Шырынкүл Тухмарова,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ"Тарих,саясаттану және әлеуметтану"
кафедрасының аға оқытушысы,с.ғ.к.
Саяси элиталарды, олардың қоғамдағы рөлін зерттеуге отандық саясаттанушылардың қызығушылық білдіруі заңды да табиғи құбылыс. Жоғары мемлекеттік билік басындағылар хақында жауырды жаба тоқыған ондаған жылдар бойғы үнсіздіктің, хабар-ошарсыз меңіреуліктің орнына қалыптасқан саяси болмысты мейлінше объективті түйсіну, мәртебелі әлеуметтік жік – саяси элитаның ортақ іске қосар үлесін салиқалы бағалау кезеңі келеді. Қазіргі тарихи кезеңнің өзіндік ерекшеліктеріне, елдегі жағдайды сауықтырып, өркендету жолдарын іздестіруге байланысты қазақстандық қоғам өміріндегі саяси элитаның рөлін негіздеу бұл күндері айрықша зәрулікке айналып отыр.
Біздіңше, ең алдымен қазақстандық саяси элитаның қалыптасуы бастауларына үңілу орынды болып табылар еді. Саяси элитаның табиғатын байыптай қарастыру үшін олардың халықтың саяси өміріндегі рөлі, ұлттың “Бұл өмірдің мәні неде?”, “Біз кімбіз?”, “Қайда бара жатырмыз?” деген сауалдарға жауап іздестіруі мен мәнділігі үрдістерін қалыптастырудағы орны басты өлшемдер бола алады. Ұлтты топтастыру өзін-өзі сол замандағы саяси мұраттар талабына сәйкестендіру рөлін XX ғасыр басындағы қазақтың ұлттық интеллигенциясы мінсіз орындады: өтіп жатқан саяси процестердің мән-маңызын бұқараға түсіндіру, оқу-ағарту жұмыстарын жүргізу, халықты жаңа мемлекет құруға жұмылдыру олардың басты міндеттеріне айналды.Бұқаралық саяси ұйым арқылы халықтың саяси мүдделерін білдіруге болатындығын жіті сезініп, “Алаш” қозғалысының ұйытқы тобын құрды, оның құрамына Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсынов, Қыдырбаев, Тұрмұхаметов, Жизанов енді.
Қалыптасқан саяси жағдайлар ғана емес, сонымен қатар қазақтың ұлттық интеллигенциясының өз идеяларын рәсімдеуге ұмтылысының өзі соны саяси ұйымның пайда болуына қажетті алғышарттар жасады. Бүкіл ресейлік саяси өмірге Бөкейхановтың, Шоқаевтың, Қаратаевтың, Досмұхамедовтердің, Төгісовтың, Байтұрсыновтың белсене араласуы жаңа дәуірдің саяси элитасын қалыптастыруға негіз қалады. Бірінші және екінші мемлекеттік Думаға Қазақстаннан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бірімжанов, Бақыткерей Құлманов, Бақытжан Қаратаев, Мұхаметжан Тынышпаев және т.б. белгілі тұлғалар депутат болдетініңы.
