Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш қайраткері Ж. Досмұхамедов

29140
Алаш қайраткері Ж. Досмұхамедов - e-history.kz

Қазақ халқының көрнекті мемлекет қайраткері, Алаш партиясының белсенді мүшесі, Батыс Алашорда үкіметін құрушы, білікті заңгер Жаһанша Досмұхамедовтың туғанын биыл 125 жыл толып отыр. 

Жаһанша Досмұхамедов 1887 жылы Батыс өңіріндегі Жымпиты  ауданының (қазіргі Сырым) Бұлдырты ауылында (бұрынғы Ілбішін уезінің Бұлдырты болысында) дүниеге келген. Ауыл мектебінен хат таныған ол Жымпитыдағы бір сыныптық болыстық орыс-қазақ училищесінде білім алды. Оқушылардың арасында алғырлығымен көзге түскен Жаһаншаға ұстаздары Оралдағы реальдық әскери училищеге түсуге бағыт береді. Бұл оқу орнына түсуге Бұлдырты болысы Ақшолақ деген есіммен халық арасына белгілі болған Мұхамеджан Сарықожин көмектескен [1, 31-б.]. Орал реальды әскери училище 1890-1891 жж. қалыптасып, әскери және қазыналық қаражатпен қамтамасыз етілді. Онда ашылған алғашқы жылдары 19 оқытушысы мен 287-дей оқушылары болды және  казак балалары тегін оқыды. 

Бастапқы кездерде Жаһанша әскери  училищенің дайындық курсына ілігіп, оны аяқтағаннан соң  бірінші курсқа тапсырып, училищенің курсанты атанады. Бұл оқу орнында  онымен бірге кейін ұлт зиялыларының қатарын толықтырған азаматтар білім алды. Олардың арасындағы Халел Досмұхамедов, Ғұбайдолла Бердиев, Нұрғали Ипмағамбетов, Бақтығали Бейсенов және басқа азаматтар кейін Алаш партиясына мүше болып, батыс өңірде Алашорда үкіметін құруға белсене ат салысты. 

Жаһанша училищені 1904 жылы үздік бітіреді.  Оның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына осы оқу орны тікелей әсер етті. Себебі училищеде Ресейдің жоғарғы оқу орнын бітірген  білікті ұстаздар дәріс беріп, оқушыларды елде болып жатқан саяси оқиғалармен таныс болуларына ықпал жасаған болатын.

Жаһанша оқуын жалғастыруды көздеді. 1905 жылы ол заңгер, белгілі қоғам қайраткері Бақытжан Қаратевтың ақылымен Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түсуге бел байлайды. Бұл кездерде Орал өңірінде қазақ зиялылары патша саясатына қарсы бой көтере бастаған еді. 1905 жылдың желтоқсанында Орал қаласында кадет партиясын құруға талпынған қазақтардың жалпы съезі болып, оған сол кезде халық арасына танымал болған Б. Қаратаев, Ғ. Бердиев, М. Бақтыгереев, И. Тоқбердиев, Х. Досмұхамедов, Н. Ипмағамбетов, М. Мұқанов, Ғ. Рақымбердиев, Ізбасаров, Ү. Дүйсембин бұл партияға мүше болып кіреді.

Партияны құру және оның негізгі көздеген мақсаты 1906 ж. татар тілінде жарық көрген «Әл-ғасыр-ул-жәдид» журналына жарияланған  бағдарламаларында айқын көрсетілді. Онда азаматтардың негізгі еркіндіктері (заң алдында тең болу, діни сеніміне кеңшілік беру, еркін сөйлеуге, бас қосу, жиналыстар өткізуге, шетелге шығуға, ана тілінде сөйлеуге ерік беру), халықтың өзін-өзі билеуі, сот, дін, жер, алым-салық, оқу мәселелері  және партия жарғысы қарастырылды [2, 55-61-бб.].  Бұдан кейін партия мүшелері Мемлекеттік Думаға депутат сайлау мәселесіне орай әрекет етіп, партияның мәжілісі өткізуге талпынған еді [3].

Жаһанша осындай елде болып жатқан өзгерістерді көзімен көріп, елдің зиялы азаматтарымен етене араласа отырып, ұлт зиялыларына қатысты, нақтылай айтқанда патша үкіметі тарапынан көрсетіліп жатқан қысым, жазалау барысынан да хабардар болды. Олардың ақылын тыңдай жүріп, 1905 жылдың күзінен бастап Оралдағы жоғары оқу орнына түсетін даярлық курсында білімін жалғастырып, оны аяқтаған соң 1906 жылдың 22 тамызында император атындағы Мәскеу университетінің ректорына өзінің Орал әскери реалды училищесін бітіргенін және Орал облыстық басқармасының стипендианты екенін хабарлап, университеттің заң факультетіне оқуға түскісі келетінін білдірген өтініш жазады. Оның бұл өтініші осы жылдың тамыз айында қанағаттандырылып, 1906 жылы университетке оқуға қабылданады. Сөйтіп, 1906-1910 жылдар аралығында Жаһанша заң факультетіне оқып, оның қыры мен сырын терең меңгеріп шықты және саяси жағынан шыңдала түсті. 

Студенттік кезінде өзімен қатарлас Х. Досмұхамедов, Н. Ипмағанбетов, Ғ. Бердиев және т.б. замандастарымен тығыз байланыста болып,  олармен сол кездегі болып жатқан түрлі саяси  жағдайларды бірге талқылады. 

1910  жылы университетті үздік бітірген Жаһанша туған жеріне қайтып оралуды мақсат тұтты. Алайда оған көздегеніне бірден жетуге мүмкін болмады. Себебі, патша өкіметі бұрата халықтан шыққан оқығандарды өз отанында қызмет етуге тыйым салған Ағарту министрлігінің заңын шығарып қойған еді. Осыған орай Жаһаншаға өз қызметін Қазақ өлкесін зерттейтін Қоныстандыру Басқармасында статист болып бастауға тура келді.

ХХ ғ. басында шенеуніктердің бұратана аталған халықтарға көрсетіп отырған қысымшылығы мен орыс тілін білмеуі қазақтардың алға жылжуына қолбайлау болды. Әсіресе, қабылданып жатқан Заңдардың қазақ мүддесіне лайық болмауы аса қиыншылық туғызды. Жаһанша осы жағдайды көре білді.  «Уральский листок» газетінің үш санына «Несколько слов о киргизском (казахском) обычном праве и народном суде» атты бұратаналарға қатысты кейбір заңдарды сынға алған мақала жариялайды. Сол үшін Орал губернаторы  Жаһаншаның губернияда тұруына тыйым салыды. 1930 жылы Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарманың  (ОГПУ) тергеушісіне берген жауабында ол: «Менің қоғамдық-саяси қызметім тұңғыш рет 1910 жылы көрініс тапты. Мен университетті бітіргеннен соң Орал облысына келіп, Орал қаласында орыс тілінде жарық көріп тұрған «Уральский листок» газетіне қазіргі Қазақстан аумағына ішкі Ресейден шаруаларды жүйесіз көшіріп әкеліп қоныстандыруға қарсы бірнеше мақала шығарған болатынмын. Осы мақалам үшін мені Орал губернаторы облыстық басқармада (оқыған уақытымда алып тұрған) стипендиялар өтеуіне қызмет ету құқығымнан айырды», - деп келтіреді [4, 44-б.]. Осылайша Жаһанша қызмет орнын ауыстыруға мәжбүр болып, Том қаласына кетеді.

