ол 29 жасында (1858-1931) Бұқара, Ташкент, Түркістан шаһарларын аралап, 2-3 жыл араб, парсы, шағатай, түркі, өзбек, тәжік тілдерін үйренеді, олардың жазба әдебиетімен танысады. Одан әрі Сыр өңіріне келіп Майлықожамен жолығады, пікірлеседі. Жеті атасынан бері ақындық үзілмеген Дуана қожа Көшек, Күдеріқожа тұқымдарымен танысады. Халық поэзиясы үлгілерін ақындар айтысы қолжазбаларын жинап, олардың қанша жолдардан тұратынын салыстырып зерттеген. Ұлбике мен Күдері айтысының басқа ақындар айтысымен салыстырғанда ең көп жолдан – 106 ауыз өлеңнен тұратынын да анықтаған Машһүр Жүсіп Көпеев. (Егемен Қазақстан, 12 наурыз, 2008ж).
Күдеріқожа шығармаларын біршама зерттеген, оның тікелей ұрпағы, әдебиет зерттеушісі Ибрагим Мұхамеджановтың деректеріне жүгінсек Күдеріқожа мен Ұлбике он бір рет айтысқан. Олардың соңғы айтысы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының жанындағы Қараөзекте өтеді. (Ақжол, 1997ж. 11 маусым).
Ұлбике мен Күдеріқожаның айтысын көп зерттеушілер бірін жеңдіріп, ия жеңілдіріп қарастырады. Біздіңше екі ақынның да айтыстағы мақсаты ия жеңу не жеңілу болмаса керек.
Қазіргі зерттеу деңгейінен пайымдасақ олардың арасында бір-біріне деген сүйіспеншілік сезім де болған сыңайлы. Оған дәлеліміз: Жанкел ақынның Ұлбикені Күдеріге таңуы, Бойтанның құнын Күдеріге шығартуы. Күдерінің тікелей ұрпағы, әдебиет зерттеушісі, аудармашы Әбибулла Мұхамеджановтың мына бір өлең жолдары да сөзімізді дәлелдей түседі:
Айналдым әруағыңнан бабам менің,
Іздесем қабіріңді табар ма едім?!
Қосылсаң тағдыр жазып Ұлбикеге
Ізі боп қос тұлпардың қалар ма едім?
Ұлбике болар еді –ау Әже маған,
(Бұл қиял талай мені мазалаған...)
Қос арман қосыла алмай қыршын кетті,
Қу тағдыр қалай «қатты жазалаған»?
И.Мұхамеджановтың «Құнанбайды таныған би немесе Күдеріқожаның шешендік сөздері» атты мақаласы автордың айтуынша қазақтың көрнекті ақыны, Қуаныш Баймағанбетовтың 1966 жылы жазылып алынған деректер негізінде жинақталған. Ал Күдеріқожаның Құнанбайды аға сұлтандыққа айтқан шешендік сөздерін Қ.Баймағанбетов 1936 жылы Алматыда Республика Халық таланттыларының слетіне қатысқан ақын, әнші Қалмағанбетов Тайжаннан жазып алған. Ол Жезқазған облысы, Ұлытау ауданының азаматы – 1878 жылы туылып, 1938 жылы дүниеден өткен. (Жұлдыз, №2.2000ж. 151-155бб).
Күдеріқожа Көшекұлының әдеби мұраларын зерттеудің алғашқы қадамы жасалған сыңайлы. Ақын мұраларын қазіргі уақытқа жеткізу үшін әлде де талай зерттеу жұмыстары жүргізіле бермек.
Құдайбергенова Күнімжан Тыныштықбекқызы гуманитарлық ғылымдар магистрі, Қорқыт ата атындағы ҚМУ, «Қорқыттану және өлке тарихы» ҒЗИ-ның ғылыми қызметкері
Әдебиеттер:
1.Садырбайұлы С. Бір өлеңнің тарихы немесе Күдеріқожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны. Қазақ әдебиеті. №31, 1997.
2. Ұлбике мен Күдеріқожаның соңғы айтысы. Жазып алған И.Мұхамеджанұлы. Ақ жол. 11 маусым. 1997.
3. Дәдебаев Ж. Қайым айтыстың хас шебері. Абай. №1. 2003.
4. Төлепберген М. Тұнық ойды тұмшалауға бола ма? Егемен Қазақстан. 3 желтоқсан. 1999
5. Жалғасова Г. Мұзарапұлы Ж. Күдері ақын. Сыр бойы. 7 шілде. 3 бет. 2007.
6. Қазыбайұлы С. Күдеріқожа Көшекұлы. ХУ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті: (Жыраулар поэзиясы). Ақтөбе: А-Полиграфия, 2004. 187-190бб.