“Алаш” қозғалысының бағдарламасын құрамында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Е.Омаров, Е.Тұрмұхаметов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжанов бар ұйытқы топ жазып, “Қазақ” газетінің 1917 жылғы 21 қарашасындағы 251-нөмірінде жариялады. Нақ осы ұйытқы топтың санатынан қозғалыстың орталық комитеті сайланып, төменгі буындағы органдары құрылды. Егер “Алаш” қозғалысының пайда болуы патша өкметінің отаршылдық саясатына қарсы күресті ұйымдастыру қажеттігіне әрі сахарадағы әлеуметтік қарым-қатынастарды өзгерту талабына байланысты дейтін болсақ, онда бұл, шын мәнінде, Қазақстанның ұлттық, патриоттық көңіл-күйдегі саяси элитасының алғашқы адымы ретінде бағалануға тиіс. Қалыптасқан мұрат пен мүдденің өзі сол кезеңнің элитасы аңсар тұтқан және қозғалыс бағдарламасында бекітілген саяси құндылықтардан айқын көрінеді. Онда тең құқылық (“дініне, шығу тегіне және жынысына қарамастан,адамдар тең құқылы...”); жеке басқа тиіспеушілік (“мемлекет шенеуліктері кімді болса да заңсыз жолмен тұтқындай алмайды...”); тұрғын үйге тиіспеушілік (“мемлекеттік қызметшілер қожайынның рұқсатынсыз кімнің болса да үйіне кіре алмайды... ”)кінәсіздік презумпциясы (“соттың талқылауынсыз және шешімінсіз бас бостандықтан айыруға болмайды...”) сөз, ождан бостандығы(“жиналыстар өткізу,бірлестіктер құру,сөз сойлеу, газеттер шығару, кітаптар басу бостандығы”) тәрізді демократиялық құндылықтар көрініс тапқан. Көріп отырғанымыздай, XX ғасыр басында қазақтың саяси элитасының басшылыққа алған мұраттары демократиялығымен, ұлттық-саяси мәселелерді жоғары ізгілік еремен түйсіне білгендігімен ерекшеленеді. Ал, ұлттық мүдделерге заңдық-құқықтық пішім бітіріп, бұқараны күрестің ұйымдық, партиялық пішімі деңгейіне дейін көтеру, халықтың саяси тұрғыдан оқытып-үйрету істері сол дәуірдің талаптарына жауап бере алатын саяси элитаның болғандығын дәлелдейді.
“Саяси элита” дегенімізді саясаттану ғылымы:
- шенеуніктік, төрешілдік, номенклатура (мәртебелілер тобы) /2/
- жалпы мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға құзырлы лауазымды орындарды иеленетін адамдар /3/
- билеп-төстеуші таптың үстемдігін қамтамасыз ететін топ ретінде түсіндіреді /4/
Бұл анықтамалардың қай-қайсысында билікті иелену, шешім қабылдауға қабілеттілік , өкіметтің қызметін жүзеге асыру елеулі өлшем ретінде алынған.
“Саяси элита” ұғымы XX ғасырдағы саясаттану ғылымында өзекті тақырыпқа айналды. Кез-келген қоғамдағы саяси элита қалай қалыптасады? Саяси элитаның құрамына кім кіреді? Саяси элита қандай қызмет атқарады? Саяси элитаның қызметіне азаматтық қоғам тарапынан бақылау орнатудың қандай тәсілдері бар?
Осы сауалдар төңірегінде зерттеу жүргізу белгілі бір шамада саяси элиталардың қызмет атқару ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді. Элиталардың мемлекеттік саясатты жүргізудегі айқындаушы рөл атқару мүмкіндіктерін саясаттанушылар олардың негізгі өндірістік құралдарды, қоғамды басқарудың саяси тетіктерін иеленген үстемдік етуші таптың еркін білдіріп, елеулі дәрежеде қалыптастырумен, іске асыруымен байланыстырады /5/. Саяси элитаның өзі қалай қалыптасады? Моска оның сапына енетін жеке тұлғалар өздері өмір сүріп жатқан қоғамды ардақ тұтып, аса қастерлейтін белгілі бір қаделі қасиеттерді иеленуге тиіс деп пайымдайды. Бұл қасиеттер тарихи дәуірлерге орай өзгеріп отырады. Заманауи жағдайларда саяси элитаны қалыптастырудың кейбір өзіндік ерекшеліктері бар, олар қоғамдағы саяси, экономикалық қарым-қатынастардың сипатымен айқындалады.