Алғашқы кезде ол Омбыдағы сот палатасы жанына аға кандидат  қызметіне ауыстырылып, одан әрі Барнауыл уезінің 10-бөлімшесіне мировой судьяның міндетін атқарушы ретінде жіберіледі. Бұл қызметте Жаһанша өзін білімділігімен, біліктілігімен көзге түсіп, өзіне жүктелген міндетін абыроймен атқаруға тырысты. Сібірде жүрген кезінде сот қараған әлденеше қиын істе қорғаушы болып жеңіске жетіп, азаматтарға құқықтық жәрдем берумен айналысты. 1914 жылы Том округтік соты Каин учаскесі прокурорының жолдасы (орынбасары) лауазымына тағайындалды. Сөйтіп, оның 1917 жылға дейінгі өмірі Том округінің Каинск уезінде өтіп, адвокаттық және прокурор қызметін  атқарады. Бұл қызметте жүріп ол сол өңірдегі және арнайы шақыртумен Орал губерниясындағы қазақтарға қатысты күрделі  істердің үрдісіне де қатысып, әділ бағасын алуға атсалысты.

Халық басына күн туғызған 1916 жылғы 25 маусымдағы патшаның бұратана халықтарды қара жұмысқа алу турасындағы Жарлығына наразылық білдіріп, ұлт зиялыларымен бірге Петроградқа сапар шегіп, IV Мемлекеттік Дума алдына қазақтарды тыл жұмысына алуды шегере тұруды батыл түрде мәселе етіп қойды.

Жаһаншаның саяси аренаға жарқырап шығуы, ұлт зиялыларының арасында беделінің өсуі 1917 жылғы оқиғалармен тығыз байланысты. Ақпан революциясынан кейін барлық қазақ облыстарында облыстық съездер өткізіле бастаған болатын.  Ол 19-22 сәуір аралығында 800 делегаттың қатысуымен Орал қаласының цирк үйінде өткен облыстық съезге қатысып, бірауыздан съезд төрағасы болып сайланады. Төрағаның орынбасары болып Уақытша комитеттің бұрынғы төрағасы Ғ. Әлібеков пен І-ші Мемлекеттік думаға мүше болған А. Кәлменов, ал хатшылығын Ғ. Жетпісбаев, Х. Ахметжанов, И. Арғыншиев сынды азаматтар атқарады. Президиум сайлауы бітісімен Ж. Досмұхамедов барша Алаш ұранды халықты бостандық алуымен құттықтап, олардың тәуелсіздігі үшін күрескен азаматтармен таныстырып өтті [5]. 

Съезд өз  жұмысын бастаған кезде Жаһанша Том округтік соты прокурорының қызметін атқарып, Оралда демалыста жүрген болатын. Бірінші күні Ж. Досмұхамедов басқарған, құрамында І. Тоқберлинов, Х. Тасымов, Т. Сарыбөпеев, І. Мұқанов, Д. Сәрсенбаев, Ғ. Әлібеков, Д. Күсепғалиев, Х. Досмұхамедов, Б. Жанқадамов сияқты 20 адамы бар облыстық қазақ комитетіне сайлау болды. К. Нұрпейіс көрсеткендей, съезде қаралған мәселелердің саны 23-ке жетіп, Қазақстанның басқа облыстарында өткен съездердің күн тәртібінен әлде қайда асып кеткен [6, 100-101-бб.].

Бұл съезд барысында Жайық қазақтарының жері, дін басқару (Орал облысындағы діни Басқарманы уақытша Орынбор мүфтиятына қосу) мәселелері, жер мәселесі  бойынша облыста қоныстандыру жұмысын тоқтату, қазақ жерлерін жалға бермеу, даулы жерлерге байланысты және тағы басқа өзекті мәселелер қарастырылды.

Жаһанша және Халел Досмұхамедовтардың ұсынуымен съездің үшінші күнгі мәжілісінде жергілікті басқарудың түрілерін өзгерту мәселесін көтеріліп, басқару түрлерінің ескіріп кеткендігі айтылып,  оны жаңа заман талабына сай халықтық басқару жүйесіне көшіру қажеттігі ұсынылды. Соның негізінде «Орал облысының далалық бөлігін басқару жөнінде уақытша ереже» қабылданды [7]. Төрт ірі бөлімнен тұратын Уақытша Ережеде ауылдық, болыстық, уездік, облыстық басқару органдарын құру және оларды іске қосу барысы анықталды. Ескі басқару аппараты толықтай қиратылып, бұрынғы крестьян басшылығы институты мен олардың съездеріне тыйым салынып, барлық іс-қағаздарды  жүргізу уездік комитеттерге жүктелінді. Ереже бойынша «милиция құруды қолға алу және ауыл, поселке, болыстардағы тәртіпті қадағалау және реттеудегі милициялардың міндеттері айқындалып, уездік милиция бастығының қызмет атқару тәртібі белгіленді [2, 273-285-бб.].

Осы съезде Жаһанша Мәскеудегі І Бүкілресейлік мұсылман съезіне Х. Досмұхамедов, Ғ. Әлібеков, Х. Ахметжанов және тағы басқа азаматтармен бірге делегат болып сайланады. Академик К. Нұрпейіс Ж. және Х. Досмұхамедов, Ғ. Әлібеков сияқты  облысқа  кеңінен танымал үші бірдей саяси тұлғалардың  бүкілресейлік  саяси қызметіне шыңдап қол созғандығын көрсетті деген пікірде болды [6, 102-б.].

Жаһанша төрағалық еткен Орал съезі қазақтың қаражатымен құрылған мекемелер жергілікті халыққа қызмет етуге тиістігі, жаңа жол қатынастарын қалыптастыру жөнінде қаулы қабылдады. Сонымен қатар құрылған Орал облыстық комитетіне облыстық комиссарлармен байланыса отырып, барлық қоғамдық азық-түлік капиталын, запастағы астық пен астық дүкендерін уездік қазақ комитеттерінің  құзырына беру жөнінде  де шешім қабылдады [7].

