Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан палеолит мұражайы

29168
Қазақстан палеолит мұражайы - e-history.kz

2000 жылы желтоқсан айының соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ТМД елдері аумағында тұңғыш рет Қазақстан палеолит мұражайы ашылды. Тұсаукесер рәсіміне ҚазҰУ-дың, Қазақстан Ғылым академиясының белгілі ғалымдары мен Орталық мемлекеттік мұражайдың, ҚР Мәдениет министрлігінің өкілдері қатысып, үлкен ыкылас білдірді. Мәселен, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі К. Байпақов бұл мұражайдың тек тас құралдарына арналғанын, X. Алпысбаев, А. Медоев және Ж. Таймағамбетов коллекцияларының негізінде жасалғанын, мұндай дүние ТМД-да жоқ екенін атап көрсетті.

Ал ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі К. Нұрпейісов: «Мұнда қойылған Қазақстанның барлық өңірлерін мекендеген алғашқы қауым адамының заттай мәдениеті іздерінің жәдігерлері - біздің еліміздің көп жылдық тарихының айғағы...» деген баға берді. Сөз сөйлеушілердің барлығы мұражайдың біртума екендігін, әсем безендірілгенін айтып, ерте ашельден этнолитке дейінгі тас индустриясы эволюциясын камтыған ішкі мазмұнның да маңызына тоқталды.

Мұнда адамның пайда болуының негізгі кезеңдері әлемдік антропологияның жаңа жетістіктерімен көрсетілген.Арасында австролопитектің жақсы сақталған және кейін «Люси» аталған ең ежелгі қаңқаның бейнесі бар. Оның жас 3,5 млн жыл шамасында.

  1. Төменгі палеолит. Бөлік-Қызылтау, Шақпақата, Семізбұғы және басқа да Қазақстан аумағындағы ең ерте палеолиттік ескерткіштер жайлы мағлұматтар берілген. Ежелгі тас ғасырының әр түрлі акпарат беруші материалдары тіршілік иесінің Қазақстан аумағын бұдан 1 млн жыл бұрын мекендегенін дәлелдеуге мүмкіншілік туғызды.
  2. Мустье. Жәдігерлер койылған орындарда Хантау, Өгізтау, Семізбұғы палеолит тұрақтарының материалдары орналастырылған Ш. Уәлиханов атындағы тұрақ коллекциялары ерекше бөліне көрсетілген. Көкжиек жазықтарында ескерткіш 6 мәдени қабаттан тұрады. Қабаттардың көп бөлігі мустье заманңың соңғы кезеңімен мерзімделеді. Артефакт арасында өзек тастарымен, тас жаңқасымен, тас тіліктерімен дайындалған түрлі кырғыштар бар.
  3. Жоғарғы палеолит. Бұл бөлікте кейінгі палеолит Шүлбі, Құдайкөл, Семізбұғы тұрақтарының материалдары қойылған. Шүлбі ескерткіші ерекше назар аударуға тұратын. Өйткені мұнда тас бұйымдарынан басқа малтастан қаланған ошақ және үй кұрылысының орындары айқындалған. Осылардың негізінде жоғарғы палеолит дәуіріндегі адамның үй кұрылысының жаңғыртпасы жасалды.
  4. Мезолит, неолит, энеолит. Негізгі материалдар әр жерден теріліп алынғанымен, өте айқын. Көбіне олар Қазақстанның батыс облыстарынан, Қараүңгір тұрағынан табылған пышақ тәріздес тас тіліктері, қырғыштар, еңбек құралдары мен садақ ұштары, т.б. неолит заманының үңгірлік үлгі ескерткіштері. Одан шыққан тас және сүйектен істелген еңбек құралдары, керамика қалдыктары және түрлі безендірілген әшекей бұйымдар да осы бөлікке қойылған.

«Қазақстан палеолитін зерттеуге үлес қосқан ғалымдар» атты бөлімде Қазакстан палеолиттануының негізін қалаушылар - X. Алпысбаев пен А. Медоев суреттері, олардың ғылыми жұмыстарының тізімі, монографиялары қойылған. РҒА СБ археология және этнография институтының (Новосібір қаласы) ғалымдары академик А.П. Деревянко мен профессор В.Т. Петрин суреттері ілінген. Аталған ғалымдар Қазақстан палеолитін зерттеуге айрықша үлес қосып отырған. Сондай-ақ, мұражай кұруға қаржылай көмек көрсеткен жапон профессоры Акира Сэкия суреті бар. Барлық бөліктерге қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі түсініктемелер беріліп, тас ғасырының маңызды ескерткіштері орындарында түрлі-түсті карта мен фото иллюстрациялар пайдаланылған. Төменгі және орта палеолит бөліктерінде сол кезең фаунасы көрсетіліп, қалған бөліктерінде Қазақстан аумағын мекендеген хайуанаттардың тастағы бейнелерімен көркемделген. Мұражай ашылғалы ҚазҰУ-дың, Алматының басқа жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп окушылары, қала тұрғындары, алыс және жақын елдердің делегациялары тамашалады.

Қазақстанның палеолит мұражайы тек тас құралдарын жұртшылыққа таныстырумен ғана шектеліп қалмай, ғылыми және оқу орталықтарының да қызметін атқарады.

Бұл - ТМД аумағындағы палеолит кезеңі бойынша ең бай коллекциялардың бірі. Онда диссертациялық ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген алыс (Сорбонна 1, Париж) және жақын шетелдерден (Ресей) аспиранттар келуде. Археология кафедрасында маманданып жүрген ҚазҰУ студенттері көне заманның төл деректерімен танысуға және академиялық мекемелер мен жоғары оқу орындарында қызмет ететін танымал ғалымдардың дәрістерін тыңдауға көп мүмкіндік алды. 

Толығырак мына файлдан оқи аласыз: 

Қазақстан палеолит мұражайы 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?