Моска мен Парето қойған “элитаның жаңару және ауысу үрдісі қалай жүреді, элита қаншалықты демократияшыл, яғни басқару функциясын табысты атқару қабілеті танылған жаңа адамдардың оған кіруіне жол ашық па?” деген сауалдардың да мәні зор. Элитаның өзі бірегей мүдделері бар біртұтас топ ретінде қарастырылмайтындығын айтуға тиіспіз. Элитаның ішінде де өзара бәсекеге түскен әрқилы топтардың барын байқауға болады. Ең абзалы, лидер басымдыққа жеткен элиталық топтың, немесе қандай да бір саяси топтың мүддесін қорғауға тиіс емес, оның міндеті- бәсекелесуші элиталар үшін тепе-тең жағдай орнықтыру. Әдетте, саяси лидерлер өзі шыққан топтағы белгілі бір саяси элитаның мүддесін қуаттайтын элитадан жоғары тұратын билік мәртебесін иеленеді. Моска саяси топты нығайтып, жаңартатын үш тәсілді: мұралауды, сайлауды және кооптацияны атап көрсете отырып, солардың ішінен тек біріншісіне ғана назар аударады. Бір жағынан, “де-юре” болмаса, “де- факто” деген сыңаймен элитаның бәрі мұрагерлікті қолай көреді. Осы тенденциялардың қайсысы басым түсетіндігіне байланысты саяси топ не “жабылып” қалады, не азды-көпті жаңару жолына түседі. Моска алғашқы тенденцияны-аристократтық, екіншісін- демократиялық деп қарастырады. Сөйтіп, аристократиялық және демократиялық тенденциялар теңдігі тән болатын қоғам түріне іш тартады.
Парето ұсынған сұлба көпшілікке онша белгілі емес (ол қарауындағыларды бағындыру үшін негізінен материалдық күшті пайдаланатын үкіметті, және де негізінен қулық пен өнерді пайдаланатын үкіметті бөліп қарауды ұсынады.) Р.Михельс “олигархияның темірдей заңы”басымдыққа ие тапсыз бірде-бір қоғамның өмір сүре алмайтындығын түсіндірді. Г.Моска басқарылатын әлдебір ұйымдасқан көпшіліктің және басқаратын әлдебір ұйымдасқан азшылықтың болатындыңына ден қойды. Элитаның заманауи тұжырымдамаларындағы басым бағыт институционалдық тәсіл болып табылады. Айқындаушы бағыты-елеулі салдарлары бар шешімдер қабылдау мүмкіндігі. Элитаның институционалдық түсінігінің бірінші артықшылығы оның эмпирикалық сәйкестендірудің ұсынықты базасын беретіндігінде.
Қоғамның үш негізгі саласындағы – экономикадағы, саясаттағы, армиядағы басты институттарды басқарушы, мәртебелі орта өкілдері сол қоғамдағы саяси элитаның мүшелері болып табылады. Осыған орай элита топтары: (басқарушы да, оппозицияда жүргендерді де), экономикалық және әскери болып бөлінеді.
Ақпараттандырылған қоғамда масс-медиа мен ғылыми, академиялық элита айырықша орын алады. Элитаны институционалдық түсінудің екінші артықшылығы оның мәселеге қатысты таза бағалау тәсілінің назариялылық контра-пункті ретінде қызмет ететіндігі.
Отандық басқарушы элитаның құрамына екі жікті:
1) республикалық және аймақтық биліктің жоғары және орта эшалондарына жайғасқан саясаткерлерді;
2) экономика субъектілерін: жеке меншігі барларды, меншікті қосанжар иеленушілерді, бірлескен корпорациялар,компаниялар, банктер, қорлар, ассоциациялар, акционерлік қоғамдар сияқты беймемлекеттік, мемлекеттік кәсіпорындардың, ірі және орташа экономикалық ұйымдардың басшыларын, басқарма мүшелерін, басқа да жауапты қызметкерлерін кіргізу әдетке айналған.
Әдетте, осы екі жік бір-бірімен етене байланыста болады. Бір жағынан экономикалық элитаның өкілдері биліктің барлық “тармақтары” мен деңгейінің құрамына кіреді. Екінші жағынан, саяси элита бизнеске сұғына кіріседі. Бұл үрдістің тарихи тамыры барын айтуға тиіспіз: бұрынға коммунистік елдердің барлығында жеке меншік иеленушілер табының пайда болу процесі қалыптасқан билік жүргізуші құрылымдарға арқа сүйеді. Социологиялық зерттеудің мәліметтері бойынша үкіметтік құрылымдардың 75 проценті, ал бизнестегілердің 61 проценті бұрынғы кеңестік номенклатураның сапынан шыққандар екен /6/. Осыған ұқсас үрдістерді посткеңестік республикалардың басқаларынан да байқауға болады. Іс жүзінде мемлекетті партиялық номенклатура жекешелендіріп алды. “Коммунистік олигархияның өзі өз жүйесінің көрін қазушы болды, тіпті, өзінің жаназасында баюға, дәлірегі , өз жүйесінің жаназасын өзінің одан арылып, жаңа, тағы да номенклатуралық жүйені тудыруға үміт кеткен есепқор, әрі пайдакүнем көр қазушы болды”,- дейді Е.Гайдар/7/.