Бүкілресейлік мұсылман съезі 1-11 мамыр аралығында өтіп, оның қызметі мемлекетті басқару, аграрлық, әйел және жұмысшы мәселелері, мәдени-ағартушылық, діни ұйымдар, қорғаныс күші, Құрылтай жиналысы сияқты мәселелер төңірегінде өрбіді.  Жаһанша жоғарыда аталған мәселелер барысымен сөз сөйлеп, ұтымды ұсыныстар айтты. Ол съезд барысында құрылған Ресей мұсылмандарының кеңесі – «Шуро-и-ислам» комитетінің төрағасының орынбасарлығына бірауыздан сайланады.

Бүкілресейлік мұсылман жиналысы өтіп жатқан тұста 5 мамырда коалициялық Уақытша үкімет құрылып, Жаһанша оның Құрылтай жиналысы жөніндегі заң жобасын әзірлейтін Айырықша Кеңесіне мүше болады. Өзінің қызметі барысында Кеңес бірнеше мәжіліс өткізіп, мұсылмандардан Құрылтай жиналысына өкілдерін ұсынды. Бұл кездерде Жалпықазақ съезін өткізу мәселесі «Қазақ» газеті арқылы талқыланып жатқан болатын. Мәселен, 11 маусымда шыққан 233 нөмірлі газетте қазақ съезін 1 тамызда өткізу және оған әр облыстан екі адамнан шақыру қажеттігін көтерді. Алайда «Шура-и-ислам» комитетінің өкілдері болған У. Танашев, Ж. Ақбаев және Ж. Досмұхамедов «Қазақ» басқармасына  Құрылтай жиналысын өткізуді 17 қыркүйекке белгілендігі және осыған орай бір ай бұрын, яғни 17 тамызға дейін депутаттар тізімі анықталып, жарияланатындығын айтып,  жалпықазақ съезін 20 шілдеден қалдырмауды ұсынған жеделхаты түсті [8]. Олардың бұл ұсыныстары қабыл алынып, жалпықазақ съезі 21-26 шілде аралығында өткізілді.  Съезді осы уақытта өткізудің тағы бір себебі болған бұл Земство сайлауы мерзімінің  де осы уақыт аралығына қойылуы болды.

Жаһанша Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысқан қазақ өкілдерімен бірге талқыланып жатқан аграрлық, жеке меншік мәселелері төңірегінде пікірін білдірді. Мәселен, съезд делегаттарының жерге жеке меншікті жақтаған шешімі қазақ делегаттарын қанағаттандырмады. Олар облыстық қазақ съездері қабылдаған жергілікті халықтың өз елінде жерге ие болулары жөнінде қарарларын қолдайтындығын баса көрсеткен [9, 100-101-бб.]. 

21-26 шілдеде Орынборда өткен Жалпықазақтық съезіне Жаһанша мен У. Танашев Петроградтта Бүкілресейлік құрылтай жиналысына қатысты өтіп жатқан мәжілістен келді. Сонымен қатар жалпықазақ съезімен қатарлас (17-25 шілде) Қазан қаласында Бүкілресейлік мұсылмандардың әскери съезі өтіп, онда Бүкілресейлік мұсылман әскери кеңесін құру мәселесі қарастырыл жатқан болатын.  Орынбордағы съездің өтуіне орай бұл съезге қазақтардан бірде-бір өкіл қатыса алмады. Дегенмен І жалпықазақ съезі барысында мұсылман кеңесіне  қазақтардан (түркістандықтарды қосқанда) 8 адамның сайланып, тамыз айында  оның мәжілісіне Ж. Досмұхамедов пен У. Танашев баратын болып шешілді [10].

26 шілдеде Қазан қаласына Халел Досмұхмамедов съезге қатысушыларға Ресей мұсылмандарының кеңесінің қызметін танитынын және қолдайтындығын білдірген жеделхат жолдады. Бұл  жалпымұсылмандар съезіне Ақмола облысынан Әбубәкір Дауылбаев, Хасен Қожанбердин, Байсейіт Әділов, Олжабай Нұралин, Әділжариев, Әділхайыров, Құрманәлі Қосшығұлов делегат ретінде сайланып кеткен болатын. Соңғысы өз қаражатына да, ал қалған алтауы Ақмола облысының 47 болысынан жиналған 4700 сом қаражатпен барды . Съезге  Оралдан депутаттыққа Бораш Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ғ. Әлібеков, Сабаханов, Андабаев, Байшұренов, Нұрмұхамедов, Тәржіманов, Мәулімбердиев және Ахметжанов сайланса, ал Торғай облысынан Ораз Татиев, Сұлтанғазы Ысхақов, Аққағаз Досжанова лайықтанған [11].

 Жалпықазақ съезі барысында Жаһанша Орал облысы  Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады. Жалпы Орал облысынан депутаттыққа ұсынылған азаматтардың арасында Х. Досмұхамедов, Н. Ипмағамбетов, С. Қаратілеуов, Ғ. Әлібеков, Ғ. Бердиев және Ғ. Есенғұлов болды. Осы съезд барысында ол  А. Тұрлыбаев, Ә. Сәтбаев, Ә. Байгөрин, У. Танашев, Б. Мәметов, М. Шоқаев және Ғ, Оразаевтармен бірге «Шура-и-ислам» съезіне депутат болып сайланады және олардың съезге баруға кететін шығынын қазақ ұйымдары, қазақ комитеттері көтеріп алатын болды. Уақытша облыстардың өкілдері жиналғанша Шураның ісін басқару комитетіне Ж. Досмұхамедов пен У. Танашевты лайықтады. Сонымен қатар осы съезде сол жылы тамызда Киевте өтетін федералистер  съезіне Ә. Бөкейханов, У. Танашев және Ж. Досмұхмедовты жіберу жөнінде шешім қабылданды [12 ].

І жалпықазақ съезі қазақ халқының саяси партиясының жобасын жасауды «Шура-и-исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Олар бұл жобаны жасап болған соң, қазақ облыстық комитетінің қарауына жіберіп, оны Құрылтай жиналысына қазақ депутаттары қарап, талқылап бекітуге тиісті еді.

«Шура-и-ислам» комитетіне қазақтың әр облысынан бір-бір өкіл жіберілмек те болды [13].

Алайда «Шура-и-ислам» комитетіне уәделі  өкілдер келмеді. Осыған орай Ж. Досмұхамедовтен «Қазақ» газетіне 15 қыркүйекте хат келіп түсіп, 19 қазанда  қайталанып «Сарыарқаға» жарияланды. «Шура-и-ислам» комитетіне облыс басына бір өкіл жібермек болып еді. Ол өкілдер әлі келген жоқ. Менімен бірге жұмыс қылып жүрген Уәлитхан Танашев о да жақын арада шақырған соң еліне кетті. Сөйтіп Петроградта мен жалғыз қалып тұрмын. 5-6 комиссияда  жұмыс қыламын. Олардан басқа қазақ кірісіп, жұмыс қылуға  керегі бар тағы бірнеше комиссиялар бар. Солардың бәріне жетісе алмаймын, бір өзім  бәріне қалай жетісермін? Мұны ойлау керек. Әр облыс жібермек  болған өкілдерін жіберулері керек. Нағыз осы  керекті кезінде жіберілмей, қашан жібереміз деп отыр?», - деп дабыл қақты. Осы алда болатын Құрылтай жиналысына қатысты айырықша кеңес, «Шура-и-ислам», Жер комитеттерінің Ішкі істер министрлігіндегі ұлт бөлімінде және Сот министрлігінің кеңесінде де қатысудың маңыздылығын атайды. 

І жалпықазақ съезінде Петроградттағы Оқу министрлігінің Халық комитетіне А. Кенжинді жіберу жөнінде қаулы  қабылданған болатын. Жаһанша А. Кенжиннің де келмегендігін айта келе, жіберуге тиісті өкілдердің келу қажеттігін қадап, тез арада қазақ өкілін жіберуді өтінді [14].

Жаһаншаның жанайқайына Торғай облысының Алаш комитеті үн қосты. «Жаһанша түрлі мекемелерде, комитеттерде, уездерде қазақтан жалғыз өкіл, жүгірінді болып, бәріне бірдей үлгере алмады. Сондықтан жалғыздықта Шура-и-ислам ағзалары қазақ партиясының жобасын жасай алмады», - дей отырып, қазақ партиясының жобасы болмағандықтан алдағы болатын Құрылтай жиналысына «кімбіз деп бармақпыз» деп кейіс білдірген.

Торғай облысының қазақ комитеті Алаш партиясы туралы газеттерде түрлі қара пікірлер орын алғандығын білдірген. Мәселен, 14  қарашада Омбыдағы Алаш партиясының облыстық комитетінен: «Алаштың дұшпандары «Алаш» партиясын халыққа теріс түсіндіріп, өтірік хабар таратып жүр» деген жеделхат жіберсе, 17 қарашада  комитеттен «Белгілі кадет Бөкейханов ашқан «Алаш» партиясының программасын қанағаттанбай, қазақтар өз алдына «Үш жүз» атты социалист партиясын ашты» деген жеделхат түскен. Ал негізінде «Алаш» партиясының бағдарламасы  сол сәтте ғана дайын болып, газетке жарияланған болатын [15]. Бұдан туатын қорытынды Ж. Досмұхамедовтың осындай «Алашты» қаралайтын пікірлердің туындайтындығын  алдын-ала сезінуі еді. 

Жаһаншаның бұл хатына орай «Қазақта» «Алаш партиясы» атты мақала жарияланып, оның толып жатқан комиссияларда жалғыз жұмыс істеп жатқандықтан партия бағдарламасын жасауға қолы тимей тұрғандығы келтірілді [13]. Бұл уақытта Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутат сайлауға қатысты үгіт-насихат жұмысы өрістеп жатқан еді. «Алаш» партиясының  атынан, Ә. Бөкейхановтың жазуынша, Құрылтай жиналысына 43 депутат сайланған екен [16, С. 186.].

«Қазақ» газетіне «Алаш» партиясының атынан аталған депутаттарға берген қысқаша таныстыруда Ж. Досмұхамедов жөнінде «өзгеріске шейін Томскі окружной сотта товарищ прокурор еді. Өзгерістен кейін ол орнын тастап, халыққа қызмет етіп жүр. Бұл күнде Петроградта Шуро-и-ислам ағзасы, социалист-революционер» деп келтірілді [17].

Өткізілген депутаттық сайлауға түсетіндердің тізімі «Қазақ» газетінің 28 қазандағы  санына жарық көрді. Алаш партиясының атынан Құрылтай жиналысына аталған депутаттардың тізімінде Орал облысынан Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Н. Ипмағамбетов, Ғ. Әлібеков, С. Қаратілеуов, Ғ. Есенғұлов, Ғ. Қашқынбаевтардың аттары аталды. Жаһанша жөніндегі мәліметте «юрист, Петроградттағы «Шура-и-ислам» ағзасы» деп келтірілді [18].

Ж. Досмұхамедов Ресей мұсылмандарының кеңесіндегі қызметі барысындағы қол жеткізген нәтижелі ісі – ұзақ жылдар бойы Санкт-Петербургтегі көпшілік кітапхана қорында сақтаулы жатқан «Құран Кәрімді» қайтаруы болып табылады. Петроградтағы Көпшілік кітапханада сақтаулы тұрған халиф Осман жиғызған Құран Кәрімді қайтаруда «Шура-и-ислам» комитетіне жүгінді. Құран Кәрім кітапханаға 1869 жылы губернатор фон Кауфман тапсырған еді. 1917 ж. қарашасында Петроградта өткен ІІ Бүкілресейлік мұсылмандар съезінде өкімет орындарынан осы Құран Кәрімді қайтаруды сұрау жөнінде қаулы қабылданып, бұл шешімді Халық Комиссарлар кеңесіне Ж. Досмұхамедов пен «Шура-и-ислам» комитеті төрағасының орынбасары А. Салихов екеуі жеткізген еді. ХКК-і олардың бұл өтініштерін қабыл алып, сол жылдың 9 желтоқсанында В.И. Ленин Ағарту халық комиссары А.В. Луначарскийге қаулыны орындау жөнінде өкім етуін сұрап хат жазды. Осы хаттың негізінде Құран Кәрім «Шура-и-ислам» өкілдеріне табыс етілді. Бастапқы кезде кітап Уфадағы Дін Басқармасынан, одан кейін Ташкентке жеткізілді [19, 134, 139-140-бб.].

Жаһанша Досмұхамедов арнайы шақырылуымен Алаш партиясының  ІІ жалпықазақ съезіне де қатысты. 5-13 желтоқсан аралығында өткен съезде құрылған Алашорда үкіметіне (Уақытша ұлт кеңесіне) мүше болып сайланып, күн тәртібіндегі маңызды мәселелері бойынша баяндама жасап, пікірін білдірді. 

Ж. Досмұхмедовтың қайраткерлік қыры ІІ жалпықазақ съезінде тез арада автономияны құруды талап еткенінен байқалады. Алайда оны қолдаушылар аз болғандықтан бұл мәселе съезде қабылданбады. Дегенмен ол бастаған топ тез арада автономия құру мәселесін кешеуілдетілетін болса, Түркістан автономиясына қосылатындығын айқын түрде мәлімдеген. Ұзақ айтыс-тартыс нәтижесінде Ә. Бөкейханов басқарған съезд делегаттары мен Ж. Досмұхамедов басқарған Орал облысы мен Бөкей ордасының өкілдері Алаш автономиясын жариялауда ортақ келісімге келді [20]. Қазақ астанасы мәселесінде де Ж. Досмұхамедов белсенділік танытып, мәдени орталықтардың бірі саналатын Ташкент қаласын бас қала қылуды  батыл ұсынған болатын. Бөкейхановқа жақтас алашордашылардың көбі астанаға Семей қаласын лайық көрді.