Бұл күндердегі түбегейлі өзгерістердің бірі-элитаның жекелеген топтарының “дүниеге келуі”, нәтижесінде, олардың іштей жіктелуі, саралануы. Социализм кезінде экономикалық элита туралы тек шамамен, долбарлы түрде ғана айтылатын, өйткені: “меншік иесі- мемлекет” еді. Қазір экономикалық элита жеке меншік иелеуші ретінде дүниеге келіп жатыр десек, артық айтқандық емес.Посткоммунистік даму кереғарлықтарының бірі – экономикалық элитаның елден жырақ қонып, өмірден шет қалуы.Тап осы кереғарлықты былайша жатық түсіндіруге болады: яғни, посткоммунистік қоғам өзінің өмір сүріп, салтанат құруының негізгі ұстынын, атап айтқанда: “билік дегеніміздің өзі- басты экономикалық ресурс”деген принципті қолдан жасап шығарады.
Осы болжам екі бағытта зерттеу жүргізуде: жаңа экономикалық элита капиталының қай бөлігі бұрынғы номенклатура капиталының сарқыты болып табылғанын; жаңа саяси элита иеленген саяси капиталын экономикалық капиталға айналдыру үшін ең қолайлы мүмкіндіктер туғызатын экономикалық өзгерістерге қарқын мен қарым бітірерлік-тей өзінің билік ресурстарын қалай пайдаланатыны зерделеуді міндеттейді.
Саяси элита.
Посткоммунистік элита статусына қатысты көптеген теориялық пікірлерге қарама-қарсы дәлел ретінде оның заңдастырылғаның көрсету қажет. Біріншіден, Қазақстанда да,Ресейде де ол қалыпты көп партиялы сайлау тәртібімен түзілген:президент пен парламентті тікелей халық сайлайды. Екіншіден, ол конститутциялық тұрғыдан сараланған. Коммунистік элита қатаң иерархиялық сипат иеленді:партиялық элита даусыз басымдық иеленді, оның сонынан өз кезектерімен мемелекеттік және шаруашылықтық элита ілесті. Бұл иерархия заң жүзінде қуатталды, алайда демократиялық тәжірибеден тым алшақ жатты. Посткоммунистік элитада үш орталықтың-парламенттің, президенттің, үкіметтің болуы, сондай-ақ олардың әрқайсысының іс әрекет аясы да (“құқық күші ”де ) контитутциялық тұрғыдан тәртіптелді. Осылайша саяси элита-нақты қоғамдағы, нақты тарихи сәттегі өкімет билігін ашық пайдаланатын саяси топқа айналды. Саяси жүйелердегі элиталар мен бұқараның арақатынасыаса маңызды мәселелердің бірі болып саналады. Егер бұл кез- келген саяси жүйенің қажетті құрамдас бөлігі дейтін болсақ, онда олардың қолайлы арақатынасы туралы мәселе сөзсіз көлденең тұратыны анық. Элиташылар үшін элита-саяси процестің шынайы субъектісі, ал бұқара- қолайлы саяси жүйеге төнген қауіп-қатер сияқты көрінеді.Элиташыларға қарсылар үшін саяси процестің субъектісі-халық, ал элиталар-демократияға төнген қауіп- қатер ретінде қарастырылады. Осы екеуінің ымыраласатын нұсқасы, тоқсайласар тұсы бар ма?
Лассуэллдің пайымдауынша, демократия олигархиядан қоғамдық тұрмысқа мейлінше ықпал ететін элитаның жоқтығымен емес, өзінің ашықтығымен, өкілеттілігімен, жауаптылық сипатымен ерекшеленеді /8/. Мысалы, билік қарым-қатынастарының салмақ түсірер нүктесі-элита мен бұқара арасындағы орталыққа таман жататын қолайлы саяси жүйе. К.Поппердің пікірі бойынша, демократияның түйінді мәселесі элитаға бақылау орнату ісі болып саналады. Ол: “басқарушыларды бақылауға алу және олардың билігін тексеріп отыру негізінен институционалдық проблема- нашар басқарушылар тым көп залал келтірмеуіне бақылау орнату институттарын жобалаудың проблемасы болып табылады”,-деп жазды /9/.
Халықтың өзін-өзі басқаруы, элитаның билік аясын шектеу- демократиялық теорияның нормативтік қағидасы. Бірақ, оны асыра дәріптеп, саяси билікті үзілді-кесілді теріске шығаратын болсақ, онда осынау ой-пікірдің өзін өрескелдікке ұластырып алуымыз мүмкін. Мемлекеттік билік әкімшілігі болуының өзі салыстырмалы түрде оны дербестікке, өзіне тән мүдделерді орнықтыруға жетелейді. Алайда, осы әкімшіліктің билік құруы мен ықпал етуі деңгейіндегі мәселенің бәрі оның халықтық немесе қоғамдық артықшылықтарды иеленген азшылық тобының мүддесін қорғай ма, әлде осы әкімшілік қоғамнан жоғары ма дегенге сайып отыр. Демек, біз элитаның
болуы – демекратия үшін айқын да әлеуетті қауіп төндіретіндігі туралы қағиданы теріске шығармайтын болсақ, онда демократияны сақтап қалудың шарттары элитаны халықтың ұдайы бақылауға алуы; элита халықтың бақылауынан шығып кетпеуі үшін оны өз өкілеттерін жүзеге асырауға ғана қажетті қызметтік міндеттерімен шектеу; мейлінше кең жариялылық, элитаны шектеусіз сынаудың мүмкіндігі, биліктің тармақталуы және саяси, экономикалық, ғылыми және өзге элиталалардың бір-бірінен мейлінше оқшаулана өмір сүруі, оппозицияның, элиталар арасындағы күрес пен бәсекенің болуы (олардың төрешісі, әсіресе сайлаулар кезінде халық болады); сайып келгенде, бұлардың бәрі жинақтала келе демократиялық процесті жандандырады.Бұқараның элитаға сарабдал сенімсіздігі табиғи нәрсе әрі елеулі дәрежеде сындарлы құбылыс ретінде көрініп жүр: ол элитаның деспоттық билік тізгінін өз уысына жиып алуына бой бермейді.
Элита мен бұқараның қарым-қатынасындағы екі ұшқарылықтың да, басқаша айтсақ, элитаның бетімен кетуіне апарып соғатын нарсе оның соңынан бұқараның көз жұмып ере беруінің де, сондай-ақ өкіметтің заңдастырылғанына нұқсан келтіретін ұшқарылық бұқараның элитаға мүлдем сенбеуінің де саяси жүйеге тигізер кесірі көп. Сондықтан, домократияны бұқараның элитаға бақылау орнатуын қамтамасыз ететін, сол арқылы элитаның бұқараны саяси субъектіліктен айыруына мүмкіндік бермейтін, керісінше оның белсенділігін арттыратын жүйе ретінде қарастыруға болады. Бұқараның сенгіштігі, бір жағынан, соңғысының басқару қызметін атқаруын жеңілдете түседі, екіншіден, оны билікті бір адамның қолында шоғарландыруға ынтықтырып,бұқарадан алшақтай бастауына , томаға-тұйық, деспоттық топқа айналып, сырттан “таза, жас қан” құйылып жатпағандықтан, біртіндеп азғындыққа ұшырауына итермелей түседі.
Демократиялық процестің табысты өркендеуі үшін экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік шиеленістер мен сілкіністердің болмауы тәрізді бірқатар шарттар сақталынуы қажет. “Алайда, осынау шарттар бола тұра, дейді саясаттанушылар,- элита экспансионизмнің қаупі сейілмейді” /10/.