ІІ жалпықазақ съезі аяқталысымен Ә. Бөкейханов бастаған Алашорда үкіметі Орынборда Семей қаласына қайтып, қызметтерін жалғастырса, ал Алашорда үкіметінің мүшелері Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтар Оралға оралып, автономия құру ісін қолға алды. Сол өңірдің ұлт өкілдері қатысқан Қаратөбеде өткен съезд барысында Батыс Алашорда үкіметін құру, әскер (милиция) жасақтау және оны қаржыландыру үшін алым жинау мәселесін қарастырып, осы жолда іске кірісті. Жалпы Қаратөбеде өткен бұл съезд Батыс Алашорда үкіметін немесе «Ойыл уалаятын» құру мәселесіне жол салып берді. Сонымен қатар осы съезде Мәскеудегі ХКК-мен келіссөздер жүргізу мәселесі де қарастырылды. Нәтижесінде 1918 жылдың көктемінде кеңес өкіметімен байланыс жасау ниетінде Алашорда шешімімен Жаһанша бастаған делегация Мәскеуге  келіп, Халық Комиссарлары Кеңесінің және Ұлт істері халық комиссариатының басшыларымен (В.И. Ленинмен және И.В. Сталинмен) ұлттық автономия жариялау жөнінде келіссөз жүргізді. Келіссөздер барысында Алашорда жетекшілері кеңес өкіметін мойындауға мәжбүр болды. Дегенмен Алашорда автономиясы шеңберінде барлық қазақ жерлерін топтастыру, автономия қолында заң шығарушы және билік жүргізуші өкіметті шоғырландыру, даулы мәселелерді халықтың өзі сайлап қойған облыстық және уездік соттарға беру, Алаш әскерін құру, Алаш мүшелерін келешекте саяси қуғын-сүргінге ұшырауына тыйым салу және т.б. сияқты біршама талап-тілектерін өткір түрде Орталық Кеңестің алдына қоя білді [21]. Бірақ  Кеңес өкіметінің талаптары орталық Алашорда үкіметінің ойынан шықпай, келіссөз тұйыққа тірелсе де, Жаһанша бастаған делегация Кеңес өкіметінің саяси-шаруашылық бағытында келісімге келу жолдарын іздестіріп, ақыры біршама  мәселелерді шешуге қол жеткізді. Атап айтқанда, Орал қазақ земствосы және ХКК-мен екі жақты келісім-шартқа қол қойылды, орталық кеңес үкіметінен қаржы-қаражат алды, Ұлт істерімен айналысатын комиссариат жанынан қазақ бөлімін ашқызды.

Делегацияның нәтижелі жұмысының бірі - әр жерде кеңес комитеттері тұтқындаған алаш қайраткерлерін түрмеден босату болды. Себебі, 1918 ж. 4 сәуірінде Алашорданың орынбасары Х. Ғаббасовтан тез арада жергілікті кеңестер мен басқа қазақ ұйымдарының арандатқан сөздері мен жалған мәліметтеріне орай Верныйда О. Әлжанов, С. Сабатаев, Ы. Жайнақов, Омбыда М. Жұмабаев, Ж. Тілеулин, Е. Мұқышев, Қ. Торсанов сияқты қамауға алынған Алашорда мүшелерін кеңес өкіметінен тез арада босатуды талап етіңдер деген жеделхат жіберілген болатын. Аталған азаматтардың кінәсіздіктерін дәлелдеп, оларды большевиктердің қатаң жазасынан құтқарып қалды.

Мәскеуден оралған Жаһанша мен Халелдің алдында екі жол тұрды. Оның бірі кеңес өкіметін толық мойындау болса, екіншісі, автономия жолында Орал казактарына сүйеніп күрес жүргізу еді. Олар екінші жолды таңдап алды. 

Жаһанша Досмұхамедовтың төрағалық етуімен 1918 ж. 18-21-мамырында Жымпитыда өткен Орал өңірі қазақтарының ІV-облыстық съезінде Жайықтың сырты бөлігін біріктірген «Ойыл уәлаяты» құрылып, Уақытша үкіметінің төрағасы өзі, төрағаның орынбасары болып Х. Досмұхамедов сайланды. Бұл өкімет сыртқы күштермен ымыраға келу, ішкі күштермен ұлттық бірлікті сақтау саясатын ұстанды. Батыс алашордашылар  кеңес өкіметін танымау және олардың билігіне бағынбау, Кеңестерді қалпына келтіруге тырысқандарға қарсы басқа саяси, қоғамдық ұйымдармен (кеңеске қарсы ұйымдармен) бірлесе күресу, кеңес үкіметіне күрес жүргізіп отырған Орал әскеріне қолдау көрсету, өзін-өзі басқаруға қолы жеткенге дейін казактармен  бірге болатындығы  жөнінде қаулы қабылдады [16, С. 246.].

Осы съезде Әскери үкімет пен облыстық Земство Басқармасымен әскери-саяси келісімшарт жасалынып, Земство Орал әскери үкіметін жылқымен қамтамасыз ететін болса, ал екінші жақ халық милициясын әскер ісіне машықтандыратын болды. Съезд барысында  құрылған уақытша үкімет құрамына Жаһанша мен Халелден басқа Дәулетше Күсепғалиев, Салық Омаров, Жанғожа Мергенов, Сағидолла Ізтілеуов, Иса Көпжасаров енді. Съезд Уақытша үкімет Өнелі милиция атанған халық әскерін ұйымдастыру жөнінде шешім шығарды. Үкіметтің орталығы (резиденциясы) Жымпиты қаласы болып белгіленді [22]. «Ойыл уәлаяты» сол өңірге қатысты өзекті деген біршама іс-шараларды қолға алып, жүзеге асырды. Ойыл уәлаятының әскерін құру, офицерлер дайындау жұмыстарына Орал казак-орыстарының әскери үкіметі барынша көмек көрсетті. Олардың көмегімен Жымпиты мен Ойылда офицерлер мектебі ашылып, милицияға алынған жігіттерді арнайы офицерлер әскер ісіне машықтады. Ойыл үкіметінің атынан облыстық Земство мүшесі С. Несіпбаев Орынбор атты казак үкіметіне шілде айында келіп, қару-жарақ табу жөнінде кеңес жүргізді [23].  Сонымен қатар Орынбор әскерлерімен тұрақты байланыс орнату мақсатында Орынборға өз өкілдері Исхан Топаевты жіберді [24, С. 116.].

Ж. Досмұхамедов 1918 ж. қыркүйек айында қазақ атқару комитеті атынан сол жылдың 8 маусымында құрылған Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитетіне (Комучқа) мүше болып кірді. Бұл комитеттің құрамына Жаһаншамен басқа Алаш партиясынан А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедов, С. Дощанов, С. Қадырбаев, М. Шоқаев, Н. Ипмағамбетов, М. Тынышпаев, Ғ. Әлібеков, У. Танашевтар мүше болған [25, 70-б.].