Сондықтан элитаның экспансионизмі оның белгілі топтарының басымдыққа жетуіне жол бермейтін белгілі бір демократиялық шараларды ұсынуға тиіс. Біздіңше, оларға мынадай шарттар жатады:
1. Толық жариялылық, сөз бостандығы бұқаралық ақпарат құралдарына қандай да бір әлеуметтік топтың үстемдік орнатпауы, баспасөздің, теледидар мен радионың баламалық органдарының болуы, олардың көмегімен кемшіліктерді, қателіктерді ашық сынау;
2. Пәрменді оппозицияның, элитаның әрқилы топтарының еркін бәсекелестігінің, саяси плюрализмінің болуы, олардың өзара сыны мен қарсылықтығы орнығып, оларға халық бұқарасы, сайлаушылар төрелік етуі, сол арқылы элитаны бақылауға алуы;
3. Әлеуметтік ынталылыққа элитаның ашық болуы, олардың қатарына қалың тұрғындар қауымының ең қабілетті өкілдерінің ену;
4. Бұқараның элитаға сайлау науқандары арқылы кері әсер етуін қуаттау;
5. Құқықтық мемлекетті орнықтыру үшін міндетті шарт болып табылатын демократиялық принциптер мен заңдарды бұлжытпай сақтау шарттары жатады.
Қазіргі қазақстандық саяси элитаның қандай ерекшелігі бар? Қазақстандағы саяси элитаның құрамын жаңадан толықтыру үрдісі бірнеше бағытпен өрбуде. Осы процестің негізгі тәсілдерінің бірі- Парламентке еркін сайлаулар өткізу, соның нәтижесінде әрқилы әлеуметтік топтардың саяси элитаға өз орнын иеленуіне үміттенуіне мүмкіндік береді. Алайда мынандай да мәселелер байқалып жүр:саяси құрамды жаңадан толықтыру, яғни, саясаттағы басты рөлдерді жауапкершілікке алатын қызметкерлерді даярлау мен іріктеу процесі, көбінесе, кәсіби қабілеттілік емес, қайта жеке байланыстар мен рулық-тектік, жекжаттық негізде жүзеге асады /11/.
Қазіргі Қазақстанның элитасын мынадай әлеуметтік-экономикалық топтарға: Қазақстан Республикасының министрліктері мен мемлекеттік комитеттерінің элитасына, өнеркәсіптік-қаржылық, аймақтық, салалық топтарға, мұнай-газ, банк, қаржы салаларының топтарына бөлуге болады. Алайда, саяси элитаның осы топтарының, оның ішінде саяси әйелдер элитасының қызметі бұқаралық ақпарат құралдарына толықтай жазылып жүрген жоқ. Мұның өзі сарапшылардың “Қазақстанның мемлекеттік билік құрылымындағы ықпалды топтар томаға тұйықтық пен толықтай құпиялылық ахуалында әрекет етеді”,- деп ой түюіне негіз болды /12/.
Әдебиеттер
1. Арынов Е.М. Тулегулов А.К. Шоманов А.Ж. Элита Казакстана о будущем страны // Саясат, 1997, №8 С. 12-15 Илеуова Г. Смена политических элит в постсоветском пространстве // Поиск, 1997, №3. С. 31-33 ;Тулегулов А.К. Рекрутирование политической элиты Казахстана: вчера и сегодня // Саясат, 1997, №11.С. 17-20.
2. Оболонский А.В. Постсоветское чиновничество, квазибюрократический правящий класс //Общественные науки и современность, 1996, № 5.С.5.
3. Крыштановская О. Трансформация старой номенклатуры в новую российскую элиту // Общественные науки и современность, 1995, №1.С.62.
4. Ашин Г.К. Основы элитологии. Алматы, 1996.С.144.
5. Сонда. 9-б.
6. Крыштановская О. Указ.соч. С.65.
7. Гайдар Е. Государство и эволюция.М. 1995. С.103.
8. Lasswell H. On Political Sociolgy. L 1987. P.132
9. Поппер К. Открытое общество и его враги. М. 1992 . Т.1.С.163
10. Ашин Г.К. Элитизм и демократия // Общественные науки и современность , 1996, №5.С.69.
11. Шоманов А.Ж. Жансугурова Ж.А. Машанов М.С. Характер и особенности лоббирующих групп в Казахстане // Саясат 1997, №5. С. 49. Сонда. 52-б.