1918 ж. 22 шілдесінде Жаһанша Комуч комитетіне Орал облысында  Ойыл уәлаятының құрылғандығын және олармен тұрақты байланыс жасауға әзір екендігін білдірген. Алайда Ойыл уәлаяты үкіметінің қызметі ұзаққа бармады. 11 қыркүйекте Уфа қаласында Ә. Бөкейханов (төраға), Жаһанша және Халел Досмұхмедовтар, А. Бірімжанов, М. Тынышпаев сияқты Алашорда мүшелері қатысқан мәжілісі өтіп, мәжілісінің қаулысы бойынша «Ойыл уәлаяты» үкіметі таратылып, оның орнына Батыс Алашорда бөлімін құрылды. Ол ресми түрде «Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше» деп аталып, төрағалығына Ж. Досмұхмедов сайланды. Осы кезден деректерде «Күнбатыс Алашорда» немесе «Алашорданың батыс бөлімі»  деп аталып келеді. Батыс Алашорда үкіметінің қарамағына бұынғы Ойыл уәлаятының жерімен қоса Бөкей ордасының, Ақтөбе және Ырғыз уездерінің және Маңғыстау уезінің аумағы кірді. 

Жаһанша басқарған Батыс Алашорда үкіметі Уфа кеңесімен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың кеңесіне, мәжілістеріне белсене қатысып отырды. Мәселен, 1918 ж. 8-23 кыркүйегінде өткен Директорияның Старейшиналар құрамында жұмыс істеп, Батыс Алаш мәселесіне қатысты мәселелерді шешуге тырысты.

Ж. Досмұхамедов Алаштың атты әскерін (милиция) ұйымдастыруға көп күш жұмсады. Самарадағы Комучке жіберген жеделхатта Жаһаншаның 1918 ж. мамырда өткен съездің шешімімен келісе отырып, большевиктерге қарсы күресу үшін халық милициясын құруға кіріскендігі келтірілген [24,146-б.].

Қыркүйектің басында Ақтөбе уезіне қарасты Ақбұлақта алашорда әскері құрылды [16, С. 249.].

Құрылған әскерге Самардағы Комуч үкіметінен қару-жарақ алынды. Бұл турада «Сарыарқа» газетінде Алашорданың бұйрығымен Оралда құрылған қазақ әскерлерінің саны екі мыңдай адам болғандығы, оларды қаруландыру үшін Самара комитетінен 2000 мылтық, 58 пулемет, 2 зеңбірек пен 2 автомобиль алғандығы жөнінде хабарлама басылды [26].

Жаһанша басқарған Батыс Алашорда үкіметі әуел бастан большевиктік өкіметті қабылдамай, казачествомен тіл табысып, ақтардан көмек алып тұрды. Тіпті алашордашылар Орал казак әскерлерімен бірлесіп ара-кідік қызылдармен қақтығысып қалып жүрді. Дегенмен сол кезде басталған азамат соғысы мен халықтың ауыр жағдайы, ақтардың ауылдарды аяусыз тонауы алашорда милициясының арасында да  іріткі салып, ішкі тартысқа алып келді.

Азамат соғысы үдеп, елдің ішкі жағдайы ауырлап бара жатқан тұста кеңес өкіметі Батыс Алашордамен келіссөзге келуге трысыты. Бұл кезде Қызыл Армия Шығыс майданда жеңіліске ұшырап, шегініп бара жатқан еді. Осы жағдайға орай Жанша большевиктер жағына шығуға  асықпады. Батыс Алашорда үкіметі мүшелерінің кеңес өкіметін мойындатуы А. Байтұрсынов пен Тұнғашинға жүктелініп, оларға Досмұхамедовтармен келіссөз жүргізуге тиісті болды. 1919 жылдың 1 қазанында Жаһанша Досмұхамедовпен революциялық әскери кеңестің өкілі Мюрат курьер арқылы хат жіберіп, келіссөз жүргізуге шақырды [24, 166-168, 170-бб.].

1919 ж. 27 қазанында қазақ әскери ревкомының кеңейтілген мәжілісінде А. Байтұрсыновтың табанды ұсынысымен Кеңес өкіметі жағына шыққан жағдайда, Қызыл Армияға қарсы күресіп жатқан Батыс Алашорда бөліміне кешірім жасау мәселесі қаралып, осыған орай Түркістан майданының саяси бөлімі батыс Алашорда әскерінің арасына  кеңес өкіметін толық мойындаған және қызыл армияға көмек  көрсеткендерге толық кешірім жасалатындығы жөнінде үнпарақтар таратты [19, 45-46-бб.].

Жаһанша 1919 жылдың қарашасында Батыс бөлімшені бастапқыда Ойылға, кейіннен Қызылқоғаға көшіріп, өзі Жымпитыда қорғаныс комитетін құрып, сонымен бірге Жоғарғы сотқа төрағалық етіп, Батыс бөлімшенің әскери бөліміне басшылық жасады [25, 87-б.]. Ол өздерін берілуін талап еткен большевиктердің талабына келісе қоймады. Керісінше Батыс Алашорданы халық сайлаған заңды үкмет екендігін алға тартып, Қызылқоғаға бекінген ақ гвардияшыларды бірлесе талқандауға шақырды және ақтардың Елек корпусын басып алды.

Батыс Алашорданы сақтап қалуға ұмтылған Жаһаншаның  әрекеті сәтсіз аяқталды. Ол еріксіз 1920 жылдың 12 қаңтарында кеңес уәкілдерімен бірлесе алашордашыларды кеңес билігіне көнуге шақырды. Осы жылдың 5 наурызында қазақ әскери ревкомының қаулысына сәйкес Батыс Алашорда бөлімі жойылып, оның басшылары  мен белді мүшелері Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, И. Қашқынбаев, К. Жәленов, Б. Атшыбашев еңбекші қазақ халқынан оқшауландыру мақсатында Ресейдің Москва қаласы мен басқа орталық губернияларына жер аударылды [24, 188-189-бб.].

Жаһанша өзін дарынды ұйымдастырушы, басшы ретінде танытты. Саяси айыпталғанға шейін яғни 20-30 жылдары аралығында ол Түркістан Республикасы Халық шаруашылығы Орталық кеңесінің жүн-жұрқа бөлімшесіне меңгеруші болып, Ташкент қаласына жіберілді. Түркістан республикасы Орталық Атқару комитетінің қазақ бөлімінде хатшы міндетін қоса атқарды.

1921-1922 жж. қазақ өлкесін аштық жайлаған тұста Түркістан атқару комитетінің тапсырмасымен Батыс және Солтүстіктегі ашыққандарға азық-түлік жинау үшін Қырғызстандағы Қарақолға барды. 1922-1924 жж. Ташкенттегі қазақ зиялылары Білім комиссиясы жанынан құрылған «Талап»  мәдени-ағарту қауымының тапсырмасымен  «Жауыздық низамнамасы» деген атпан қазақ тіліндегі алғашқы кеңестік қылмыстық кодексті әзірледі. 1927-1929 жылдары Қызылордадағы ауылшаруашылығы бакісінде заң кеңесшісі,  қорғаушылар коллегиясына мүше болды. Ал 1930 жылдың басында Алматыда, ал қазанында Москваға ауысты.

ХХ ғасырдың 20-жылдардан бастап «Алаш» партиясы мен оның жетекшілеріне, мүшелеріне қуғындау үрдісі орын алды.  Негізінде бұрынғы Алаш қайраткерлерін қудалау барысы 20-жылдары партия қатарын жат элементтерден тазарту барысында да байқалды. Үкімет «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі мүшелерінің мемлекеттік жауапты қызметте отыруынан қауіптенді. Оның басты себебі алашордашылардың  ықпалының коммунистер арасынан жайылып кетуі мүмкін деген қорқыныш еді [27, 349-б.].

1922 жылы үкімет пен партия ұлтшылдармен күрес жүргізуде қандай топтар мен жіктердің барлығын анықтау жөнінде нұсқаулар беріп, оларды орындауды Мемлекеттік Саяси басқарманың (ГПУ) қызметкерлері қолға алып, құпия түрде елдегі зиянкесті топтар жөнінде мәліметтер жинауға кірісті. МСБ-ның қызметкерлері Бабиков, Шишков және Якубовскийлер осы жылдың 23 қыркүйегінде қазақ өлкелік комитетіне жасаған мәлімдемелерінде, республикада 3 ағым мен топтың барлығын, солардың екіншісін бұрыңғы Алашордаға мүше болған, кеңес өкіметі құрылған кезде коммунистік партия қатарына кіріп алған А. Байтұрсынов тобындағылар Түркістан республикасындағы алашордашылардың бір бөлігімен тығыз байланыста болып, партия қатарында іріткі салып отырғандығы келтірді. Түркістандық алашордашылар қатарынан Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтар да аталды [28].

Жалпы Алаш зиялыларына қатысты 30-жылдары екі ірі сот үдерісі болған. Бірінші сот үдерісі барысында 47 адам тергеуге алынып, ОГПУ-дің сот коллегиясының 1930 жылғы 4-ші сәуірдегі үкімімен 35 адамға әр түрлі жаза кесілсе, 1932 жылы  болған екінші сот барысында да Алаш қозғалысының көпшілік басшылары Ресейге жер аударылды. 

Жаһанша Досмұхамедов екі бірдей қуғын-сүргін нәубетіне ілікті. 1928 ж. «ұлтшылдықпен», «жікшілдікпен» күресу барысы кең түрде етек алды. 1929 ж. қазақ өлкелік комитеті мен БК(б)П өлкелік бақылау комиссиясының мүшелерінен арнайы тексеру комиссиясы құрылып, партия қатарындағы К. Тоқтабаев, Ғ. Тоғжанов, А. Кенжин, Ә. Байділдин және тағы басқа азаматтардың қызмет барыстары тексерілді [29, 11-б.].

Партия қатарындағы қызметкерлерді тексеру, комитеттер қатарына кіріп кеткен жау элементтерден тазарту барысы қарқынды жүргізілді. Сталиндік саясат «өзара сын» деген желеумен қазақ зиялыларын бір-біріне айдап салды. Осындай жала жабумен Жаһанша 1930 жылдың қазанында Мәскеудегі «Скотовод» басқармасында аға  экономист  болып  істеп  жүрген  кезінде тұтқындалып, Бутырка түрмесіне қамалып,  кейінірек Алматыға әкетілді. Оған 8 түрлі айып тағылған. Оның біріншісінде «кеңес өкіметін құлату мақсатында 1921-1922 жылдары астыртын контрреволюциялық ұйым құрды, қимыл жасады» десе, екіншісі, «Шығыс Бұқарада басмаштармен және олардың басшылары Зәки Уәлидимен және шетелдегі кеңес жауларымен байланыс ұстады» делінді. Сонымен қатар оған «Ферғанадағы басмаштармен тығыз байланыста болды», «қазақ жастарын кеңес өкіметінің жауапты басшыларына қарсы террористік акт жасауға даярлады», «Алқа» үйірмесінің жастарынан әскери мамандар даярлауға әрекеттеніп, осы мақсат жолында байлармен байланыс ұстады», «Жер-су реформасын, тәркілеу, ұжымдастыру науқандары кезінде барынша кедергі жасауға тырысты»,  «Кеңес үкіметін құлату мақсатында қарулы көтеріліс жасауға дайындық істерін жүргізді» және «кеңеске қарсы үгіт-насихатты жандандырды» делінген негісіз айыптар да тағылды. Бұл тағылған айыптардың ешқайсысын да Жаһанша жауап алу барысында мойындамады. Бір жарым жылға созылған сот үрдісі оның кінәсіздығына көз жеткізіп,  1932 жылдың 2 сәуірінде тұтқыннан босату жөнінде КСРО ОГПУ-на сұрау жіберілгенмен де, осы айдың 20-да іс тоқтатылмай оны жер аудару турасында үкім шығарылды. Сөйтіп, Жаһанша Досмұхамедов үштіктің қаулысымен Воронеж қаласына еріксіз бес жыл мерзімге жер аударылды. Қаншама жәбір көрсе де, оның сағы сынбады. Турашыл, бірбеткейлігінің арқасында Воронеждегі жоғары оқу орындарының біріне орналасып, мерзімінің соңына дейін дәріс берді.

1937-1938 жж. ұлт зиялылары «халық жауы» ретінде қуғын-сүргінге ұшыраған кезде Ж. Досмұхамедов бұл нәубеттен тағы да құтылмады. Оның Алашордадағы қызметі, кеңестік билікке қарсы жүргізген әрекеттері НКВД назарынан тыс қалған жоқ. Тиісті мерзімін өтеп, Мәскеуге қайтып оралған қайраткер 1938 жылдың 1 маусымында екінші қайтара тұтқындалып, оған «астыртын контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның ұйымдастырушысы болды» деген айып тағылып, 16 маусымда ату жазасында бұйырылып, бұл үкім 3 тамызда жүзеге асты. 

Ұзақ жылдар бойы  «халық жаулары» деп саналып келген Алашорда мүшелерінің қоғамдық-саяси қызметі жайында айтуға, жазуға тыйым салынып келді. Тек оның қылмыстық ісі 1957 жылдың 2 желтоқсанында Москва қалалық сот Алқасында қаралып, оған тағылған барлық айыптар негізсіз деп табылып,  1958 ж.  28-ақпанда Казақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен, ал еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды жаппай ақтау» турасындағы заңына орай толықтай ақталды.

Қазақ халқының біртуар ұлы, алашордашы Жаһанша Досмұхамедовтың қоғамдық-қызметін саралай келе мынадай қорытынды жасауға болады:

-  Ж. Досмұхамедұлы патша үкіметінің  отаршылық саясатына қарсы күрескен қазақ зиялыларының қатарынан табылды. Қоныстандыру, орыстандыру саясатына батыл түрде қарсы шығып,  ұлт мүддесі, болашағы жолында қызмет етті.

 - 1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейін Алаш партиясына мүше болып, Алашорда автономиясын құруға белсене кірісті. Батыл Алашорда үкіметін құрушылардың бірі болып, сол өңірде жер, дін, милиция құру және тағы басқа мәселелерін жүзеге асыруға бар күшін салды.

- Азамат соғысы жылдарында қазақ елінің ішкі және сыртқы тыныштығын сақтау жолында әрекет етіп, өзін білікті ұйымдастырушы, басшы ретінде көрсете білді.

- Кеңестік жүйе тұсында да басшылық қызмет атқарып, Қазақстанның экономикалық, мәдени жағынан өркендеуіне ықпал етті.

Ж. Досмұхамедұлының қоғамдық-саяси өмірі энциклопедияларға еніп, кандидаттық диссертация қорғалды, монографиялық еңбек жарық көрді. Әйтсе де, қайраткердің өмірінің кейбір тұстары, нақтылай айтсақ ХХ ғ. 20-30 жылдардағы Ташкенттегі, Мәскеудегі өмір жолдары мен қызмет барысын толықтай зерттеу қажет. 

Әдебиеттер

1 Мажитов Р.С. Жаханша Досмухамедов. – Алматы: Арыс, 2007. – 216 с.

2 Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. – желтоқсан 1917 ж. – Алматы: Алаш, 2004. –  Т. 1. – 552 б.

3 // Әл-ғаср-ул-жадид. – 1906. – №2.

4 Қойшыбаев Б. Алаштың ардақты қайраткері заңгер Досмұхамедов хақында // Заңгер. – 2005. – №3. (44-47-бб.)

5 Айбасов Қ. Орал облысының сиезі // Қазақ. – 1917.– 19 май. –  №230.

6 Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 256 б.

7 Уральские областные ведомости. – 1917.  – №24. Дополнение  - 17 июня. 

8 Мадияр. Қазақ съезі // Қазақ. – 1917. – 31 июль. – №238.

9 Нұрпейіс К. Тарихи тұлғалар. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2007. 376 б.

10 Ресей Федерациясының Мемлекеттік мұрағаты (РФММ). 3923-қ., 1-т. 1-іс. 85-п. 

11 // Қазақ. – 1917. – 3 май. – №228. 

12 Жалпы қазақ съезінің қаулысы // Қазақ. – 1917. – 31 июль. – №238.

13 Алаш партиясы // Қазақ. – 1917. – 5 октябрь. – №244

14 Досмұхамедұлы Ж. Арыз хат // Сарыарқа. – 1917. – 19 октябрь. – №17.

15 Түрік-татар қауымдарының қамқоры // Қазақ. – 1917. – 21 ноябрь. – №251.

16 Аманжолова Д. На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана. – Алматы: Таймас, 2009. – 412 с.

17 // Қазақ. – 1917. – №229.

18 Алаш партиясы атынан Құрылтай жиналысына аталған депутаттар тізімі // Қазақ. – 1917. – 28 октябрь. – №247.

19 Алаш. Алашорда. Энциклопедия / Құраст.: Ғ. Әнес, С. Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – 544 б.

20 РФММ. 667-қ., 1-т. 16-іс. 67-70-пп.

21 // Сарыарқа. – 1918. – 22 март. – №35.; РФММ. 1318-қ., 1-т. 23-іс. 36-36 қайр.-пп. 

22 РФММ. 667-қ., 1-т. 32-іс 18-п.

23 Уақытша Ойыл уәлаятының үкіметі // Қазақ. – 1918. – 30 июль. – №262.

24 Алаш-Орда: Сборник документов / Сост. Н. Мартыненко. – Алма-Ата: Малое издательство «Айкап», 1992. – 192 с.

25 Сүлейменова Д. Алашорданың батыс бөлімінің тарихы - өлке тарихының құрамдас бөлігі. – Алматы: Арыс баспасы, 2007. – 136 б.

26 // Сарыарқа. – 1918. – 12 октябрь. – №57.

27 Смағұлова С. Қазақ мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы (ХХ ғ. 20-30 жж.) – Алматы: Елтаным баспасы, 2011. – 432 б.

28 ҚРПМ. 718-қ., 1-т. 1142-іс. 1-7-пп.

29 Смағұлова С. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары «Алаш» мүшелерінің қудалануы // Отан тарихы. – 2007. – №4.

Аннотация

Мақала Батыс Алашорданың лидері, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтың өмір  мен қоғамдық-саяси қызметіне арналған. Мұрағат құжаттары, мерзімді баспасөз материалдары мен ғылыми зерттеулерге сүйене отырып автор ХХ ғасыр басында қайраткердің идеялы-саяси көзқарасының қалыптасуына әсер еткен әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды жан-жақты қарастыруға тырысады. Оның уақытша Ойыл уәлаятын үкіметін, Батыс Алашорда үкіметін құрудағы қызметі  көрсетіледі. Сонымен қатар Азамат соғысы жылдарындағы Батыс Алашорданың басшысы ретіндегі Ж. Досмұхамедовтың кеңес жүйесіне қарсы күштермен байланыс барысы сараланады.

Түйін сөздер: Алаш партиясы, заңгер, қайраткер, Ойыл уәлаяты, Батыс Алашорда, ұлтшылдық, қуғын-сүргін, халық жауы.

Резюме

Данная статья посвящена жизни и общественно-политической деятельности лидера Западной Алашорды, юриста Жаханши Досмухамедова. Основываясь на архивных материалах, периодическую печать и научные исследования,  автор всесторонне рассматривает социально-экономическую и общественно-политическую обстановку начала ХХ века, повлиявшую на формирование идейно-политических взглядов деятеля. В статье раскрывается  его деятельность в организации временного правительства «Уильского Ойялата» и правительства Западной Алашорды, а так же анализируется роль Ж. Досмухамедова, как руководителя Западной Алашорды, в связях с антибольшевистскими силами  в годы Гражданской войны.

Summary

The given article focuses on the life and socio-political activity of  Zhakhanshi Dosmukhamedov, who was the leader of Western Alashorda and lawyer. Based on the archive materials, periodicals and scientific research, the author comprehensively considers the socio-economic and socio-political environment of the early XX century, which had influenced the formation of the ideological and political views of the activist. The article reveals his activities in the organization of the ‘Uilsk Oyalat’ provisional government, the government of Western Alashorda and also Zh.Dosmukhamedov’s role as the leader of Western Alashorda and his connections with anti-Bolshevist forces during the Civil War.

С.О. СМАҒҰЛОВА

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология

институты директорының орынбасары, т.ғ.д.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?